Аймақтар • 07 Мамыр, 2020

Жамбыл облысында жер телімдері және есірткіге қатысты мәселелер бар

896 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында жерді тиімді пайдалану және игерілмей жатқан жерлерді ауылшаруашылық айналымына қайтару бүгінде басты мәселенің бірі.

Жамбыл облысында жер телімдері және есірткіге қатысты мәселелер бар

Бұл орайда алғаш рет Меркі ауданында жер мәселесі мен есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы күрестің тиімділігі жөнінде кеңес өтті. Аталған кеңеске Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров төрағалық етті. Сондай-ақ жиынға облыстық соттың төрағасы Ербол Ахметжанов, Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыс бойынша департаментінің бастығы Марат Ирменов және полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов қатысты.

4

Отырыс барысында жергілікті атқарушы және уәкілетті органдардың пайдаланусыз жатқан жер телімдері мемлекетке қайтару бойынша жұмысы сын көтермейтіндігі туралы айтылды. Сонымен қатар, облыстық прокуратура   өңірдегі пайдаланылмай жатқан 2 мыңнан астам жер телімдерін анықтаған. Олардың кадастрлық құны 3,7 миллиард теңге, ауданы 350 мың гектар болады. Қабылданған шаралар нәтижесінде көлемі 210 мың гектарды, кадастрлық құны 1,9 миллиард теңгені құрайтын 1000-нан астам жер телімдерін игеру қамтамасыз етілген. Игерілмеген жер аумақтарының тізілімі құрылып, 383 жер пайдаланушыға Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 92-бабына сәйкес жер учаскелерін пайдалану туралы нұсқамалар таратылған.

Жиында Бердібек Сапарбаев пайдаланусыз жатқан жерлерді қайтару бойынша барлық іс-шаралар және басқа да мәселелер тек заңнамалық негізде шешілуі тиіс екенін, жер инспекциясының басты міндеті – жердің тиімді пайдаланылуын бақылау екенін және олардың жұмысы осыған сәйкес бағаланатынын айтты. Сонымен қатар, жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімдерін беруде де бірқатар мәселелер бар болып шықты. Малы жоқтардың жайылымдық жерлерді жалға алуы да кездеседі екен. Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров өңірдегі шаруа қожалықтардың 55 пайызы өз малдарын тіркеуден өткізбегенін атап өтті. Осы орайда Байзақ, Жамбыл және Қордай аудандарының әкімдері қойылған сауалдарға бейнебайланыс арқылы жауап берді. Сондай-ақ, Нұрғалым Әбдіров есірткі бизнесі қоғамның дамуына едәуір кері әсерін тигізіп, қылмыс пен зорлық-зомбылықтың өсуіне ықпал ететінін жеткізді. Есірткіге тәуелділердің саны жыл сайын көбейіп келеді екен. Ағымдағы жылы бұл 5,3 пайызға артып отыр. Сол сияқты жабайы сораның ауқымды аумақта өсуі, есірткі құралдарының контрабандасы мен транзитінің де аса өзектілігі айтылды. Бұл орайда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбеков екі эксперименттік алқапта сораға қарсы жаңа улы химикаттарды сынап жатқандықтарын жеткізді. Алайда, кең көлемде пайдалану үшін оның адамдар мен малға зиянсыздығы туралы экологтар мен санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің қорытындысы қажет екен. Сонымен қатар Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбеков бұл орайда  жер жыртудың тиімсіздігін слайдттар арқылы көрсетіп, қопсытылған аумақта құрамында есірткі бар шөптер тіпті қаулап өсе түсетінін айтты.

Сондай-ақ жиын барысында аталған бағыттағы өзге де көптеген мәселелер мен кемшіліктер талқыланды. Нәтижесінде жұмысты жүйелей түсу үшін нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі өңірлік бағдарлама қабылданатын болды. Есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл бойынша құқық қорғау және арнайы органдардың, сондай-ақ басқа да мүдделі орындардың арасында бірлескен шаралар әзірленеді. Жағдайды түзету үшін облыс прокуроры құқық қорғау және арнайы органдарға қылмыстың алдын-алу және оған қарсы күрес жөніндегі жұмысты ұйымдастыру барысын қайта қарауды тапсырды. Ал, жергілікті атқарушы және уәкілетті мемлекеттік органдарға жер саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету бойынша бірқатар ұсыныстар жолданды. «Жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселесінде әкімдіктер қолданыстағы заңнамаға сүйене отырып, өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салуы керек. Әзірге уақыт бар кезде, жердің әрбір шоғырын пайдалана отырып, егіс жұмыстарын жалғастыру керек. «Көктемнің бір күні – жылға азық». Біз осыны ұмытпағанымыз абзал. Игерусіз жатқан жерді қайтару, «қызыл сызық» нормаларын бұзу фактілерін анықтау және оларды жою, жеке тұрғын үй құрылысына арналған инженерлік желілерді тартуға қамқорлық танытудың аса маңызды екенін ұмытпаңыздар. Жайылымды пайдалануға берер алдында шаруашылықтың малы бар екеніне көз жеткізіп, белгіленген стандартқа сәйкес ауданды анықтау қажет. Есірткі бизнесіне қарсы күресте жауапты құрылымдардың бірлесе жұмыс істеуі әлі де кемшін соғуда. Есірткінің әсіресе жастар арасында таралуы – біздің ортақ қасіретіміз, сондықтан оны бірге жеңуге міндеттіміз. Мен атты патрульдер санын арттыруды қолдаймын, «Көкнәр 2020» операциясы жоғары деңгейде өтуі керек. Есірткі дайындауға және таратуға қатаң тосқауыл қою қажет. Қырғыз Республикасымен шекарадағы бақылау-өткізу пункттерінің материалдық-техникалық базасын нығайту талап етіледі», деді Бердібек Сапарбаев.

Жамбыл облысы