– Әулетімізде әкем ғана. Ол кісіні броньмен қалдырды. Өйткені «Жаңа тұрмыс» колхозында басқарма төрағасы болды. Шаруаға мығым-тұғын. Соғысқа тамақ, киім-кешек жіберіп тұру керек. Оған қоса егін егіп, мал өсіру деген бар. Ол кісінің қалай ауылда қалғанын біз кейін білдік. Соғыстың алдында ауылда 4-5 шағын ағаш қойма болған-ды. Қойма деуге де келмейді. Соның біреуі өртеніп, әкеміздің көзіне күйген бидай түсіп, бір көзінен айырылды. Бірақ сол көзінің көрмейтінін біз соғыс уақытында бір-ақ білдік. Жалпы, өзі өмірде маған анау керек, мынау керек деп ұмтылған адам емес. Кедей болып туды, кедей болып өтті, – дейді Сәулеш әжей әкесі жайында.
Қабаш Қозыбайұлы 30-жылдардағы ұжымдастыру шараларына атсалысты. Сол жылдары Қабаш қарияның талай замандасы қуғынға ұшырап, жазықсыз жазым болып кетіп жатты. Қария өмірінің соңына дейін нақақ кеткен замандастарын айтып, «Әттеген-ай! Қорыққанымнан солардың суреттеріне дейін жойып жібердім. Ең болмаса, бала-шағасына беруге жарамадым-ау», деп отырады екен.
– Әкеміздің ішіндегі күйікті бала болсақ та сездік, бір адамдай қиыншылық көрді. Ауылдың бар ауыртпалығын көтеру бір басқа. Ол әскерге кеткен ағайынның бала-шағасын бір жерде жүрсін, қара су ішсе де көріп отырайын деп жинап алды. Біздің үйді 30-ға жуық бала паналады. Әкеміз біз оянғанша таңертең ерте тұрып кетіп қалады, күндіз көрмейтінбіз. Үйге өте кеш келеді. Арып-ашып келеді де, пештің артында бір газет оқыған болады. Шала сауатты еді. Төртінші класта емтиханды менімен бірге тапсырды.
...Соғыстың қызып тұрған шағы. Әкем балалар үйінен арбамен бір-екі рет бала алып келді. Бірінші келгенде төрт-бес баланы әркім бөліп алды. Екінші рет бес бала әкеліп, төртеуін кешке дейін өткізіп, бір қызды алатын адам болмай, кешке қолынан жетектеп үйге ертіп әкелді. Шешемізге «Ақсұлу, саған тағы бір бала әкелдім. Мынаны қарашы, қандай әдемі қызың бар» деді. Шешеміз марқұм әкеміздің бетіне келіп көрген жоқ қой. Біз бала болып екеуінің ұрысқанын, жанжалдасқанын көрмедік. Шешем «Мұны қалай асыраймыз? Үйде жататын орын жоқ қой!» деп айтпайды ғой. «Жақсы, жақсы! Өзіме тартқан қыз екен» деп қолынан жетектеп алып барып бетін жуып, тамағын берді. Байқұс қыз сол тамақ ішіп отырған жерінде ұйықтап кетті. Аш!..
Майданға ұшақ сатып алған
Соғыс жылдары Қабаш ақсақал ұшақ сатып алып, оны майданға жөнелту мақсатымен елден қаржы жинайды. Осылайша «Бәрі де майдан үшін!» деген әйгілі ұран тасталған қиын-қыстау кезеңде онсыз да ашқұрсақ ауыл қолдағы бар мал-мүлкін сатып, тиын-тебеніне дейін Қабашқа тапсырады.
– Енді соғыс уақытында қайдан жарып отырамыз. Ол кезде 190 мың сом бір қаптан артық ақша екен. Әкем осыншама көлемде қаржы жинады. Көрші ауылдың сол кездегі басқарма төрағасы Верещенко деген кісі 180 мың сом жинапты. Екеуі қосылып үш ұшақ сатып алды. Чкаловқа айлап-жылдап жол жүріп барып келді. Үйдегі барды жинап берген соң, жағдай белгілі ғой. Үстіміздегі тәуір киімге дейін сатып жіберді. Манаштың қолындағы сағатын, астындағы белсебетін алып, үйде не бар, соның бәрін салды. Шешем байдың қызы еді. Әкем шешеміздің төркінінен келген алтын-күмістерін қалдырмай бәрін банкке апарып берді, қанша мал сатты.
Әкем, Аллаға шүкір, ұрпақтарының есінде. Ол туралы кітап жазып жатыр. Осында оның атындағы көше бар. Бір-екі жерге ескерткіш қойылды. Ал анау Верещенконың сол кезде 9 баласы болатын. Ұшаққа қаржы жинап жатқанда әйелі егіз туып, 11 бала болды. Тетя Маша жұмыс істемейді. «Ты что рехнулся?! Мыналар аштан өледі ғой!» депті. Не деген патриот! Сонау Украинадан келген хохол Қазақстанда жүріп барын берді. Сол кісіні де бір еске алып қойса, жастарға үлгі-өнеге болар еді, – деп терең бір күрсінді Сәулеш әжей.
Мәмілегер
Сұрапыл соғыс жылдары бұл ауылға жер аударылып келген поляктар мен чешендер қоныстана бастайды. Қабаш Қозыбайұлы жүргізген дипломатиялық шаралардың нәтижесінде олар шағын ауылдағы жергілікті халықпен тез тіл табысып кетті. Бұл да көңілі сергек, зердесі мықты кейуананың жадында ұмытылмастай болып жатталып қалған.
– Өзіміз жарымай отырғанда, екі поляк отбасын әкелді, үш баламен. Бірталай чешенді алып келді. Поляктар тыныш болды, зиян қылған жоқ. Чешендер біраз мазаң болды. Белдерінде бір-бір пышақ, қанжар жүреді. Бәрі қылшылдаған жап-жас жігіттер. Біраз уақыттан соң ашыға бастаған кезде ауылдың бұзау, тауықтарын жей бастады. Содан әкем «Бұлай бола берсе, оңбайды. Мен бұлардың сеніміне кіруім керек» деп олармен араласа бастады. Мұртын бастырған, тәпішке тіктірген болып, ананы-мынаны сылтау қылып, ақысына бидай беремін деп барады. Ауылда Хамза деген кәрі пошташы шал болды. Бірде «Қара қағаз тасудан жалықтым. Құдай мені алмады ғой» деп жылады. Әкем чешендер тұратын үйге кіргенде, пошташы Хамза аңдып сыртта жүреді екен. Әкем шыққан соң «Қабаш, қорықпайсың ба? Қолындағы ұстарасымен тамағыңнан орып жіберсе қайтесің? Мен манадан осы жерде жүрмін, сені күтіп», дейді екен. Сонда әкем Хамза шалға «Енді мен оларға сенбей, олар маған сенбей, осылай жүре берсек, қырыламыз ғой. Сеніміне кіру керек. Мынау ауылға сіңісіп, араласып кетсін бұлар» деп тоқтау айтады екен. Сөйтіп жүргенде бір қолайсыз жағдай болды. Бірақ кейін сол дұрыс болды. Чешеннің бір шалы масақ теріп жүргенде аяғы тайып, суға кетіп өлді. Әлгі шалды жерлейін десе, ұлы қайда, қалай қоятынын білмейді. Содан әкем «Қайда қойғаны несі?! Сен де, біз де – мұсылманбыз. Осы қазақтың зиратына қой. Ешқайдан орын іздеме. Бөлек жатпаңдар. Сендер осы ауылдансыңдар!» дейді. Сөйтіп мұсылманша арулап, жерлеп қойғызыпты. Осы оқиғадан кейін «Бұлар да мұсылман екен. Бізге бөтен емес екен ғой» деп чешендердің де беті бері қарай бастапты.
Сәулеш әжей әңгімесін кілт үзіп, қабырғада ілулі тұрған әкесінің портретіне қарап, үнсіз қалды.
Қостанай облысы