Аймақтар • 09 Мамыр, 2020

Шығыс Қазақстан: Күршімде соғыс ардагеріне темір тұлпар мінгізді

2428 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Күршім ауданынан 9 мыңнан астам адам соғысқа аттанған.

Шығыс Қазақстан: Күршімде соғыс ардагеріне темір тұлпар мінгізді

Облыста ІІ дүние жүзілік соғыстың 75 жылдығы аясында ардагерлерге құрмет көрсетілуде.

Бүгін Күршім ауданының әкімі Дулат Қажанов соғыс ардагері Ахметкәрім Ахмадиевтің шаңырағында болып, мерекемен құттықтады. Қарт майдангердің соғыстағы ерліктері мен бейбіт жылдардағы еңбектері, сондай-ақ ел Тәуелсіздігін нығайтуға қосқан үлесі ұшан теңіз, бүгінгі жас ұрпаққа өшпес өнеге.

п

Аудан әкімі Ахметкәрім ақсақалға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың және облыс әкімі Даниал Ахметовтың құттықтау хаттарын оқып, сый-сияпатын табыстады. Сондай-ақ, аудан басшысының бастамасымен және жергілікті кәсіпкерлер қолдауымен қаһарман қарт майдангерге жаңа темір тұлпар сыйға тартылды.

в

«Ел басына күн туған сұрапыл соғыс жылдары адам төзгісіз қиыншылықтарды қайыспай көтеріп, елдің қорғаны болғандарыңыз үшін Сіздерге бас иеміз. Еліміздің бүгінгідей бейбіт заманда жеткен барлық жетістіктерінің артында Сіздердің еңбектеріңіз бен ерліктеріңіз тұр. Біз мұны мәңгі есте сақтаймыз және мақтан тұтамыз»  деді Дулат Қажанов құттықтау сөзінде.

Майдангер Ахметкәрім Ахмадиев 1925 жылдың 12 тамызында Шығыс Қазақстан облысы, бұрынғы Самар ауданы, Саршоқы ауылында дүниеге келген екен. Әкесі Қайыңды орман шаруашылығының басшысы, ағаштан түйін түйген шебер адам болыпты. Шешесі үй шаруасында, бала тәрбиесімен отырған. Ахметкәрім ата үш жасында жетім қалған. Сол бір жылдары қазақ даласы жазалауды, аштықты, жұқпалы аурумен ауырғанды басынан өткізген еді, тағдыр тауқыметі оны да айналып өтпеді. 1939 жылы Ахмедкәрім Ахмадиев бастауыш мектепте 7 сыныпты бітіреді. Мектепті аяқтаған кейін колхозға жұмысшы болып істеген. 1943 жылдың 2-інші ақпанында Ахметкәрім Ахмадиев әскер қатарына Забайкальеға шақырылады. Бұл кісінің жауынгерлік жолын кеудесі толы орден, медальдардан да көруге болады, атап айтқанда, «Жапонияны жеңгені үшін», «Отан соғысы» II дәрежелі ордені және тағы басқа марапаттары. 1950 жылы соғыс аяқталғаннан кейін әскерден қайтқан Ахметкәрім Ахмадиев туған жеріне оралады. Ахметкәрім аға жұбайы Шөкенмен бірге 6 бала өсіріпті. Қазір 17 немере, 11 шөбересі өсіп келеді. 2007 жылы Ахметкәрім Ахмадиевке «Күршім ауданының Құрметті азаматы» атағы берілген.

Өз кезегінде ардагер ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Жалпы Күршім ауданынан 9 мыңнан астам адам соғысқа аттанған. Олардың 5 мыңнан астамы қаза тапқан, 2246 жауынгер  хабарсыз кетті. 4 жерлесіміз Кеңес Одағының батыры атағына ие болды.

Биылғы 75 жылдық аясында аудан бойынша 1 соғыс ардагеріне 600 мың теңге, 3 ҰОС қатысушыларының жесірлері мен 6 ерен еңбегі үшін марапатталғандарға 100 мың теңгеден және 221 тыл еңбеккерлеріне 42 500 теңгеден берілді. Жалпы 10 млн. 892 мың теңге көлемінде әлеуметтік төлем жүргізілді.

Шығыс Қазақстан облысы