Әдебиет • 09 Мамыр, 2020

Адам қолымен жасалған қасірет және бейкүнә һәм белгісіз тағдырлар

1122 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Дүниеде болған әрбір құбылыс кейде адамзат баласының көзқарасын өзгертіп, тіпті тағдырын да басқа арнаға бұрып жіберуі мүмкін. Бірақ, көзге көрініп, көңілге сезілмейтін ғарыштан, ғайыптан бөлек, жер бетіндегі барша құбылыстың адамзат тағдырына тікелей қатысы бар. Қара жердегі құбылыс атаулы Құдайдың құдіретін танытқанымен, адамзаттың да тағдырында таңбаланған не қасірет, не қасиет болып қалады екен. Ақ пен қараның, ерлік пен ездіктің, ізгілік пен зұлымдықтың майданы адамның тағдырында ежелден жасап келеді. Соның ішінде қазақтың тағдырында да ықылымнан өзімен бірге жасап келе жатқан тарихи шындығы бар.

Адам қолымен жасалған қасірет және бейкүнә һәм белгісіз тағдырлар

Есте жоқ ескі замандардағы ел мен жер үшін шайқас, Күлтегін, Тоныкөк ескерткіштеріндегі ерлік дастандары, белгісіз балбал тастардағы шежіре, берісі ұлы ауыз әдебиетімізде суреттелген уақиғалардың бәрі де тамырымызда тұнып қалған түрлі құбылыстардың жиынтығы. Көне ертегілерде де, батырлар жырында да жаугершілік заман, ақыры түрлі теперішті көріп мұратына жеткен халық туралы айтылады. «Қобыланды батыр» жырында бабалар ерлігі, олардың жаумен шайқасы «Қанжарменен қармасты, семсерменен серместі» деген жолдармен суреттеліп, өліспей-беріспейтін мінезді аңғартады. «Отарда жатқан жылқымның, отарын бұзған кім едің? Өрісте жатқан жылқымның, өрісін бұзған кім едің?» деп ата жауына шүйліккен қайсарлықты көрсетеді. Ұлы тарихымызда ел үшін, жер үшін, бостандық үшін қасап қырғын аз болған жоқ. Әрбір кезеңнің өз құрбандарымен қатар, шежірешілері де бар. Әлімсақтан қазақтың болмысында ежелден бар ерлік пен өрліктің өз кезеңінде бас көтеріп отырғанын тарихтан білеміз...

Дәуірлерді де, ғасырларды да өзінің кейіпкерлері жасайды. Өкінішке қарай, кейбір алмағайып кезеңдерде көбінің тағдырлары танылмаған, ерлігі еленбеген күйінде қалады. Ілгеріде Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер қария туралы жазбақ болып, үйіне барғанмын. Әрине, жүректе шемен болып қатқан шерді қозғау оңай емес, әйтсе де кейіпкердің болмысын ашу үшін сұхбаттасу керек. Әлгі қария әскерге алынған сәтін айта бере, жылады. Ары қарай көпке дейін ештеңе айта алмады. Тек «Қаншама белгісіз тағдырлар өтті. Көбі жат жерде бақилық болды. Соғыс адамдарға не үйретпеді дейсің», деді әлгі кісі. Шынында да соғыс адамдарға мейірімділікпен қатар, қаталдықты да үйреткен екен. Әйгілі Қасым Аманжолов «Күркіреп күндей өтті ғой соғыс» демеп пе еді. Қан кешіп, соғыстың ортасында болған буынмен қатар, одан кейінгілердің де тағдырына салқынын тигізген соғыс – бұл да адамның өз қолымен жасалған қасіретті құбылыс еді. Әлбетте, қазақтың сөз өнерінде соғыстың шежіресі жасалды, жазылды. Сырбай Мәуленов «Кетерімде жыламадым, өз қатарым көп болғасын. Келгенімде егіліп шыдамадым, соның көбі жоқ болғасын» деп еді ғой. Қасірет пен қайғыны, кек пен ызаны бұдан артық қалай беруге болады. Кейде жау сол белгісіз кейіпкерлердің көз жасына тұншыққан күйі бас көтере алмай безіп кеткендей көрінеді. Жазушы Кемел Тоқаев «Солдат соғысқа кетті» шығармасында да соғыстың қасіретін Мұхамед деген кейіпкері арқылы береді. Ол он сегіз жасында майданға кеткен өрімдей жас жігіт. Жалғыз қалған тұл жетім еді. Алайда, оның қанша қасірет көрсе де еліне, жеріне деген махаббаты сөнбейді. Майданда жау ұшағын атып түсірген жауынгер Мейірмановтың ерлігін пайдаланып кеткісі келгендердің әрекетіне қарсы тұрып, шын ерді таныған Мұхамедтер, Демин сияқты қарапайым жауынгерге жанашырлық танытқан Мұхамедтер – рухы биік қазақ жігіттерінің көркем бейнесі еді. Жалпы, бұл буын майдан даласында болып, қаламын қаруға айырбастаған буын болды. Әбу Сәрсенбаев, Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Тахауи Ахтанов, Жұбан Молдағалиев және өзге де көптеген қалам қайраткерлері көзімен көрген, басынан кешірген соғыс қасіретін шығармаларында шежіреледі. Бірақ, балалығы соғыс кезіне тап келген буын да қасіретті аз тартқан жоқ. Бұлар да адам қолымен жасалған қасіретті құбылыстың құрбандары еді. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев «Қайран жеңгем» деген өлеңінде:

Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем!

Қайғыға мойымаушы ең. Қайдан келген?!

Сағынып жүрсің бе әлде, қадірлім-ай,

Баяғы жастығыңды майданда өлген?.. – деп жырлайтын еді ғой. Ақын «Бала шақтан – болашаққа» (Өмірдастан) дастанының «Бесік балағындағы жылан» тарауында өзінің және сол кездегі күллі қазақ баласының тағдырына тап болған суық көріністі жылан кейпінде суреттейді. «...Оралып қарашұбар жылан жатыр, бас жақта, тал бесіктің балағында» дегенінде де сәби жүрекке жасалған шабуыл, бейкүнә жаратылыстың әлденеден тіксінуі бар.

Мен соғысты көргенім жоқ, көргім де жоқ, көрмедім,

Соғыс ойнын ойнайтынмын, (балалардың ермегі).

Қару алып, қан майданда, қас жауыма төнбедім,

Көрдім, бірақ, жесірлердің, жетімдердің еңіреуін.

Талай тағдырдың көз жасы, көкіректе қатқан қайғы-шері, мәңгі тарқамайтын қасіреті тұр мұнда. Адамға соғыс үйреткен мейірімділік те, қаталдық та бар. Өзге арнаға кілт бұрылған тағдырлар, шердің шыңырауында тұншыққан сезімдер жаныңды сыздатады. Мұндағы барлық шығарманың негізгі өзегі – адамның қасірет күйін жырлау болатын. «Сен мені танымай қалдың ба, неге үндемейсің, Мақсұт? Ол тіл қатпады. Босағада тұрды да қойды.

  – Бір-бірімізді көрмегелі отыз жылға жуық болды, Мақсұт. Сен соғысқа кеткенде мен жиырма сегізде едім ғой.

Ол үндемеді.

  – Қартайдым, Мақсұт. Ал сен дәл осыдан отыз жыл бұрынғы қалпыңда қалыпсың». (Шерхан Мұртаза. «41-жылғы келіншек»). Майданда жарын жоғалтқан Хадишаның қасіреті бұл. Мыңдаған белгісіз Мақсұттар жат жерде топырақ жастанып, мәңгі жас күйінде қалды. Мыңдаған Хадишалар үміт сәулесіне көзін қарықтырып, жүрегін қасіретке қамап күн кешті. Бұлардың обалы адам қолымен жасалған құбылысқа болса да, олардың тағдырындағы қайғы таңбасы өздерінің сүйегімен бірге кеткені де қасірет емей не? Жесір Хадишаны табалаған Ақшай сияқтылардың табасы да соғыстың өзі үйреткен қатыгездік еді. Жұмекен Нәжімеденов «Маңдайын оқ тескен каска туралы жыр» деген өлеңінде де белгісіз тағдырдың егесі туралы толғанады.

Майдан десе ораласың сен еске:

Ер бейнесі, ал, елесте, елесте!

...Сол бір жылы Москваның түбінде

Менің әкем киген маска емес пе?! – дейді ақын. Адам қолымен адамға жасалған қиянат құрбандығының қасіретнамасы, белгісіз тағдырдың иесін жоқтаған азалы өлең. Біреудің әкесі, біреудің ері, біреудің перзенті – бәрібір адамның баласы. Төгілген қан – қара дақ, өмір бойы қасірет күйі болып боздап тұрады.

Соғыс – бір көрген жақыныңды екінші рет көрмей қалу қаупін қоюлатқан құбылыс еді. Бәлкім, оны соңғы рет көріп тұрған шығармын деген ойдың да алға анталап шығатын сәті болатын. Адамдарды мейірімге шөлдету арқылы өз бойындағы мейірімді оятқан уақыттың көрінісі. Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма» повесінде адамның осы қасиеті ерекше суреттеледі. «Қарақаншықтың анасы қыран бүркіт пен құмай тазыдан туған желқұйын тұйғын екен, кезінде бұл төңіректе жортқан төрт аяқты аңнан аң қоймапты, қолтығында қанаты болған көрінеді, ал одан туған Қарақаншық та соғысқа дейін атағы жер жарған тазы екен; иесі Бәсен соғысқа аттанып, әйелі Жайдар көрші аудандағы төркіндеріне көшіп кеткен соң, Қарақаншық далада қаңғып қалып қойған; Жайдар өзімен бірге әкетпек боп қаншама әуреге түскенімен Қарақаншық жат жерге баспай қойыпты, тіпті бір жолы Жайдар әдейілеп іздеп кеп, қаңғып жүрген Қарақаншықты шақырып ап, алдына ыстық тамақ құйып, мойнынан құшақтай отырып жылап, кәдімгі адаммен сөйлескендей оған: «Мұның не, Көкінай-ау, менен неге қашасың? Не жаманшылығымды көрдің? Әлде көшкеніме қарсымысың? Бәсенім аман-есен қайтқан соң, әлі-ақ қайтып келеміз ғой бұл жаққа. Оған дейін бір жерде болайық та», – деп назын айтыпты, сөйтіп, жіппен байлап жетектеп әкетіпті; бірақ бірер айдан кейін Қарақаншық үйренген жеріне қайта қашып келген екен...», деп жазушы қиын-қыстау кезеңде адамның адамға ғана емес, айуанға да мейірімін көрсететінін жазады. Тек Жайдар ғана емес, иесінің иісін, туған топырағын қимаған Қарақаншықтың да қасірет күйін өрнектейді. « – Фашист дегенді көрдім, – деді Ырысбек. – Бір офицері қолға түсіп, соны, мына, тап сіз отырғандай жерден күзетіп тұрдым. Өңдерінде қан-сөл деген болмайды екен.

– Е, кісі өлтіретін адамның түрі сондай болады ғой». (Сайын Мұратбеков. «Жабайы алма»). Жалпы, адамның ой-санасында жамандықтың символы әртүрлі бейнеде болуы мүмкін. Бірақ, соғыс кезеңіндегі барлық адамның ойындағы тажалдың символы – ол фашистер еді. Әбден қасірет шегіп, шер жұтқан елдің көзіндегі құбыжық та, жамандық та сол.

Соғыс сияқты құбылыстар адамның бойындағы кекті де жаратады. Адамның болмысында қасірет күйімен қатар өрілген кек пен қаталдықтың жөні басқа. Өзі өткелі жоқ өзенде тұрса да ата жауын кешірмейтін мінезді адамның адамға жасаған қиянаты жасайтын сияқты көрінеді. Жесірдің зары жетімнің жүрегіне құйылып, оның өмірлік кек пен қаталдыққа айналатыны содан болар.

Бір соғыстың аяғы, бір соғыстың басына

Жалғасты да

Көкеміз

Ақ түспеген шашына

Кетті аттанып майданға,

Үйіңдегі үрейден

Кескілескен қылышпен

Соғыс өзі тыныш деп.

Бара жатты ол арықтың бойын бойлап аяңдап,

Иығында түйіншек,

Ойында жоқ аянбақ.

Найза шаншып,

Немесе,

Бір қонжитып шекеден

Тұтқында деп фашисті

Жалындым мен көкеме.

Батсын десең жанына

Тепкілегін ішінен.

Қанын ағыз саулатып

Ақ найзаның ұшымен... (Олжас Сүлейменов. «Атамекен» өлеңінен. Қадыр Мырзалиев аудармасы). Бұл – бір ғана адамның емес, бүтін бір ұрпақтың соғыс оятқан кегі мен қаталдығы еді. Жаугершілік, жаудың қаһарына қарсы қайрат көрсету қазақтың болмысында бұрыннан бар. Бірақ, әділетсіздік пен зұлымдыққа төзбейтін тағдырлы ұлттың тамырында тулап жатқан толқындар еді бұл. Белгісіз тағдырлардың бұлақтай болып атқылаған көз жасы, олардың кеудесін кернеген кек, болмысын өзгеге бастырғысы келмейтін тарпаңдық... бәрі де уақыттың әрбір құбылысы шыңдаған шындықтар еді. Өтежан Нұрғалиевтің «Соғыстың соңғы жазы» өлеңдер кітабында да түрлі тағдырлар туралы толғаныстар көп. Тәжібай, Жақия, Шоқат, Аймолда, Жолай, Көшер, Сәйтпек сияқты кейіпкерлердің бәріне де соғыстың салқыны тиген. Біреуі жетім, біреуі есер, біреуі шатақ. Олардың да кеудесінде қайнаған кек, тарқамайтын ыза бар. Тұтас кітапты қамтыған шағын ауылдағы кейіпкерлердің (ақынның соғыспен тұспа-тұс келген балалық шағының баяны) мінез-құлқы да, тағдыры да бір-біріне ұқсамайды. Ақын сол бір қасіретті кезеңде тағдырлары түрлі арнаға бұрылған боздақтардың алаңсыз күнін, қайғысыз сәтін жоқтайды.

...«Өмір бойы жетім бақты бұл маңдай,

Өмір бойы отын шапты бұл маңдай...»

Осылай деп өз маңдайын өзі ұрды,

Барлық пәле сол маңдайда тұрғандай.

 

...Құйттай айтқан сол арада жыр қандай! – 

Кемпір айтқан сол арада жыр қандай! –  

Мен маңдайға үрейлене қарадым

«Соғыс» дейтін сөз жазулы тұрғандай!

 

Мен маңдайға, маңдай маған қарады,

Секілді боп қан майданның алабы.

Балға тиіп шодырайған ісігі...

Соғыста өлген әкемді еске салады... (Өтежан Нұрғалиев. «Маңдай» өлеңінен). Өз тағдырынан өзі тіксініп, оған күмәнмен қарайтын секемшіл жүректің сезімі бұл. Созылмалы сағыныш, айыға алмайтын аңсау, бұл да бір-біріне ұқсайтын дерт еді. Түрлі тағдыр иелері Құдайға ғана аян, көбі пендеге белгісіз. Соғысқа кеткен перзенті Жексенді сағынған ананың күйі, «Балам менің өлген жоқ» деп зарлаған ананың қасіреті де сай-сүйекті сырқыратады.

«Фашист неме көк есектен құлағыр,

Әкең келмей, біздей болып жылағыр...» –

...Аман келген солдаттардың жырындай,

Сол жылдардың әңгімесі бұ да бір!.. Кек, қаталдық, әрі-беріден соң қарғыс. Ауылда жүрген балалардың өздері тіршілікте түр-өңін де көрмеген фашизмге қарғысы. Адам қиялынан туындаған түрлі бейнедегі құбыжықтар.

Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» хикаятының алдында жазушының атынан баяндалған мынадай кіріспе бар: «Он сегізден тірі қалған үшеу туралы орыс әні көпке мәлім. Тарихын естіген жұрттың бәрі көзіне жас алады. Мен бар баласынан соғыста айырылған кемпір-шалдың үйінен 1942 жылы көктемде түсірілген сурет көрдім. Әскерге алынған ауыл жастары. Қасап қырғыннан алпыс жетінің үшеуі ғана аман қайтыпты...» Қара жердің қойнауында шашылып жатқан талай тағдырлардың тіршілікте қандай кінәсі, нендей айыбы бар еді дейсің. Мұхтар Мағауиннің аталған шығармасында есепші Дәуренбек пен Ахметтің Зигфрид бала үшін шекісіп қалғаны туралы оқиға бар. Бұл Зигфрид Вольфганг Вагнер де соғыстың құрбаны. Неміс болса да сәби ғой. Тағдырдың жазуымен ауылға келген баланы Ахмет қарияның бауырына басып, өзіне перзент қылып асырап алуы қазақы мейірімділікті көрсетеді. Өйткені, соғыс кезінде әрбір адамның тағдырының баға жетпес қымбат екеніне бір-бірінің көзі жетеді. «Жылы қымтаулы төсекте жатқан, ет желініп бітпей-ақ ұйқыға кеткен Зигфрид Вагнер ертеңіне таңертең Зекен Ахметұлы Бегімбетов болып оянды» дейді жазушы. Алайда, Дәуренбектердің кеудесінде қатып қалған қанды кек бар екен. Енді өзінің кегін Зигфрид баладан алып, барлық қаталдығын соған көрсеткісі келеді. Баланы егінге малды қастандықпен түсірді деген желеумен оны ұрмақшы да болғаны осы кектің көрінісі ғой. «Сөз таба алмай, таңдайын қағып, басын шайқай берді. «Немістің аты неміс, – деді бел ала бастаған Дәуренбек. – Осыны ұмытпауымыз керек. Соғысты шығарған кім? Сенің үш ұлыңды бірдей жалмаған кім?» «Балаларымның атын арам аузыңмен былғама», – деді Ахаң. Даусын көтермесе де ызбармен айтты. Бірақ бұл кезде Дәуренбек күшейіп алған еді. «Немістің аты неміс, – деді бастапқы сөздерін қайталап. – Сен оларды білмейсің. Мен білем. Мына көзіммен көрдім. Екі жыл от кешіп, соғысқа кіргенде, қатерге бас тігіп қан төккенде ауылда алдымнан неміс шықсын деп жүрді деймісің. Жоқ, көнбеймін бұған. Көнбеймін! Және жол бермеймін! Апарып қайта өткіз. Көзін құрт. Әйтпесе сен де жаусың. Халық жауысың!..» Ахаң қалшылдап кетті». Бір-біріне кереғар өмір, сондай болмыс. Бала болса да одан кек алғысы келген Дәуренбекті де түсінуге болатын шығар. Себебі, кеудедегі шемен, көкіректегі шер, көңілдегі кек адам табиғатында мәңгілік таңба болып қалып қояды. Кектің кекпен, қаталдықтың қаталдықпен жуылатыны содан болар.

Дулат Исабеков «Біз соғысты көрген жоқпыз» повесінде «Қырқыншы жылдары бала болған жоқ. Басқа жерлерде болса болған шығар, біздің ауылда болған емес. Бәрі ерте есейді. Олардың жылаған дауыстары сирек естілді. Қиындыққа, жоқшылыққа іштен көніп туылды», дейді. Балалық шағы болмаған солардың бәрі де бір-бір тағдырдың иелері еді. Бірақ, соғыстың салқыны қайсысын қай арнаға бұрып жіберді, оны кім білсін. Сол сияқты қиындықтағы сағыныштың да қайталанбайтын сәт екенін көреміз. «...Бәріміз Гүлжамал отырған жаққа қарадық. Ол бетін басып жылап отыр екен. Көз жасын көріп мұғалім де сасқалақтап қалды. «Неге жылайсың?» – деп сұраған жоқ, ол кезде ешкімнен бұлай сұрамайтын. Сейду оның қасына барып арқасынан қақты. Жұп-жұмсақ мейірімді үнмен: «Не болды, Гүлжамал?» – деді.

  – Көкемнен хат жоқ. Үш ай болды...

 Арқадан қаққан мұғалімнің мейірімді қолы сағыныштан езіліп тұрған бала жүректі ерітіп жіберді. Еріген бетте сау етіп жас боп төгілді». Жалпы, соғыстың зардабы, адамдар өз қолымен бір-біріне жасаған қиянаттың қасіреті, белгісіз кейіпкерлердің тағдыры – шындығы өлмейтін шежіре. Гүлжамал сияқты талай баланың бейкүнә көз жасы тағдырдың түрлі жазуларын бәлкім өзгерткен де болар. Мәңгілік жалғыздықтың бейнесі, сарқылмайтын көз жасы, тарқамайтын кектің бәрі де тағдырдың шерлі күйі, азалы әні...

 

Жамбыл облысы