«Коронавирус пандемиясы әлемдік рецессияның басталуына себеп болды. Тіпті ұзаққа созылатын экономикалық дағдарысқа да алып келуі әбден мүмкін. Жер-жерде протекционизмнің күшеюі белең алуда. Экономиканың тұтас салалары тоқырауға ұшырап жатыр. 400 миллионнан астам кәсіпорын банкрот болудың алдында тұр. Әлемдегі еңбекке жарамды халықтың жартысына жуығының табысы азайды. Сарапшылар жаһан экономикасы соңғы жүз жыл ішінде болмаған деңгейге түсетінін болжап отыр»,- деді Президент.
Ол бұл жағдайға қарамастан, еліміз бірқатар басымдыққа ие болып отырғанын атап өтті.
«Бізде қаржы резерві жеткілікті және мемлекет қарызының көлемі мүмкіндігімізге орайлас. Ең бастысы, біз жаңа ахуал жағдайында жұмыспен қамтамасыз ету және экономикалық тиімділікті арттыру үшін ресурстарды қайда жұмсау керектігін білеміз. Енді дағдарыс кезіндегі және одан кейінгі дамудың басымдықтарына тоқталып өтейін. Ең бастысы, барша азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау. Азаматтардың табысын арттыру. Бизнесті қолдау және оны дамыту. Білім және ғылым жүйесін жетілдіру. Жуық арада ең өзекті деген мынадай мәселелерді шешуіміз керек»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.