Қоғам • 12 Мамыр, 2020

Ажалмен ойнаған таксишілер

2376 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Осыдан бірнеше ай бұрын жұмыстың бабымен аяқ астынан Нұр-Сұлтан қаласына баруға тура келді. Арқаның біраз уақыттан бері адамның зықысын шығарған бораны басылғандай болған соң, таксимен баруды қолай көргенбіз. «Электричка» дейтін пойызға мінер болсаң, ол елордаға дейін төрт сағаттай жүріп алатын нағыз шабанның өзі.

Ажалмен ойнаған таксишілер

Түс ауа вокзал басындағы бас қалаға жүретін таксилер тұратын жерге келдік. Астана бағытына қатынайтын екі көлік тұр екен: бірі – сегіз адам сыятын ша­ғын автобус-минивен, екіншісі – Toyota маркалы ескі машина. Жеңіл авто­мобильдің алдыңғы орындығы бос екен, бірден соған отыра кеттім. Ұзамай артқы жақтағы орындыққа бір жас қыз келіп отырды. Енді екі адам керек. Олар да көп күттірмеді. Елуден асып, алпысты алқымдап қалған мас қазақ пен оны қолтығынан демеген жастау жігіт көлікке отырды. «Әй, мынау жолда мазаны алатын болды ғой» деп іштей жақтырмай отырдық, әрине.

Сөйтіп айналасы 15 минуттың мұғ­дарында көлік іші жолаушыға толып, жүргізуші әндетіп келіп есік ашты. Шо­пыр жігіт жағына пышақ жанығандай арық, киімі де жүдеулеу екен өзінің. Жел қағып тотыққан бет-жүзін жасына қарамай әжім торлаған.

Есікті ашты да: «Ақшаларыңызды төлеп қойыңыздар», деді. Сол кезде арттағы мас қазақ:

– Е, неге алдын ала төлейміз? Жолда боран болса, аварияға түссек не істейміз? Жет­кен соң аласың, – деді тілін шайнап.

– А, онда болмайды, түсіңіз, – дегені сол еді, мас қазақ пен оның жастау серігі сөзге келместен түсті де, минивенге қа­рай кетті.

«Е, осынысы дұрыс болды. Оның үс­тіне, жамандық шақырғандай болып, авариясы несі?» дедік те, бізге қажет екі жолаушыны күтіп отыра бердік. Біз­дің жүргізуші анда-санда «Астана! Екі орын!» деп дауысы шіңкілдеп айқайлап қояды.

Содан не керек, тура екі сағаттай күт­тіріп барып, бірінен соң бірі екі адам келіп отырды. Бұған да шүкір... Адам толған соң, «Астана, қайдасың!», деп жүрдік те кеттік. Біз мінген көлік Toyota Camry-дің 25-ші моделі екен. Шық­қанына бәленбай жыл болған автокөлік әбден ескірген. Асфальттың кей жерлердегі шұңқырына доңғалағы келіп соғылғанда, астындағы темірлері сарт-сұрт етіп миға тиеді. Жанар-жағар- май құю стансасына келіп, газ толтырып алғаннан кейін, Теміртауға қарай шығар күре жолға да түстік. Жүргізуші жігіт ызғы­тып келе жатып, ұялы телефонмен біраз шаруасын тындырып тастады. Әуелі жаңа ғана ақша салғанын айтып бір әйелмен сөйлесті. «Жол ашық па? Гаишниктер жоқ па?» деп біреулерден, сірә әріптестері болса керек, тәптіштеп сұрап алды. Содан кейін барып, көңілі жайланған ол әңгімеге кірісті.

– Кеше астанадан вокзалға келгенде «гранатам» кетіп қалды. Бір құдай сақтады, – деді.

«Граната» деп отырғаны доңғалақ пен рульдің арасын жалғастырып тұратын маңызды бөлшек емес пе еді?

– Сонда, көліктеріңді тексертіп отырмаушы ма едіңдер? – деп сұрап едім.

– Жоға, – деді ол. – Оған уақыт қайда? Бір шұқысаң болды, басқасы шыға береді...

Обалы нешік, жүргізуші жігіттің кәсіби шеберлігіне дау жоқ екен. Екі сағат­тан астам уақытта елордаға да келіп кірдік...

Ертесіне шаруа біткеннен кейін бас қаланың вокзалына келіп, Қарағандыға баратын таксилер тұрағын тауып алдық. Жалғыз ғана минивеннен басқа біз діт­теген жаққа жүретін көлік жоқ екен. Амал­сыз соған отыруға тура келді. Сегіз адамдық көліктің әбден тозығы жеткені көрініп тұр. Ортан беліндегі ортақ есікті ашу үшін алдымен жолаушы отыратын алдыңғы есікті ашуға тура келеді екен. Алдыңғы жақтағы жолаушы мен жүргізушінің арасына да бір орындықты тығып жіберген екен, жұмыртқадан жүн қырыққан қулар. Алдына жайғасқан мен: «қап, қысылысып баратын болдым-ау. Әйтеуір, арық адам болса екен», деп іштей тілеп қоямын...

Бұл жолы өзге жолаушылар көп күт­тіре қойған жоқ. Айналдырған жарты сағаттың ішінде көлік іші жолаушыға тол­ды да, Қарағандыға қарай тартып кеттік. Қаладан шыға бере бұл шопыр да толтырып газ құйып алды. «Қазір газ деген жақсы болып тұр ғой. Бензиннен екі есе арзан», дейді өзі тоқ көңілмен.

Күре жолға түскеннен кейін жүргізу­ші жігітті әңгімеге тарттым. Жас шамасы қырыққа келіп қалған екен. Неге екенін білмеймін, бұл да жасына жетпей ерте қартайған, өмірінде қиындықты көп көрген адамға ұқсады. Киімі де жұпыны көрінді. Өзі әңгімешіл екен, сұра­ған нәрселеріме ықыласпен жауап беріп отырды. Мен кешегі жүргізушінің «гранатасының» ұшып кеткені жайында айтқанын сөз қыла отырып, «Қазір сендер көліктеріңді дұрыстап қарамайтын болғансыңдар ма?» деп, әңгіме арасында елеусіздеу етіп сұрадым.

– Қазір Нұр-Сұлтан мен Қарағанды арасында адам тасуда қызық қалмады, – деп бастады ол әңгімесін.  – Неге десеңіз, индрайвер деген конкурент шықты, жұрттың көбі соны пайдаланады. Сонан соң, қолы ұзындар тапсырыспен адам таситын фирмаларға кетіп қалған. Ол жақта ақшаны жақсы төлейді, айына 500 мың теңге табуға болады. Ал қазір біз­де жүргендердің тең жартысынан астамының машиналары ескі, соның өзін олар дұрыстап күтіп ұстамайды...

«Е, е, е... енді түсінікті» дедік іштей... Бәсе, осыдан бір-екі жыл бұрын вокзал басында «Астана, Астана!», деп айғайлап тұратын жігіттер біртүрлі айбарлы көрінуші еді. Киімдері де тәуір болатын, өздерінің дене бітімдері де спортшыларға көбірек келетін. Ең бас­тысы, олардың көліктері де тәуір-тұғын. Жаңалау, сырты жалтырап, іші тап-таза болып тұрушы еді... Ендігісі міне, жақсылары тәуір жерді тапқан да, сіз бен бізді елорда мен Қарағандының екі арасына тасыған «жабайы таксидің» тізгіні кім көрінгеннің қолына тиіпті.

Адам үйден қырық қадам шыққаннан кейін мүсәпір. Сол мүсәпіріңіз діттеген жеріме тез жете қойсам деп біз әңгіме қылып отырған таксилерге бұт артады. Ал енді осы жолаушылардың қауіпсіздігіне кім жауапты? Жалпы, күре жолда адам тасып, нәпақа тапқан таксишілерді, олар­дың ескі-құсқы көліктерінің техникалық жарамдылықтарын кім тексеріп жатыр? Мазалаған сұрақ көп, бірақ мардым­ды жауап жоқ. Бұл таксишілерің қанша сұра­саң да, арттарында кім тұрғанын айт­пайды. Жауапты органдарға ресми сауал­мен шықсаң, бір-біріне сілтеп, әбден дің­келетеді. Ел болса, бұлардың айына патент төлеп тұратын заңды фирманың такси­лері екенін және қамқоршы көке­лері­нің тым жоғарыда отыратынын айтады...

Ал шынтуайтына келсек, «жабайы таксидің» мәселесін жақсылап қолға алмаса, Нұр-Сұлтан мен Қарағанды ара­сындағы күре жол кісі өлімінен көз аш­пайтын «ажал жолына» айналары айдан анық.

 

Қарағанды облысы