25 Қыркүйек, 2013

Көше сыпырушы

1452 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

 

Осындай еңбек иелерінің жұмысын жұрт лайықты бағалай бермейді

 

Егер cіз қалада тұратын болсаңыз, үстеріне қызыл желетке киіп, қолдарына сыпырғы ұстаған, көбінесе көше бойында жүретін осынау тынымсыз жандарды көрмеуіңіз мүмкін емес. Күнде көре бергеннен кейін бе, бұларды жұрт көп елемейді. Кейбірі беттерін бүркеп алған, бірақ әрі-бері өтушілер олардың бұл қылығына таңғалып, не үшін бүйтті, кімдер екеніне қызығушылық танытпайды да... Жасыратыны жоқ, бір ағамыз «Қаланың тазалығымен айналысатын мекеменің бастығымен сұхбаттасып, олардың да мәселелерін жазсаңдаршы...» деп хабарласқанда санамда бірден «олар не айтуы мүмкін?» деген ой жылт ете қалған.

дворник2

 

 

Осындай еңбек иелерінің жұмысын жұрт лайықты бағалай бермейді

Егер cіз қалада тұратын болсаңыз, үстеріне қызыл желетке киіп, қолдарына сыпырғы ұстаған, көбінесе көше бойында жүретін осынау тынымсыз жандарды көрмеуіңіз мүмкін емес. Күнде көре бергеннен кейін бе, бұларды жұрт көп елемейді. Кейбірі беттерін бүркеп алған, бірақ әрі-бері өтушілер олардың бұл қылығына таңғалып, не үшін бүйтті, кімдер екеніне қызығушылық танытпайды да... Жасыратыны жоқ, бір ағамыз «Қаланың тазалығымен айналысатын мекеменің бастығымен сұхбаттасып, олардың да мәселелерін жазсаңдаршы...» деп хабарласқанда санамда бірден «олар не айтуы мүмкін?» деген ой жылт ете қалған.

«ЛТД Тұрмыс» ЖШС 2006 жылы құрылыпты. Оған дейін Шымкент қаласының тазалығымен бірнеше шағын, жеке меншік фирмалар айналысқан екен, бірақ жұмысты бір-біріне сілтеп, тірлігі көңілден шықпағаннан кейін осындай үлкен мекеме дүниеге келеді. Бүгінде бұл мекемеде 800-ден астам адам жұмыс істейді. Бұрын қала тұрғындары «айран бар, сүт бар» деп, әр үйдің есігін қағып жүретін өзбек әйелдерінің айқайынан оянатын болса, соңғы жылдары осы көше тазалайтындардың тасыр-тұсырынан көзін ашатын болды. «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген, түн қараңғысынан тұрып, түртінектеп жүріп тірлігін бастайтын бұл мекеме жұмысшыларының ырысын бір құдай біледі, ал, бір ісі артық екені сөзсіз. Себебі, күні бойы тыным таппайды ғой. Жұмысқа таңмен таласып келіп, түн қараңғысымен қайтқанды былай қойғанда, бұл мекеме үшін «сенбі-жексенбі, мейрам, демалыс» деген түсінік атымен жоқ.

дворник2

– Біздің жұмысшылардың күні бойы істеген тірлігін бір адам бір сәтте ғана жоққа шығаруы мүмкін, – дейді «ЛТД тұрмыс» ЖШС-інің директоры Гүлнәр Сапарымбет. – Мысалыға, Шымкенттің ең көрікті көшесі Қонаев даңғылын таңертең айнадай етіп жарқыратып қойсақ, мәдениетсіз бір адамдар артынша қоқыс тас­тап, оны көрген әкімдер немесе қонақтар «қала лас екен, көшелеріңнің тазалығы жоқ» деп баға бере салатыны анық. Күн сайын өзім және үш орынбасарым таңғы сағат алтыда тұрып, көшелердің тазалығын қадағалаймыз. Білесіз бе, тазалықпен бірге ырыс, береке келеді. Көшенің мұнтаздай тазалығы таңертең жұмысына кетіп бара жатқан кісіге жақсы көңіл-күй, қуат, күш сыйлайды. Қалаға келген қонақ ең алдымен тазалығына қарайды. Біздің мекеменің жүрмейтін жері жоқ. Тазалықты былай қойғанда, былтыр Самал, Забадам шағын аудандарында су тасығанда тура төтенше жағдай мекемесі сияқты, жұмысшыларымыз бен техникамыз аяқтарынан тік тұрып қызмет етті.

– Әлгінде өзіңіз айтқандай, шынында қанша жерден тік тұрып қызмет етсеңіздер де қала тұрғындарының мәдениеті болмаса тірліктің бәрі бекер кеткені емес пе?

– Дұрыс айтасыз. Тазалыққа тек біздің мекеме емес, әр адам жауапты болуы тиіс. Туып-өскен жерім болғандықтан Шымкент мен үшін дара қала. Халқы қонақжай, дарқан, кеңпейіл. Бірақ, әйтсе де шымкенттіктердің тазалық жөнінде мәдениетін, түсінігін әлі де көтеру қажет. Ата-ана ойын баласын «қоқысты төгіп кел» деп жұмсай салады, оны шынында арнайы темір жәшікке апарды ма, жоқ па, әлде аулаға, көше бойына лақтырып кетті ме, қадағаламайд ы. Шынын айту керек, халық қоқысты қай жерге болсын төге салады да «ақысын төлеп жатырмыз ғой» деп, бізге міндет қылады. Жалпы, бұл мәселемен тек көше тазалаушылар ғана емес, қоғам болып айналысу керек. Сондықтан мектепте 1-сыныптан бастап тазалық мәселесіне арнайы сабақтар өту керек. Баланың жастайынан тазалыққа үйренгені ата-анаға да, мұғалімге де абырой. Жасыратыны жоқ, кешегі Кеңес одағының тәрбиесін көргендер, яғни аға буын тазалыққа өте жақсы қарайды. Енді жаңа заманның да жастарын осылай тәрбиелеу қажет. Біздің мекеме облыс орталығының 40 көшесінің бойындағы жасыл-желекті күтіп-баптап ұстауға, негізгі 77 көшенің және 5 канал мен өзендердің тазалығына жауапты. Көше тазалауға қандай адамдардың келетінін іштеріңіз сезеді. Көбінесе жағдайы жоқ, зейнеткерлікке шыққан, былайша айтқанда, басқа жерден орын таппай, осынау ауыр да азапты жұмысты істеуге мәжбүр болған жандар келеді. Бірақ бұл жандардың еңбектері өте адал. Көше тазалау қиын емес-ау, ең жаманы, қаланың кейбір мәдениетсіз тұрғындары біздің қызметкерлерді кемсіткені жаныңа батады. Тіпті қол жұмсап, соттасқан кездеріміз де болған. Былтыр арнайы көлікпен қар тазалап жүрген бір жүргізушіміз «Жолдың шетінен көлігіңізді алыңыз, қар тазалаймыз» дегені үшін оны көлік иесі темірмен ұрып, қолын сындырған. Меніңше, адал еңбек етіп тапқан наннан қадірлі ештеңе жоқ. Жұмыстың үлкен-кішісі, қадірлі-қадірсізі болмайды. Ең бастысы адал еңбектену. Көше сыпырамын деп намыстанудың қажеті жоқ. Өз басым осы мекемені басқарып отырғанымды мақтан тұтамын. Және әрбір жұмысшыммен мақ­тана аламын, әрқайсысына иіліп сәлем бере­мін, алғысымды айтамын. Бұл ең қажет мекеме.

– Шымкент қаласының ауасы, экологиясы таза болу үшін шетінен жасыл белдеу, яғни айналдыра ағаш отырғызылып жатыр. Бұл істің барысы қалай?

– Қала күн сайын көркейіп, етегін кеңге жайып келе жатыр. Сондықтан тек құрылысты қаптатып, жерді үй салуға бөліп бере бермей, жасыл-желек мәселесіне де көңіл аудару қажет қой. 2009 жылы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен қала сыртынан 1000 гектарға жасыл белдеу жүргізу жұмыстары басталды. 400 мыңдай ағаш отырғызылды. Бұл жасыл аймақты күтіп-баптау алғашында басқа мекемелерге жүктеліп еді, ақырында біздің мекемеге сеніп тапсырылды. Биылдан бастап бұл іске 50 миллиондай теңге қарастырылды. Биыл жазда қураған ағаштардың орнын ауыстырдық. Алдағы уақытта жасыл белдеуді 10 мың гектарға жеткізу жоспарда бар.

– Ұмытпасам, осыдан бір-екі жыл бұрын Астана қаласын тазалайтын мекемелер ең көп жол ережесін бұзатындар қатарынан екенін естіп едім. Сол кезде олар «Мұндай мекемелерге арнайы рұқсат беру керек» деп мәселе көтеріп еді...

– Ол рас. Жұмыс уақыты кезінде біздің мекеменің көліктері көше бойында орнатылған жол полициясының арнайы фотоаппараты мен бейнекамераларына өте жиі түседі. Аптасына 10-15 көлігіміз осындай ескертулер алады. Меніңше жұмысты тиімді әрі тез істеу үшін біздің мекеменің көліктері жол ережесін бұзбауы мүмкін емес. Көбінесе, олар жол ортасындағы екі жолақты басып өтіп, айыпты болып жатады. Сонда өзіңіз ойлаңызшы, көшенің екі бетінің бойына жиналған шағын қоқысты алу үшін олар екі жолақты баспастан бір-екі аялдама жерді айналып келуі керек пе? Мұндай жайбасарлықпен кешке дейін тазалап бола алмайсың ғой. Сондықтан көше бойын тазалайтын көліктерге жол полициясы тарапынан арнайы рұқсат берілуі керек.

– Бізде қоғамдық орындарда тазалық сақ­тамағандарды жазалайтын арнайы заң бар. Бірақ бұл бойынша жазаға тартылып, айып­пұл төлеп жатқан жандар шынында бар ма?

– Енді ел іші болған соң, ондай тәртіп бұзу­­­шылықтар болады ғой. Бірақ, өз басым жергі­лікті полицияның тазалық сақтамағаны, тәртіп бұзғаны үшін адамдарды қамап, көше тазалауға, басқа да қоғамдық жұмыстарға тартып, шара қолданып жатқанын көрмеппін. Осы жөнінде біз қалалық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне хат жазғанбыз. Шынында салынған айыппұл қайда кетеді? Біздің сол жерді тазалауға жұмыс күшіміз, ақшамыз кетті ғой. Осыны түсініп жатқан ешкім жоқ.

– Әрине, бұл мекемеде жұмысшы көп. Бірақ, бәрібір қаланың тазалығы техниканың күшінсіз бітпейді. Көлік көп болған сайын жұмыстарыңыз да жеңілдейді. Техника мәселесін қалай шештіңіздер?

– Техника алу мә селесі де кезінде әбден жыр болған. 2006 жылы лизинг арқылы бірнеше көлік алынды. Бірақ, соның қарызынан құтылу өте қиынға соқты. Осы мекемеге директор болып келген кезде бір нәрсеге қатты таңғалдым. Бұл мекеме заңды жақсы білмегендіктен шығар, несиенің негізгі ақшасына емес, үстіндегі өсімпұлға шырмалып қалған екен. Сонда қараңыз, 432 миллион теңге несие алынса, 756 миллион теңге қылып қайтаруымыз керек. Әне, бірде-бір басшы несиені ертерек қайтарса, мұндай шығын болмайтынына бас ауыртпаған ғой. Мен осы басшылық қызметіме кіріскен кезде несиенің қарызы 63 миллион, өсімпұлы 123 миллион теңге екен. Қалалық әкімдік көмектескісі келді, бірақ, бюджет көтермеді. Содан өз мәселемізді өзіміз шешуге кірістік. Құдайға шүкір, тығырықтан шығар бір ғана жол – кепілге дүние қойып, тағы несие алу керек болды. Содан бес банкке бардым. Төрт банк біздің жағдайымызды түсінгісі де келген жоқ. Тіпті «Казком»-ның жергілікті басшылығы сөйлескісі де келмеді. Бізді түсінген тек «Темірбанк» болды. Кепілге қойылатын дүниелерімізді қаттап, көмек қолын созды. Одан «Астана финанс» лизингтік компаниясына үлкен рахмет. Өсімпұлды алып тастады. Бірақ негізгі несиені 1 ай көлемінде төлейсің деген шарт қойды. Егер құтыла алмасақ, көліктерді алып қоюға міндетті болды. «Темірбанктің» арқасында сөйтіп 5 жылдан бергі қарызымыздан 1 айдың ішінде құтылдық. Кей кездері ойлаймын, шындап кіріссең шешілмейтін мәселе жоқ. Ең бастысы, жанашырлық ниет керек. Қазір техникалық базамыз өте жақсы. Лизинг арқылы 102 техника алғанбыз, жақында Ресейден тағы да 11 көлік алып жатырмыз.

– Жұмысшылардың әлеуметтік мәселелері қалай шешілген?

– Біздің еңбегімізді тек жұрт бағалайды. Әрине 800 адам жұмыс істеп жатқан мекемеде тәртіп мәселесінде бір сәт те босаңсуға болмайды. Осы 800 жұмысшының тағдыры – менің тағдырым. Мен осы мекемеге басшы болып келгенде бір мәселе мазалады. Жұмысшылар көбінесе шаң-тозаңда, шақырайған күннің, шытынаған аяздың астында жұмыс істейді. Денсаулықтары қалай? Басты байлығын күтіп ұстауға мүмкіндіктері, уақыттары бола ма? Содан жұмысшыларды жаппай медициналық тексеруден өткіздім. Бұл іске осындағы «Эскулап» медициналық бірлестігі қолдау көрсетіп, 804 жұмысшыны түгел тексерттім. Тіпті еңбек демалысында жүргендерді көлік жібертіп алдырттым. Алғашында 22 адам туберкулезге шалдыққан деген күдік болды, бірақ, абырой болғанда, екеуінікі ғана дәлелденді. Екеуіне де емделуіне көмек бердік. Сосын жұмысшылардың өздерін шипажайға, балаларын лагерлерге жібере бастадық. Биыл 90 бала лагерге барып келді. Бір тәулік бойы жұмыс істейтін болғандықтан, асхана аштық. Содан ба, қазір «жұмыстан босатамыз» десек, қызметкерлеріміз оңайлықпен беріле қоймайды. Тәртіп бұзған бірнеше адамды жұмыстан босатайық деп едік, құдай сақтасын, жан-жақтан телефон соғу қаптап кетті. Тіпті, әжептеуір қызметі бар шенеунік, депутаттар телефон шалып, әлгілерге араша түсті. Шынымды айтсам, мен бұған қуандым. Адамның жұмыстан кеткісі келмей, осылайша жанталасқаны, өз кәсібін сүйгені де... Меніңше, бұл үлкен жетістік.

P.S. Тегінде «Көп еңбек еткенге бақыт та ба­сын иеді» деген рас сөз ғой. Жақында Сауда-өнер­кә­сіп рейтингі және ҚР Ұлттық бизнес-рей­тингі ұйым­дастыру комитеті «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-ін осы саланың 2013 жылғы көшбасшысы және елі­міз­дегі ең үздік 5 кәсіпорынның бірі деп тапты.

Әңгімелескен

Оралхан ДӘУІТ,

«Егемен Қазақстан».

Оңтүстік Қазақстан облысы.