Аймақтар • 12 Мамыр, 2020

Қарағанды облысы: Қауіп сейілмегендіктен, шектеулердің біразы сақталады

631 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде төтенше жағдай режімі алынып тасталғанмен, арқаны кеңге салуға әлі ерте. Себебі, кей өңірлерде бой бермей тұрған вирусты жұқтыру қаупі толығымен сейіле қойған жоқ. Мұндай аймақтардың қатарына Қарағанды облысын да жатқызуға болады.

Қарағанды облысы: Қауіп сейілмегендіктен, шектеулердің біразы сақталады

Арқа төсінде карантиндік шаралар жеңілдетілгенмен, бірқатар шектеулер бәрібір де сақталатын болды. Бұл туралы Қарағанды облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаров арнайы брифинг барысында баян етті. «Бұдан әрі шешімдер эпидемиологиялық жағдай ескеріле отырылып, кезең-кезеңімен қабылданатын болады», деп атап өтті ол.

– Елімізде төтенше жағдай режімі тоқтатылғанмен, бірқатар өңірлерде, соның ішінде Қарағанды облысында коронавирус инфекциясының одан әрі таралу қаупі сақталуда. Сол себепті, қалыптасқан эпидемиологиялық жағдай ескеріле отырылып, карантиндік шектеулер біртіндеп алынатын болады, – деді Қанат Асқаров.

Жалпы, Қарағанды облысында карантиндік шектеу енгізіліген 20 наурыздан 10 мамырға дейінгі аралықта 196 адамның  коронавирус инфекциясын жұқтырғаны туралы ресми мәлімет бар. Өкінішке қарай, үш пациент пандемиядан қайтыс болды. Ал көңілге демеу боларлығы, 96 науқас дәрігерлердің көмегімен індетті жеңе білді.

Енді осы мәліметтің еліміздегі жалпы жағдайдың жанындағы көрінісіне көз жүгіртелік. Мәселен, Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылдың 10 мамырындағы №36 қаулысына сәйкес, коронавирус инфекциясымен ауыру деңгейінің өсімі 7 күн ішінде 7%-тен  аспайтын межеге жеткен кезде карантиндік шараларды жеңілдетуге рұқсат берілгені белгілі. Ал Қанат Асқаровтың айтуынша, Қарағанды облысы бойынша өсім бар-жоғы 0,7% құраған. Яғни, бұл карантиндік шараларды батыл түрде жеңілдетуге мүмкіндік береді. «Ауру көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 13,4 санын құрады. Бұл республикалық деңгейден екі есе төмен», деді облыстың бас санитарлық дәрігері.

Сонымен, аталған ведомство басшысы Қарағанды облысы бойынша мамырдың 12-сінен бастап карантинді жеңілдетудің іс-шаралары қалайша  жүзеге  асатынын былайша егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

Саны үштен аспаған тұрғындардың саябақтар мен гүлзарларда, алаңдарда топтасып жүруіне рұқсат берілді. Әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, отбасымен қыдырыстауға да болады.

Таксиде жолаушылар саны бойынша шектеу алынып тасталады.
Ауданы 2 мың шаршы метрге дейінгі азық-түлік емес тауарлар сататын және азық-түлік емес базарлардың ғимараттарынан тыс орналасқан нысандар, яғни  сауда үйлері, орталықтар, дүкендер қызметін қайта бастайды.

Моншалар, сауналар, тігін ательелері, аяқ киім, киім, сағат жөндеу шеберханалары, сондай-ақ жұмыс уақыты сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін шектелетін азық-түлік емес базарлар ашылады.

Мәдениет мекемелеріне жеке және топтық даярлыққа қатысуға 30 адамға дейін ғана рұқсат берілді. Ал көрермендерің қатысуымен өтетін іс-шараларға тыйым әлі өзінің күшін жоя қойған жоқ.

Балаларды коррекциялық түзету кабинеттері жұмысын бастайды. Бұл жердегі қызметтер   алдын ала жазылу бойынша, қызметкерлер мен балалардың термометриясы міндетті түрде тексеріліп, күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режім сақтай отырылып жүргізіледі. ЖРВИ белгілері бар қызметкерлер мен балалар сабаққа жіберілмейді.

Мемлекеттік органдар мен бизнес-орталықтардағы және сауда объектілеріндегі 2 мың шаршы метрден асатын нысандарды қоспағанда, қалған  кеңселер қызметін бастайды. Бұл жерде, егер штатта 30-дан астам адам болса, қызметкерлердің тең жартысының қашықтан жұмыс істеуі керектігін қатаң ескеруге тура келеді.

Сондай-ақ, белгілеген санитарлық-дезинфекциялық режім және қосымша талаптар міндетті түрде сақталған жағдайда, ел ішіндегі авиарейстерге рұқсат етіледі.

Сонымен қатар, жалпы аумағы 500 шаршы метрге дейінгі азық-түлік емес тауарларды сататын нысандар, жарнама агенттіктері, баспаханалар, барлық түрдегі қоймалар, жылжымайтын мүлікпен операциялар жасайтын компаниялар, фотосалондар, кір жуу және химиялық тазалау орындары, екінші деңгейдегі банктердің филиалдары мен бөлімшелері, халыққа қызмет көрсету орталықтары, ломбардтар, ақша айырбастау пункттері, микроқаржы және микрокредиттік ұйымдар, сақтандыру компаниялары, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар компаниялары, құрылыс материалдарын сату бойынша мамандандырылған дүкендер жұмыс істей бастайды. Бұлардың қатарына сауда үйлерінде, орталықтарда, бизнес-орталықтарда орналасқандары жатпайтынын ескеру керек.

Жеткізу режімінде тұрмыстық техника мен электр тауарларын, жануарларға арналған тауарларды, тұрмыстық химияны, сондай-ақ қосалқы бөлшектер мен шығыс материалдарын өткізетін ауданы 500 шаршы метрден асатын сауда нысандарына жұмыс істей бастауға рұқсат етілді.

Карантиннің ерекше тәртібінде тұрған Теміртаудың өзінде де бірқатар  жеңілдетулер енгізілетін болды. Мысалы, қалада қоғамдық көлік жұмысы қайыра жанданады. Жеке автокөліктердің жүруіне рұқсат етілді. Таксиде жолаушылар саны бойынша шектеу алынып тасталды. Шаштараздар, сұлулық салондары алдын ала жазылған клиенттеріне қызмет көрсете бастайды. Бұлар сағат 20.00-ге дейін жұмыс істейтін болады.

Қанат Асқаров брифинг барысында инфекциялық қауіп сейілмейінше, облыста бала бақшалардың әзірге ашылмайтынын айтты.

Санитарлық блок-бекеттерге келсек, олар індеттің ошағына айналып отырған Теміртауда ғана қалып, облыстың қалған аумағында алынып тасталады. Яғни, қалалар мен аудандар арасында шектеусіз жүруге болады.

Дегенмен, облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері індетті жұқтырудың қаупі әлі де болса жоғары екенін айта келіп, тұрғындарды санитарлық және дезинфекциялық талаптарды қатаң сақтауға шақырды.


 

Қарағанды облысы