Аймақтар • 13 Мамыр, 2020

Даңғыл жолдар айналса даңғайырға

283 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Бір кездері түбек деп бір ауызды, бір бүйірлі қалта сынды есептелетін Маңғыстау бү­гінде өткізгіштік қабілетке ие дәліз тәрізді. Жердің үстінде те­мір жолдар мен автомобиль жолдары тараптарға жол тар­тып, теңіз бетінде кемелер жүзіп, әуесін халықаралық бағыт­тарға қатынаған ұшақтар тілгілеген өңірдің жерінің ас­ты да қан тамырлары сынды тынымсыз бүлкілдеген мұ­най құбырларының жолы. Эко­номика үшін маңызды қаты­настардың дәлізі бол­ған дала­дағы автомобиль жолдары­ның бүгінгі жағдайы қалай?

Даңғыл жолдар айналса даңғайырға

Жолдар жатыр аяқталмай, басталмай...

Біразға дейін автомобиль жолда­рының беті бері қара­май қойғандықтан, бас басылым бетінде «Қырықаяқ неге кешікті?» сынды көлемді ма­қа­­ламызда сынға ұшыраған Маң­ғыс­тау жолдары бүгінде біраз қалыпқа түсті – бірнеше жолақты, сапасы мен құрылы­мына қарай үлкенді-кішілі деңгейлерге бөлінетін жолдар салынып, халық игілігіне ұсынылды. Маңғыстау облысында автомобиль жолдары­ның жалпы ұзындығы 2948 шақырымды құраса, оның ішінде республикалық маңыз­дағы – 1020 шақырым, ал 1928 шақырым жол – облыстық және жергілікті маңызға ие.

Өңір жолдарында өткен жы­лы 107,7 шақырым жол­ға асфальт жабындысы төсе­ліп,­ 150 шақырымды құрай­тын 4 жоба толығымен аяқ­тал­ды. Ұзындығы 22 шақы­рым­­ды құ­райтын «Құрық – Порт Құрық» автожолын ре­конструкциялауға 8,2 млрд тең­ге жұмсалса, 54 шақырым «Шет­пе – Ұштаған» жолына 946 млн теңге жұмсалған. Сон­дай-ақ 668 млн теңгеге 88-154 шақырым қашықтықтағы «Ақ­тау – Форт-Шевченко – Қа­лам­қас кен орны», 138 млн тең­геге 8 шақырымдық «Онды ауы­лына кіреберіс» жолдарына орташа жөндеу жүргізілген. Одан өзге 275,4 шақырымды қам­титын 7 автомобиль жол­дарының реконс­трукциясы мен­ жөндеу жұмыстарын аяқ­тау жоспарланды. Биыл 59,6 шақы­рымды қамтитын ХГМЗ жол қиылысынан №23, 24, 28 «А» шағын аудандарының қиылысына дейінгі №55 автожолын қайта құрылымдау, «Шетпе – Тиген» автомобиль жолын орташа жөндеу, МАЭК су жинау каналынан «Құрық» па­ромды кешеніне дейінгі автомобиль жолын реконструкциялау, Маңғыстау облысындағы МАЭК су алғышынан бастап Құрық теңіз портына дейінгі автомобиль жолын реконструк­циялау, Ақтау қаласының Өмір­зақ елді мекенінен Жылы жаға­жайға дейінгі автомобиль жо­лының құрылысы сынды 5 жо­баның құрылысы жалғасады. Және «Форт-Шевченко – Тау­шық – Шетпе», «Онды ауы­лындағы лагерьге кірме жол», «Ералиев стансасына кірме жол», «Шайыр ауылына кірме жол», «Жармыш ауылына кір­ме жол», «Сыңғырлау ауылына кірме жол», «Жаңаөзен – Құ­лан­ды» автомобиль жолы», «Қы­зылөзен ауылына кірме жол»,­ «Таушық ауылына кірме жол»,­ «Маңғышлақ стансасы – Карьер-400», «Жаңаөзен қала­сына кірме жол» мен «Жаңаөзен стансасына кірме жол» автомобиль жолдарының орташа жөндеу секілді 95,2 шақырымды қамтитын 12 жаңа жобаның жұ­мысы басталады. Аталған трас­салардың барлығы кеңестік ке­зеңде салынған. Уақытында жөн­деу көрмеген соң тозығы жетіп, көліктің жүруіне жарамсыз жағдайда болған жолдардың қалып­қа келтірілетіні қуантады.

– Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағыт­талған 2019 жылы елімізде «Ауыл – ел бесігі» жобасы қа­был­данды. Жоба аясында Бей­неу, Шетпе және Маңғыстау ауыл­дарында 24,3 шақырым жол орташа жөндеуден өтті, Маң­ғыстау ауылында 7,5 ша­қы­рым жаңа жол салынды. Осы жылы Бейнеу, Ақшұқыр, Қы­зыл­төбе, Баянды, Басқұдық ауыл­дарында 4 млрд теңгеге 46,1 шақырым жол салынады және 47,4 шақырым жол орташа жөн­деуден өткізіледі, – дейді Маң­­ғыстау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Болат Ережепов.

Демек, жол саласында біткен іс те бар, бітірер іс те аз емес.

 Мердігер үнсіз

Әйтсе де республиканың бар­лық ай­ма­ғында өзектілігін жой­маған автомобиль жолда­ры­ның құрылысы мен сапасы Маңғыстау өңірі үшін де маңызды мінберінен түскен жоқ. Жол ахуалын жақсарту үшін мемлекет қазынасынан жыл сайын кемі 700 млрд теңге шамасында қаржы бөлінеді екен. Қомақты қаражаттың мақсатты жұмсалып, нәтижелі игерілуін өкілетті органдар қатарында «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» рес­публикалық мем­лекеттік кәсіпорны да қадағалап келеді. Аталған кәсіпорынның Маңғыстау облыстық фи­лиа­лының мамандары өңір көле­мінде жүріп жатқан көлік жолдарына қысы-жазы рейдтік тексерулер жүргізіп, сынамалар алады. Мамандардың айтуынша, тұрғындар тарапынан мекеменің әлеуметтік желідегі парақшаларына келіп түскен өтініш-хаттар негізінде де кешенді жұмыс атқарылуда.

Жол демекші, Маңғыстауда «Жыңғылды – Шайыр – Шер­қала» жол учаскесі құрылысы тұр­ғындардың «бас ауруына» айналды. Қаржының 90 пайызы республикалық бюджеттен бөлінген, небәрі 29 ша­қырымдық жол құрылысы басталғалы үш жыл, алайда халық игілігіне ұсынылады деген құрылыс жұмыстарының «жыры» көп. Яғни құрылысты сапалы салуға және мер­зімінде бітіруге міндетті мердігер ме­кеменің жұмысынан шыққан мін мәселеге айналып кетті. Жобаға жауапты «Алтынқұрық» мердігер мекемесіне жол сапасына қатысты бірнеше рет ескертулер берілгенімен әлі күн­ге орындалмай келеді. Нақты айтсақ, жергілікті ұлттық сапа орталығының зертханасында талданған сынамалар негізінде бастапқыда мердігер тарапқа жолдың асфальт-бетонды жабындысы шектен төмен екендігі туралы ескертулер берілген. Екі рет жолданған қызметтік хатқа қыңқ етпеген мердігер мекеменің үнсіздігін ешкім түсіне алар емес. Өзіне жолданған зертхана қорытындысымен келіс­пеген жағдайда талдау жаса­тып, өкілетті органдарға шағымда­нуға құқылы бола тұра мұндай әрекетке де бармаған мекеменің жұмысын мамандар «жұмысына жауапсыздықпен қарау» деп бағалап отыр.

Маңғыстау облыстық жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен «Жол активтері ұлттық сапа орта­лығының» Маңғыстау филиалы өзара келісімшартқа отыруы себепті екі жақ мамандар берген зертхана сараптамасына сай жол сапасына талап қоюға құқылы.

– Ендігі кезекте олқылық түзел­месе, ол жерді мердігер то­лық қырып тастап, қайтадан өз ақшасына салуы тиіс. Себебі жұмсалған ақша республикалық бюджеттен бөлінген қаржы, әр нәр­сенің есебі бар. Ал жоба биыл толығымен аяқталуы тиіс, – дей­ді олар.

Қазір учаскеде жұмыстың тым баяу жүруі себепті аталған жермен өтетін кө­ліктер мен жұмыс­шылар үшін «Жасыл дәліз» жасалған. Алдағы күндері жол сапасын бақылаушылар та­ғы бір мәрте тексеру жүргізеді. Бұл ретте де жол мате­риалдары талапқа сай болмай шықса, трас­са сапасыз салынған деп айту­ға болады. Кемшіліктер түгел жойылмай, мердігер жауап­кершіліктен босатылмайды.

Екпіні баяу әрі мардымсыз, сараптама қорытындысына сай жұ­мысы сапасыз деп танылса да тоң-торыс күйде жүрген мердігер мекеменің не ойлағаны барын ешкім білмейді. Халыққа қажеті біреудің ойы мен ойыны емес, жолдың жайлы болуы. Бі­рақ мердігер мекемеге қашан «тіл бітеді», жұрт арасында жыл­дар бойы жырға айналған жоба қашан өз мәресіне жетеді, белгісіз...

 Апаттың айыбы, опаттың обалы оңай емес...

Сапалы жол – қауіпсіз өмір ке­пілі. Жол бойында орын алатын жол-көлік оқиғаларына өзге де себептермен бірге жол сапасының да әсер ететіні анық. Маң­ғыстау облысында 2019 жылы 9 ай қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғасының саны 4,1%-ға, сондай-ақ оның салдарынан жарақаттанғандар 14,0%-ға өскен, ал қаза болғандар саны 13,7%-ға тө­мендеген. Өлім-жітім көрсеткішінің төмен­деуі қуан­тарлық жағдай, болмаса тіпті жақсы. Сон­­дықтан қолда бар мүмкіндікті толық пай­да­ланып, бөлінген қаражатты толық жұм­сап және кәсіби шеберлікті заманауи тех­нол­о­гия­­лармен ұштастыра қызмет етудің ма­­ңы­зы зор.

Алайда жұмысы қызып жат­қан жолдар сапа­сында мін жоқ емес. «Жол актив­тері ұлт­тық сапа орталығы» Маң­ғыс­тау филиалының қызметкер­лері биылғы алғашқы үш ай­да өңірдегі республикалық және жер­гілікті маңыздағы трас­са­ларға 84 рет тексеру жұ­мы­сын жүргізді. Жол құры­лы­сы мен сапасын бақылау­шылар ай­мақта салынып жатқан рес­пуб­ликалық маңыздағы жол­дар­ға 56 рет, жергілікті маңыз­дағы трассаларға 28 рет барып, сынамалар алған еді.

– Қажетті құрал-жабдықтар­дың көмегімен жол құрылысында қолданылған 160 материал алынды. Өкінішке қарай, біз күт­­кен кемшіліктер тағы да анық­­­талып отыр. Мәселен, рес­пуб­­ликалық маңызға ие автомобиль жолынан алынған бес сынаманың сапасы нормативтік құжаттар талабына сәйкес келмей шықты. Ал жергілікті жолдардан табылған олқылық бұдан он есе көп. Іріктеліп алынған 155 жол материалының 56-сы қол­данысқа жарамсыз, – дейді филиал қызметкерлері.

Жалпы, биылғы жылдың ал­ғашқы тоқса­нында облыс көле­мінде жол салудың сапасын тек­серу кезінде 103 ақау табыл­ды және оның жүзге жуығы рес­публикалық маңыздағы трас­­саларға қатысты. Тексеруші ме­ке­менің құзы­реті – анықталған кем­шіліктерді тез арада түзету үшін жол салушы мердігер мекемелер мен оларға тапсырыс беруші мемлекеттік меке­ме-кәсіпорындарға қызметтік хат жолдау. Жол активтері ұлттық сапа орталығы Маң­ғыстау филиалы бұл тұрғыда тиісті деген мер­дігерлер мен мемлекеттік тапсырыс беруші мекемелерге 46 рет қызметтік хат жолдаған.

Хатқа жауап бола ма, ең бас­тысы, айтылған сын мен та­был­ған мінді қорытып, орын алған олқылықтар түзетіле ме? Бүгінде маңызды сауал осы болып тұр. Пайдалануға беріл­ген соң көп ұзамай ойы­лып-тесіліп, сөгіліп-сетінеп, жолау­шылардың мазасын, көлік­тердің сұрқын алуы, жолда жүру уақытына кері әсер етуі былай тұрсын, өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ете ал­май, керісінше апатты жағ­дай­­дың туындауына себепкер болма­сына ешкім кепілдік бере алмайды. Екі дүниеде де апат­тың айыбын, опат жанның обалын арқалау кім-кімге де оңай болмасы анық. Бұл жол салушы мекемелерге үлкен міндет жүктейді. Олар өзіне артылған се­нім мен жауапкершілікті сезін­генін бөлінген қаржыны тиын-тебеніне дейін жұмсап, бір-екі жылдан соң қайыра жөн­деуге сұранып тұрмайтын сапалы жолды халыққа ұсынып, соңы­нан сапалы іс, даңғайыр жол қалдыру арқылы дәлелдеуі тиіс.

 

Маңғыстау облысы