Аймақтар • 13 Мамыр, 2020

Апатты мектеп пен тозған бұйым мәселесі өзекті болып тұр

411 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Осы уақытқа дейін Жамбыл облысында әкімдер мен білім саласының басшылары есеп бергенде өңірдегі апатты мектептердің мәселесі бір-екі жылда толығымен шешілетінін айтатын еді. Бірақ, бір-екі жыл емес, бірнеше жылға жалғасып келе жатқан білім ошақтарының мәселесінің толық шешілуіне әлі біраз жыл керек сияқты. Әрине, оған қаржы керек, уақыт керек. Бірақ, бір анығы бүгінде осы апатты мектептер мәселесі өңірдегі өзекті мәселенің бірі әрі бұл жуық арада шешімін таба қоятын да мәселе емес.

Апатты мектеп пен тозған бұйым мәселесі өзекті болып тұр

Жамбыл облыстық білім басқармасының мәліметінше, өңірде 442 мектеп бар болса, бүгінде оның 5-еуі апаттық жағдайда екен. Аталған мәселені шешу мақсатында былтырғы жылдан бастап Қордай ауданында бір және Шу ауданында екі мектептің құрылысы жүргізілуде. Алайда, облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенованың айтуынша, бұл нысандардың келер оқу жылының басында ашылуы екіталай екен. Себебі, күні бүгінге дейін аталған аудандарда жұмыстың 15 пайызы ғана орындалған. Бірақ, бұл мәселе бойынша Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулет пен Шу ауданының әкімі Жарылқасын Айтақов аталған жұмыстардың белгіленген мерзімде орындалатынын айтқан болатын. Әкімдер уәде бергенімен, білім басқармасы басшысының да уәжі негізсіз емес сияқты. Себебі, білім ошақтары ағымдағы жылғы қыркүйек айына, яғни жаңа оқу жылына дейін берілуі керек. Мәселен, Шу ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Жақсыбаевтың айтуынша, қазіргі кезде ауданның Алға және Бірлікүстем ауылдарында әрқайсысы 300 орындық мектептердің құрылысы жүргізілуде екен. Әкімнің орынбасары білім басқармасының басшысы айтқандай, жұмыстың 15 емес, 25 пайызының біткенін, алдағы уақыттарда жұмыс жүргізіліп, білім ошағы биыл пайдалануға берілетінін жеткізді. Мәселен, жергілікті әкімдік аудандағы бір мектепті қыркүйек, ал екінші мектепті қазан айында пайдалануға беруді жоспарлап отыр екен. Ал, Қордай ауданының Күнбатыс ауылында 150 орындық білім нысаны салынуда. Аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангөзов те аталған білім ошағының жаңа оқу жылына дейін аяқталатынын айтты. Енді облыстағы қалған екі апатты мектептің мәселесі келесі жылға өтіп отыр. Апатты мектептер мәселесі өңірде жылдан жылға осылай жалғасып келеді.

Сол сияқты Жамбыл облысында үш ауысымды 9 мектеп бар. Гүлнар Ходжабергенованың айтуынша, үш ауысымды мектептерге келесі 2021 жылы айрықша басымдық беріледі. Тек қазіргі кезде Тараз қаласындағы №1 гимназияға 300 орындық жапсарлас құрылыс салу жұмыстары қолға алынған. Келесі жылы бірден үш ауысымды 6 мектептің  мәселесі шешіледі деп күтілуде. «2021 жылы 6 мектептің, 2022 жылы 2 мектептің мәселесін шешу жоспарда бар. Оқушылардың орын тапшылығы 8 мектепте бар. 2020 жылы 5 мектептегі орын тапшылығы мәселесі 4 мектептің құрылысын аяқтау арқылы шешіледі. Қалған 3 мектептегі оқушы орнының тапшылығы мәселесі келесі жылы жаңа құрылыс есебінен шешілетін болады», дейді Гүлнар Ходжабергенова. Апатты және үш ауысымды мектептердің жағдайынан бөлек, шыны керек, бүгінде өңірдегі білім ошақтарындағы жиһаздардың да тозығы жеткен. «Ақыл азбайды, білім тозбайды» десек те, бұйымның да тозатын, ескіретін уақыты болады. Қазіргідей білім саласына ерекше көңіл бөлініп, ел жаңашылдыққа ұмтылып жатқанда Жамбыл өңірінің көптеген мектептерінде жиһаз мәселесіне көңіл бөлінбеу де бүгінгі өзекті мәселенің бірі болып отыр. Мәселен, білім ошақтарындағы 32 268 парта, 3593 тақта, 5634 шкаф ауыстыруды қажет етеді екен. Барлық 41 495 мың мектеп жиһаздарын ауыстыру үшін 749 миллион 335 мың теңге керек. Сол сияқты, Гүлнар Ходжабергенованың айтуынша, ағымдағы жылы облыста 42 мектеп күрделі жөндеуден өтетін болса, аталған мектептердің жиһаздарын жаңадан алу үшін 120 миллион, 788 мың теңге керек. Сонымен қатар, облыстағы қосымша 106 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары қажет болса, Тараз қаласындағы және Байзақ, Меркі аудандарындағы 6 мектепті күрделі жөндеу тиімсіз болғандықтан, жаңа білім нысанын салу керек екен.

Балалардың қауіпсіздігі қай кезде де маңызды. Өткен жылы Тараз қаласындағы оқушы қыздың зорланған жантүршігерлік оқиғасынан кейін қоғамда әжетханаларды мектептердің ішіне көшіру мәселелері көтерілген болатын. Жалпы, қазіргі кезде өңірдің аудан, ауылдарына дейін қауіпсіздік мәселелерін қатаң сақтауды күшейту қажеттігі жиі айтылады. Бердібек Сапарбаев та жабдықталған дәретханалар мен бейнекамералардың жиынтығы әрбір мектепте болуы керек екенін, бұл Үкіметтің тапсырмасы екенін де қадап айтқан еді. Тіпті, оқу орындарының сыртқы көрінісін, қоршауларын ретке келтіріп, іргелес жатқан аумақты абаттандыруға ден қойған дұрыс екенін де ескерткен. Білім басқармасының мәліметінше, санитарлық тораптарға 285 қажеттілік бар болса, оның 127-сіне «Жұмыспен қамтудың жол картасы» арқылы, ал 158-іне жергілікті бюджет арқылы қаржы бөлінген. «Бүгінгі күні 31 мектептің әжетханаларын ғимарат ішіне кіргізу жұмыстары аяқталса, 254 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, облыстағы мектептер жаңа оқу жылына дейін санитарлық тораптармен 100 пайыз қамтылатын болады», дейді басқарма басшысы.

Бүгінде облыстың білім саласына лайықты қолдау көрсетілуде десек те, туындап отырған түрлі мәселелерді дер кезінде шешу де саланың дамуына ықпал етеді. Апатты мектептерді жою үшін жыл сайын қойылып келе жатқан бір-екі жылдық меже де осы көрсеткішпен тоқтап, білім саласындағы мәселелер оң шешімін тапса деген ой бар.

 

Жамбыл облысы