Бұл үрдісті ұстанған елдердің басты мақсаты – кең жолақты интернет желісін таратуды, бірыңғай инфрақұрылымы қалыптасқан бейнебақылауды, көлік қозғалысын реттеуді, жасыл энергияны қолдануды, қалалардың әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсету деңгейін барынша дамытуды, яғни ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып, барлық қалалық қызметтердің тиімділігін арттыру арқылы тұрғындардың өмір сүру дәрежесін биік деңгейге көтеру болып табылады. «Ақылды» қалалар қатарына экономикалық, экологиялық және әлеуметтік деңгейлері тұрақты, қызмет көрсету инфрақұрылымы дамыған қалалар жатады.
Дамыған батыс елдерінде «қала» ұғымына қатысты бірқатар іргелі зерттеу бар. Атақты канадалық ғалым Мэрилин Гамильтон 2000 жылы алғаш рет «интегралды қала» терминін енгізді. Оның тұжырымдамасына сәйкес, қалалық қауымдастық ара ұясымен салыстырылады. Қалада әрбір адам белгілі бір рөлді атқарады. Сонымен қатар Мэрилин қауымдастықтың негізгі төрт тобын бөліп көрсетеді – тұрғындар, бизнес, әкімшілік, азаматтық қоғам. Барлық төрт топ өзара әрекет ете отырып, ортақ нәтиже, яғни қазіргі заманға тән жан жақты дамыған қала үшін үйлесімді жұмыс жүргізуге тырысады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2018 жылғы 10 қаңтарда «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында «ақылды қалалар», «ақылды ұлт» үшін және оның өмір сүру сапасын жақсартып, халықтың жұмыс істеуіне ыңғайлы жағдай жасап, елдің экономикалық дамуының локомотивіне айналдыруды ұсынды. Осыған орай Мемлекет басшысы көшбасшы болып табылатын «Smart City» концепциясының негізінде қалалық ортаны басқаруды кешенді түрде жүзеге асыруды және қалаға көшетін адамдардың құзыреттілігін дамытуды қажет деп есептейді.
Осыған орай Ақтөбе қаласында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Smart city» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде білім беру, денсаулық сақтау, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және қауіпсіздік салаларын цифрландыруды дамытудың басым бағыттары бойынша бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Ақтөбе шаһары халқының саны жағынан Қазақстан Республикасы бойынша бесінші (Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Қарағанды) орында тұр. Ақтөбе халқы санының өсуіне байланысты, билік қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жобасын және қаланың бас жоспарына бірқатар түзету енгізілді. Бұл шаралар Ақтөбе қаласының «миллион тұрғыны бар қала» мәртебесіне қол жеткізуіне бағытталған және бұл жобаны 2040 жылға дейін жүзеге асыру жоспарланған.
Бүгінде Ақтөбе еліміздің батысындағы экономикалық өсудің перспективалық орталықтарының бірі болып табылады. Осыған байланысты маман-ғалымдар облыс орталығын дамытудың математикалық және экономикалық моделін жасады.
Ғалымдардың пікірінше, Ақтөбе миллионыншы кезеңге жету үшін қала халқы шамамен 2,5 есе өсуі керек. Сарапшылар мұндай ұзақ мерзімді болжам қаланың индустриялық-инновациялық даму стратегиясын белсенді жүзеге асырған кезде, яғни тау-кен, металлургия, мұнай және газды қайта өңдеу, құрылыс салалары, жоғары технологиялық өндірістер, технополистер құрылған жағдайда мүмкін болады деп есептейді.
Ірі қалаларда «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «ақылды қала» тұжырымдамасын іске асыру жұмысы басталды.
«McKinsey» халықаралық консалтингтік компаниясы 2020 жылға қарай-ақ 600 «ақылды қала» пайда болады деп болжаған еді. Болжам бойынша, олар әлемдік ЖІӨ-нің кемінде үштен екісін өндіреді. Осыған байланысты, бұл маңызды жұмысты агломерация орталықтарында да, сол сияқты басқа ірі және үлкен қалаларда да жалғастыру қажет.
Қазіргі таңда, Қазақстанда «екінші деңгейдегі» қалалар деп аталатын орталықтарға үлкен маңыз беріле бастады. Оған облыстардың әкімшілік орталықтары болып табылатын облыстық маңызы бар 14 қала (Көкшетау, Талдықорған, Атырау, Орал, Тараз, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Ақтау, Павлодар, Петропавл, Өскемен, Ақтөбе және Түркістан қалалары) жатады.
Қазақстанның 30 барынша дамыған мемлекеттер қатарына қосылу Тұжырымдамасында елімізде әлемдік деңгейдегі агломерацияны қалыптастыру міндеті қойылған. Осыған орай, 2020 жылға дейінгі еліміздің территориялық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасында басқарылатын урбанизация және агломерацияны қалыптастырудың негізгі көзқарастары көрініс тапқан. Біздің зерттеуіміздің негізгі объектісі болып табылатын Ақтөбе қаласы осы мемлекеттік тұжырымдама шеңберінде агломерацияның өзек-қаласы ретінде көзделген.
«Ақылды қала» – бұл қалалық өмір сүру жүйесін үнемді және экологиялық таза пайдалануды көздейтін инновациялық технологияларды қолдану есебінен қазіргі заманға тән өмір сапасын қамтамасыз ету. Халықаралық тәжірибе «ақылды қалаларда» қоғамдық қауіпсіздік деңгейі көтеріледі, жылуды тұтыну – 30%-ға, көшелерді жарықтандыратын электр энергияны 60%-ға, қалалық коммуналдық желілерінің қызмет шығындарын 30%-ға, электр энергияны пайдаланудың есеп шотының сомасын 26%-ға азайтатынын көрсетеді.
«Ақылды қаланың» негізгі сипаттамалары – жайлылық, қауіпсіздік, тиімділік және экологиялық тазалық, ал басты басымдықтар – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту.
«Ақылды қала» тұжырымдамасының аясында Ақтөбеде бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы, қала мектептерінде «Білім ал» білім берудің ақпараттық жүйесі енгізілген, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқару орталығы құрылды, көшелерді жарықтандыру жүйесі энергиялық тексеруден өтуде, қалалық автобустар GPS трекерлерімен жабдықталды, бұл жолаушылар қоғамдық көлікті қадағалайтын «AktobeBus» мобильді қосымшасын іске қосуға мүмкіндік берді. Уақытты үнемдеу үшін оңтайлы маршрутты таңдай алады.
Smart Aktobe жоспары Бірыңғай диспетчерлік қызмет орталығына біріктірілетін қоғамдық көліктерді электронды терминалдармен жабдықтауды, барлық коммуналдық төлемдерді бірыңғай төлем құжатына біріктіруді, «қауіпсіз автобустар мен такси», «ақылды аялдамалар», «ақылды тұрақ», «ақылды бағдаршам» сияқты интеллектуалды көлік жүйесін құруды, сонымен қатар Ақтөбе тұрғынының әлеуметтік картасын жасауды көздейді.
Ақтөбе – Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан қалаларының бірі және бүгінде қала халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайы біртіндеп жақсарып, 2019 жылы қала халқы 487 мыңдай адамды құрады.
Бауыржан ЖҮНІСОВ,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры,
Сұлтан ЖҰБАНАЗАРОВ,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің магистранты
АҚТӨБЕ