Аймақтар • 15 Мамыр, 2020

Қарағанды облысы: Биыл аттестатты 7 673 түлек алады

111 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының оқушылары үшін кезекті оқу жылының аяқталуына тура он күн қалды. Гаджетке үңіліп, ілім-білімді үйінде отырып үйренуге төселіп қалған шәкірттер үшін қашықтан оқу форматы 25 мамырға дейін жалғасатын болды.

Қарағанды облысы: Биыл аттестатты 7 673 түлек алады

Осы және білім саласындағы басқа да күн тәртібінде тұрған мәселелер туралы жергілікті Saryarqa телеарнасының студиясында өткен брифинг барысында облыстық білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев пен Ұлттық тестілеу орталығы филиалының басшысы Қуаныш Аяжанов егжей-тегжейлі айтып берді.

– Облыстағы 377 орта мектептің барлығында соңғы қоңырау және аттестат тапсыру салтанаты 3-4 маусымда таза ауада, ашық жерлерде санитарлық нормалар қатаң сақтала отырылып, саны міндетті түрде шектелетін адамдардың қатысуымен өтеді. Биыл орта мектепті бітіргені жөніндегі құжат  7 673 түлекке тапсырылады, оның ішінде «Алтын белгі» белгісінен үміткер 374 озат оқушы бар. Ал 322 түлек үздік аттестаттан үмітті. Салтанатты бөлімнен кейін дәстүрлі ағаш отырғызу акциясы ұйымдастырылады, – деді Қарағанды облысы Білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев.

Ұлттық тестілеу орталығы филиалының басшысы Қуаныш Аяжанов биыл ҰБТ сынағы маусым айында дәстүрлі штаттық режімге сай 15 бекеттің  базасында өткізілетінін мәлім етті. Ал 11-сыныптың төртінші тоқсан бағдарламасындағы сұрақтар қашықтан оқытуға байланысты алынып тасталған екен.

Сондай-ақ, Қуаныш Аяжанов биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағын  тек мектеп оқушылары ғана емес, колледж түлектерінің де тапсыра алатынын жеткізді.

– Бүгінгі күнге дейін тестілеуде бақ сынау үшін 6 625 түлек тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,1%-ға артық. Маусым айындағы тестілеу сынағының қорытындысы бойынша өту балын жинаған түлектер мемлекеттік білім гранттарын тағайындау конкурсына қатыса алады, – деп түсіндірді ол.

Бұдан бөлек, Қуаныш Аяжанов биыл ҰБТ тапсырудың жаңа ережелеріне де тоқталып, бұл салада тәртіптің біршама қатайғанын атап өтті. Мәселен, өзімен бірге тыйым салынған затты кіргізуге тырысатын талапкерлер тестілеуге жіберілмейді және олар биыл ҰБТ тапсыру құқынан айырылады. Сондай-ақ, дәрісханада тыйым салынған заттармен қолға түскен түлектердің де  тестілерінің нәтижелері жойылады және биыл олар да биыл ҰБТ емтиханында бақ сынай алмайды. Бұл талап өз атынан басқа адамның тестін тапсыруға тырысатындарға да қатысты болмақ.

ҰБТ сынағынан кейін бейнебақылау жазбаларын талдау биылғы жылдың 25 тамызына дейін жүргізіледі. Егер қатысушының тыйым салынған заттарды қолданғаны анықталса, онда оның ҰБТ нәтижелері және білім беру грантын алу конкурсына қатысуы жоққа шығарылады. «Биыл ҰБТ-ның қағаз сертификаты электронды сертификатқа алмастырылды», деп атап өтті Қуаныш Аяжанов.

Гранттарды алуға арналған конкурс 21 шілде мен 1 тамыз аралығында өтеді және оған қатысуға өтінімдер шілде айының 13-і мен 20-сы аралығында қабылданады.

Тағы бір есте ұстайтын жайт, ҰБТ сынағынан өте алмаған түлектер  осы жылдың тамыз айында немесе 2021 жылдың қаңтарында ақылы негізде жоғары оқу орындарына түсу үшін 2 242 теңге төлеп,  қайта тестілеуден өте алады.

 

 

Қарағанды облысы

 

Соңғы жаңалықтар