Аймақтар • 16 Мамыр, 2020

Қой өсіруден түсетін табыс мол

2168 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Көктем болашақ мол егін мен астықтың негізі қаланатын кез ғана емес, сонымен бірге мал төлдеп, қорада шу болатын қарбалас шақ. Осы арада Ақтөбе облысында қой өсіруге қатысты кейбір мәселелерді ортаға салғанды жөн көрдік.

Қой өсіруден түсетін табыс мол

Қой өсімтал түліктің бірі. Бұдан алынатын өнім де көл-көсір екені ешқандай талас туғызбайды. Бұл ретте ең алдымен айтайын дегеніміз облыстағы Ырғыз, Ойыл, Байғанин және Шалқар аудандырының табиғи-климаттық ерекшелігі, мұндағы түгін тартса, майы шыққан шұрайлы далалық алқаптар қой шаруашылығын өркендетуге өте қолайлы екендігі. Кеңестік кезеңде өңірдегі қой отарлары дәл осы аумақтарға шоғырланыпты. Қазіргі кезде бұған дейінгі қой өсіру дәстүрі мен тәжірибесі аталған аудандар аумағында жаңаша көзқарас жағдайында жалғасын тауып келеді. Яғни бүгінгі кезде аймақта жаппай жай, тексіз қой өсіру үрдісі жойылып, оның орнына текті және асыл тұқымды қой өсіруге бағыт ұсталып отыр. Өйткені 4-5 бас жайдақ малдан гөрі бір бас асыл тұқымды мал ұстау – әлдеқайда тиімді екендігі тәжірибеде толық дәлелденген. Бұдан алынатын өнім сапасы жоғары болатыны да бесенеден белгілі. Тағы бір атап өтерлік мәселе ежелгі қой шаруашылығымен айналысып келген аудандарға қоса облыс орталығынан аса қашық емес Қобда, Алға және Мұғалжар секілді аудандарда да асыл тұқымды қой өсіретін агроқұрылымдардың көбейіп келе жатқандығы.

Тұтастай алғанда өңірдегі қой өсіру ісінің басым бағытын жартылай қылшық жүнді және қылшық жүнді қой тұқымдары құрайды. Бұған қоса ұсақ малдың тағы бір асыл тұқымды түрі – цигай мериносын өсіруге де көңіл бөлінген. Соңғы жылдары республикамыздың көптеген облыстарында асыл тұқымды еділбай қойын өсіруге де сұраныс күрт өсіп келеді. Әрине мұны тектен-тек деуге болмайды. Өйткені еділбай қой етінің сапасы өте жоғары екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Екіншіден оның қатаң табиғи климаттық жағдайларға төзімді келетіні, бап талғамайтыны, жылқы секілді қыс кезінде де тебіндей жүріп, қардың астынан өз азығын өзі тауып жейтіні оның өзге тұқымдастарынан артықшылығы мен өзгешілігін көрсетеді.

Асыл тұқымды қойдың бұл түрі облыстың Ырғыз ауданындағы «Алтын Әсел» ЖШС мен Ойыл ауданындағы «Данагүл» және «Толғанай» атты шаруақожалықтарында өсірілуде. Әрине, кез-келген шаруа иесі ең алдымен өзі өсіріп отырған мал өнімдерінен пайда тауып, қажет болған жағдайда оны экспортқа шығаруға қам жасайтыны хақ. Қой өсіру ісінің басы-қасында жүрген мамандардың мәлімдеуінше еділбай қойының құйрығы экспорттық өнім қатарына кірмейді екен.

Асыл тұқымды түліктің бұл түрінің салмағының 4/1 оның тегенедей құйрығы құрайтынын ескерсек, бұл өнімді өткізушілер үшін тиімсіз болып шығады. Еділбай қойы құйрығының тағамдық құнары жоғары, емдік қасиеті мол және оның құрамында холестерин мөлшері өте төмен тіпті жоққа тән екенін ескерсек –бұл кереғарлық оның қадір-қасиетін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп беру жағы кемшін екенін көрсетеді.

Түлік – өзінің төлі есебінен өседі. Бұл үшін облыстағы қой өсірушілер табиғи және қолдан ұрықтандыру арқылы оның санын өсіруге қам-қарекет жасап жүр. Ақтөбе облыстық ауылшаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы Нұрлыбек Әлімбековтың айтуынша облыстағы аналық саулық қойдың 90-95 пайызы жолмен ұрықтандырылады. Яғни әр отарға аталық мал кошқарлар жіберіліп, күйектен өткізіледі. Сонымен бірге өңірде «Алтын Әсел» ЖШС секілді он мың бастан асатын қой өсіретін агрокәсіпорында қолдан шағылыстыру қосындары жасақталған. Мұнда негізінен әр түрлі жастағы жартылай қылшықты жүнді қойлар күйектен өтеді екен. Болашақ төлдің басын қалау секілді жауапты жұмыстар өңірде әр жылдың 11 қарашасы мен 15 желтоқсаны аралығына орайластырылған.

Қазіргі күні малды өз төлі есебінен өсіру ісінде бұрынғыдай әр 100 саулықтан 120 немесе 130 қозы алу деген секілді лепірм, социалистік міндеттемелер мен асқақ ұрандар келмеске кеткенінде айта кеткен жөн секілді. Егер бүгінгі күні меншік иелері әр жүз саулықтан 85-90 қозы алынса, мұны қанағат тұта алады. Мұндағы басты мәселе төлдің көптігі емес, саны аз болса да сапалы болып, тез ширығып өсірілуінде екенін осы мақаланы газет өндірісіне әзірлеу кезінде айқын аңғардық.

Облыстық ауылшаруашылығы басқармасынан алынған соңғы деректер облыста 1 миллион 250 бас қой-ешкі болса, соны 613 мыңы аналық саулық қой болып отыр. Аталған мемлекеттік мекеменің мәліметінде биылғы 2020 жылдың 1 мамырына дейін өңірде барлық меншік тіліндегі қой өсіретін шаруашылықтарда 391 287 қозы алынғаны айиылған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың есептік кезеңімен салыстырғанда 11 мың төлге артық екенін айғақтайды. Бұл әрине тәуір нәтиже дей тұрсақ та, өткен жылдың дәл осы уақытымен салыстырғанда тұтастай өңірде ұсақ малдың өсімі небәрі 1,8 пайыз құрағаны тым төмен көрсеткіш секілді көрінеді. Сіз бұған не дейсіз дедік біз осы тұрғыда Ақтөбе облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайға.

-Бұл негізгі әрі түбегейлі көрсеткіш емес. Оның үстіне малдың төлдеу мерзімі әлі аяқталған жоқ. Ауыл әкімдері малдың, соның ішінде қой-ешкіның санына жылына екі рет түгендей жұмыстарын жүргізіп отырады. Сол кезде сіз қомсынып отырған пайыздық санға біраз өзгерістер енгізілетініне сенім мол деді ол сауал төркініне орай. Көктем қой қоздап, қорада шу болатын уақыт екенін материалымыздың басында айтып өткенбіз. Яғни қазір сахманның нағыз қызған кезі. Кеңес дәуірінде қой төлдету науқанын тиімді әрі шығынсыз өткізу үшін оған жан-жақтан, тіпті облыс орталығынан адамдар қосымша тартылатын. Ал қазірге күні ше? Бүгінгі жағдай бұдан бөлектеу. Әйтсе де нақты істің жай-күйі кеңестік кезеңнен төмен деуге болмайды. Сахман мәселесін меншік иелері өздері шешіп, келісім-шарт арқылы бос жүрген ауыл адамдарын уақытша маусымдық жұмысқа қабылдау арқылы шешіп отыр деді ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Нұрлыбек Әлімбеков.

Ендігі кезекте бұрынғы кеңестік дәуірдегі шопан мен бүгінгі қой өсірушілердің айырмашылығы қандай деген мәселеге тоқтала кеткенді жөн көреміз. Бұл бағытта нақты айтарымыз тәуелсіздік жылдарында жаңа меншік иелері ескі мал өсіру базаларын қайта жаңғыртып, оның орнына мал және өздері сонымен бірге жұмыс алушылар тұратын заманауи ғимараттар мен тұрғын үйлер салып, оған барлық инженерлік-коммуникациялық жүйелерді тартқаны. Қазіргі күні бұрынғы ұғымдағы айдаладағы қаңыраған қара қыстау мен ескі қора-қопсылар, көптен бері жөндеу көрмей, сылағы түсе бастаған тоқал тамдар мен малшы шопандардың жадағай жазғы лашықтары келмеске кеткені басы ашық мәселе. Бүгінгі заманауи қой шаруашылығы кешендерінде екі мыңнан он мың басқа дейін қой бағылып өсіріледі. Мұның жарқын мысалдары бүгінгі әңгімеміздің басты қазығына айналып отырған Ақтөбе облысында да айқын көрінетінін айтудың өзі бір мерей. Сөз соңында бүгінгі күні республика үкіметі асыл тұқымды қой өсірушілерге ұдайы қаржылай қолдау көрсетіп келе жатқанын айтқанымыз жөн. Бұл орайда меншік иелері шығарған шығынның белгілі бір бөлігін жабу үшін әр бас асыл тұқымды қойға субсидия түрінде 8000 тенге бөлінген. Бұл есепке селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жүргізуге қажетті мемлекеттік жәрдемақы төлемі кірмейді. Қаржылай көмектің бұл түрі өзге есептер бойынша қарастырылған.

Сонымен бірге биылғы жылы өңірде мал шаруашылығы саласын субсидиялау үшін облыстық бюджеттен қосымша 6 миллиард тенгеден астам қаражат бөлінгені. Соның елеулі бөлігі қой өсірушілердің еншісіне тигені де елеулі іс. Қысқасы облыста қой өсіріп, пайда, табыс табамын деушілерді қаржылық жағынан қолдауда кідіріс жоқ деуге әбден болады. Бұл жағымды жәйт ежелден ата-кәсібіміз деп саналған қой шаруашылығының одан әрі дамуына алғышарт қалай алары анық.

Ақтөбе облысы