Әлем • 19 Мамыр, 2020

БҰҰ-ның Қазақстандағы миссиясы мемлекеттік тілге неге енжар қарайды?

1191 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Таяуда әлеуметтік желілердің бірінен БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігі таратқан жарнамаға көзіміз түсті. Жер-жаһанның басын құраған ұйымның Қазақстандағы миссиясы бірнеше қызметкер іздепті. Журналистік әуестікпен сілтемені ашып, хабарландыруды оқып шыққан едік. Үміткерге қойылған талаптардың бірі ойландырып тастады.

БҰҰ-ның Қазақстандағы миссиясы мемлекеттік тілге неге енжар қарайды?

Мүйізі қарағайдай ұйымның Қазақ­стан­дағы өкілдігіне жұмысқа кіру үшін үміт­кер ағылшын және орыс тілдерін білуі міндетті екен. Ал қазақ тілін білетін­дерге сәл ғана басымдық берілетін көрі­неді. Яғни қазақша білмесең де БҰҰ-ның еліміздегі өкілдігіне жұмысқа тұра ала­сың. Ал орысша сөйлей алмасаң, беделді ұйымның іргесіне жақындау қиын.

Жоғарыда атап өткен хабарламаны қандай да бір шетелдік жеке компа­ния таратса түсінер едік. Өйткені «қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса». Алайда БҰҰ – бүкіл әлемге ортақ ұйым. Іргелі ұйымның жарғысында тайға таңба бас­қандай көрсетілген. Бұл сөзімізді «Біз, Бі­рік­кен Ұлттар Ұйымының халқы ретін­де...» деп басталатын преамбула айғақ­тайды.

Бәлкім, орыс тілі – БҰҰ-ның ресми тілдерінің бірі екенін алға тартып, ақта­ла­тындар табылар. Бірақ салысты­рып қарасақ, бұған дейін КСРО құрамында болған бірқатар мемлекетте жергілікті халықтың ана тіліне басымдық берілген. Мәселен, БҰҰ-ның Грузиядағы өкілдігіне жұмысқа тұру үшін ағылшын және грузин тілін білу міндетті. Алда-жалда үміткер орыс тілін білсе, «нұр үстіне нұр».

Қазақстан халқының көп бөлігі орысша түсінеді деген аргумент те бүгінде өзекті емес. Біріншіден, тоғызыншы территорияны мекендеген тұрғындардың 12 миллионы, яғни 70 пайызға жуығы қазақ этносына тиесілі. Жылдан-жылға «қарға тамғалы қазақтардың» саны көбеймесе, азайып жатқан жоқ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстан халқына Жол­дауында тілге қатысты мәселеге ерекше тоқталып, «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін», деп мәлімдегенін ұмытқанымыз жоқ.

Басқа-басқа талай жыл шетелдерде дипломат ретінде қызмет еткен, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары лауазымын абыроймен атқарған Қ.Тоқаев тіл мәселесін жақсы түсінеді. Бес тілді меңгерген полиглот Президенттің қазақ тілінің мәртебесі туралы сөз қозғауы да сондықтан. Бұл біріншіден.

Екіншіден, әлеуметтік қоғам да, бизнес те мемлекеттік тілге басымдық бере бастады. Мәселен, халықтың жаппай қаза­қылана бастағанын, бизнестің тілі қазақ­шаға ауа бастағанын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жақсы түсінді. Сондықтан «Атамекеннің» төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев бастамашы болып, қазақ тілін іскерлік қарым-қатынас тілі ретінде қалыптастырып, дамытуға екпін берілгеніне бірнеше жыл толды.

Осыларды ескере келе, жоғарыда айтылған БҰҰ-ның хабарламасында үміткерге қойылған талапта ағылшын, қазақ тілдерін білу міндетті деп көрсетілсе түсінер едік. Тіпті үш тілді міндеттесе де қапаланбас едік.

Дегенмен, жергілікті тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне алаңдап келген БҰҰ өкілдігі сол елдің мемлекеттік тілін меңгермей, олармен қалай байланыс орнатуды жоспарлағаны түсініксіз. Әйт­песе, халықаралық ұйымның Қазақ­стан­дағы өкілдігіне жұмысқа тұру үшін қойылатын басты талаптың бірі – қазақ тілін жетік меңгеру болуы тиіс еді.

Осындайда Оңтүстік Африка Респуб­ли­касының бұрынғы президенті, адам құқығы үшін күрескерлерінің көшін бастайтын, Нобель сыйлығының лауреаты Нелсон Манделаның мына сөзі ойға оралады: «Егер адамға түсінетін тілінде сөйлесең, сөзің оның басына жетеді. Егер оның ана тілінде сөйлесең, жүрегіне жетеді». Ол Time журналының редакторы Ричард Стенгелге берген сұхбатында да бұл мәселеге айналып соғыпты. «Егер ағылшын тілінде сөйлесең көп адам түсінеді. Арасында африкалықтар да бар. Ал егер африка тілінде сөйлесең, олардың тікелей жүрегіне жол табасың», дейді ол.

Англиялық жазушы, ағылшын сөздігінің атасы саналатын Сэмюэл Джонсон «Тіл – халықтың түп-тамыры» дейді. Сэм мырзаның есімі XVIII ғасырда «Тұманды Альбионның» синониміне айналды. С.Джонсонның ағылшын тіліне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Сөз қадірін білетін Сэм мырза халықпен қатынастағы басты құрал тіл деп дөп басқаны да сондықтан.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда «Egemen Qazaqstan» газе­тіне берген сұхбатында да мемлекеттік тіл­ге қатысты пікірін білдірді. «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде», деген Президент тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал екенін ерекше атап өтті.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қазақ тілі бүгінде Қазақстан халқының ғана емес, тоғызыншы территориядағы халық­аралық дипломатиялық миссияның да қаты­нас тіліне айналуы тиіс. Яғни қа­зақ тілін мемлекеттік тіл тұрғысында ұлық­­тай­тын болса, Қазақ елінде қызмет етіп жат­қан халықаралық ұйымдардың да, ел­ші­лік­тердің де беделі биік болатыны сөзсіз.

P.S.: Таяуда Парламент Сенаты мамандандырылған мекемелердің артық­шылықтары мен иммунитеттері туралы Конвенцияны ратификациялады. Аталған құжатқа сәйкес, Қазақстан аумағындағы БҰҰ мекемелерінің активтері, кірістері және басқа да меншігі барлық тікелей салықтан босатылады. Осындай жеңілдіктерге ие болған іргелі ұйым қазақ тілінде сөйлейтін халықтың құқығын ескеріп, енді Абайдың ана тіліне басымдық береді деп үміттенеміз.