Қоғам • 19 Мамыр, 2020

Ерлі-зайыптылардың арасын медиатор жақындатады

1017 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы қалалық сот ғимаратында «Неке және отбасы» арнайы бөлімше ашылған. Павлодар қаласы ажырасу көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарда. Былтыр Азаматтық істер жөніндегі соттың қарауына алынған 2196 істің 880-і неке бұзуға байланысты түсіпті. Сот саласының қызметкерлері ажырасуға келген отбасылармен әңгімелесіп, қайта табыстыру мақсатында жаңашылдық үлгіде қызмет етуде.

Ерлі-зайыптылардың арасын медиатор жақындатады

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Қалалық соттың судьясы Гүлмира Қа­йыр­бе­кованың айтуынша, қазір қала­лық сотта неке беріктігін, отбасын сақтау мақсатында ар­­найы қанатқақты жоба жүзеге асырылуда. Жоба барысында медиаторлар бөлмесі, құ­ра­мында ақсақалдар бар Билер кеңесі жұмыс істейді. Барлығы да ажырасуға келген ерлі-зайыптылармен сөйлесіп, отбасын сақтау жайын бірге талқылайды. Отбасы бөлмесінде әрбір жұпқа 10 күн кеңес беріледі.

– Жалпы, сотта қаралатын істердің ара­сын­да көп жылдар бойы тұрып келе жатқан отба­сы­лар­дың да, жас отбасылардың да арыздары бар. Отбасының ажырасуы әртүрлі жағдайда, тұр­мыстық мәселелер, екі жақтың тіл табыса ал­мауы да себеп. Ажырасуға шешім қабыл­даған екі тарапқа ойлануға 2 ай уақыт бері­леді. Егер осы уақыт ішінде ортақ ш­е­шім­ге келмесе, сот заң аясында оларды ажы­рас­ты­ру­ға міндетті, – дейді судья.

 Ал, Билер кеңесін заңгерлік білімі бар Амангелді Хамзин басқарады. Кеңес құра­мындағы 22 ақсақалдың арнайы төл­құ­жат­та­ры, төсбелгілері бар. Билер қалалық сотта күн сайын кестеге сәйкес келушілерді қа­был­дайды. Билердің қарауына түскен 405 аза­мат­тық істің 311-і татуластырумен сәтті аяқталған. Нәтижесінде, неке бұзу бойынша 137, алимент өндіру бойынша 36, мү­лікті бөлу бойынша 9, қарызды өндіру бо­йынша 93 іс екі жақты татуластыру жолымен шешіліпті.

 Бірақ сот мамандарының айтуынша, ажы­расуға келген ерлі-зайыптыларды отба­сыл­ық арнайы бөлмеге әкеліп, психологтың кеңесін алуға жіберу де оңай емес екен. Бізде бұ­рыннан бері психолог көмегіне жүгіну, пси­хологқа бару деген ұғым қалыптаспаған соң ба, екінің бірі бара бермейтіні рас.

– Байқағанымыздай, психолог мамандарға бару­дан қорқатын секілді. Жұртшылық арасында санаға сіңген психологқа жүйке жүйе­сі ауы­ратындар ғана барады деген пікір қа­лып­тас­қаны да белгілі, – дейді Гүлмира Қайыр­бе­кова.

Ал ерлі-зайыптылардың арасындағы әңгімелерден қорытынды шығарған психолог Зәру Күлшәріпова құмар ойындардың салдарынан ажырасатын отбасылардың да саны артып бара жатқанын айтады. Зәру Қасымқызының айтуынша, жалпы елімізде Сот-психологиялық сараптама туралы заң жоқ. Сондықтан жергілікті сот мамандары арнайы құжат та әзірлеген. Осы мәселе жайында өңірімізге жұмыс сапарымен келген Мәжіліс депутаттарына айтып, қолдау көрсетулерін сұрапты.

– Бұл мәселенің қажеттігі – кәмелетке тол­ма­ған балалары бар отбасылар сот-пси­хиатриялық сараптамаға бармайды. Психиат­рия деген сөз қорқыныш тудырады. Ал егер заң жүзінде психологтың көмегін алуға мін­дет­­тейтін болса, бәріміз үшін де маңызды бо­лар еді, – дейді Зәру Күлшәріпова.

Сонымен бірге облыс орталығында «Бастау» отбасылық тәрбиелеу орталығы жұмыс жасауда. Бұл орталыққа 29 жасқа тол­маған жұптар барады. Орталықтағы арнайы бөлмелерде психолог, медиатор, әйел­дер мен балаларды қолдау дағдарыс орта­лы­ғының мамандары қызмет көрсетеді. Мақ­сат бір-отбасын сақтау,ажырасуға келген ерлі-зайыптыларды татуластыру, әлеуметтік орта тұ­рақтылығының берекесін берік қалып­тас­ты­ру қажет.

Облыстық полиция департаментінің мәлі­ме­тінше өткен жылы сот қарауына тұр­мыс мәсе­лесіне қатысты 2518 іс түскен. Оның 1171-і татуластыру барысында арыздарын қай­та­­рып алыпты. Бірақ өңірде тұрмыстық зорлық-зомбы­лық­қа қатысты қылмыс саны азаймай отыр. Орын алған қылмыстық істердің тең жарымын бұрын істі болған, жазасын өте­ме­ген азаматтар жасаған. Олар пробация есебінде тұр. Өткен жылы өңірде тұрмыстық зор­лық-зомбылыққа қатысты 469 қылмыс тір­кел­­се, оның 196-сын шартты түрде бас бос­тан­дығынан айырылғандар, бұрын істі бол­ғандар, соттылығы жойылмағандар жаса­ған екен. Полиция қызметкерлері «егер отбасында жанжал шығарғандардың ісін айып­пұл­мен, татуластыру шарасымен шешпей, бірден жазаласа, қылмыс саны азая түседі»,  деген пікірде.

– Елімізде істерді татуластыру шарасы қолға алынуда. Ерлі-зайыптыларды тату­лас­тыруда сот та, судьялар да отбасын сақ­тап қалу үшін жұмыс жасайды. Тұр­мыс­тық мә­се­ле барысында түсінісе алмаған адам­дар­дың барлығын жазаға тарта берсек, қоғам не болады? Керісінше, елімізде қоғамды ізгілендіру мақса­тында медиация енгізілді, – дейді судья Мұрат Мұсабаев.

Елімізде 2009 жылға дейін отбасындағы жағ­дай әркімнің жеке мәселесі ретінде қа­ра­­лып келді. Кейін «Тұрмыстық зорлық-зом­былық профилактикасы» туралы заң қабыл­данды. Бұл құжат зорлық-зомбылық құрбан­дарын қорғауды және отбасылық жанжал шығарушыларға қатысты қылмыстық-про­цес­­суал­дық мәжбүрлеу шараларын кеңейт­ті.

Жуырда облыс орталығындағы «Жастар бастамаларын дамыту орталығында «2018-2020 жылдар аралығында жас отбасылардың арасында ажырасу көрсеткішін төмендетуге бағыт­талған бағдарламаны әзірлеу» тақы­ры­бын­да арнайы жиын өтті.

 – Соңғы жылдардағы ажырасу мәліметін есті­генде таң қаласыз. Қоғам ба, біз бе, кім кінә­лі деп еріксіз өзіңнен сұрайсың. Ағаң екеуіміз 50 жыл өмірдің ыстығы мен суығын бір­ге көрдік. Бәрінен де өттік, ғұмырлы «Алтын той» өз несібесімен келді. Бұл жас­тар­ға не болған? Бірі енесімен тіл табыса алмаса, енді бірі отбасының өзіндік тәртібіне көн­діккісі жоқ. Жұбайлар арасындағы опа­сыз­дық. Бала сүйе алмау. Екі жастың ата-анасының ортаға жиі араласуы. Келіннің қарашаңырақта тұруға қарсылығы секілді көп­теген себептер естисің, – дейді «Нұр-Ана Әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова.

Жастар ажырасу себептерінің біріне әлеу­меттік желілерден тарайтын хабарлар, теле­дидардан беріліп жатқан түрлі бағ­дар­ла­маларды қосады.

Қалалық Азаматтық хал актілері жазбалары (АХАЖ) бөлімі берген мәліметте ажырасатындардың арасында жасы келгендер мен жаңа қосылған жас жұбайлар да бар. Бұл – тек заңды түрде некеге тұрғандар мен ажырасқандардың нақты саны. Бұған азаматтық некеге тұрғандарды қосыңыз.

 Облыс орталығындағы «Қоғамдық келі­сім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Медиа­ция орталығының жетекшісі Ольга Нико­лашинаның айтуынша, отбасылардың алдымен әлеуметтік ортада қалыптасып, өз жолдарын таба білгендері өте маңызды. Жоғары оқу орындары мен мектептерде, балабақшаларда психология мен қарым-қатынас, этика және адамгершілік сияқты пәндерді енгізу дұрыс.

Психолог Айнұр Рахымжанова жалпы отбасында 1, 3, 5, 12, 20 жылдық аралықтарында дағдарыстар бар екенін айтады. Бірінші жылы жұп­тар бір-бірінің мінез-құлқы, әдетіне, тіпті бір-бірінің туыстарына үйреніседі дегендей. Қоғамдағы ерлі-зайыптылардың арасында ажырасудың көбейіп бара жатқанына әйел­дердің өзін-өзі материалдық тұрғыдан қам­та­­масыз ете аламын деген менмендігі себеп болуда.

Жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зор­лық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Айгүл Сәрсембинованың айтуын­ша, үйдегі жанжалдан соң бірден ажы­расуға шешім қабылдайтындар да бар. Бірақ ажырасуға бармас бұрын әр әйел қолдау қызметіне хабарласып, көмек сұрай алады.

Облыс орталығындағы Қамзин көшесі, 20/1 мекенжайында «Ана үйі» дағдарыс орталығы орналасқан. Бұл мекеме зорлық-зом­былыққа тап болған әйелдер мен бала­лар­дың панасына айналған. Әйелдерді зор­лық-зомбылықтан қорғау тобына күніне 25 қоңырау түседі екен.

Қазір облыстық прокуратурада арнайы жоба іске қосуда. Бұл ретте жұмыссыз борышкерлерге баса мән беріледі. Жұмыссыз алимент төлеушілерді қызметке орналастыру үшін облыстық прокуратура бірқатар істі қолға алды. Нәтижесінде, «Умикум» ЖШС-на қарасты тегін хабарландырулар газетінде, «Навигатор Павлодар» және «Knopka.kz» сайттарында 2 мыңға жуық бос орын жарияланып, прокуратура өкілдерінің тікелей араласуымен 289, жоба басталғалы 1137 алимент төлей алмай жүрген адам қызметке орналасты.

Ұзақ уақыт бойы алимент төлемеген 50 азаматқа қатысты Қылмыстық кодекстің 50-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, баласына қаражат беруден жалтарған тағы 370 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал алименттен қашқан 409 адамға іздеу жарияланды.

Өңірде «Әлеуметтік қамқорлық» жобасы аясында, сондай-ақ полиция және әділет органдарының бірлескен рейдтерінің көмегімен, ата-аналармен жұмыс жасаудың жаңа тетіктері іске қосылуда.

 Бір сот орындаушысына айталық, 3-4 мың іс түссе, жүктемесі, әрине өте ауыр. Әрине сот орындаушысы мен медиатордың қызметі екеуі әртүрлі. Екі тарап медиаторға бір тоқтамға келгенде ғана барады. Бірақ жұртшылық арасында әлі күнге медиаторлар қызметінің барын білмейтіндер де, сенбейтіндер де кездеседі.

Биыл облыс орталығында тұратын отбасылардан ажырасуға байланысты 1287 талап-арыз түсіпті. Талап-арыздардың 1254-і бойынша азаматтық іс қозғалған. Судьяның ше­шіміне сәйкес, 933 отбасы тіпті, сот барысында ажырасқан. Қалған 300-ден аса отбасы татуласып, арыздарын қайтарып алған.

Еліміздің Жоғарғы сот төрағасының өкі­мі­мен қолға алынған пилоттық жоба бойынша Талап-арыз сотқа келіп түскен кезде судья тараптарға хабарлама жіберіп, дауды медиа­ция тәртібімен аяқтау құқығын түсіндіреді. Тараптар келісім берсе, азаматтық іс 10 жұ­мыс күнінің ішінде тоқтатылады.

Өңірдегі сот орындаушыларының өнді­рі­сінде алимент бойынша қазіргі кезде 12 мың іс бар. Сот орындаушыларының айтуынша, 600 адамның 200 миллион қарызын өндіру ісі жалғасуда. Алимент өндіріп алу ісі ұзақ­қа созылатыны белгілі. Өйткені олардың көп­ші­лігі өздерінің нақты табысын жасыруға тыры­сады, ал кейде қолда бар мүліктен тез құты­луға асығады.

– Алимент төлеуден жалтарған жағдайда жылжымалы және жылжымайтын мүлікке тыйым салынады, – дейді облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Азамат Айнабеков. – Қазір 79 автокөлікті айып тұрағына қою жұмыстары жүргізілуде. Осындай айыптар өндіру барысында 14 іс бойынша 11 миллион теңге қарыз өтелді.

Қазір 223 борышкер ізделуде, ал 162 адамға қатысты әкімшілік жауапкершілік қолданылды, оның ішінде 23 адамға айыппұл салынды, 104 адам қамауға алынды.

Бірақ статистика мәліметтері көрсет­кен­дей, елімізде ажырасу саны артып келе­ді. Неке – мемлекеттің деңгейіндегі мәсе­ле болса, отбасындағы бұл мәселеге-жеке адам­гершілік мораль тұрғысынан басқа, баспана, жұмыссыздық секілді елдің әлеу­мет­тік-экономикалық жағдайы да әсер етуі де мүм­кін деген сөз.

 

Павлодар облысы