Қоғам • 19 Мамыр, 2020

Ауылды кооператив құтқара ма?

598 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда елімізде 1 млн 700 мыңға жуық қосалқы шаруашылық бар. Ауыл халқын ғана емес, қала халқын да ауылшаруашылық өнімімен қамтып отырғанына қарамастан, олардың өнімі сауда орындарында ресми түрде сатылмайды, өңдеуші кәсіпорындарға жеткізілмейді. Мемлекетке 1 тиын да салық төленбейді. Қосалқы шаруа­шылықта жұмыс істейтіндер әлеуметтік жағынан да қорғал­маған. Бұған Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та назар аударып, Үкіметке ауылдағы кооперацияны дамытуды тапсырғаны белгілі.

Ауылды кооператив құтқара ма?

Суретті түсірген Ерлан Омар, EQ

Жуырда «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеков онлайн режімде брифинг өткізіп, Президенттің осы тапсырмасына байланысты және басқа да мәселелерге қатысты журналистердің сауалына жауап берді.

– Қосалқы шаруашылық дегеніміз – ауылдағы үй мен маңа­йындағы бау-бақшасы, қора-қопсысы. Бір үйде ерлі-зайыпты адамдар болады десек, ең азы 2 жарым миллион адам осындай отбасылық шаруашылық­пен айналысады. Бұл ауылдық жер­дегі 7 жарым миллион халықтың жартысына жуығы. Осы отбасылық шаруашылықтар еліміздегі ауыл­шаруа­шылық саласындағы өнімнің 50 пайызға жуығын өндіріп отыр.  Атап айтқанда, ет-сүт өнімінің – 70 пайызы, көкөністің – 80 па­йыздан артығы, картоптың – 90 пайыздан артығы солардың үлесін­де. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Заң­да агроөндірушілер ретінде заңды тұлғалар мен шаруа қожалық­тары белгіленген. Меніңше, үшінші топ ретінде отбасылық шаруашылықтар айқындалуы керек, олар туралы қазір­гі заңда ештеңе айтылмаған. Біз соны ескеріп отбасылық шаруа­шы­лықтарға мемлекеттік қолдау көрсетсек, саланың қарқынды дамуы­­на ықпал етер едік, – деді ол.

Оның пікірінше, фермерлер Қазақстанда өндірілетін дәстүрлі аграрлық өніммен ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортқа да шығара алады. Дұрыс жолға қойылса, аграрлық секторда жылына 40-50 млрд доллардың өнімін экспорттауға мүмкіндік бар.

– Кейбір шалғай ауылдарда жұмыссыздардың үлесі 90 пайызға де­йін жетеді. Ауылдағы негізгі жұ­мыс істейтін адамдар – мектеп мұ­­ғалім­дері, әкімдік қызметкерлері, по­ли­­цейлер, медицина қызметкерлері және мәдениет үйлерінің мамандары, шаруа қожалықтарын­дағы адам­дар. Қалған халықтың бәрі жұмыс­сыз. Олар мемлекеттен ешқан­дай көмек алмай-ақ, өзінің жеке шаруа­шылығын дөңгелетіп, табыс тауып, отбасын асырап отыр. Іс жүзінде жұмыссыз саналады. Егер кооперативтер құрып, осы адамдардың келісімшарт негізінде өнімін кооперативке тапсыруына жағдай жасалса, оларды жұмыссыздардың, өзін өзі жұмыспен қамтығандардың санатынан шығаруға болады. Екіншіден, кооперативке өнімін өткізушіден заң бойынша салыққа кірісінің 10 пайызы ұсталады. Жоғарыда айтылған 1 700 мың шаруашылық менің есебімше жылына 204 млрд теңгеден артық салық төлей алады. Салыстыру үшін айтайын, қазір қазақстандағы бүкіл ауыл шаруашылық саласынан түсетін салық 50 млрд теңге. Мәсе­ле халықтан салық жинап алуда емес. Олар бұл кірісінің бір бөлі­гін Бірыңғай жинақтаушы зейнет­ақы қорына, Мемлекеттік әлеу­мет­тік сақтандыру қорына және меди­циналық сақтандыру қорына ауда­рар еді. Бұл өзін өзі жұмыспен қамтушыларға қатысты өзекті проблема, оған қоса бер реттік әлеуметтік төлемнің де қажеті болмайды, – деді Т.Рақымбеков.

Салықтан түскен қаржының қалған бөлігін, яғни 100 млрд теңгені жер­гілікті ауылдық округ­тердің әкім­дігіне аударған жөн. «Төртінші деңгей бюджетін» қалыптастыруға бұл үлкен көмек. 100 млрд теңгені елдегі 2 мың 300 ауылдық округке бөлсе, орташа есеппен жылына шамамен 45 млн теңгеден айналады. Бір жағынан, бұл әкімнің атқарған жұмысынан да хабар беретін көр­сеткіш болады. Салықтың көбірек түсуіне жағдай жасаған, сол қаржыға ауылда балалар алаңын немесе басқа да нысан салдырған әкімді жергілікті халық та қолдайды.

Т.Рақымбеков айтқандай, жалпы аграрлық салаға тән үлкен проб­леманың бірі – инфрақұрылым­ның жоқтығы. Өнімді шаруалар­дан сатып алу, сақтау, дүкен сөре­леріне немесе қайта өңдеу кәсіп­орындарына жет­кізу жүйесі қа­лып­таспаған. Жанар-жағармай, тыңайт­­қыш, қосым­ша сай­ман жет­кізу, біліммен қамту жұмыс­тары қарас­тырылмаған. Коопе­ра­тивтер осы жүйені қалыптастыра алады. 

– Несиелендірудің өзін кооператив арқылы жасауға болады. «Ауыл­шаруашылық кооперативтері туралы» Заңда несиелендіру көрсетілген, бірақ несиелендіру процедуралары туралы заңдар жоқ. Президент айт­қандай, «Егістік даласынан – дүкен сөресіне дейін» өнім жеткізе­тін, басқа да артықшылықтары бар коо­перативтерді қанатқақты жоба ретінде бірнеше ауданда бастау керек. Оның тиімді жақтары, артықшылықтары байқалғаннан кейін халықтың өзі әрі қарай кооперативке бірігуге тырысады, – деді Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының басшысы.

Кооперативтер желісін ұйым­дас­тыру, насихаттау, халыққа түсіндіру жұмысын мемлекет қолға алуға тиіс.

Бүгінгі таңда ауыл маңындағы жайылымдық немесе егістік жер­лер­ді ірі шаруашылықтар алып қойған­дықтан, кейбір ауылдарда қосал­қы шаруашылық иелері азғантай малын бағатын жер таппай, қысылып қалғаны жасырын емес.

– 2015 жылы қабылданған «Жайы­лымдық жерлер туралы» заңда жергілікті атқарушы органдар елді мекендердің маңындағы жерді қоғам малына жаюға беруге тиіс екені ай­тылған болатын. Бір өкініштісі, кейінгі қабылданған басқа заңдарға өзгеріс енгізіліп, ол жерлерді нарық бағасымен са­тып алуға тиіс болды. Бәленбай мил­лиард тұратын жерді ірі шаруалардан сатып алып, жергілікті халыққа беруге әкімдіктің қаржысы жоқ, – деді спикер.

Алайда кооператив желілерін құру бұл проблеманы да шешуге жол ашады. Кооперативтер отба­сылық шаруашылықтардың малын қосып, ауылдан қашықтағы бос жайылымдарға апарып бағуды ұйым­дастыра алады. Ауылдың іргесінде жайылым жоқ екен деп, халықты мал­сыз қалатын жағдайға жеткізуге болмайды.