Қаржы • 22 Мамыр, 2020

Енді елдегі кредит берушілердің жылдық мөлшерлемесі 56%-дан аспайды

519 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Биылдан бастап еліміздегі микро­қаржы ұйымдары, ломбардтар және онлайн кредит берушілердің жылдық мөлшерлемесі 56%-дан аспайды. Бұған дейін олар 100%-бен беріп келген еді. Халықты қанап, 600-700%-бен де несие бергендерді тізгіндеу мақсатында мемлекет бірқатар кешенді шаралар қабылдады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі екінші деңгейлі банктерді, мик­роқаржы ұйымдарын, ломбардтар мен онлайн-кредиторларды бақылап отырумен тікелей айналысады.

Енді елдегі кредит берушілердің жылдық мөлшерлемесі 56%-дан аспайды

«Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне қаржы нары­ғын және микроқаржы қызметін реттеу мен салық салу мә­се­лелері бойын­ша өзгерістер мен то­лық­ты­рулар ен­гізу туралы» заңына 2020 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап өзгеріс ен­гізілді. Ұлттық банк микро қар­жы ұйымда­ры­ның қызметін реттей­тін оннан астам нормативтік-құқық­тық акті қабылдады. Оның ішінде жылдық мөл­шерлеме 56%-ды құ­рай­тыны, әр қаржы ұйымының жеке капиталы болуы керектігі, капитал көлемі ломбардтар үшін – 70 млн теңге, шағын қар­жы ұйымдары үшін – 100 млн тең­гені құрауы тиіс. Яғни осынша қар­жысы болмаған жағдайда шағын қаржы ұйымын ашу мүмкін емес. Сарапшылар шағын ұйымдардың капиталын жоғары межеде бекіту асығыс қабылданған шешім екенін, бұл қадамға бару үшін дайындықтық қажеттігін, әлі де болса 3-4 жыл керегін алға тартады. 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі келтірген мәліметке сүйен­сек, ресми тіркелген шағын қаржы ұйым­дарының 48%-ында 50 млн теңгеге же­теғабыл қор бар. Ал 50 млн мен 100 млн теңге аралығындағы жарналық капи­талы бар ұйымдардың үлесі – 18%. 100 млн-нан 500 млн теңге арасында жар­налық капитал жинаған ұйымдар 25%-ды құрап отыр. 500 млн-нан 1 млрд теңге аралығындағылар – 3%, ең жоғары 1 млрд теңгеден артық қоры барлардың үлесі – 6%. Бұл тізімге әзірге 11 шағын қаржы ұйымы еніп отыр.

 Клиент кетіп қалады деп қауіптенеді

Елімізде онлайн несие алушылар саны жылдан жылға артпаса, кеміген жоқ. Ұлттық банктің мәліметінше, өткен жылдың басында 318 мың несие онлайн арқылы берілген. Несие берушілер әр клиенттің несие тарихын парақтап отырмайтыны түсінікті. Қаржыдан қысылған адамның қажетін 10-15 минут­тың ішінде қаржы беретін онлайн ұйымдардан жарты млн-ға жуық қазақстандық қарыз алып үлгерген. Даудың басы да дәл осы онлайн несиеден басталып отыр. «Сан соғып, бармақ тістеп» қалғандардың саны артқандықтан бұл мәселеге мемлекет араласуы тиіс болды. Сөйтіп бұған дейін екінші деңгейлі банктерге ғана қолданылып келген 56%-дық меже барлық шағын қаржы ұйымдарына жаппай енгізіліп отыр.

 Бұл өзгеріске қарсы айтатын шағын қаржы ұйымдарының өз уәжі бар. Аталған сегменттегі сарап­шылардың пікірінше, екін­ші деңгейлі банктер қол­дана­тын арнайы формула шағын қар­жы ұйымдарына арналма­ған. Бар­лық шығындарды есепке ала­тын болсақ, схема бо­йын­ша жылдық мөлшерлеме 56%-ды емес, 46%-ды құрайды. Үне­мі мемлекеттің қолдауына зәру екінші деңгейлі банктер­дің қар­жы айналымы шағын ұйым­дармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары екені айтпаса да түсінікті. Жалпы алғанда, елімізде 2 жарым мыңдай ломбард бар десек, заңдағы жаңа өз­геріске сәйкес соның 60%-ы енді «көлеңкелі бизнеспен» айналысуға көшеді. Бұл дегеніміз мемлекетке түсетін салық кемиді деген сөз. Аталған салада 3 мыңға жуық адам жұмыс істейтіні тағы бар.

Тағы бір айта кетерлігі, олардан қарыз алатындардың басым бөлігі шағын және орта кәсіп­керлікпен айналыса­тындар. Олардың ай сайын алатын тұрақты табысы жоқ болған­дықтан, банктер оларға несие бер­мейді. Ал микроқаржы ұйым­дарынан алған қарызды өзіне ыңғайлы уақытта жабуына қолай­лы жағдай жасалған еді. Енді зейнетақы қорына ақша аудар­май­тын, тұрақты табысы жоқ клиенттер микроқаржы ұйым­дары­нан кетіп қалуы мүмкін.

Тиімді тұстары да жеткілікті

Биылғы жылдың мамыр айындағы көрсеткіш бойынша елімізде ресми тіркелген 247 шағын қаржы ұйымы, 169 ломбард, 9 несие серіктесі бар. Бұл ұйымдардың ірі қалаларда, облыстарда бірнеше бөлімшелері барын ескерген жөн.   

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі таратқан мәлімет бойынша жыл басында 199 шағын қаржы ұйымы аталған агенттікте тіркеуден өткен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 27 пайызға артып отыр. Өткен жылдың соңында 23 шағын қаржы ұйымы тіркелгені белгілі. Айта кетерлігі, тіркел­ген ұйымдардың 45%-ы, яғни ең көбі Алматы қаласында ор­­на­лас­­қан. Несие портфелінің 80%-ы да осы шаһар­дағы қар­жы ұйымдарына тиесілі екені анықталып отыр. Нұр-Сұлтан қаласындағы шағын несие бере­тін ұйымдардың үлесі 15%-ды құрайды, несие портфелі небәрі – 8%. Ресми тіркелген қаржы ұйымдарының 7%-ы Шымкент қаласына, 9%-ы Қарағанды облысына, 24%-ы қалған өңірлерге тиесілі. Соңғы мәлімет бойынша, еліміздегі жалпы шағын қаржы ұйымдарының несие порт­фелі 293,3 млрд теңгені құрайды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 34%-ға артқан. Былтыр берілген шағын несиелер бас-аяғы – 389 млрд теңге.

Соңғы жылдары елімізде шағын қаржы ұйымдарының жұ­мы­сына қатысты халық­тың на­разы­лығы күрт артты. Би­лік бұл салаға түбегейлі тәртіп қажет екеніне назар аударып, мәсе­ле заңмен екшеленетін болды. Елдегі шағын ұйымдардың шатқа­лақтаған мәселесін GSB UIB ди­рек­торының орынбасары, эконо­мист Мақсат Халықтан сұрап білдік.

̶  Биылдан бастап, шағын қаржы ұйымдары мен ломбардтар және несие серіктестері мен онлайн несие берушілерге заң аясында тәртіп күшейді. Расын­да, шағын қаржы ұйымдарының уысына түскен қаншама халық зардап шегіп отыр. Оған себеп, несие алушылардың төлем қабі­летін қаперге алмастан жаппай несиелердің жоғары пайызбен берілуі. Талаптың қатаңдауы бұл саладағы «ойыншылар»  азайып кетуі бек мүмкін. Бұл құбылысты нарық заңдылығы, уақыт талабы деп қабылдау керек. Ұйымдар саны азайғаннан кейін олар сапаға жұмыс жасайтын болады. Шағын қаржы ұйымдарының 56%-ға қатысты уәжін естіп жүрміз. Бірақ елдегі инфляция жылдан жылға төмендеп келеді. Тек биыл пандемияға байланысты азық-түлік бағасының шарықтап кетуінен инфляция 10% межесін­де сақталмақ. Сондықтан банкт­ер­ге де бекітілген 56%-дық мөл­шер­лемені 30%-ға түсіруге болады. Шағын ұйымдардың жеке капиталына қатысты мәселе қайта қарауды қажет етеді, – дейді экономист.

Айта кетерлігі, жаңа талап бо­йынша биылдан бастап қар­­жы­лық жүктеме коэффи­циенті бекітіліп отыр. Экономист М.Ха­лық­тың айтуынша, бұл бастама аза­маттардың төлем қабілетін ескереді, шамасы кел­мейтін қарызды алуына шектеу қояды. Егер қарыз алушының табысы 100 мың теңге болса, алатын сома соның жартысынан ас­пауы ке­рек. Ал ай сайын­ғы табы­сы жоқ, шағын және орта кәсіп­кер­лік­пен айналысатындар үшін ар­на­йы тетіктер қарастыру қажет­­тігі туын­дап отыр. Заң­дағы жаңа өз­ге­ріс­тің тағы бір артық­шы­лы­­ғы, бұрын шағын ұйымдар 8000 АЕК межесінде несие беріп кел­се, енді оның көлемі 20 мың АЕК-ке дейін ұлғайды. Бұған д­ейін бизнесті қаржыландыратын негіз­гі оператор банктер болса, енді бұл мүмкіндікті шағын қаржы ұйым­дары да тиімді пайдалана алады.

Салыстыру үшін айта кетейік, Сингапурде шағын қаржы ұйым­дарының, ломбардтар мен онлайн несие беретіндердің ай сайынғы үстемесі 1,5%-дан аспауы керек. Яғни жылына небәрі 18%-бен несие алуға болады. Германияның тәжірбиесінде бұл талап ай сайын 1%-дан аспайды. Ескеретіні, бұл елдерде банктердің пайыздық мөл­шерлемесі де төмен, 2-4% ара­лығында. Германияда шағын қаржы ұйымдарымен қатар, мемлекеттік қаржы ұйымдары да белсенді жұмыс істейді. Айыр­машылығы, жеке ұйымдар тек бағалы заттарды кепілдікке алатын болса, мемлекеттік ұйым­дар киім-кешек, ыдыс-аяқты да кепіл ретінде қарастыра береді.

Қазақстандағы шағын қар­жы ұйымдары мен банктерді бәсекелес деп танудан гөрі, бір-бірін толықтыратын тұтас жүйе деп қараған дұрыс сияқты. Екі сектордың да тұрақты дамуы экономика үшін тиімді болмақ.