Қоғам • 25 Мамыр, 2020

4 баланың өлімі: Интернаттағы жағдай ушығып тұр

411 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Аягөз қаласындағы психоневрологиялық патологиясы бар балаларға әлеуметтік қызмет көрсету интернатынан тағы да шу шықты. Мекемеде 4 баланың көз жұмғаны белгілі болды. Тағы да деп отырғанымыз, былтыр осында тәрбиеленетін үш баланың зорлық көргені жайында ақпарат тарап, соңынан «жалған ақпарат таратты» деп мекеменің бұрынғы қызметкері жауапқа тартылған-ды.

4 баланың өлімі: Интернаттағы жағдай ушығып тұр

Әрине төрт бірдей баланың өлімі – алаңдатарлық жағдай. Бұған дейін олардың қызылшадан көз жұмғаны туралы ақпарат тараған еді. Алайда осы оқыс оқиғаға байланысты облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасымен құрылған ведомствоаралық комиссия мүшелері мұны жоққа шығарып отыр. Комиссия мүшелерінің сөзіне сенсек, балалардың өліміне асқынған коморбидті фон, туа бітті патология, кахексия себеп болған. «2 мамыр күні бас инфекционист дәрігердің төрағалығымен комиссия барып, тексеріс жүргізіп, 98 ба­ланы медициналық тексерістен өткізді. Балалардың тамағы тоқ, олар­ға барлық қызмет көрсетілген. Бала­лар қызылшадан да, ағзаның әл­сі­реуінен де көз жұмбаған, тексеру әлі жүргізіліп жатыр», дейді об­­лыс­тық Жұмыспен қамту және әлеу­мет­­тік бағдарламаларды үйлес­ті­ру бас­қармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев.

Бұл төрт бала кім? 20 мамырда Өскеменде осы жағдайға байланыс­ты арнайы брифинг өткізген облыс әкімінің орынбасары Әлішер Мархабаттың айтуынша, 4 баланың ата-анасы «бауыр еттерінен» бас тартқан. Олар бір айдың көлемінде әртүрлі туа бітті аурулардан көз жұмған. Алғашқысы 2008 жылғы ұл 2 сәуірде, кейінгісі 2009 жылғы ұл 11 сәуірде, 2006 жылғы ұл 20 сәуірде және соңғысы 2012 жылғы қыз 29 сәуірде бұл пәнимен қош айтыс­қан. «Іс ішкі істер органдарына тапсырылды. Жауапты адамдар тергелуде. Қазірдің өзінде мекеме ди­ректоры, директордың орынбасары және басқармадағы тікелей жа­уапты бөлім маманы қызметтен шеттетілді. Комиссия қазіргі уақытта бейнебақылау және басқа да тәсілдер арқылы тексеріс жүргізіп жатыр»­, дейді облыс әкімінің орынбасары.

Ішкі істер минис­трлігі Аягөздегі келеңсіз жағ­дайға Қазақстандағы балалар құқық­тары жөніндегі уәкіл Аружан Саин­ның әлеуметтік желідегі дабылынан кейін назар аударып, іс қозғаған болатын. Бұдан соң Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәсе­ленің өзектілігіне мән беріп, елі­міз­дің әр өңірінде орналасқан меди­циналық-әлеуметтік көмек көр­сететін 113 мекемеге тексеру жүр­гі­зілетінін мәлімдеген-ді.

«Шағын қала­да орналасқан интер­нат­тың қыз­меткерлері жұмыссыз қа­ла­мыз ба деп шындықты айтудан қорқады. Был­тырдан бері бұл меке­ме­нің басы даудан арылмай тұр. Интернаттың бұрынғы директоры про­ку­ратураның ұсынымынан кейін «өз еркімен» жұмыстан кеткенімен, Аягөз аудан­дық аумақтық әлеуметтік көмек көр­се­ту орталығына директор болып та­ғайындалыпты. Бізде өкінішке қарай, осындай мекемелерде оқыс жағдайлар орын алып, балалар құқығы аяққа тапталып жатыр. Қаншама тексерістен ешқандай нәтиже жоқ. Әрі кетсе, басшысы бір мекемеден осы жүйедегі бір мекемеге жұмыс ауыстырады. Менің алаңдайтыным, интернаттағы ата-анасы жоқ балалардың құқығын қорғау қиын. Жанында қорғайтын ада­мы да жоқ. Мұндай мекемелер облыс орталығынан шалғайда орна­лас­қандықтан жұмысын бақылау оңай емес. Сондықтан осындай меке­ме­лерді облыс орталықтарына немесе ірі қалаларға көшіру керек деп есептеймін. Сонда өңірдегі басшылар, басқарма, департамент жетекшілері, үкіметтік емес ұйымдар, прокуратура, қоғам белсенділері жағдайды бақылап, балалардың өміріне араласар еді» деп жазды Аружан Саин өзінің Фейсбуктегі парақшасында.

Кейбір бұқаралық ақпарат құрал­да­рында (нақтырақ айтсақ, Total.kz сайтында) интернаттың балаларына қызыл уылдырық, қақталған ақсерке, зәйтүн майы, кофе, минералды су, жеміс-жидек пен көкөністің 25 түрі секілді құнарлы тағам түрлері сатып алынғандығы жайында да жазылған-ды. Мәселен, 2016-2020 жылдар аралығында интернатқа 6 миллион теңгеге қызыл уылдырық сатып алыныпты. Көпшіліктің көңілін күпті қылған осы сауалды брифингте журналистер облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаевқа қойғанда: «Кез келген мемлекеттік сатып алудың түр­ле­рі мемлекеттік мекемелерде ашық жүргізіледі. Интернаттағы мемле­кет­тік сатып алуға келетін бол­сақ, ми­нис­трліктің бұйрығында қара, қы­зыл уылдырық сияқ­ты тағамдар нор­мада бар. Бұл норма 2015 жылы Ден­сау­лық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минис­трі­нің қаулысымен бекітілген», деп қысқа қа­йырды.

Басқарма басшысы «Интернаттағы бала­лар­дың тамағы тоқ, оларға  барлық қызмет көрсетілген» деп отыр­ғанымен, 22 мамырда Нұр-Сұлтан қал­а­сында онлайн форматында өткен ведомствоаралық комиссия отырысында бұған қарама-қайшы пікірлер айтылды. Осы жиында Ұлттық пре­вен­тивті тетік қатысушыларының Аягөздегі интернатта жүргізген тек­се­рулерінің қорытындысы жарияланды. Отырыста сөз алған Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Людмила Бюрабекова интернаттағы көз жұмған төрт баланың денсаулық жағ­дайы дұрыс бақыланбағанын, олар аудандық ауруханаға дер кезінде жеткізілмегенін айтты. «Жергілікті жердегі медициналық көмек көрсету барысында ешқандай ақау болған жоқ. Бірақ балалар ауыр патологиямен ауыр жағдайда қабылданғандықтан, көптеген ағзалық дерт салдарынан көз жұмған. Аягөздегі орталықта көптеген кемшіліктер анықталды. Мекемеде стационарлық көмек көр­се­туге лицензия бар болғанымен, ғимараттың өзі стандартқа сай кел­мей­ді. Терапевт-дәрігер балаларды өзі қабылдап, өзі тексереді. Бала­лар­дың күнделікті қаралатынын айғақ­тай­тын құжаттар жоқ. Ешқандай құ­жат­­тама жүргізілмейді, сол себепті балалардың тексерілген, тексеріл­ме­генін нақты айту қиын. Қазір тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен тексеріс жүріп жатыр» дейді вице-министр.

­Ал Қазақстандағы адам құқық­тары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзі­мо­­ва­ның айтуынша, Аягөздегі интернат талаптарға сай келмейді. «Интернат 1985 жылы салынған бұ­­рын­ғы балабақша ғимаратында орна­ласқан. Тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға қызмет көрсетуге арналмаған. 2007 жылы қосымша тұрғын үй құрылысы салынған. Бірақ ол нысан да орталық қызметіне бейімделмеген. Мұнда тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға ең қажетті бассейн жоқ. Спорт залы жертөледе орналасқан. Жарығы мен ауа алмасуы сын көтермейді. Спорт зал ересектерге арналған құрал-жабдықтармен жабдықталған. Асхана дәлізде орна­лас­қан. Келіп-кетушілер тамақ ішіп отырған балалардың көңілін аударады. Дұрыс жабдықталған балаларға арналған ойын алаңы, пандустар жоқ. Ғимаратта екінші қабаттан бірінші қабатқа түсетін лифті орнатылмаған. Тексеруші органдардың тарапынан бақылау әлсіз. Себебі мекеме тым шалғайда орналасқан. Ұлттық превентивтік тетік қатысушыларының пайымынша, интернатта тәрбие жұмыстары жеткіліксіз жүргізіледі. Балалардың жас ерекшеліктерін ескеретін тәрбиелік шаралар саны өте аз. Балалардың құқықтары бұзыл­ған­дығын айтарлық мүмкін­дік­тері жоқ. Олардың құқықтары қалай қорғалатындығы және олардың кері байланысты қалай алатындығы түсі­ніксіз. Сондықтан Ұлттық превен­тив­тік тетік қатысушылары «Мекеме өз бейініне сай келмейді, интернатты облыс орталығына көшірген дұрыс» деген қорытындыға келді», дейді ол.

Бұл ұсынысты Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те қолдап отыр. «Ведомствоаралық комис­сияның атынан біз Шығыс Қазақ­стан облысының әкімдігіне бар­лық ұсыныстарды, оның ішінде мекемені облыс орталығына көшіру мәселесін қарастыруды тапсырамыз. Үлкен қаладан алыс өңірлерде бала­лар­дың денсаулығы үшін ма­ңыз­ды қызметтерді көрсетуде үлкен қауіп бар» дейді министр.

Көз жұмған төрт баладан бөлек интернаттың бірнеше қызметкері мен тәрбиеленушілері инфекциялық аурулармен аудандық ауруханаға түскені туралы да ақпарат шыққан-ды. Әкімдік өкілдері брифингте мұны растап, 9 тәрбиеленуші мен 2 қызметкерден қызылша анықталғандығын жеткізді. Олардың сөзінше, ауруды интернатқа карантинге дейінгі уақытта мекеме қызметкері әкелген. Қазіргі уақытта қы­зылша жұқтырғандар емделіп шық­қан.

Айта кетейік, бұл интернатта пси­хо­неврологиялық патологиясы бар 18 жасқа дейінгі балалар тәрбиеленеді.

Түйін

Аягөз қаласындағы психо­нев­ро­логиялық патологиясы бар бала­лар­ға әлеуметтік қызмет көрсету интер­натындағы жайсыз жағдай күллі елдің назарында тұр. Әртүрлі құзыр­лы орындар тарапынан тексерулер жүргізіліп жатыр. Жақын арада тиісті шешім қабылданады деп сенеміз. 

 

Шығыс Қазақстан облысы