Әдетте мұндай мәселелер көтерілгенде, әуелі ойымызға мемлекеттік органдар оралады. Олардың міндеті – жасөспірімдердің құқығын қорғау, түрлі мәселелерді болдырмау. Құқық қорғау мекемелерімен бірге аталған мәселелер төңірегінде түрлі деңгейдегі әкімдіктердің жанынан құрылған Кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия да жұмыс істейді.
Жуырда Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың қатысуымен облыс әкімдігі жанындағы аталған комиссияның отырысында бірқатар мәселелер қаралған болатын. Облыста осы жылдың төрт айында жасөспірімдер арасындағы қылмыс 49,2 пайызға төмендеген. Есепті кезеңде 17 ұрлық, 4 тонау, 3 бұзақылық, 2 денеге жарақат салу және
1 автокөлік ұрлау, сондай-ақ 4 түрлі сипаттағы қылмыстық дерек тіркелген. Аталған қылмыстардың дені Тараз қаласы, Шу және Қордай аудандарында орын алған. Бір өкініштісі, қылмысқа мектеп оқушылары, колледж студенттері қатысқан. Жамбыл облыстық кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы Бақыт Жақсылықованың айтуынша, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің екі студенті төбелескен. Бірақ төбелестен соң әлгі екі бала ойын кезінде құлап қалдық деген сылтау айтқан. Алайда сол екі студенттің бірі өткен жылы болған тонау фактісі бойынша Тараз қалалық полиция басқармасында есепте тұр екен. Ал төбелескен балалардың екіншісі 2019-2020 оқу жылының бірінші семестрінде 126 сабаққа қатыспаған. Бірақ Тараз қалалық әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау комиссиясы бұл туралы ешқандай ақпарат бермеген. Тіпті жасөспірімдердің арасындағы тәртіп бұзушылық мәселесі қалалық комиссия отырысында да қаралмаған. Сөйтіп екі баланың арасындағы төбелесті аталған комиссия жасырған. Сонымен қатар бұл екі баланың да толық емес отбасында тәрбиеленіп жатқандығы анықталған. Жалпы, кәмелетке толмағандардың құқығын қорғайтын комиссия орын алған осындай нәрселерді тексеріп, тиісті орындарға жолдайтын құрылым болуы керек. Бұл екі баланың арасындағы жай келіспеушілік, төбелес болғанымен, мұның өзі де қылмысқа апаратын жол екенін ұмытпаған жөн. Тағы бір айта кетерлігі, әрбір жасөспірім өз өміріне өзі жауапты екенін білгені, түйсінгені абзал.
Негізінен жасөспірімдердің құқығын қорғау мәселесінде облыс орталығынан бөлек, өңірдің бірқатар аудандарында да кемшіліктер анықталған. Жамбыл облыстық кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның хаттамасымен Талас ауданының әкімі Бақыт Қазанбасовқа биылғы 10 наурыз күні аудандық аталған комиссияның кемшіліктері көрсетіліп, ұсыным жолданған екен. Бұл ұсынымда Талас аудандық білім бөлімінің де жұмысы сынға алынған. Аудандағы бірқатар білім ошақтарында тәрбие және құқықтық тәрбие жұмыстары әлсіреген. Сондай-ақ Тамды ауылындағы Қойгелді атындағы орта мектептің екі оқушысы өз-өзіне қол жұмсауға әрекет еткен. Алайда облыстық комиссияның мәліметінше, аудан басшысы жауапты тұлғаларға ешбір шара қолданбаған. Сол сияқты, Қордай ауданында да жасөспірімдердің құқығын қорғауға байланысты мәселелер бар болып шықты. Осы жылғы 20 сәуірде Қордай аудандық ауруханасына 17 жастағы қыз өзінің жүкті болып қалғанын ескерткен (7 апталық жүктілік). Сондай-ақ ол өзін Қордай ауылының тұрғыны зорлағанын айтып арызданған. Сол күні аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті де ұсталады. Бірақ жапа шеккен қызды тексерген аудандық аурухана дәрігері полицияға хабар бермей, аудан орталығы Қордай ауылындағы №3 орта мектептің директорына хабарласады. Бұл мектептің директоры да бұл оқиғаны тиісті орындарға жеткізбей, әлгі қызды кешкі мектепке ауыстырып жіберіпті. Бүгінгі таңда аталған фактілер бойынша қылмыстық тергеу амалдары жүргізілуде.
Жасөспірімдердің құқығын қорғау – бүгінгі қоғамдағы күрделі мәселенің бірі. Дегенмен тиісті орындарға міндет артып қоймай, бірінші кезекте әрбір адам өзінің құқығын қорғай білуі керек дер едік. Ежелден қанымызға сіңген ұят, иман қағидаларын отбасынан, одан кейін мектеп қабырғасынан жете түйсініп шыққан баланың ертең өз-өзін қорғай алатын азамат болатынына сенуге болады. Жалпы, қоғамда жастық албырттықпен қателесудің, «Ойнап жүріп от басудың» мәселесі күн санап күрделеніп бара жатқандай. Ал орын алған барлық жағдайды дер кезінде тексеріп, оны тиісті орындарға жеткізу де жасөспірімдердің құқығын қорғауға көмектесетін қадам. Орын алған жағдайды жасырып, жабудың соңының жақсылыққа апармайтыны тағы анық.
Жамбыл облысы