– Алғашқы зерттеулер барысында қорғанда сармат дәуіріндегі бай әйел жерленген деп топшылауға негіз қаланды. Өйткені қорғаннан алтын жапсырмалар, керамикалық ыдыстар, қола мен металдан жасалған жебелердің ұштары, ат әбзелдері, қабанның азу тісі, ыдыстардың аңдар фигурасы түріндегі тұтқасы секілді көне бұйымдар табылған еді, – дейді Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Рашида Харипова.
Қорғаннан табылған көне жәдігерлер Алматыдағы ұлттық сараптама және сертификаттау орталығына жіберіліпті. Мұнда «алтын әйелдің» жасына, әшекейлердің химиялық құрамына зерттеулер жасалған. Сондай-ақ суретші-реставратор Қырым Алтынбековтің жетекшілігімен «Остров Крым» ғылыми-реставрациялау зертханасында «алтын әйел» бейнесін реставрациялау мен эскизін жасау жұмыстары жүргізілген.
– Құнды жәдігерлердің құрамы мен салмағы анықталды. Кейбір әшекейлердің алтыннан жасалғаны 91 пайызға дәлелденді. Зертханалық зерттеулерден кейін құнды жәдігерлер біздің дәуірімізге дейінгі ІV ғасырда өмір сүрген әйелдің бұйымдары екені даусыз, – дейді Рашида Харипова.
АТЫРАУ