Мұнда өндірістік кәсіпорындардан шығатын зиянды қалдықтар қаланың тынысын тарылта түсуде. Ал ағаш өсіру облыс орталығында күрделі күйінде қалып келеді.
Әрине бұл тұрғыда жасалған жоспар да, тіпті ықылас пен ниет те бар. Оны жоққа шығару қиын-ақ. Соған қарамастан қаланы жасыл желекке орау жөніндегі мәселелер тиісті нәтиже бере алмай жүр. Оның басты себебі – көгалдандыру жұмыстарының қыры мен сырын жетік білетін кәсіби мамандардың жеткіліксіздігі және осы мәселе бойынша келісімшарт жасалған мекеме-кәсіпорын ұжымдары жауапкершілігінің төмендігі десек болады.
Бүгінгі күнге дейін жергілікті атқарушы органдардың аталған кәсіпорындармен жасаған келісімшарттарының мерзімі тек бір жылға есептеліп келгені мәлім. Бұл қысқа кезең тәжірибеде өзін өзі ақтай алмай, оның уақытын үш жылға дейін ұзарту жөнінде шешім қабылданған. Бұл өзгеріс тал-теректерді суаратын әрі оны күтіп-баптайтын кәсіпорындардың іс-қимылдарын ширата алса жақсы! Ал бұлай болмаса ше?
Ақтөбе қаласында егілген талдар мен көшеттердің тамыры тез суалуының тағы бір себебі – оны суару ісіндегі ала-құлалықтар. Бұл жағдай оған ылғал мен судың жетіспеуіне әкеліп соқтырған еді. Осы олқылық пен үстірттікті жою үшін соңғы кездері Ақтөбе қаласында тамшылатып суару әдістері пайдаланыла бастады. Бұл тәсіл суды үнемдеп жұмсауға оң әсерін тигізбек. Аталған істі атқару үшін бұған қала бюджетінен арнайы қаражат та бөлінген екен. Әрі бұл бағыттағы жұмыстарды жүргізетін мердігер мекемелер де анықталыпты.
Жөн-ақ. Міне, биылғы көктемнің соңғы айы, мамыр да аяқталып, жаз мезгілі де жақындап келеді. Соған қарамастан жоғарыда айтылғандай, келісімшарт жасалған мекемелердің қарқынды іс-қимылдары байқала бермейтіні өкінішті-ақ. Бұл бағытта бір сылбырлық пен енжарлық бар екені айқын. Бұл тұжырымымыздың басты мысалы бірқатар саябаққа егілген тал-теректердің күтімсіз тұрғаны. Оның белгілі бір бөлігінің жаз шықпай жатып қурай бастағаны деуге болады. Мұндай көрініс әсіресе қаладағы «Орынбор» саябағында көп кездесетінін қала тұрғындары қынжыла айтып жүр. Бұл мәселе жергілікті телеарнада тікелей өткізілген эфирде Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровқа да қойылды.
– Қала көшелері мен саябақтарда егілгін тал-теректерді суару жөнінде тұрғындарды алаңдатып жүрген мәселе орынды деп санаймыз. Осыған байланысты бұл көрініс су ресурстарының жеткіліксіздігінен, оны тасымалдап жеткізу ісінде бірқатар кемшіліктердің орын алуы салдарынан екенін айтқым келеді. Қазіргі кезде қалада тез шешімін табуды қажет ететін он саябақтың тізімі жасалды. Оның ішінде «Орынбор» саябағы да бар. Сондықтан бұл мәселе алдағы уақытта тікелей бақылауымызда болмақ, – деп жауап қатты қала әкімі.
Уәде – құдай сөзі. Соңғы кезде Ақтөбені жасыл қалаға айналдыру жөніндегі жобалар тиісті нәтижесін берсе игі.
АҚТӨБЕ