3-4 қазан күндері Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың Қазақстан Республикасына ресми сапары болады. Сапар барысында оны Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қабылдап, мемлекет басшылары екі елдің ынтымақтастығын одан әрі тереңдету жайын талқылайды деп күтілуде.
Осы оқиға қарсаңында біз Астанаға сапар шеңберіндегі шаруаларды үйлестіру мақсатында келген Қазақстанның Беларусьтегі Төтенше және өкілетті елшісі Ерғали БӨЛЕГЕНОВТІ әңгімеге тартқан едік.
3-4 қазан күндері Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың Қазақстан Республикасына ресми сапары болады. Сапар барысында оны Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қабылдап, мемлекет басшылары екі елдің ынтымақтастығын одан әрі тереңдету жайын талқылайды деп күтілуде.
Осы оқиға қарсаңында біз Астанаға сапар шеңберіндегі шаруаларды үйлестіру мақсатында келген Қазақстанның Беларусьтегі Төтенше және өкілетті елшісі Ерғали БӨЛЕГЕНОВТІ әңгімеге тартқан едік.
– Қазіргі таңда Қазақстан мен Беларусьтің екіжақты қатынастары қандай деңгейде және екі елдің ынтымақтастығына қандай баға беруге болады?
– Қазақстан мен Беларусь арасындағы қарым-қатынас әрқашан тұрақты және достық сипатқа ие. Екі ел арасында ешқашан түсініспеушілік орын алмағаны талассыз шындық. Біз екіжақты пішінде де, әртүрлі халықаралық алаңдарда да тығыз әрі жемісті байланыс жасасып келеміз.
Қазақстан-Беларусь экономикалық ынтымақтастығы, тұтастай алғанда, соңғы жылдары шын мәнінде қарқын ала бастады. Бұл екі елдің экономикалық өркендеуімен, шаруашылық байланыстардың қалпына келуімен, сондай-ақ, Қазақстан мен Беларусьтің посткеңестік кеңістіктегі барлық интеграциялық бірлестіктерге қатысуымен тікелей байланысты. Атап айтқанда, осындай ынтымақтастықты жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашатын Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістіктің орны аса маңызды.
Қазақстан мен Беларусь президенттерінің екі ел арасындағы ынтымақтастықтың стратегиялық бағытын жолға қойған айтулы рөлін атау қажет. Екі елдің басшылары арасындағы қарым-қатынас тек ресми ғана емес, адами бағытта да өте тығыз қалыптасқан. Олар екіжақты байланыстардың қазіргі ахуалы мен даму болашағын талқылау үшін әрбір мүмкіндікті құр жібермеуге ұмтылады. Бұдан бөлек, жыл сайын өзара сапарларды жүзеге асыру туралы уағдаластық та бар. Бұл ретте, Қазақстан Беларусь Президенті Александр Лукашенконың алдағы ресми сапарына аса зор мән береді.
– Бұл мән берудің мәнісі неде және ынтымақтастықтың қандай бағыттарының болашағы зор деуге болады? Бәлкім, елдеріміз тәжірибе алмаса алатын салалар бар шығар? Осы бағытта Беларусь Қазақстанға не ұсына алар еді?
– Ынтымақтастықтың жекелей салалары бойынша біршама жақсы жұмыс атқарылған. Бұл, бірінші кезекте, машина жасау саласы. Қазақстанда әртүрлі мақсаттарға арналған беларусьтік техниканы құрастыру бойынша 13 бірлескен өндіріс орны жұмыс істейді. Әйткенмен де бұл жеткіліксіз. Өйткені, дайын өнімді бұрап, құрастыра салу қиын емес. Сондықтан ел басшыларының тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда дайын өнім шығаратын толық технологиялық цикл орнату туралы мәселе пысықталу үстінде. Сонымен қатар, техникаға қызмет көрсету бойынша сервис орталықтарын құру, жер-жерде әртүрлі салаға қажетті мамандар дайындау бағытында жұмыстар атқарылуда.
Қазақстан үшін ауылшаруашылық саласындағы беларусьтік тәжірибе қызығушылық тудырады, оның ішінде агроқалашықтардың, сүт өнімдері фермаларының құрылысы, асыл тұқымды мал шаруашылығы мен құс шаруашылығын дамыту, бордақылау алаңдарын құру, ауылшаруашылық мәдени дақылдар өсіру, т.б. бар.
Бұдан бөлек, қазіргі таңда Қазақстанның белгілі бір өңірінде ет-сүт өнімдерінің өндірісі, сондай-ақ егіншілік шаруашылығы мен мал шаруашылығы бойынша үлгілі шаруашылықтар құрудың бірлескен жобалары жүзеге асырылуда. Беларусьте мал шаруашылығы мен топырақ өңдеу саласында әзірленген ең үздік зерттемелерді өзімізде ендіру жоспарланып отыр. Аталған іс оң нәтиже берсе, осындай тәжірибе басқа да аймақтарға таралмақ.
Екі ел аймақтары арасында тікелей байланыстар орнату мен дамыту айтарлықтай әлеуетке ие. Биыл Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарының әкімдері бастаған делегациялар Беларусьте болып қайтты. Минск облысының Қарағанды облысына жауапты сапары жүзеге асты.
Жалпы, сауда-экономикалық қатынастар да жүйелі сипатқа ие. 2009-2016 жылдарға арналған Беларусь Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы жұмыс істеп тұр. Аталған бағдарламаны орындау мақсатында тараптар әрбір екі-үш жылда «жол картасы» негізінде екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту бойынша бірлескен іс-шаралар жоспарын қабылдайды. Ал Беларусь Президенті А.Лукашенконың Қазақстанға ресми сапары барысында 2014-2016 жылдарға арналған кезекті «жол картасы» қабылданатын болады.
– Қазақстан, Ресей және Беларусь барынша тығыз интеграцияланған мемлекеттер үштігіне кіреді. Кеден одағы, Біртұтас экономикалық кеңістік осы сөзімізге дәлел. Ал мұның болашақта Еуразиялық экономикалық одақ құруға жағымды әсері бар ма және ол Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру талпынысымен қаншалықты ұштасады?
– Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік Қазақстан мен Беларусь арасындағы қатынастарды жаңа деңгейге көтерді, сондай-ақ жуық перспективада екіжақты тауар айналымының көлеміне жағымды ықпал етуі мүмкін. Дегенмен, интеграциялық «үштік» шеңберінде Қазақстан мен Беларусь әзірге негізінен дәстүрлі түрде Ресейге қарай бейімделетінін айту керек. Осы себепті екі ел арасындағы басымдықтар толық көлемінде пайдаланылмай отыр. Бірақ Қазақстан мен Беларусьтің аумақтық орналасуы нәтижесінде үлкен тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік мол. Өйткені, Беларусь Қазақстан үшін Еуропаға жол ашатын «қақпа» болса, Қазақстан Беларусь үшін өзінің өнімдерін Қытай мен басқа да Азия мемлекеттеріне шығарудың «плацдармына» айнала алады. Біз осы бағытта жұмыс жүргізіп келеміз, жақын болашақта елеулі нәтижелерге қол жеткізетінімізге сенімдіміз.
Кеден одағының оң әсерлері қазіргі кездің өзінде-ақ байқалып отыр. Бірінші кезекте шекараларды жеңіл түрде кесіп өтуге мүмкіндік беретін бөгеттер жойылған. Келесі кезең – толыққанды Біртұтас экономикалық кеңістіктің құрылуы капитал, тауар, қызмет пен еңбек қорларының бөгетсіз ілгерілеуіне жол ашады. Бұл – елеулі табыс. Біздің бизнесмендеріміз біртұтас бәсекелі ортада және бірыңғай ережелер бойынша жұмыс істейтін болады. Инвестициялар, кәсіпорындардың технологиялық деңгейін арттырудың жаңа мүмкіндіктері ашылады.
Өз кезегінде, Біртұтас экономикалық кеңістік рыногындағы бәсекелестік үш елдің экономикаларын жаңғыртудың мықты діңгегіне айналатын болады. Ол біздің кәсіпорындарды Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі қарсаңында нығайта түседі. Мұндай жағдайда бизнесті жүргізу шарттары барынша қатаң болады. Осының барлығы Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиялық Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыруға жәрдемдесетіні сөзсіз.
– Адамзат үшінші индустриялық төңкеріс қарсаңында тұр. Бұл орайда Қазақстанның да, Беларусьтің де ақылды экономика құру, инновациялық жобаларға инвестициялар тарту, технологиялар трансферті, жеке ғылыми базасы мен ғылымды коммерциялауға қызығушылығы бар екені рас. Осы бағыттағы қатынастар қай деңгейде?
– Аталған салада жұмыс жүргізілуде. Қазақстан-Беларусь ғылыми-білім беру консорциумы құрылған. Қазіргі уақытта оның құрамына Қазақстанның 14 жоғары оқу орны мен Беларусьтің 19 жоғары оқу орны және ғылыми-зерттеу институттары кіреді. Үйлестірушілері – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Беларусь ұлттық техникалық университеті.
Консорциум қызметінің негізгі бағыты – жаңа бірлескен ғылыми-техникалық жобаларды жүзеге асыру, инновацияларды ілгерілету, жаңа технологиялар, идеялар, ғылыми ақпараттармен алмасу. Бірқатар бағыт бойынша бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Жалпы, 112 жоба бойынша жұмыс істеу көзделген.
– Ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі – қауіпсіздік саласы. Аталған саладағы әрекеттестікке қандай баға берер едіңіз?
– Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық көпжақты, екіжақты пішіндерде даму үстінде. Көпжақты деңгейде, бірінші кезекте, ҰҚШҰ шеңберіндегі ынтымақтастықты атаған жөн. Беларусь те, Қазақстан да аталған Ұйымға мүше болып табылады. Қазақстан мен Беларусьтің Қарулы Күштері Ұйымның барлық бірлескен әскери оқуларына қатысады. Мысалы, 20-26 қыркүйек аралығында Беларусьте Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің Ұжымдық жедел ден қою күштерінің «Өзара әрекеттестік – 2013» бірлескен әскери оқулары өтті. Аталған оқуларға Қазақстанның Аэромобильдік әскерлерінің десанттық-шабуылдаушы бригадасының әскерлері қатысты. Бұдан бөлек, ТМД аясында Достастыққа мүше мемлекеттердің әлеуетті құрылымдарының басшылар кеңесі жұмыс істейді. Олардың отырыстары жыл сайын өтеді.
Қазақстан мен Беларусьтің қауіпсіздік саласындағы басымдықтары бірдей: есірткі тасымалына, заңсыз миграцияға, адам саудасына, кибер қылмысқа, экстремизм мен заманауи қатерлерге, басқа да сын-қатерлерге қарсы әрекет ету.
– Әңгімеңізге рахмет. Дипломатиялық қызметіңізде табысты болыңыз.
Әңгімелескен
Самат МҰСА,
«Егемен Қазақстан».