Кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен селекторлық режімде өткен Үкімет отырысында тариф саясатын жетілдіру тәсілдері талқыланды.
С.Ахметов аталмыш мәселенің әлеуметтік маңыздылығын айта келе, тарифтік реттеу жүйесін жақсарту Мемлекет басшысының айрықша бақылауында тұрғанын атап өтті. Ол, сондай-ақ, тарифті көтеруге қатысты барлық факторларды ескеру қажеттігіне монополистер тарапынан қаржыны пайдалану мәселесінің қатаң бақылауда болуы керектігіне тоқталды.
Кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен селекторлық режімде өткен Үкімет отырысында тариф саясатын жетілдіру тәсілдері талқыланды.
С.Ахметов аталмыш мәселенің әлеуметтік маңыздылығын айта келе, тарифтік реттеу жүйесін жақсарту Мемлекет басшысының айрықша бақылауында тұрғанын атап өтті. Ол, сондай-ақ, тарифті көтеруге қатысты барлық факторларды ескеру қажеттігіне монополистер тарапынан қаржыны пайдалану мәселесінің қатаң бақылауда болуы керектігіне тоқталды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов баяндады. М.Оспановтың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, 2012 жылы бұл салаға тартылған инвестиция көлемі 208,8 млрд. теңгені құрап, 2011 жылғы деңгейден 46 пайызға артық болыпты. Ал 2013 жылғы инвестиция 230 млрд. теңге деңгейінде жоспарланып отыр.
Инвестиция көлемін арттыру, инвестициялық бағдарламаларды жасау мен жүзеге асыру әрбір монополистің міндеті болып табылады, сонымен қатар, инвестициялық бағдарламалар белгіленген индикаторларға, яғни тозған құрал-жабдықтарды жаңартуды, нормативтік шығынды, отын мен құрал-жабдықтарға үлесті, энергияның жұмсалуын белгіленген индикаторларға жеткізу тиіс, деді М.Оспанов. Ол сондай-ақ, агенттіктің веб-сайтында барлық монополистердің инвестициялық бағдарламалары туралы нақты ақпараттар, бағдарламаның әрбір бағытының орындалуы туралы есептер орналастырылғанын атап өтті.
Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының хабарлауынша, энергияны үнемдеу мен энергия тиімділігі бойынша шаралар 2012 жылы тұтынушылардың 7,3 млрд.-тан астам теңгені үнемдеуіне мүмкіндік берді. Ал жыл соңына дейін нормативтен артық шығындар толық жойылатын болады.
М.Оспанов, сондай-ақ, инвестициялық бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру мақсатында монополистер жұмысын бақылаудың, оның ішінде қоғамдық мониторинг жүйесі арқылы бақылау жасаудың күшейтілгенін хабарлады. Үстіміздегі жылы 284 тексеру жүргізіліп, 1018 ұйғарым енгізіліпті. 244 сот талқылауы қатыстырылған. Ал салынған айыптың жалпы сомасы 3,1 млрд. теңгені құрады. Тұтынушыларға зиян келтірген шығындарды өтеу үшін 1,2 млрд. теңге сомасында уақытша өтемдік тарифтер енгізілді. Қайта есептеу қорытындысы бойынша тұрғындарға 2012-2013 жылдарғы жылу беру маусымы кезінде пайда болған кері қайтару сомасы 500 миллионнан астам теңгені құраған.
Агенттік басшысының айтуынша, ұсынылып отырған жүйелік шешімдерді жүзеге асыру көрсетілетін қызмет сапасын, тарифтердің негізділігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді.
Селекторлық отырыста одан әрі табиғи монополиялар субъектілерін тарифтік реттеу мәселелері бойынша Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев қосымша баяндады.
Табиғи монополиялар, нақты айтқанда, коммуналдық сектор салаларында өндіріс жабдықтарының тозуы мен технологиялық артта қалушылық мәселесі орын алған, соның салдарынан тиімділіктің төмендеуі мен ысыраптар байқалады, деп атап өтті министр. Осыған байланысты, табиғи монополиялар субъектілерін, оның ішінде коммуналдық қызмет көрсететін субъектілерді тарифтік реттеу, ең алдымен, активтерді жаңартып, жаңғырту үшін инвестициялардың көлемін ұлғайтуға бағытталған. Е.Досаев, сонымен қатар, бұл саладағы кейбір мәселелердің шешімін табу үшін қазіргі уақытта табиғи монополиялар субъектілерін шекті тарифтер арқылы жұмыс жасауға өткізу жүзеге асырылып жатқанын алға тартты. Сондай-ақ, қазіргі уақытта кейбір заңнамалық актілерге табиғи монополиялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыруларды енгізуді көздейтін заңның тұжырымдамасын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұдан басқа, табиғи монополиялар субъектілерін тарифтік реттеу жөнінде ұзақ мерзімді бағдарлама әзірленуде.
Отырыста, сондай-ақ, Тау-кен өндірісі және кен металлургиялық кәсіпорындары қауымдастығының төрағасы Н.Радостовецтің, Қазақстандық электр энергетикасы қауымдастығының басшысы Ш.Оразалиновтың, «Су ресурстары маркетингі» ЖШС бас директоры А.Орманның есептері тыңдалды.
Жиынды әдеттегідей С.Ахметов қорытындылап, мәселеге орай Үкімет мүшелеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді. «Тарифтерді реттеу мен көтеру үшін жабдықтар мен желілер активтерін қолдау мен жаңарту бойынша инвестициялық бағдарламалар міндетті түрде болуы шарт. Бұл нағыз энергия тиімділігін, жалпы тиімділікті арттыру, қызмет сапасын жақсарту болып табылады», деген Үкімет басшысы монополистердің тарифтерді көтеру шеңберіндегі өзге уәждерінің орынсыз және қабылдауға келмейтінін атап өтті.
Тарифтерді реттеудің қолданыстағы жүйесінде монополистер қызметінің сапасы, олардың пайдаланған қаржысына бақылау сияқты бірқатар маңызды мәселелер бар дей келе, С.Ахметов Табиғи монополияларды реттеу агенттігіне аталмыш саланы айрықша бақылаудың, оның ішінде қоғамдық мониторинг арқылы бақылаудың қажеттігін атап көрсетті. Агенттікке, сондай-ақ, коммуналдық қызмет көрсету, тозу мен шығынды азайту бойынша индикаторлар бекіту кездерінде сапа стандарттары мен сервистік қызмет көрсету жүйесін жасау және оны заңдық тұрғыда бекіту бойынша жұмыстарды жалғастыра беру тапсырылды.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».