«Бір таяқ аса тиеді, бір таяқ баса тиеді» дейді халық. Жасыратыны жоқ, ашық айтылып та, батыл күресіліп те жатыр, алайда, сыбайлас жемқорлық індеті басқа әлі аса да, баса да тиіп тұрғаны шындық. Соның алдын алу, тамырына балта шабу айқасында бәсеңдік, осалдық жоқ екені де мәлім.
«Бір таяқ аса тиеді, бір таяқ баса тиеді» дейді халық. Жасыратыны жоқ, ашық айтылып та, батыл күресіліп те жатыр, алайда, сыбайлас жемқорлық індеті басқа әлі аса да, баса да тиіп тұрғаны шындық. Соның алдын алу, тамырына балта шабу айқасында бәсеңдік, осалдық жоқ екені де мәлім.Кеше Қарағандыда өткен Жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысы «Нұр Отан» ХДП жемқорлықпен күрес бойынша бағдарламасының облыста орындалу барысы туралы» мәселені талқылауға арналды. Алғаш рет көшпелі кеңейтілген пішінде қалалық және аудандық партия ұйымдары басшыларының қатысуымен ұйымдастырылған отырысты аталған кеңестің төрағасы Оралбай Әбдікәрімов ашып, жүргізді.
Онда облыс әкімі Бауыржан Әбдішев сөз алып, бұл бағытта атқарылудағы іс-шараларға шолу жасады. Жасырмай ортаға салынғандай, осынау кеселдің қоғам дамуына кедергісі аз болмай келеді. Әсіресе, өкінішке қарай, мемлекеттік қызметшілердің кейбірі арасында жең ұшынан жалғасу әрекеттерінің өсуі байқалады. Мәселен, бұрнағы жылы 87 теріс факт болса, былтыр 127-ге жеткен. Биылғы 8 айда 107-сі анықталып отыр екен. Өңір басшысы бұл күрес барынша күшейтуді қажет ететіндігін айтып, сол бағыттағы міндеттерге тоқталды.
Парламент Мәжілісінің депутаты, кеңестің сарапшылар комиссиясының жетекшісі Өмірхан Өксікбаев жасаған баяндамада мәселе мән-жайы жан-жақты сараланды. Комиссия жемқорлыққа қарсы күрес бойынша партияның 9 аймақтық және аумақтық филиалдарының, бірқатар бастауыш ұйымдарының, сондай-ақ, 6 қалалық және аудандық әкімдіктің, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау салаларының жұмысын тексеріп, талдау барысында жағымды жетістіктермен қатар, біраз кемшіліктердің орын алғаны анықталды. Сарышаған кентінің, Шет және Ұлытау аудандарындағы Үңірек, Терісаққан ауылдық округтері әкімдерінің, Қарағанды қаласы Октябрь ауданы судьясының, облыстық ІІД көші-қон полициясы басқармасының бас маманының пара алу сияқты әрекеттері әшкереленді.
Ө.Өксікбаев өз сөзінде, сонымен бірге, Парламент депутаттары Иран Әміров, Айгүл Соловьева, Қуаныш Айтаханов, «Нұр Отан» ХДП Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Боран Рақымбеков білдірген ұсыныс-пікірлерде қоғамға қауіпті кеселмен күресте жұртшылықтың көмегіне арқа сүйеу, арыз-шағымдарына, талап-тілектеріне сергек қарау керектігі алға тартылды. Осы орайда, үкіметтік емес ұйымдармен, саяси партиялармен, қоғамдық ұйымдармен, бұқарлық ақпарат құралдарымен мүдделестік жұмысты ширату маңыздылығы аталды. Әртүрлі теріс қылықтармен мемлекет беделіне, партия абыройына нұқсан келтірушілермен күрестің жаңа жүйесі қарастырылуы қажеттігіне ой тасталды.
Бұдан кейін Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әбдіров «Нұр Отан» ХДП бастамашылығымен дайындалған «Жемқорлыққа қарсы әрекет» атты жаңа заң жобасымен таныстырды. Жоба қызу талқыланып, барлық қатысушылар тарапынан құпталды.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.