Сұхбат • 29 Мамыр, 2020

Досым СҮЛЕЕВ: «Дос-Мұқасан» тағдырыма әсер етті...

5563 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

1970 жылдары «Дос-Мұқасанның» атағы жер жарып тұрғанын бүгінгі аға буын өкілдері жақсы біледі. Алайда Досым Сүлеев сол өнердің асқақ даңқын инемен құдық қазғандай мехнаты шексіз ғылым жолына айырбастауға шешім қабылдады. Ғылым мен өнер тәрізді бір-бірімен жолдары түйіспейтін қос саланы қос қанатына балаған ағамыз әңгіме барысында ғылымдағы жетістіктері, идеялары «Дос-Мұқасанның» көлеңкесінде қалса да, ешкімге ұқсамайтын тағдырына риза екенін айтады.

Досым СҮЛЕЕВ: «Дос-Мұқасан» тағдырыма әсер етті...

– Сіз атақты ғалымсыз, ака­демиксіз. Тіпті КСРО кезеңінде сіздің жобаларыңыз зауыттарда қолданылды. Бірақ қазақ арасында қайраткерлігіңіздің, аза­маттық болмысыңыздың «Дос-Мұқасанға» қатысты қыры ба­­сым түсіп жататын сияқты?

– Өз саламда үлкен дәрежеге жеткенім рас. Бірақ халық мені «Дос-Мұқасанның» іргетасын қалаған әнші-композитор Досым ретінде еркелетті, алақанына сал­ды. Кейінгі толқында да сондай көзқарас қалыптасып келе жатқанын сеземін. Алайда мен сазгер Досым мен академик До­сым­ды бір-бірінен бөле алмаймын, екеуі де маған тым жақын. Алғашқысы – жастық дәуреннің бір белгісіндей, ал екіншісі – таңдаған мамандығым.

Ғалымдар ортасында жо­ға­ры деңгейге жеткен менің құр­дастарым, тұрғыластарым көп. Бі­рақ оларды ел ішінде екінің бірі тани бермейді. Және олар көптің көзі мен сөзінде жүргенді қала­майды. Себебі олар елім деп ғұмыр кешкен ерлерінің есімін елі білуі тиіс деген қағидамен өмір сүреді.

Ал менің сырт көз алдындағы та­нымалдылығыма қатысты айта­рым – ғылымдағы достары­ма ұқ­са­майтын тағдырым шығар. Бұл менің ғана емес, «Дос-Мұқа­сандағы» ғылымның, шенеуніктің шекпенінде жүріп, өнерге деген махаббатына селкеу түсірмей жүрген достарымның басындағы жай. Елші Шәріп Омаровты да өмір бойы «Дос-Мұқасанның» атақ-даңқы өзінен алысқа жі­бермеді. Мейірбек Молдабеков те сондай жайтты бастан кешіп жүр.

– 1960 жылдар 1940 жылдары басталған индустриялан­дыру бағдарламасының нәти­же­сі се­зіле бастаған жылдар екенін білеміз. Зауыттар, кәсіп­орындар бірінен кейін бірі салы­нып жатты. Бұл қазақ жас­тарының тех­никалық білімге деген қызы­ғушылығын оятқан шығар.

– Қазақтың өмірден еншімді алсам деп талпынған, өзін өзі іздеген кезі де сол жылдарға тура келді. 1920-1930 жылдардағы қа­зақ әлемі мен 1960-1970 жылдары қазақ әлемінің арасындағы айыр­машылық та тап осы жылдары бай­қалды: Алғашқысы азаттыққа ұмтылды, алыстағы Жапонияны үлгі тұтып, бастарын бәйгеге тікті. 1960 жылда­ры сайдың тасындай болып іріктеліп шыққан қазақ жастары – солардың ержетіп, ат жалын тартқан ұрпақтары. Олар қуғын-сүргіннің құрбаны болған әке тағылымынан сабақ алып, барынша сақтық танытты. Бейнелеп, Қадыр ақынның тілімен айтқанда шындықты жеткізу үшін аздаған өтірік қосып, қазақтың болмысын өзіне қайтармақ болып атқа қонған толқын болды. Біз де жаратылыстану саласындағы қазақтың алынбаған еншісін өзіне қайтарып бермек болып, атқа қондық.

– «Дос-Мұқасан» ансамблі дүниеге келіп, қазақ әуендерін шар­тарапқа таратты. Ал тап сол жылдары Мәскеуде Мұрат Әуе­зов бастаған қазақ жастары «Жас Тұлпар» ұйымын ашып, 1920 жыл­дардағы түркі идея­сын кө­терді. Олжас «Аз и Я-ны» жа­зып, түркі сөзінің тү­бірін түген­деп, даланың құдіретіне бас иді. Сіз­­діңше, 1960 жылдардың фено­мені не?

– Қазір жазушылар 1960 жыл­дардағы қазақ санасының өзгерістерін тек әдебиетпен ға­на байланыстырады. Техника саласында жүргендер бұл өзге­рістерден тыс қалды деген де пікір бар. Бұл біржақты пікір дер едік. Қазір техника немесе жаратылыстану саласында жүр­ген мүйізі қарағайдай ақсақал академиктердің барлығы 1960-1970 жылдардың «өнімі». 1967 жыл­дары Алматыда политех­ни­калық институттың, қазіргі тіл­мен айтқанда орыс тілді жігіттері «Дос-Мұқасанды» құрды. Еш­кімге елік­теген де, солықтаған да жоқ. Қазақ әнін көкке көтерді. Алматының төрінде тұрып, «Тоқ­­таңыз сұлу қыз су іздеген, танысқым келеді менің сізбен» деп сұлуларға үн қатты, «Жан досым, үстем болсын мерейің» деп достықты, адалдықты насихаттады, «Махабаттың құдірет күші әлдилеп» деп жанам деген жүрекке от берді, «Алматы түнін» шырқап, ауылдағы жастардың кеудесіне үміт отын жақты. «Ас­тыма мінген атым генадушка, Шабамын көңіл ашып немношка. Не керек бұл дүниеде жить етуге, Азырақ ойнап-күлмей, молодушка» деп сол кездегі саясаттың да тілін тапты. Сол кезде шырқалған қазақ әндеріне қараңызшы. Ән мен мәтіннің астарындағы рух қазақ жастарының бойындағы қалғып бара жатқан намысты қытықтап, түртпектеп жүріп оятты. Айтарын ашып айта алмаған кер заманда бұдан артық қандай идеология керек? Басқаша айтқанда 1960 жылдардағы қазақ зиялылары 1930 жылдары күл астында қалған шоқтан жалын болып лаулады. Бір-бірімен жұтылып бара жатқан әлемде қазақ болып дараланғысы, көзге түскісі, танылғысы келді. 1960 жылдардың феномені осы деп ойлаймын.

– Сізбен сұхбатқа дайындық барысында 1960-1970 жылдары жоғары білім алған адамдар туралы статистикамен та­ны­­сып шықтым. Қарап отыр­сақ, жастардың 60 пайы­зы заңгер, 15 пайызы ауыл ша­руа­­­шылығының мамандары, эко­­номист, дәрігер. Техника са­ла­­сының маманы болсам де­ген­­дердің үлесі 2 пайызға да жет­­пейді екен. Сол кездегі орта «Дос-Мұқасанның» артында тұр­ған жігіттердің таңдап алған мамандығына мән бермеді, олар­дың тек әншілік сипатына ғана назар аударып, өзгесі су астына шөгіп кеткен асыл тас­тай әсер қалдырады екен. Ән, сахна сол кездегі жастар үшін де тренд болды ма?

– Ән, сахна, өнер қазаққа өтке­нін ұмыттырмау мен еске салудың құралы болды. Жойылуға, жұ­ты­луға бет алған қазақ жанталасып, ән мен қаламның жалына жармас­ты. Бұл мүмкін, қазақ үшін өзін өзі ұмыттыруға берілген соңғы мүмкіндік екенін халық болып сезінді. Ол кезде үкілі домбыра ұстап сахна төріне шыққан кез келген әнші көздің қарашығындай қабылданды.

 Ал техникалық ғылым кенжелеп дамып келе жатқан сала ғой. Бұған әсер еткен факторлар өте көп. Басқаша айтқанда техника мамандарына деген махаббат қазақтың геніне сіңіп кететін уақыт болған жоқ әлі. Одан бөлек жастардың ықыласын оятатын себеп те көріп тұрған жоқпын. Ғылым соңында жүрген жарты ғасырда әлемде мен болмаған ел кемде-кем. Көзім жеткен ақиқат – экономикасы, ғылымы мен білім нашар дамыған елдерде әнші-бишілер тұлға болып, төрге шығып, кейінгі толқын үшін еліктеу мен солықтаудың үлгісіне айналады екен. Мемлекеттердің бәріне экономикасы мен эстрадасын қатар дамытып, соңғысын әлемге идеология ретінде тық­палап отырған АҚШ тәрізді алпауыт ел болуды жазбаған. Сіз айтпақшы, қазақтың ғылымы, оның ішінде техника, жаратылыстану саласына бағытталған ғылымы жел толқытып, су бетіне шығатын кезді күтіп жатыр. Қо­ғам­дық формациядағы буын алмастығы деген кезең-кезеңімен жүретін және сәті түскенде болмай қалмайтын құбылыс сияқты. Оны жасанды түрде қалыпастыруға келе қоймайды. Қазақ аман болса, қазақтың жаратылыстану ғылымы да алтын астаудан, күміс қасықпен ас ішетін күн алыс емес шығар.

– 1973 жылы Берлинде Бүкіл­дүниежүзілік ән фести­валінде алтын медальді жеңіп алған соң Алматыда Ленин атындағы сарайда қатарынан он күн бойы ән кешін өткізіпсіздер. «Сарайға сыймаған жастар ішке терезені бұзып кірген, сол тұстағы ел бас­шысы Дінмұхамед Қонаев ата­мыз досмұқасандықтарды тарап кетуден арашалап алған» деген әңгіме бар ел ішінде. Енді соны айтыңызшы.

– Рас, ондай жағдай болды. Сол кездегі Ленин атындағы Респуб­лика сарайында ең алғаш болып концерт қойған біз екенбіз. Оның алдында Берлинде өткен фестиваль­де алтын жұлдыз алға­нымыз, 1925 жылы Әміре ата­мыздың Парижде күміс медаль иеленгенінен кейінгі алғашқы қуа­ныш қазақтың рухын көтеріп кетті.

Республика сарайында өтетін жарыс алғашқыда бір күнге жос­пар­ланған еді. Сарай инеден жаңа шыққандай, көздің жауын алып, тігісі сөгілмей жарқырап тұр. Алғашқы күні сарайға сыймай қалған халықтың көптігінен есік-терезе сынды. Үш адам бір орындыққа отырған соң жетісе ме, шалқайып ол кетті. Содан екінші, үшінші күнге, соңы 10 күнге жалғасты. Он күн бойы анш­лагпен өткен концерт КСРО, тіпті әлем тарихында болмапты. Халықтың ықыласында шек жоқ. Кейін абыр-сабыр басылған соң терезенің шытынап, жап-жаңа орындықтардың сынғанын көрген респубика сарайының басшылары үстімізден біз оқып жүрген оқу орнына шағым түсіріп, топты таратып жіберуді талап еткен. Бұл әңгіменің соңы Димекеңе жеткен. Димекеңнің «Балалар қазақ­тың рухын көтеріп жүр. Бала­­лардың бір тал шашы түссе, бастарыңмен жауап бересіңдер» деген ескертпесінен кейін бәрі тынышталды ғой.

Топқа алғашқы күндерден бас­тап, жеті жыл бойы жетекшілік еттім. Жеті жыл бойы КСРО кө­ле­­мінде түрлі конкурстардың лау­реаты атанып жүрдік. Берлин фестивалінен кейін Венгрияда өткен Халықаралық конкурсқа қатыс­тық. ГДР жеріндегі жеңіс, расында триумф еді. Егер, ән әлемінде жүре берсем, бас айналдыратын жұлдызды кезең күтіп тұр еді. Себебі шетелдерге шыққан мемлекеттік делега­цияның құрамында біз жүрдік. Шетелден келіп жатқан аспаптар алдымен бізге берілетін. Бұл да Димекеңнің жастарға деген оң ықыласының нәтижесі шығар. Менiң Мәскеуге сұранып жүргенiмдi естiген болуы керек, сол кездегi Мәдениет минис­трi Жексенбек Еркiнбеков қабыл­дауына шақырып, «Өнерде қала берсеңшi, атақ беремiз, жағ­дайың­ды жасаймыз» дегені бар. Бірақ мен ғылымды таңдадым. Ғылым мен ән әлемі – екі жағалау. Мен де, Мейірбек Молдабеков те ғылымдағы жолымызды жоғары оқу орнын енді ғана аяқтаған жас маман ретінде бастадық. Ғылым, кеше де, бүгін де тек бәсекеге тө­теп бергендер ғана шыдас бере­тін аламан бәйге. Мен өзіме бейтаныс жаңа әлемде бағымды сынап көргім келді.

– Кейiн өкiнiш болған жоқ па?

– Өкiнiшiм жоқ. Одан бө­лек қазақы қоғамға таңсық­тау тех­нологиялық басқару саласындағы ғылыми жұмысымызға Ресей ғалым­дары энциклопедиясының төрінен орын берді. Техника саласында жүргенде де абыройсыз болған жоқпын. Өз бағымды таптым десе де болады. Егер жолым болмай, сәтсiздiктерге ұшырасам, өкiнер ме едiм. Ғылым соңында жүргенде 9 доктор, 12 ғылым кандидаты, 260 ғылыми еңбек, 6 моно­графия, 7 ЖОО оқулығын жазыппын.

Тағдырыма ризамын деп тоқ­мейілсігім келмейді. Қиын­дықты да көрдік. Аздап қиналған кез­деріміз тәуелсіздік алған жыл­дарға тура келді. Алматыда энергетика институтында прорек­тор­мын. Жалақының уақтылы беріл­мейтін кезі. Сол кездері отба­сымды асырау үшін таксист болғанмын. Танымал адаммын. Басыма шапканы басып киіп, үлкен қара көзілдірікпен, тұм­шаланып алып адам тасыдым. Пәтерім, көлігім бар, соның өзінде ақша болмағаннан кейін бала-шағаны бағу біраз қиын болды.

 Ғарыш заңы бойынша әрбір халықтың әрбір ұлттың, тіпті әрбір адамның маңдайына жарқ етіп ашылатын, жұлдыз болып жарқырайтын кезді сыйлай­тын сияқты. АҚШ генетигі Роберт Грекхэмге сенсек, гендегі жұл­дыз­ды жасуша – адамзатқа ортақ. Қазіргі ғылым оның құрамын 11 пайыз, араға уақыт салып ояну мүмкіндігін 6 пайыз деп отыр. Геннің жылдар бойы ұйықтап жа­туы, үш-төрт ұрпақ ауыса оянуы, тіпті оянбай қалуы да, оның оян­ған сәтін адамның біл­мей қалуы да әбден мүмкін. Ата­ларымыз бұл сәтті «жұлдызы жанды» деп бір ауыз сөзбен түйіндеген. Біздің ғана емес, қазақ ұлтының геніндегі жұлдызды жасуша 1960-1970 жылдар қазақ интелегенциясының дә­уірлі ша­ғында жарқыраған шы­ғар. Сол кез, «Дос-Мұқасанда» өнер көрсеткен топтан мені қос­қан­да үш академик Мейірбек Мол­дабеков, Николай Бүктіков, философия саласында Досымжан Сыдықов шықты. Шәріп Омаров КСРО кезінде Орталық Комитетте қыз­метте, кейін Тәуелсіз Қазақстанның Чехия­дағы елшісі болды.

Ғылым мен ән менің қос қана­тыма айналғалы жарты ғасырдан асып барады. Бойымдағы аздаған ұйымдастырушылық қасиетімді жетілдіріп, елге танытқаны үшін «Дос-Мұқасанға» қарыздармын.

– Дегенмен, сіздің талғам ән­ге келгенде сараңдық таныт­қан тәрізді. Әндеріңіздің бізге бел­гілісі «Той жыры», «Жан досым», «Алматы түні». ХХ ғасыр­дың екінші жартысында туған әнге ХХI ғасырда туған ұрпақ бей жай қарай алмады. Кейде күмбір кеудесінен таңғажайып әуен төгіліп түскен талант неге екі-үш әнмен шек­теліп қалды деп ойлайсың...

– Мен жиырма шақты ән жаздым. Екі-үш әнім дараланып сіздерге жетіпті. Рас, үш ән де әлі күнге дейін айтылады. Ал «Жан до­сым» біздің төлұжатымызға ай­налды. Құрманайды, Шәріпті, Бақытжанды ақырет сапарына «Жан досыммен» шығарып салдық. Ал кеше ғана дүниеден өткен Хамит Санбаевпен карантинге байланысты дұрыстап қоштаса да алмадық. Дәм-тұзым таусылған күні о дүние сапарына мені де сол әнмен шығарып салатынын ішім сезеді.

Ал енді негізгі сұраққа айтар жа­уабыма тоқталсам: Жақын­да шығармаларын сүйіп оқитын Рақымжан Отарбаевтың күнде­лігіндегі бір ой көңіліме қонақтап, сіз айтпақшы әнге сараңдық танытуыма себеп болған жұмбақты шешіп берді. Рақымжан заман­дасымның ойы «Жас келген сайы­н сөзге сараң болып барамын. Сөз сөзге көлеңкесін түсіріп, демеп тұру керек. Ақ қағазды бос сөзбен былғағым келмейді» дегенге саяды. Бәлкім мен де сонда солай ойлаған шығармын. Өнер деген аппақ әлемді жаңқадай өнімдермен былғағым келмеген шығар.

– Батыстың әуеніне еліктеу­шілер сол бір шақта Кеңес Ода­ғының барлық аумағындағы жас­тарды еліктіріп әкеткені рас. Бұл ағым сіздерге қалай әсер етті?

– Кеңестік идеологияның үгіт-на­сихатына жастар мойын­сұнбады. Гитара ұстаған әнші Дин Ридке ұқсап бақты. «Битлз» ансамблінің де кеңес жастарына әсер-ықпалы өте күшті еді. Осылайша батыстық мәдениеттің ықпалынан сол кезеңде Грузияда «Орэра», Ресейде «Голубые гитары», «Веселые ребята», «Поющие гитары» вокальды-аспапты ан­сам­бльдері дүниеге келді. Бізде батыстық ағымды қазақ өнерімен синтез­дегіміз келді. Болмаса жас­тардың жүрегін жаулап алу мүм­кін емес еді.

– «Жан досым» әнін дос­та­рыңыз Хамит пен Мейірбекке арнады деген әңгіме бар. Музы­калық қабілетіңізді сынға салып байқаған әрекетіңіз алғаш­қы сәтте-ақ екі аяғынан тік тұ­рып кеткен тәрізді.

 – Музыкалық қабiлетiм болды. Оның үстiне нота бiлем. Ең алғаш 1968 жылы «Ғашықпын» деген ән жаздым. Сөзiн Лұқпан жазды. Лұқпан бiздiң ансамблiмiздiң ақыны. Кейiнiрек «Той жыры» шықты. Бұл да екеумiздiң бiрлес­кен туындымыз.

–  «Дос-Мұқасан» бүкіл Кеңес Ода­ғын тербетті. «Дос-Мұ­қа­сан­­нан» кейін барып Ресейде «Са­­моцветы», Белоруссияда «Пес­­няры», Өзбекстанда «Ял­­ла», Украинада «Кобза» және басқа да ансамбльдер шық­ты. Бі­рақ, олар құрамы жарым-жар­тылай жаң­ғырған қал­пын­да беріге дейін жетті.

 – Біздің ансамбль де бізден кейін жаңарған құрамда шығып жүрді. Бірақ, халық соншалықты қабылдай алмады-ау деймін. «Ансамбльді міндетті түрде құру керек» деген тапсырма мойында жүктеліп тұратын болса, дәл осындай ансамбль жасай алмас па едік деп ойлаймын. «Дос-Мұқасан» әрқайсымыздың жүрегіміздің қалауымен дүниеге келген, шынын айтқанда, сол кездегі жас­тар өміріне қажеттіліктен жедел дүниеге келген ансамбль. Сон­дықтан кейінгілерді алғашқы ансам­бльмен салыстыруға болмайды.

– Сіздің үш әніңіз Мәскеу асып, Еуропа, Қытай қазақтары арасында танымал болғанын білеміз. Бұл сіздің материалдық жағдайыңызға қалай әсер етті?

– 1990 жылдарға дейін ай сайы­н авторлардың құқын қорғайтын басқармадан 500 сом қаламақы алып тұрдым. Кейде АҚШ долларымен аламыз. Ансамбльдің атақ-даңқы алыс-жақын шетелдерге де таныла бастағандықтан, қаламақы Қытай, Түркиядан да түсетін. Айлық жалақысы 100-120 теңгеден аспайтын қарапайым инженер үшін бұл, шын мәнінде де жақсы табыс еді...

– Атақты сазгер Нұрғиса Тілен­­диевтің «Досым, балам, бө­­­лі­су керек қой» деген атақты әзі­­лі де сол кезде айтылса керек...

– Мен өзіме тиесілі қалама­қыны сазгерлермен бірге аламын. Бірде Әсет Бейсеуов, Ес­кен­дір Хасанғалиев, Нұрғиса Тілен­диевтермен қатар кезекке тұрып қалдым. Көбі, 280 сом Нұр­­ғиса ағамызға тиесілі екенін байқап қалдым. Жұрттың соңын ала кірсем де ағаларым менің шығуымды күтіп отыр екен. Ме­нің қаламақымның мөлшерін біл­ген Нұр-ағамыздың «Досым, ба­лам, бөлісу керек қой» деген атақ­ты әзілі де сол жерде айтылды.

– 2000 жылдардың ортасын­да ел-жұртқа үміт үздіріп, са­ғын­­дырып барып қайта жарқ ете қалдыңыздар. Арада жарты ға­сыр өтсе де, сабақтастықты үз­­бей қалған құдірет неден қуат алып тұр?

– Ұзақ уақыт «тайм-аут» алып, сахнаға қайта шыққан сәт әлі көз алдымда. Алматының Республика сарайында инешаншар орын болмады. Мұндай құбылыс бүкіл ел көлемінде қайталанды. Біз «Дос-Мұқа­сан­ның» әнімен өскен құрдас­та­рымызды 1970 жыл­дардың та­сасында қалып кеткен жасты­ғымен табыстырдық.

– Жалпы, «Дос-Мұқасан­ның» феномені неде деп ойлайсыз?

– Оған жауабымыз дайын. Бір ғана «Дос-Мұқасанның» құра­мында болған жігіттерді қара­ңызшы: атақтары Мәскеуден асып, Еуропаға жетті. Сол топқа мүше болған жігіттердің арасынан үш академик шықты. 1960 жылдардағы қазақ интелеген­циясының үйлесімділігі. Олар бір-бірінен қуат алды. Бір-бірін қолдады. Сол себепті зия­лылық пен тереңдік әннен де, шы­ғармадан да , кинодан да, тіпті сол кезде өмір сүрген азаматтардың лебінен-ақ жібектей есіліп тұрды. Бұл ғажап емес пе?

– Ел-жұрт Бақытжан Жұ­маділов екеуіңіздің арала­ры­ңыздағы достықты аңыз етіп айтады. Жан досыңыздың соңғы демі сіздің көз алдыңызда үзілді. Ағамыз сіздердің топтарыңызға кейінірек қосылды-ау деймін.

– Бақытжан политехта оқы­ғанмен, ҚазМУ-дің жатақха­насында тұрды. Сонда бір топтың әншісі еді. Ашық-жарқын болатын. Өзі де сондай сүйкімді еді. Алғаш танысқан күніміз де әлі есімде. Мені сыртымнан жақсы танып білсе де «Сен кімсің?» деп қарсы алып, «Мен Бақытжанмын» деп өзін таныстырды. Бақыт бізге құр келмей, «Құдаша» әнін алып келді. Осы ән жан досымды «Мистер құдаша» атандырып кетті.

– Бақытжан ағамыздың алдында Құрманай Омарова мен Шәріп Омаров кетті. Құрманай мен Шәріп топ құрамында жүр­ген кезде біз бала едік, өнеріне терең бойлай алмадық. Ал Ба­қыт­жан ағамыздың ор­нын әлі күнге дейін іздеп жүр­міз. Ұл-қыз­да­ры­мыздың қанын қыз­ды­ратын, қалғып кетуге бейім тұ­­­ратын ұлттық рух­­ты түрт­кі­леп жүріп оятатын «Мистер құ­даша» бізге де жет­пей жүр.

– Бақытжанның орны бөлек. Бақытжанды ұмыту мүмкін емес. Ол қазақ өнерінің тарихын­да «Ой, жарайсың, жігіттер» деп күлімдеген күйі «Мистер құдаша» болып қалатын шығар. Оның бейнесі – әнде қалды, таспада қалды. Жүректерде қалды. Қолымнан келсе, Қазақстандағы әрбір неке сарайының алдынан Бақытжанның тойда ән салып тұрған сәтінің ескерткішін орнатып қояр едім. Себебі, қазақтың тойы құдаша-құда баласыз өтуі мүмкін емес қой.

Енді Бақытжан қалыптас­тырып кеткен мистер құдашаның орнын басқа адам баса алмайтын шығар.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,

«Еgemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ