Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Абай ілімі – руханият негізі» тақырыбында онлайн режимде дөңгелек үстел өтті. Шараға модератор болған университет ректоры Жасұлан Шаймарданов: «Абай – ұлт руханиятының бастауында тұрған тұлға. Біздің негізгі мақсатымыз – Абай мұрасын бүгінгі көзқараспен қарастырып, оның өміршеңдігін жас ұрпаққа насихаттау. Артында қалған өлмес мұрасын күнделікті өмірде, негізгі ұстамға айналдыруымыз қажет» дей келе оқу орнында студенттердің санасын жаңғыртуға бағытталған «Адам бол» академиялық жобасы, «21 ғасырдағы Абай» курсы жобаларына тоқталды.
Онлайн кездесуде алғаш болып сөз алған ғалым, академик Ғарифолла Есім: «Бүгінгі қоғам Абай ұсынған жолмен жүруі қажет» деді. Және техникалық оқу орында Абай курсының оқытылуы үлкен жетістік деп жоғары бағалады. Саяси ғылымдарының докторы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Сайын Борбасов «Абай мен Шәкәрім тұлғасының рухани келбеті туралы» тақырыбында баяндама жасады. «Абай мен Шәкәрім адамның рухани келбетіне ерекше назар аударған. Олар адами қасиеттер оның жүрек қалауынан туады деп есептейді. Ал адамгершіліктен ауытқулар бақай есеп пен күншілдіктен, қулық амалдарынан туындайды. Сондықтан, ақиқат пен әділет үшін жүрек қалауын таңдау пайдалы деп көрсетеді» деп Абай мен Шәкәрім үндестігіне назар аударды. Әдебиет және өнер институтының халықаралық қатынастар және әлем әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Светлана Ананьева: «Абайды әлемдік қоғамдастықта жаңа Қазақстанның бренді ретінде таныстыру керек. Бұл - бүгінгі ұрпақтың міндеті. Абай шығармашылығы - әлемдік әдебиет тарихындағы ерекше құбылыс» деді. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті Абайтану ғылыми-зерттеу институтының директоры Айжан Картаева ақынның өмір бойы шарқ ұрып іздеген – «Толық адам» ілімі жайлы сөз қозғады. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті Абайтану институтының директоры Жандос Әубәкір «Дала данышпаны» тақырыбында баяндама оқыды. Семей қаласының Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайы директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Қайранбаева Абай мұражайын таныстырып, жаңаша музейлендіру концепциясына тоқталды.
Филология ғылымдарының кандидиты Гауһар Рахымбаева Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысындағы «Тіл үйрету барысында, негізінен, оқу орындарындағы жастарға көбірек мән береді. Сондықтан Тіл комитетін 2021 жылдан бастап Білім және ғылым министрлігінің қарамағына өткізген жөн. Бұл қазақ тілін оқыту әдістемесін әзірлеу және оны үйрету ісіне қатысты әлеуетімізді бір орталыққа шоғырландыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мұндай қадам қолданысқа енгізілетін оқу бағдарламаларының тиімділігін талдау және мониторинг жүргізу жүйесін жасауға септігін тигізеді" деген сөзін негізге ала отырып Абай ілімін эйдос-конспект арқылы өзге ұлт өкілдеріне оқытудың тиімділігі туралы баяндама жасады.
ӨСКЕМЕН