Өткен күз бен қыс мезгілдерінде жаңбырдың жаумағаны, қардың да аз түскені, әрі топырақ қабаттарына ылғал ұстауға септігі тиетін тоң жиналмағаны аталған өңірлерге құрғақшылық қаупін туғызды. Әйтсе де сәуір мен мамаыр айларында халық арасында нұр деп аталып кеткен жаңбырдың нөсерлетіп жиі жауғаны бұл қауіптің бұлтын сейілтіп жіберді.
Сол нұр-жаңбырдан кейінгі көктем қызуы мен шуағы даланың бойын ширатып топырағына нәр сіңіріп, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің шырайын келтіргені қандай ғанибет. Ақтөбе қаласы маңындағы Маржанбұлақ ауылын басып өтіп, Қобда ауданына қарай бет түзеген кезімізде жолдың екі жақ қапталынан басталып, көз жетер жерге дейінгі кең жазықтықта өткен жылдардай емес, дала шөбі мен гүлдері тұтас әрі бітік өскеніне куә болдық.
Осындай таңғажайып көріністер Шыңғырлаудың шұрайлы шоқылары мен Қаратөбенің құба бел қырларына жалғасып кете береді. Тек Жымпитыға жақындаған кезде ғана масаты кілемдей құлпырған дала реңі сәл солғын тартып, осы тас жолдың сол жақ бетіндегі Жұмағазы қазірет мазарына жақындаған кезде қайтадан құлпырып, қоюланып сала береді.
Осындайда қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Қадыр-Мырза Әлі: жасыл жайлау, түкті кілем, көк кілем... деп қалай дәл тауып, бейнелеп айтқанына таң қалмасқа шараң жоқ. Мамырдың майда жаңбыры дала өсімдіктерімен көкорай шалғын бәйшешектің саналуан түрлері бір мезгілде қаулап өсуіне септігін тигізгені айқын байқалады. Мұндай кезде табиғаттың шексіз құдіреті мен тылсым сырына бас имеу, тіпті де мүмкін емес екенін тереңірек түйсінгендей күй кешесің. Міне, мамыр айының даламызға тартқан баға жетпес сыйы осындай.
Жасарып, жайнап түрлене бер дархан дала! Елдік пен ерліктің ту тіккен қасиетті тұғыры, халқымыздың анасы мен панасына айналған ұлылық өлшемі. Дала –сенің ұлыңмын деп жырлаған екен өмірден ертерек кетіп қалған халқымыздың дарынды ақындарының бірі – Жарасхан Әбдірәшев. Осы ақиқатқа оқырмандарымыз да қол қоя алатынына сеніміміз мол.
Ақтөбе – Орал