Сол қысастан кейін әлгі жәрмеңкеге ешкім ән баптамады. Жағасына қара құндыз ұстартқан оқалы шапандар мундирлерге ауысты, сәнді пәуескелер пушкаларға айналды.
Жоқ, ән салынбай қалған жоқ, тек сәнді сахналар дабыра даңғазаларға толды. Домбыраны дорба-дорба ақша ығыстырды. Жансыз дауыстар жұрттың алдын кес-кестеді.
Әлемге әйгілі америкалық рок-музыкант Ронни Джеймс Дио бір сұхбатында фонограммамен ән айтатын «жасанды жұлдыздарға» ыза болып: «За пение под фонограмму нужно платить ксерокопиями денег», депті. Дионың ойын одағайлап, әдейі орыс тілінде бердік. Қазекем де дәл тауып айтады ғой: «Ерінбеген етікші, ұялмаған әнші болады».
Дойыр қамшы доғарған ән ендігі жерде Арқаны әнмен қырған сал-серілердің көмейінен емес, «жасанды жұлдыздардың» жарқ-жұрқ еткен альбомдарынан естіліп жатты.
Әлбетте бір парасы жерасты жолдарында, базарлардың қақпаларында булығып тұратын...
Гитара
Жерасты жолдарындағы қайнаған өмір жиырма төрт сағат бойы ешқашан үзілмес еді. Қалжыраған қала қайтсе де қалғып кетуі мүмкін, алайда жерасты жолдарында тіршілік кешіп жатқан халықтың көз ілгенін көрмейсіз.
Еш жерде жазылмаған заңдарды іздесеңіз де, ешқайда шырқалмаған әндерді есіңізге алсаңыз да, мұқтаж жандарға созылған мейірімді қолдарды қысқыңыз келсе де, адал еңбектің маңдайынан аққан тер мен бір-біріне пана қоғамды көргіңіз келсе де сол жерасты жолдарына бағыт алар едіңіз.
Жерасты жолдарында бәрі бар: жоғалған тілдер, айналымнан баяғыда шығып қалған ескі ақшалар, әлдеқашан сәннен алынып тасталған жұпар әтірлер, ең ғажайып гүлдер, ең қымбат кітаптар, ең ізгі әндер, ең тәтті тоқаштар, тіпті ең арзан шұлықтар.
Сеңдей соғылысқан сол нөпірдің арасында кетіп бара жатқан ол әнеу бұрышта алты шекті гитарасын асынып алып, қазақтың қоңыр әнін қою кешке араластыра шырқап тұрған жас әншіге жалт бұрылды!
Көліктерден шыққан шулы дауыстардың арасымен, теледидарлардан естіліп жататын арзан әзілдердің үстімен, әлеуметтік желілерден желдей ескен ащы сөздердің желкесін шарпи көтерілген жаңа дауысқа, өзгеше өрнекке, бөлек мақамға мойын бұрмай өту мүмкін емес еді.
Тыңдаушының көзінен ыстық жас ыршып кетті. Булыққан ыза мен кекті есенің көз жасы бетін жуды. Талант пен тағдырға деген туыс көз жасы көкірегінен ақтарылды. Қазақша ән айтпақ түгілі, қазақша сөйлеуге ұялатын зәулім-зәулім сәнді кеңселер мен қалың әлеумет сапырылысқан көшелерде жетімсіреген ана тілінің өгейден тартқан азабын арқалаған көз жасы лықсыды.
Жас өнерпаз «Жайлаукөл кештерін» шырқап тұр. Алтыгенінен (гитарасынан) кеңістікке шашыраған шуақ жүрегіңізді қапсыра құшақтағандай жып-жылы сезіледі... Кіріспесі ғашық түйсікпен орныққан дауыс қайырмасын сондай мұңды түсірді.
Әншінің алдында айқара ашық жатқан гитара қорабына өткен-кеткен жүргіншілердің ілтипаттары, ықыластары, лебіздері, қошеметтері сылдыр-сылдыр етеді...
Содан кейін жас әншіні ешкім көрген жоқ. Бір досы оны «қу тірлікке бағынбай, гитарасының алты шегінен қазақ үшін шуақ аулап басқа жаққа кетті» дейді, бір досы оны «костюм-шалбарлы шенеунік қоғам» бүйірінен солқ еткізіп іреп тастады дейді...
Ол әлі де біз көрген жерасты жолында «Жайлаукөл кештерін» шырқап тұрғандай.
Аккордеон
Ескі базардың шығыс қақпасынан шыққан ерекше әуенге әлбетте жақын өтер едіңіз. Сырлы сырнайдан төгілген әннің қасынан бейғам өтіп кету тіпті мүмкін емес. Иә, қалтаңызда қалған соңғы тиынды зағип аккордеоншының темір қалбырына қаңғалақтата лақтырасыз. Сіздің сұлу әнді қаншалықты бағалағаныңызды әлбетте ол тиын-тебен өлшемейтіні белгілі. Ондайда ғаріп өнерпаз да сізге ризашылығын білдірген кейіппен бірқалыпты ойнап тұрған әнін жұлқып кеп қалады. Онысы сіздің әлгі «мейірімді» монеталарыңызға білдірген маэстроның мезіреті.
Соқыр аккордеоншыға ақын жазған өлең өңешіңізге тығылады.
«Өтеді жүргінші жұрт тиын тастап, Бұтына қысып алар қалбырына» (Серік Сағынтай).
Алайда аккордеоншы сол жігіт екі мыңыншы жылдардың басынан кешеге дейінгі қаншама жас ұрпақты есті әндерімен тәрбиелеп келгенін ешқандай кабинеттер білген емес. Зағип таланттың әні қазақтың бейнет басқан қабағын бүгінге дейін бағып келгенін ешкім түсінген емес.
Тіпті, оның сергек те қырағы әндері бізді қазір де қалт жібермей қадағалап, байқатпай сыртымыздан күзетіп тұрғандай.