Коллажды жасаған Амангелді Қияс, EQ
Хош дейік. Сонда, жобамен алғанда 60 мыңнан астам қаракөз тұратын Теміртауда – әлемге аты кеткен алпауыт кәсіпорны бар аста-төк бай қалада қазақ тілінде шығатын газет деген атымен жоқ көрінеді. Тұп-тура, «Аспаннан киіз жауса да, құлға ұлтарақ бұйырмайды» дегеннің кері...
Қазір ғой, металлургтер қаласында «Новый Темиртау», «Магнитка плюс», «Металлург», «Вечерняя газета», «Темиртауский рабочий» сынды ресми тілде жарық көретін жеті-сегіз басылым бар. Осы тілде ақпарат тарататын «Сфера» деген телеарна мен «Радио-102» деген радио толқыны да жұмыс істейді. Әлбетте, оқырман, тыңдарман және көрермен қауымның қажетін ашып, орыс тілінде ақпарат тарататын әріптестеріміздің жанкешті еңбегіне құрметпен қараймыз. Тек, осылардың арасында Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп әспеттеген газеттің мемлекеттік тілдегі нұсқасының жоқтығы ғана жанға батады...
Тарихына терең сүңгімесек те, бергі, яғни өткен ғасырдың 89-90-жылдарын шолып өтсек, бұл Теміртауда «Темиртауский рабочий» газетінің ішінен қалалық «Қазақ тілі» қоғамының ықпалымен «Замандас» деген арнаулы бір бет қазақ тілінде шыға бастапты. Бұл игі істің басы-қасында аталған ұйымның төрағасы Тілеукен Смағұлов деген азамат жүрген екен. Содан араға 11 жылға жуық уақыт салып, 2001 жылдың маусымында қазақ тілінде «Теміртау» қоғамдық-саяси газеті пайда болған.
Қолдағы бар дерекке жүгінсек, қазақ газетінің шығуына қаладағы атқарушы биліктің тікелей қатысы болмапты. Басылым таза жекеменшік негізде жарық көрген. Ал бұл істің бастауында Теміртаудың бетке ұстар зиялы қауым өкілдері Тілеуберді Смағұлов, Қасым Ботанов, Асқар Сәрсекенов, Аманжол Ақын бастаған азаматтардың тұрғаны белгілі. Газеттің құрылтайшысы ақын Қасым Ботанов, ал редакторы журналист Аманжол Ақын болған.
Қаладағы жар дегенде жалғыз қазақ газетіне байлығы шойын болып аққан Теміртаудан жетім бұрыш бұйырмай, редакция үш жылға жуық уақыт Қасым Ботановтың жекеменшік стоматологиясын паналаған. Газеттің барлық коммуналдық шығынын ақынның тіс емханасы осылайша мойнына алған екен.
Обалы нешік, сол уақыттағы Теміртау қаласының әкімдігі тарапынан газетке қолдау жасалған. Атап айтқанда, басылымға жекеменшік болса да, мемлекеттік тапсырыспен қаржы бөліп отырған. Бұған қоса редакцияға жеке дара баспана алуға қаражат берілген, өзге де мемлекеттік ұйымдарды ұйыстырып, қызметтік қоғамдық көлікпен қамтамасыз етіпті. Баспасөзге жазылу науқандарында да біршама көмек көрсетілген екен.
«Теміртау» газетінің бағыты қоғамдық-саяси болған. Аптасына бір рет, 1000 дана тиражбен шығып отырыпты. 2001 жылдың маусымынан бастап шамамен 2010 жылдарға дейін оқырманға адалынан қызмет еткен.
Ақиқатын айту керек, бұл басылым Теміртау қаласының руханиятын дамытуда тіл, діл және дін мәселесін батыл көтеріп, қоғамдық сананың сілкінуіне көп еңбек сіңірді.
Осы басылымда жұмыс істеген, қазіргі уақытта облыстық «Оrtalyq Qazaqstan» газетінде қызмет ететін журналист Қызғалдақ Айтжанова былай дейді: «Мен бұл газеттен 2005 жылы сәуірде кеттім. Одан кейін «Теміртау» газеті қаржылық қиындықтарға байланысты тоқтап, Теміртаудағы ақсақалдар алқасы қоғамдық ұйымының жанынан қазақ тілінде «Құрыш қала» деп аталған газет шыға бастады. Бұл газеттің редакторы Руза Алдашева болды. Бұдан кейінгі газеттердің тағдыры маған беймәлім. Бір білетінім – қалалық әкімдік қазақ тілді газетке қолдау көрсетуді тоқтатқан».
Қаланың бұрынғы басшыларының қазақ газетіне деген ала-құла болған көзқарасын қазір айттың не, айтпадың не, одан енді ештеңе өзгере қоймас. Ал бүгінгі басшылық бұл турасында не дейді? Осы мақсатта біз «Теміртауда қазақ газеті неге жоқ?» деген сұрақты Теміртау қаласы әкімінің әлеуметтік және идеология саласы бойынша орынбасары Мирас Құттыбайға қойдық.
«Біріншіден, мемлекеттік тілді дамытуда БАҚ-тың орны ерекше, – деді Мирас Құттыбай. – Теміртау қаласында мемлекеттік тілде шығатын газеттің жоғы да рас. Қазіргідей ақпараттық технология тез дамып жатқан уақытта газет шығару деген тиімсіз шаруа деп ойлаймын. Себебі мен өзім газетке жазылмаймын, өзіме керек ақпаратты «Оrtalyq Qazaqstan» болсын, «Egemen Qazaqstan» болсын, осы газеттердің сайттарынан оқимын. Сондықтан газет шығару кешегі күннің белгісі деп білемін. Екіншіден, газет шығару – ол бизнес. Егер, бизнесмендер тарапынан қазақ тілінде газет ашылып жатса, мемлекеттік грант беруге, қалалық бюджеттен қаржы бөлуге мүмкіндік бар. Үшіншіден, мемлекеттік тілде қалалық сайт ашылса, нұр үстіне нұр болушы еді».
Теміртау қаласы әкімінің орынбасары осылай деген соң, Қарағанды облысындағы ішкі саясаттың екі тізгін, бір шылбырын ұстаған Ерлан Құсайынға хабарласып, осы тақырып бойынша пікір білдіруін өтіндік. «Түрлі тақырыптық сайттар, әлеуметтік желілер, ақпараттық агенттіктер күш ала береді. Ол – анық дүние. Заман талабы. Бірақ газет те көштен қалмауы тиіс деп ойлаймын. Бәсекеге қабілетті, заманауи формат, мазмұнды материал керек. Бірақ Теміртауға газет шығару үшін тікелей бюджеттен қаржылық қолдау жасай алмаймыз», деп тоқ етерін айтты облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын күлбілтеге салмай.
Қарап тұрсаңыз, жоғарыда пікір білдірген екі лауазымды тұлғаның айтқаны бір жерден шығып отыр. Сөздерінің жаны да бар. Бүгінгідей ақпараттық технология аққан жұлдыздай жылдамдықпен дамып жатқанда, қағаз басылымдарының барының өзі қалт-құлт етіп күнін әрең көріп жүрген мына заманда жаңа газетке деп бюджеттен қаржы сұрау буынсыз жерге пышақ ұрғанмен бірдей екендігі рас.
Десе де, бұл мәселені таза тұқыртып, аяқасты қалдыруға болмайды деген ойдамыз. Ұлттың тілінің, руханиятының болашағына алаң көңілмен көз жүгірткенде, бұл шетін мәселе турасындағы көзқарастың шекарасын кеңінен алып ойланбаса болмайын деп тұр. Осы тұрғыдан алып қарағанда, алпыс мың қазаққа бір газеттің ауадай қажет екендігін амалсыз мойындайсың...
Теміртауда қоғамдағы өзгерістерге бейжай қарамай, өзінің көзқарасын батыл түрде білдіріп жүретін Қуаныш Тыныбек деген жас журналист жігіт тұрады. Біз осы тақырыпқа байланысты оның да пікірін білген едік. «Осыдан екі-үш жыл бұрын бір кәсіпкерлер ақша табу мақсатында қазақша-орысша араластырып, «Отан-Заман» деген газет шығарды, – дейді Қ.Тыныбек. – Осы газеттің үш-төрт санын шығаруға тікелей атсалыстым. Тіл мәселесі жайына қалып, ол кісілердің мақсаты тек қана ақша табу екендігін байқағаннан кейін, мен осыдан екі жыл бұрын ол басылымнан кетіп қалдым. Қазір бұл газет шығып жатыр ма, жоқ па, оны мен білмеймін. Өз басым бұл басылымды Теміртаудағы ешбір мекемеден көрген емеспін. Есеп үшін үш-төрт данасын шығарып жүруі де мүмкін. Бірақ мен бір адамның ол газетті оқыдым дегенін естіген емеспін...».
Таяуда Теміртауда тұратын журналист Шолпан Санақбай өзінің фейсбук парақшасында Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбекке жолдаған хатын жариялады. Жанайқайға толы осы хатта мынадай жолдар бар: «Облыс орталығына жақын құрышты қала Теміртауда бірде-бір қазақтілді газет жоқ. Жалғыз кабельдік арна ТТК-ның қазақ тілді редакциясында бар-жоғы үш адам жұмыс істейді. Өткен жылы бір аралас газет ашылды. Алайда оның ашылғанынан жабылуы тез болды. Себеп біреу – қаржы жоқ. Жарнамадан түскен қаржы газет шығынын өтегенімен, ол жерде еңбек еткен біздердің айлығымызға жетпеді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еңбек жолын бастаған қала үшін бұл үлкен ұят деп ойлаймын. Әрі тәуелсіздік алғанымызға 30 жылға жуықтады. Осыны өзіңіз назарға алсаңыз екен...».
Ш.Санақбай Теміртау қаласында мемлекеттік тілдің ақсап тұрғанын қазақ тілінде бірде-бір басылымның жоқтығымен тікелей байланыстырады. Мұнысы рас, енді.
Хатының соңын ол былайша аяқтаған: «Бұл істі қолға алсаңыз, біраз адам жұмыспен қамтылатын еді. Әрі Қазақстан магниткасының 60 жылдығы, Теміртау қаласының 75 жылдығы қарсаңында металлургтер қаласына сый жасаған болар едіңіз».
Облыс басшылығы тарапынан бұл хатқа әлі жауап болмаған тәрізді. Осыдан бір апта бұрын хабарласқанымызда, Шолпан Санақбай әкімдіктен жауап күтіп жүргенін айтқан болатын. «Аңшының кешіккенінен сүйін» деген. Бәлкім, Теміртауда туған тілдің жантайып тұрған туын түзеуге жарайтын жобаның тууына септігі тиер жағымды жаңалық естіліп қалар... Біз де күтейік!
Қарағанды облысы,
Теміртау қаласы