Тарих • 02 Маусым, 2020

Тарихтың тағылымына тағзым

347 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кешегі кеңестің қанқұйлы зама­нын­дағы тарихтың қатпарына үңіл­сек, мынадай жантүршігерлік дерек­тер алдымыздан шығады: 1921-1954 жылдар аралығында КСРО-да «контрреволюциялық» немесе «антисоветтік» деген жаламен 3 млн 777 мың адам сотталып, олардың 642 мыңы ату жазасына кесілген екен. Ал Қазақстанды жеке алып қарасақ, қуғын-сүргінге 103 мыңға жуық адам ұшырап, оның 25 мыңнан астамы ату жазасына кесіліпті. Олардың басым бөлігі ғалымдар, мәдениет, саясат және қоғам қайраткерлері сынды зия­лы қауым өкілдері еді. Яғни жаппай саяси қуғын-сүргін жылдары қазақ зиялылары мен мемлекет қайраткерлерінің «қаймағы» сылып алынып, жазықсыз жазаға ұшырады. Олардың ішінде Қарағанды облысынан шыққан Әлихан Бөкейхан, Сәкен Сейфуллин, Нығмет Нұрмақов, Жанайдар Сәдуақасов, Абдолла Асылбеков сынды қазақ халқының аяулы ұлдары да бар еді...

Тарихтың тағылымына тағзым

Таяуда, кеншілер астанасында Қара­ған­ды облысының Қазақстан халқы Ас­сам­блеясы «Тарихтан тағылым – өт­кенге тағзым» – атты халықаралық мәдени жоба аясында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құр­бандарын еске алу күніне арналған онлайн режімінде дөңгелек үстел отырысын ұйым­дастырды.

Тағылымды іс-шараға қоғам қайрат­кер­лері, ғалымдар мен жазушылар ат салысып, өткен тарих қасіретінен сабақ алу қажеттігі туралы қашықтан әңгімеледі.

Онлайн отырыста Қарағанды об­лыстық ішкі саясат басқармасының бас­шысы Ерлан Құсайын бұл күннің Қазақстан халқы үшін ерекше маңызға ие екеніне тоқталды.

– Қарағанды облысы депортация­лан­ғандарды қабылдады. Мұнда қуғын-сүр­гінге ұшырағандар жазасын өтеген арнайы лагерьлер болған. Тоталитаризм қылмыстары көптеген отбасыны ойран­дады. Бұл қайғылы оқиғаны жадымыздан шығармай, ол туралы жас ұрпақ біліп жүрсін десек және мұндай оқиғалар тарихта қайталанбауы үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасау – біздің қасиетті борышымыз, – деді ол.

Онлайн жиын барысында Қарағанды облысының ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі, Қарағандыдағы Bolashaq академиясының бірінші проректоры Гүлнар Рысмағамбетова Қазақстанда 1997 жыл «Жалпыұлттық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жы­лы» болып жарияланғанын еске салды.

«Осы жылы еліміздің Тұңғыш Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев «31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» деп белгілеу туралы Жарлыққа қол қойды. 2011 жылдан бастап ол «Сая­си қу­ғын-сүргін және ашаршылық құрбан­дарын еске алу күні» деп аталды», деп атап өтті ол.

Сондай-ақ Гүлнар Рысмағамбетова белгілі ғалым, Мәжіліс депутаты Нұрлан Дулат­бековтің басшылығымен Bolashaq академиясының біраз жылдардан бері сая­си қуғын-сүргін фактілерін зерттеумен айналысып келе жатқанын, осы бағытта атқарылған істер жайын хабардар етті.

– «Тарихтан тағылым – өткенге тағ­зым» жобасы аясында ғылыми-зерттеу сипа­тындағы 40-тан астам кітап үш тілде жарық көрді, – деді ол.

 Ал ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңе­сі­нің мүшесі, «Азаматтық әлем» ха­лық­аралық коалициясының президенті Қаз­бек Қазкенов аталған жобаның  Қазақ­стандағы идеологиялық жұмыс пен жаңа дүние­танымның бір бөлігі екеніне баса мән берді.

– Радикалды идеологияның заманы өтті, бірақ біз тарихтың ащы сабағынан дұ­рыс қорытынды жасап, оның зардаптарын ұмыт­пауымыз керек. Жалпы, Қазақстан халқы Ассамблеясы тарихи жадыны жаңғыртуға және дамытуға зор үлес қосып келеді, – деп атап өтті ол.

Онлайн режімінде өткен дөңгелек үстел отырысында Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ жанындағы «Тұлғатану» ғылы­ми-зерттеу орталығының директоры Нұр­сахан Бейсенбекова саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары туралы дерек­ті фильм мен телебағдарламалар түсі­руді ұсынды. Бұдан бөлек, ғалым мем­лекет және қоғам қайраткері Нығмет Нұр­мақов туралы мазмұнды зерттеу ең­бек­терінің жоқтығын алға тартып, алдағы уақытта бұл олқылықтың орнын толтыру керектігін айтты. Нұрсахан Бей­сенбекова биыл туғанына 125 жыл толған мемлекет қайраткерінің орталығын Қара­ған­дыдағы «Достық үйі» жанынан ашса деген ұсыныс-тілек айтты.

Сондай-ақ қашықтан өткен жиында қуғын-сүргінге ұшыраған қайраткер Ілияс Ахметовтің ұрпағы, «Алашорда» партия­сының мүшесі, жазушы Фараби Ахметов, Қа­рағанды облыстық мемлекеттік мұра­ғатының бөлім меңгерушісі Ольга Беркун, «Литуаника» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Виталий Тварионас, «Вайнах» чешен-ингуш бірлестігі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сулим Исакиев және басқалар сөз сөйлеп, кешегі қилы заманда жер ауып келген талай ұлт пен ұлыс баласының қазақ халқының бауырмалдығының арқасында бүгінгі күнге аман-есен жетіп, өсіп-өркендеп отырғанынан әңгіме қозғады.

Зұлмат жылдары КСРО-ның түкпір-түкпірінен Қазақстанға саяси тұтқындар мен халық жауының туыстары мәжбүрлі түрде қоныс аударылған еді. Піл сауырлы Сарыарқа үлкен түзету лагеріне айналды. Мәселен, бір ғана Қарағандыдағы еңбекпен түзету лагерьлерінің аумағы 1931 жылы 53 мың гектар болса, 1941 жылы 1 780 650 гектар ұлан-ғайыр даланы қам­тыпты. Егер 1931 жылы ҚарЛаг-та 14 бөлімше және 64 учаске болса, олардың саны жыл са­йын көбейе түсіп, 1941 жылы 22 бөлімше, 159 учаске, ал, 1953 жылы 26 бөлімше және 192 лагерь нысандарына жеткен. Бұл қасіретті лагерьлердің құрамында халық жауларының әйелдеріне арналған АЛЖИР, әскери тұтқындарға арналған Спасск, ҚарЛаг, СтепЛаг атты еңбекпен түзету орындары жұмыс істеді. Жазықсыз жапа шеккендердің көз жасы мен табанының ізі, қолының табы қалған қасіретті орындар бұл күнде мұражайға айналған.

 

ҚАРАҒАНДЫ