Қазақстан • 03 Маусым, 2020

Туризмнің тұралаған тұстары көп

552 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

COVID-19 пандемиясы салдарынан туризм саласы тақыр таянып тұр. Әлемдік туризмге тиген ауыр соққының салқыны бізге де әсер етті. Бұл жолғы дағдарыс салдарынан туркомпаниялардың қызметі 50-80%-ға қысқарған. Төтенше жағдай кезінде құны 2,7 млрд теңгеден асатын 5,5 мың адамның жолдамасы қайтарылды. Туындаған негізгі мәселенің бірі - авиабилеттердің айыппұлсыз қайтарылуына қатысты. Бұл мәселеге азаматтық авиация саласының уәкілетті органдары араласып, билеттер айыппұлсыз толық көлемде қайтарылатын болды.

Туризмнің тұралаған тұстары көп

Таяуда қазақстандық баспасөз клубының онлайн-конференциясы өтіп, жиында аталған саладағы түйіткілді мәселелермен қатар, оның шешу жолдары, баға тұрақтылығы және мемлекет пен туризм секторының байланысы жайында әңгіме өрбіген еді. Ашық алаңда Қазақстан туристік қауымдастығының басшысы Рашида Шайкенова бірқатар мәселенің басын қайырды. Оның айтуынша, коронавирус пандемиясы салдарынан шектеу шаралары енгізілгеннен кейін туризм саласының шығындары 100% -ға жетті. Туризмдегі тұрақсыздық төтенше жағдай туындағанға дейін былтырғы жылдың желтоқсан айында басталған. Бұл кезде Уханда эпидемия енді белең ала бастаған болатын. Қауымдастық басшысы ел аумағына кіру, шетелге шығу, ішкі туризм салалары айтарлықтай қиындықты бастан өткергенін, шектеуден соң компаниялардың барлығы дерлік қайтадан жұмысын жандандыра алмайтынын айтады.

Бұған дейін Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен жиында Мәдениет және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков бас санитарлық дәрігердің №37 қаулысына сәйкес еңбек ұжымында эпидемияға қарсы режімнің алгоритмдерін сақтай отырып, туроператорлар мен турагенттіктердің қызметіне рұқсат берілгенін хабарлаған еді. Сонымен қатар, 1 маусымнан бастап шипажайлық-курорттық мекемелер, демалыс үйлері және туристік базалар сияқты туристік қызметтің басқа да объектілерінің жұмыс алгоритмі бекітілді. Бұл ретте бассейн, жағажай және ойын-сауық аймақтарының жұмысына қойылатын талаптар да күшейтіледі. Нақты талаптар бекітілгенімен әлі де болса, бірізге түспеген мәселелер бар. Р. Шайкенованың айтуынша, қазақстандықтар курорт пен санаториге барған кезде санитарлық дәрігерлер коронавирусты анықтайтын ПТР-тесттің (полимеразды тізбектік реакция) анықтамасы болуын талап етеді. Бұл анықтама жеті күнге жарамды. 

̶  Көпшілік бір аптадан астам уақытқа демалуға барады. Барып-қайту уақытын да есептеу керек. Демалушылар тесті қай жерде тапсырады? Демалатын аймақта өтетін болса, бұл жердегі дайындық мәселесі қалай болмақ? Егер демалушылар өздері тест тапсыратын болған жағдайда, бір адам үшін тест құны - 15 500  теңгені құрайды. Бүтін бір отбасына бұл айтарлықтай салмақ салмайды ма?, ̶ дейді Қауымдастық басшысы. Оның айтуынша, шетелде дамалатындардың ағыны айтарлықтай көп бола қоймайды. Бұған әлемде орын алған экономикалық дағдарыс кері әсер етіп отыр. Сондықтан ішкі туризмді дамытуға айтарлықтай мүмкіндік бар, әлеует те жеткілікті.

Елдегі туризм саласындағы сарапшылар саланың қалпына келуі үшін 1 жылдан астам уақыт керек екенін айтады. Егер жазғы маусымда демалыс орындары толықтай жұмыс істеп, келушілердің қарасы 50%-дан асатын болса, жалпы ішкі туризмнің қалыпқа келуі 30% төңірегінде болмақ.