Аймақтар • 03 Маусым, 2020

Жолдың жауы – ауыр жүк көліктері

941 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Былтыр елімізде «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» деп аталған республикалық мемлекеттік кәсіпорын құрылып, әр облыста  оның филиалдары да ашылып, жұмыс істей бастады. Жаңа мекеменің мақсаты белгілі: өзінің атауы айтып тұрғандай, жолдарды салу, қайта құру, жөндеу және күтіп-ұстау, сондай-ақ жол активтерін басқару саласындағы жұмыстар мен материалдардың сапасын сараптау. Бір сөзбен айтқанда, бұл кәсіпорынды экономикамыздың тарам-тарам тамырына айналған ірілі-ұсақты жолдардың нағыз жанашыры деуге де болады.

Жолдың жауы – ауыр жүк көліктері

Ал қыруар қаржыны жайынша жұтатын жол құрылысында мәселе деген шаш-етектен.  Жұмысты жобалауда жіберілген кемшіліктер, мердігерлердің арзанқол, сапасыз құрылыс материалын пайдалануы өз алдына, қазіргі таңда күн тәртібінде өткір тұрған тағы бір шетін мәселе бар. Ол – ауыр жүк көліктерінің жаңадан салынған немесе жөнделген жолдармен аяусыз таптап, біткен шаруаның бәрін рәсуа қылып жүргендігі.

Мысалы, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Қарағанды облыстық филиалының Айбол Бидайбековтің айтуынша, жүк көліктерінің жолмен жүрудің шектік талабы бір білікке деп шаққанда 13 тоннадан аспауы тиіс екен. Ал қазіргі уақытта өңірдегі ауданаралық, облысаралық жолдарда 25-40 тонналық ауыр жүк көліктері бұл талапқа пысқырып та қарамай, тас жолдың асфальтін саз балшықша илеп, тыным таппай жортатын көрінеді.

«Көлік және коммуникация министрі көлік қозғалысына қатысты арнайы шектеулер бекіткен, – дейді Айбол Бидайбеков. – Онда бір  білікке түсетін жүк салмағы 13 тоннадан асатын ауыр жүк көліктері үшін  ауа температурасы 25 градустан жоғарылағанда,  республикалық маңызы бар автожолдарда жүруге шектеу қойылған. Мысалы, Қарағандының маңайы   IV-V жол-климаттық аймаққа жатады.  V – аймақ Балқаш-Жезқазған өңірлері,  IV жол-климаттық аймақ – облыстың қалған өңірлері. IV жол-климаттық аймақ үшін, яғни,  23 наурыздан 1 мамырға дейін, V жол-климаттық аймақ үшін 1 наурыздан 1 сәуірге дейін шектеулер бар. Бұл арада табиғаттың ауа температурасы, жауын-шашыны бәрі ескеріледі. Соған сай шектеулер де қойылуда. Әйтпесе, жолдың бұзылу қаупі жоғары. Ауа температурасы жоғары аймақта асфальт ондай ауыр салмақтарды көтере алмайды. Қар көп түсіп, көктем шыға жауын-шашыны көбейетін  IV жол-климаттық аймақ та тап сондай жағдай».

Жол құрылысы жоғары жауапкершілікті талап ететін маңызды шаруа. Мысалы, арнайы институттар жобалау жұмыстарын жүргізгенде жолға қандай қажетті материалдар жұмсалатынын толық тізімдеп, олардың сапасы мен деңгейіне қатты мән береді. Әлбетте, жұмыс көрсетілген талаптарға сай жүргізілсе, сапасыз дүние болмас еді. Осы орайда, өзімізде өндірілетін битумның сапасын да халықарлық стандарттарға сай қылып шығару күн тәртібінде тұрған маңызды мәселенің бірі.

«Технологияның озықтығын ерекше атауға тиіспіз. Ең бастысы, жолдың астыңғы  қабатын зерттеуге баса мән берілуі тиіс. Олай етпейінше, жолда сапа болмайды.  Жол құрылысында жобалауда қателікке жол жоқ. Оның төменгі қабатының ерекшеліктерін ежіктеп талдаудан өткізу – міндет. Әйтпесе, жолдан кілтипан шыға береді. Бәрі алғашқы зерттеудің негізіне байланысты», дейді Айбол Бидайбеков.

Облыста ауыр жүк көліктерінен жапа шегіп жүрген бірнеше жол бар. Соның бірі – Қарқаралы ауданының шекарасы арқылы өтетін республикалық маңызға ие «Қарағанды - Аягөз - Бұғаз» автожолының бір бөлігі. Міне, осы жолмен жүк көліктері Қарағайлы кен байыту фабрикасынан және «Алтайполиметал» компаниясынан күні-түні тыным таппай кен тасиды. Бұдан кейін, мұндай ауыр салмаққа есептелмеген жолдың қандай күйге ұшырайтынын көз алдына елестетудің өзі аса қиын шаруа емес.

63

Қазіргі таңда, Қарқаралы мен Матақ ауылының арасындағы тас жолдың тас-талқаны шыққан деп батыл тұжырым жасауға болады. «Былтыр халық дабыл қаққаннан кейін, осы жолға орташа деңгейлі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ауыр көліктердің жүруіне тыйым салынды. Қадағалау да күшейді.  Сырт көзге жағдай реттелген тәрізді болып көрінген. Күндіз, тек, 10 тонналық көліктер ғана жүре бастады. Бірақ, сайып келгенде, мұның бәрі көз алдау болып шықты. Бақсақ, асфальтта емес, кеніште жүруге арналған қырық тонналық ауыр көліктер жүрісін тоқтатпаған екен. Тек, күндіз тыныстап, түнде жүруге көшіпті. Бұл, енді барып тұрған сорақылық. Бұл жағдайдың биыл тағы қайталанбасына кім кепіл?», дейді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Қарағанды облыстық филиалының маманы Асхат Шахаев.

Дәл осындай кепті аталған аудандағы «Қоянды - Егіндібұлақ - Бүркітті» бағытындағы жол да киді. Облыстық маңыздағы бұл жолға өткен жылы орта деңгейдегі жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Бірақ, бір жылға жетер-жетпес уақыт ішінде осы жолдың басым бөлігінің ойран-ботқасы шықты. Жөндеуге кеткен есіл ақша ауыр жүк көліктерінің табанына тапталып, қор болды.

Мұндай мысалдарды кен өндіретін кәсіпорындар бар өзге де аудандардан кездестіруге болады. Мәселен, Жаңаарқа ауданындағы «Қаражал-Атасу» тас жолында да мөлшерінен артық жүк тиеген көліктер еш кедергісіз шаруаларын тындырып жүр.

«Ауыр жүк көліктері  кен орындарының маңайындағы жұмыстарға ғана арналған, – дейді Айбол Бидайбеков. – Оларға тас жолмен жүруге тыйым салынған. Әрине, жол салынып жатқан кезде жүруіне рұқсат. Ал, жол құрылыс жұмыстары аяқталған соң, оларға тосқауыл қойылуы тиіс. Әлбетте, жол көлік бақылау  комитеті, басқа да құзырлы орындар қол қусырып қарап отырған жоқ. Дегенмен, алпауыт кәсіпорындардың ауыр жүк таситын көліктері тәртіпке  атүсті қарап келеді. Осы бағытта жауапкершілікті арттырудың басқа да тетіктерін қарастырмайынша, істің оңға басатын түрі көрінбейді».

Ең бірінші кезекте, ауыр жүк көліктерінің ерсілі-қарсылы жөңкілуіне тоқтау салу керек деп есептейді филиал басшысы. Мәселен, жүк салмағын  асырып тиеген көліктерге ұдайы тексеріс жүргізіп, тәртіп бұзғандарына қатаң жаза қолданса, мұның өзі аталған мәселенің оң шешілуіне игі ықпалын тигізер еді.

Жалпы, жол құрылысында бес сатылы тексеріс бар екен. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Қарағанды облыстық филиалы  республикалық мекеме ретінде таңдау тәсілімен тексеру жүргізеді. Мысалы, кесте бойынша, биылғы жылдың басынан бері республикалық маңыздағы жолдарға 799 тексеріс жүргізуге тиіс болатын. Бүгінгі күнде 240 тексеріс іске асырылды. Биылғы қыстың аса қарлы, ауыр болғаны белгілі. Мекеме мамандары жолға шығып, мердігерлердің  қар тазалауға, жолды аршуға қатысты жұмыстарын қадағалаған. Міндеттеріне атүсті қарағандарына қатысты шара да қолданған екен.

«Қазіргі таңда біршама құрылыс материалдарына зерттеу жүргіземіз. Бірақ, біз 15 адаммен  жолды күн сайын қадағалай алмаймыз. Ол, мүмкін де емес. Ал, негізінде,  республикалық жолдың сапасына тапсырыс беру арқылы тексеру жүргізе аламыз. Былтыр жергілікті жол көлік басқармасы 50 млн теңгеге келісім-шарт жасасып, облыстық маңыздағы жолдарды тексеруге  тапсырыс берді. Қаржы толығымен игерілді. Биыл да 50 млн теңгенің келісімі бар. Бұған қоса, облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен аудандар мен қала әкімдіктері  біздің ұйыммен келісім шарт жасаса бастады», дейді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Қарағанды облыстық филиалының басшысы.

Расында да, қазіргі уақытта аудан, қала әкімдері жолдардың сапасын тексертуге мүдделілік таныта бастаған. Мұның себебі де түсінікті. Жергілікті әкімдіктердің сапасыз жол салған талай мердігердің шала ісінен опық жеп жүргені жасырын емес. Сапасыз салынған жолдың ешкімге абырой әпермесі белгілі. Сондықтан, әкімдіктер бұл шаруаға түсіністікпен қарап, ортақ істің оңды болуына құлшыныс танытып  отырғаны қуантады. Айбол Бидайбековтің айтуынша, бүгінге дейін облыстағы 18 аудан мен  қала әкімдіктерінің тең жартысынан астамы «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы»  мекемесімен келісім шарт жасасқан. Мамыр айының соңына дейін бұл іске қалғандары да  қосылмақ.

Былтыр «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» кәсіпорны мамыр айынан желтоқсанға дейін 575 сынама алыпты. Оның 423-інің республикалық, 152-сі облыстық жолға қатысты болған. «Соның ішінде, республикалық жол сынамасының 74-і, облыстық деңгейдегінің 43-і нормативке сай болмай шықты. Сол негізде хаттама беріліп, кемшілікті жою міндеттелді. Оның қайсыбірінде төселетін асфальттың тығыздығы сәйкес келмей жатады немесе төселетін қиыршық тастардың сапасы  нормативке сай болмай шығады. Лайдың, материалдың құрамы дұрыс болмайтын жайттар да кездеседі. Бұл сынаманың заңдық негізіне соны өткізген зертханашы жауап береді.  Биыл төрт сынамадағы қиыршық тастар бойынша ескертулер берілді. Жалпы, қазір жағдай біршама оңалып, жол құрылысы саласындағы сапа да жақсарып келеді», дейді Айбол Бидайбеков.

Кеше салынған жолдың асфальті бүгін жарамсыз болып жатса, кінәні мердігерден іздейтініміз анық. Мердігерді заңмен алдыға салып айдап әкеліп, кем-кетікті жойдыруға болады. Жамап-жасқап, жөніне ол да кетер. Ал тәртіпке бағынбай,  бүтін дүниені тас-талқан етіп жүрген ауыр жүк көліктері үшін жауапты кім береді? «Сонда бұлардың артында кімдер тұр?», деген заңды сұрақ туады. Әлбетте, олардың кім екені белгілі: құлқынның қамын ғана ойлаған тойымы жоқ жұмыс берушілер олар. Міне, осындай, пайданың жолында ынсапты тәрк еткен кәсіпорындарды тәртіпке салғанда ғана қара жолдың ғұмыры ұзарып, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы»  сынды мекеменің үстінен ауыр жүк түсер еді.