Руханият • 05 Маусым, 2020

Биыл елімізде 4 визит-орталық ашылады

474 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова халық алдында есеп беру кездесуінде еліміздің барлық жетекші музей-қорықтарының аумағында визит-орталықтардың құрылысы жүріп жатқанын айтты.

Биыл елімізде 4 визит-орталық ашылады

- Тарихи-мәдени кешендер аумағында жүргізілетін жұмыстар Әдіснамалық кеңес аясында реттеледі және барлық тарихи қайта құру және археологиялық жұмыстар ЮНЕСКО өкілдерімен келісіледі. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өңірлердегі тарихи-мәдени объектілердің инфрақұрылымын күшейтуге серпін берді. 2019 жылы еліміз бойынша 2 музей, 7 мәдениет үйі, 11 ауылдық кітапхана ашылды, - деді Ақтоты Райымқұлова.

Осы ретте министр Маңғыстау облысының белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев атындағы орталықты ерекше атап өтті.

- Әбіш Кекілбаев атындағы орталықтың салтанатты ашылуына Мемлекет Басшысы қатысты. Орталық жанынан музей ашылып, жыл соңына дейін кітапхана мен театр құрылысын аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ туристік қызығушылықты дамытудың тірек нүктелері ретінде визит-орталықтар құрылысы жүргізілуде. Бұл визит-орталықтар өңірдің тарихи-мәдени мұрасын қазақстандық және шетелдік азаматтар арасында ілгерілетуге ықпал ететін болады, - деді ол.

Оның айтуынша, еліміздің барлық жетекші музей-қорықтарының аумағында визит-орталықтардың құрылысы, музейфикация жұмыстары жүріп жатыр. Өткен жылы Түркістан облысындағы «Отырар» және Алматы облысындағы «Таңбалы» визит-орталықтарының құрылысы аяқталған. Биылғы жылы «Ұлытау», «Гаухар ана», «Ордабасы» және «Сауран» музей-қорықтарының визит-орталықтары құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. 2021 жылдан бастап бұл қатарға «Есік», «Берел», «Шілікті» қосылады.