05 Қазан, 2013

Дәулеті мен сәулеті жарасқан өңір

421 рет
көрсетілді
35 мин
оқу үшін

«Қуатты Қазақстан дегеніміз, бұл ең әуелі өңірлердің қуаттылығы болып саналады. Елдің болашағы экономикадағы келешегі зор салалардың дамуымен байланысты. Бұл үшін алдымен жаңа зауыттар көп салынып, жаңа жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік инфрақұрылым қарқынды дамуы қажет».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Кешенді дамуға бетбұрыс

Кеше Астанада Орталық коммуникациялар қызметі Павлодар облысының әкімі Ерлан Арынмен республикалық бұқаралық ақпарат құралдары журналистерінің кездесуін өткізді. Орталық коммуникациялар қызметінің өкілі Алтай Әбибуллаевтың атап көрсеткеніндей, мұндай баспасөз мәслихаты дәстүрлі сипатқа ие болып отыр.

Павлодар облысы еліміздегі өнеркәсібі дамыған индустриялы өңірлердің бірінен саналады. Мұнда халықтың төрттен бір бөлігі нақ осы өнеркәсіп өндірісінде қызмет істейді. Облыстағы 15 жүйе құраушы ірі кәсіпорын өңірдің өнеркәсіптік өнімдерінің 80 пайызын өндіреді.

 

 

«Қуатты Қазақстан дегеніміз, бұл ең әуелі өңірлердің қуаттылығы болып саналады. Елдің болашағы экономикадағы келешегі зор салалардың дамуымен байланысты. Бұл үшін алдымен жаңа зауыттар көп салынып, жаңа жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік инфрақұрылым қарқынды дамуы қажет».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Кешенді дамуға бетбұрыс

Кеше Астанада Орталық коммуникациялар қызметі Павлодар облысының әкімі Ерлан Арынмен республикалық бұқаралық ақпарат құралдары журналистерінің кездесуін өткізді. Орталық коммуникациялар қызметінің өкілі Алтай Әбибуллаевтың атап көрсеткеніндей, мұндай баспасөз мәслихаты дәстүрлі сипатқа ие болып отыр.

Павлодар облысы еліміздегі өнеркәсібі дамыған индустриялы өңірлердің бірінен саналады. Мұнда халықтың төрттен бір бөлігі нақ осы өнеркәсіп өндірісінде қызмет істейді. Облыстағы 15 жүйе құраушы ірі кәсіпорын өңірдің өнеркәсіптік өнімдерінің 80 пайызын өндіреді.

Облыс минералды шикізат көздеріне өте бай. Республика көмір қорының 36 пайызы, никельдің 16 пайызы, алтынның 5 пайызы, мыстың 4 пайызы осы өңірде шоғырланған. Сонымен қатар, қазақ ұлтының қаймағын құрайтын өнер мен мәдениеттің, ғылымның көрнекті өкілдерінің шыққан ортасы да осы – Баянауыл өңірі болып табылады.

Павлодар облысының ерек­ше­ліктерін білдіріп, өңір төл­құ­жатында тіркелетін осындай маңызды деректерден кейін облыс әкімі Ерлан Арын журналистерді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмалары­на сәйкес жүзеге асырылып­ жатқан жұмыстармен, облыс­тың әлеуметтік-экономи­ка­лық дамуының 2013 жыл­ғы қаңтар-тамыз айлары аралығындағы қорытын­ды­ларымен таныстырып өтті. Облыс басшысының атап көрсеткеніндей, жыл басынан бастап халықтың нақты табысы 8,9 пайызға (62760 теңге), орташа айлық жалақы 9,3 пайызға (89663 теңге) артқан. Негізгі капиталға салынатын инвестициялардың көлемі 144,1 миллиард теңгені (100,3 пайыз) құраған.

Дегенмен, өндіру өнеркәсібі өні­міне сыртқы сұраныстың азаюы­на байланысты облыста өнер­­кәсіптік өнім көлемі 1,7 пай­ызға төмендеген екен. Жур­налистер осы мәселеге біраз шүйліккен еді. Оның себеп-салдарын облыс әкімі тарқа­та айтып, талдау­лар жасай отырып, түсіндіріп бер­ді. Облыс­тың әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық дамуына жоғарыда айтып кет­ке­ні­міздей, жүйе құраушы ірі кәсіп­орындардың ықпалы зор бол­ғандықтан, олардың әрбірінің жұмысындағы іркілістер ортақ көрсеткіштерге үлкен әсер етеді. Биылғы жылы осындай жағдай жөндеу жұмыстарына байланыс­ты Павлодар мұнай өңдеу зауытында орын алып, мұндағы бензин өндірісінің көлемі 20,3 пайызға азайып кеткен. Павлодар мұнай өңдеу зауыты облыстың жалпы өңірлік өнімі мен бюджетінің едәуір бөлігін беретін үлкен кәсіпорын. Дегенмен, бұл іркілістің ағымдық сипаты жоқ. Күні ертең жағдай реттелген кезде, бәрі қалпына келуге тиіс.

Расында да, Павлодар облы­сындағы қазіргі жекелеген проблемалар кері кету емес, даму проблемалары болып табылатындығына көз жеткіздік. Өйткені, облыс әкімінің атап көрсеткеніндей, облыс дамуында жан-жақтылық пен кешендік даму сипаты басым. Мәселен, облыста индустрияландыру картасының аясында құны 744,5 миллиард теңгенің инвестицияларын құрайтын 82 жоба іске асырылуда. Осылардың барлығы іске қосылғанда 10,332 жұмыс орны ашылатын болады. Соның ішінде 38 миллиард теңгенің инвес­тициялары салынған екі ірі жоба пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы да 6 жобаны іске қосу жоспарлануда. Мұның сыртында 226,7 миллиард теңгені құрайтын 51 жоба жүзеге асқан. Осының нәтижесінде 3424 жұмыс орны құрылған.

Облыста «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы құрылып, ол қарқынды даму үстінде. Сон­­дай-ақ, «Өнімділік-2020», «Экспорт­таушы-2020», «Агро­бизнес-2020», «Биз­нестің жол кар­тасы-2020» бағдарламалары іске асырылу үстінде. Осылардың әрқайсысы бой­ынша қомақты қаржылар иге­ріліп, облыстың одан әрі дамуына үлкен ықпал ететіндігі анық.

Мәселен, соңғы бағдарламаның өзіне ғана үстіміздегі жылға рес­пуб­ликалық бюджеттен 3,7 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржы игерілу үстінде.

Аталған жұмыстардың нәти­же­сінде облыстың экспорттық тауар­ларының көлемі былтырғы жылдың осы мерзімімен салыс­тыр­ғанда 20 пайызға артқан, есесі­не импорт көлемі төмендеген. Сөй­тіп облыс алғаш рет сыртқы сауда­ның 77,2 миллион АҚШ доллары көлеміндегі оң сальдосына ие бол­ған. Облыстағы бөлшек сауда айна­лымының өсімі 112,5 пайызды құраған.

Облыстың әлеуметтік, мәде­ни салаларында көптеген жұмыс­тар жүзеге асырылып, осы­ның нәтижесінде халық рухы­ның көтеріліп қалғандығын жуық­та облыстағы қасиетті топырақ­тар­дың бірі саналатын Баянауыл ауда­нына жасаған сапарымызда өзіміз де байқаған едік. Мұн­да Қазақстан ғылымының көш­бас­шысы Қаныш Сәтбаевтің мемориал­дық мұражайы мен осыдан 150 жылдай бұрын Мұса Шорма­нов салдырған мешіт қайта жаңғыр­тылып, келушілерге есігін айқара ашқандығын көргенбіз. Бұл екі шара да жекелеген адам­дар­дың қаржысына жүзеге асыпты. Яғни бюджет қаражаты шы­ғын­далмаған. Баспасөз мәслиха­тында «Егемен Қазақстан» газе­тінің атынан осы бағыттағы жұ­мыстардың қалай жалғасып жатқандығын сұрағанымызда Шоқан Уәлиханов пен Потанинге Қазақстан мен Ресейде ескерткіш қойылғандығын, Зейін Шашкин мен Сәбит Дөнентаевтың ескерт­кіштері орнатылатындығын, енді­гі кезекте Жаяу Мұсаның, Мұ­са Шорманұлының, басқа да та­рихи тұлғалардың жатқан жерле­рін көріктендіру жұмыстары жүр­гізілетіндігін естідік. Осындай жұмыстар облыстың басқа да аудандарында қолға алынған. Мұндағы мақсат халқымыздың тарихи тұлғаларына қызмет көрсету арқылы облыста туризмді жандандыру, Баянауыл өңірінің көрікті табиғатын халық игілігіне айналдыру екендігін естідік.

Облыс әкімі журналистердің қойған сұрағына байланыс­ты облыстың жылыту маусымы­на жақсы дайындықпен келген­дігін, 29 қазандықтың толық­тай жөнделгендігін, биыл ал­ғаш рет Екібастұз энергия орта­лығын жарақтандыру ісіне акционердің 1 миллиард 700 миллион теңге қаражат салғандығын, облыста «Үлгілі ауылдар» бағдарламасының қолға алынып, 25 ауылдың таңдалып алынып, оларды көріктендіру және тұрмысқа жайлы ету ісінің басталғандығын айтып өтті.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

 

Бағытымыз айқын, көшіміз түзу

Ерлан АРЫН,

Павлодар облысының әкімі.

Еліміздің әр өңірінің өзіндік ерекшелігі бар екені белгілі. Сол сияқты Ертістің Павлодар өңірі еліміздің индустриялық орталығының бірі саналады. Қуатты экономика құру жолында өңірлердің қуатты болуы Елбасы назарында. Биылғы жылы облысымыз алдына қойған нақты тапсырмаларын жүзеге асыру жолында сәтті қадамдарға қол жеткізді. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру арқылы өңіріміз тағы да өзінің өндірістік әлеуеті мен даму қарқынын көрсете алды деп ойлаймын.Бұл күндері индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде жалпы құны 744,5 миллиард теңге болатын 82 жоба іске асырылуда. Инвестиция көлемі 38 млрд. болатын 2 жоба толық қуатында жұмыс жасауда. Жыл соңына дейін тағы 6 жоба пайдаланылуға беріледі. Сонымен қатар, өңірде 4 мыңға жуық адамға жаңа жұмыс орнын ашып берген 51 жоба іске қосылса, оның 41 жобасы қазіргі кезде толық қуатында. Жалпы, бұл бағдарлама аясында он мыңнан астам адам жұмысқа орналасады.

Елбасы тапсырмасына орай облысымызда химия және мұнай-химия кластерін дамытатын «Павлодар» арнайы еркін экономикалық аймағы құрылған болатын. Жоба өндірісті өңірге инвес­тиция тартудың үлкен мүмкіндіктеріне жол ашты. Қазір экономикалық аймаққа қызығушылық танытқан 45 кәсіпорын бағдарламаға қатысушы мәртебесін алды. Мәселен, 12 жоба бойынша елімізде бұрын-соңды өндірілмеген өнім өндірісіне басымдық беріледі. Атап айтқанда, «Қазатомпром» АҚ-пен бірлесіп елімізде алғаш рет жылына 130,0 мың тонна поликремний, 100 мың тонна сутегі асқын оксиді, 3 мың тонна поли­алюминий хлориді шығарылады. Барлық өндірілген поликремний, сутегі асқын оксиді елімізге, негізінен, «Қазатомпром» АҚ-тың электр-техникалық және химиялық қажеттілігі үшін өндіріледі. Сондай-ақ, белгілі бір бөлігі Ресейге экспортқа жіберіледі. Бұған қоса, елімізде жеткіліксіз мөлшерде шығарылатын және импортталатын күкірт қышқылы, полиэфирлі майлар өндірісі жанданады. Және қосалқы аймақ құру бойынша да жұмыстар жүргізілуде.

Облыс елімізде жүзеге асырылып жатқан «Өнімділік-2020» бағдар­лама­сынан да тыс қалған жоқ. Еліміздегі 51 жобаның төртеуі біздің өңірдің еншісінде. Олар – «Format Mach Company» ЖШС, «Ромат» ФК ЖШС, «Нефтехим LTD» ЖШС және «Павлодар машина жасау зауыты» АҚ. Аталған бағыт бойынша пайыздық мөлшерлемені 5 пайызға дейін төмендету мәселесі шешілді.

Бүгінгідей бәсекелестік заманында сапасы жоғары қызмет көрсететіндердің ғана бағы жанатыны түсінікті. Осыған ерекше мән берген аймақ кәсіпкерлері ИСО 9001, 14001, 22000 және OHSAS 18001 сапа менеджменті жүйесінің сертификаттарын иеленуде. Бұлардың қатары қазірдің өзінде 265 кәсіпорынға жетті. Осы тұста ұлттық компаниялар мен ірі кәсіпорындар арасында тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу бойынша қазақстандық үлесті ұлғайту мақсатында 858,6 млрд. теңгенің келісімдері жасалды. Бұл межелеген қаржыдан 1,5 есеге артық.

Ел экономикасын қуаттандыра түсуде аграрлық сектордың алатын орны ерекше. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау үшін республикалық бюджеттен 2 млрд., жергілікті қазынадан 1,6 млрд. теңге қарастырылды. Өсімдік шаруашылығындағы егіс алқаптарының көлемі 1138,5 мың гектарды құрайды. Диқандар өткен жылмен салыстырғанда жемшөптік дақылдар алқабын 47,5 мың гектарға, азықтық дақылдар алқабын 68 мың гектарға арттырды. Бүгінгі таңда 90 мың гектардың егістігі орылды, орташа шығым гектарынан 11,6 центнерден алынуда. Сондай-ақ, 800 гектардан көкөніс жиналды. Бақшалық өнімдер гектар басынан 218 центнерден жеміс берді.

Мал шаруашылығын өркендетуге келер болсақ, өңірде 431,8 мың бас ірі қара, 115,6 мың бас жылқы, 600 мыңға жуық қой-ешкі, 75,2 мың шошқа мен 997 мың құс бар. Есепті кезеңде 256,0 мың тонна сүт, 45 мың тонна ет, 80 миллион данаға жуық жұмыртқа өндірілді.

Кәсіпкерліктің өрісін кеңейтуде өңіраралық ынтымақтастықты дамы­тудың рөлі ерекше. Жыл басынан бері облыс кәсіпорындарының өкілдері Минск, Уфа, Өскемен қалаларында болып, өзара әріптестік қатынасты нығайту туралы келісімшарттарға қол қойды. Бұған қоса, өңір кәсіпкерлері Астана қаласында өткен чехиялық кәсіпкерлермен екіжақты кездесуге қатысу мүмкіндігіне ие болды. Өз кезегінде Корея мен Швеция елшіліктері ұйымдастырған осындай кездесулер де ел экономикасын арттыруға жасалған нақты қадам болды дей аламыз.

Бүгінгі таңда ең өзекті мәселелердің бірі – тұрғындарды баспанамен қам­тамасыз ету. Биылғы жылы өңірде «Қол­жетімді тұрғын үй - 2020» бағдарламасы негізінде 180 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылады. Қыркүйек айының басында облыста 83,6 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 18,4 пайызға артық. Ел болашағы жастардың қолында деп жатамыз. Осыны ескере ке­ліп, бағдарламада жас отбасыларға ба­сым­дылық беру жағын қарастырып отыр­мыз.

Тағы бір өзекті мәселе – тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету. Түйт­кілді шешудің жолын ел Үкіметі назарда ұстап отыр. Бұл сөзімізге «Ақ бұлақ» бағдарламасының жүзеге асырылуы дәлел бола алады. Биыл облысымыз жалпы құны 871,6 миллион теңге болатын үш жобаны қолға алды. Соның нәтижесінде Ертіс ауылы мен Ақсу қаласына қарасты Қалқаман кентінде су құбырын қайта жаңарту, Шарбақты ауданының Галкин ауылына су құбырын тарту жұмыстары жүріп жатыр.

Ұлт болашағы білімді ұрпақтың қолында десек, облысымыздың білім беру саласында да айтарлықтай жетістіктер бар. Облыс еліміздің мектептерде үш ауысымды оқыту жүйесі мәселесін шешіп қойған өңірлердің көш басында келеді. Биылғы жаңа оқу жылында 413 білім ордасы партасына 88,1 мың оқушы отырды. Оқулықтар және оқу-әдістемелік құралдармен жабдықталды. Мектептер компьютерлік техникамен қамтамасыз етілді, интернет жүйесіне енгізілді. Барлық орта және негізгі мектептер кең жолақты интернет желісіне қосылған. Білім беру саласына жасалынып жатқан мұндай жағдайлар білім беру сапасын арттыруға тікелей жол ашты. Айталық, 2013 жылы ұлттық бірыңғай тестілеуге 3749 оқушы қатысты. Облыс бойынша 78 түлек «Ал­тын белгіге» ие болды.

Өңірде республикалық бюджет есебінен төрт жаңа мектеп құрылысы жүруде. Жаңа оқу жылы қарсаңында об­лыс орталығында 720 орындық «Назар­баев зияткерлік мектебі» ашылды. Сала­дағы жетістіктеріміздің бірі – үш пен алты жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту толық қамтылды.

Биылғы жылы облысымызда 7604 сәби жарық дүние есігін ашты. Туу көрсеткіші әрбір мың адамға шаққанда 10,15 баланы құрайды. Жалпы алғанда, облыста 380 мемлекеттік медициналық ұйым жұмыс жасайды. Мұнымен қатар, 117 жеке меншік медициналық субъекті тіркелген. Айта кетерлігі, өңірде қаңтар-тамыз айларымен есептегенде қатерлі ісік дертіне шалдыққандар көрсеткіші 0,6 пайызға төмендеді. Сондай-ақ, психикалық ауытқулар сырқаты 1,7 пайызға, жүректің ишемиялық ауруынан көз жұматындар саны 3,1 пайызға кемігендігі белгілі болды.

Дені сау ұлт тәрбиелеуде денешы­нық­тыру мен спорт саласын дамыту қажет екенін жақсы түсінеміз. Аймақта меншік түрі алуан 3250 бірлік спорт объектілері мен ғимараттары бар. Бүгінгі таңда 200,7 мың тұрғын денешынықтырумен және спортпен шұғылданады. Бұл – өңір халқының 27 пайызы. Ағымдағы жылы 35 жерлесіміз спорттың әртүрінен ел чемпионы атанды.

Мәдениет, әдебиет, тарих – мұның бәрі кешегімізден сыр шертетін шежіреміз. Ұлыларымызды ұлықтай білу – парызымыз. Өңірде «Тарихи-мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде айтарлықтар жұмыстар атқарылды. Шарбақты ауданында Хазірет Ғаб­дыл­уахит Тіленішұлына, Екібастұз қала­сы­ның аймағындағы Ақкөл ауылдық окру­гінде ағартушы, философ Хазірет Ишан Исабекке, Ертіс ауданында батыр Таймас Бекбауұлына кесенелер орнатылды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы – қалыптас­қан мемлекеттің жаңа саяси бағы­ты» атты халыққа Жолдауында: «Біз өзі­міз­дің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрі­мізді осы әралуандығымен және ұлы­лы­ғымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек», деген болатын. Осы бағытта облыстың тарихи-мәдени мұралары объектілерін дамыту және сақтау мақсатында 2013-2015 жылдарға арналған «Тарихи мәдени мұра» жоспары жасалды.

Облыстың 31 мәдени объектісінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Айталық, 5 аудандық мәдениет үйі, 17 ауылдық клуб, Железин, Кашыр, Ертіс аудандарының 3 орталықтандырылған кі­тапханалары заман талабына сай қай­та жаңартылды. Жақында ғана қазақ ғылымының атасы Қаныш Сәтбаевтің мемориалдық музейі қайта жаңартылып, жаңа келбетке енді.

Биыл Даңқ мемориалында үш Кеңес Одағының Батыры Н.Бердниковтің, И.Суптельдің және Д.Потаповтың барельефтері ашылды. Кеңес Одағының Батыры Д.М.Карбышевтың анасы А.Е.Карбышеваға арналған естелік белгісімен ескерткіш тақтасы ашылды. Алдағы уақытта жерлесіміз Қалижан Бекхожиннің 100 жылдығы аталып өтілмек.

Тізбектей берсек, мұндай жұ­мыс­тарды көптеп айтуға болады. Басты­сы, атқарылып жатқан істер тек облы­сы­мыздың әлеуетін арттыруға қызмет етіп қана қоймай, мемлекетіміздің қуаттана тү­суіне, одан әрі гүлденуіне жол ашады деп сеніммен айта аламыз. Шын мә­нінде біз бағыты айқын, болашағы жарқын елміз. Елбасымыздың сындарлы да салиқалы саясатының арқасында біз әлемді дүрліктірген қаржы дағдарысының қиын кезеңдеріне де төтеп бере алдық. Бірлік пен ынтымақтастықтың нақты үлгісін таныттық. Осы жетістіктердің бар­лығы елімізді көп күмән мен көк тұман­нан ада қылып, жарқын болашаққа же­телеп отырғаны даусыз. Ең бастысы, қолда барымызды бағалап, соның қадірін жете түсінуіміз керек.

 

Табысымыз толағай

Қуатты мемлекет құру жолында экономиканың күретамыры саналатын темір жол саласының маңызы зор. Мен саналы ғұмырымның ұзақ уақытын осы саламен тығыз байланыстырып келемін. Әлі күнге дейін ұмыта алмаймын, тоқ­са­ныншы жылдардағы тоқырау тұсындағы ты­ғы­рық темір жол саласын да айналып өткен жоқ.

Тіпті, кәсіпорынның де­биторлық қарызы 20 миллиард теңгеге жеткен кездері де болды. Бұған қырық миллион теңге кредиторлық қарыз бен жұмысшылар алдындағы 3,5 миллиард теңге еңбекақы қа­рызын қосыңыз.

Сол тұста Елба­сы­мыз­дың көрегендігі арқасында темір жол­ды реформалау қолға алын­ған болатын. Құдайға шү­кір, тарих үшін қысқа ғана мерзімде «Қа­зақстан те­мір жолы ҰК» АҚ адам таны­мас­тай өзге­ріс­терді басынан өт­кер­ді. Сөзім дәлелді болуы үшін кәсіпорынның екі мәр­те «Алтын сапа» награ­да­сын иеленгенін айтпай кет­песке болмас. Бүгін ең бел­сен­ді дамып келе жатқан кә­сіп­орындар көш басында келе жатқаны қуанышты-ақ.

Биылғы жыл облыс экономикасы жақсы қарқынмен ілгері басып келе жатса, біз­дер, теміржолшылар да сүбелі үлесімізді қосуға ниеттіміз.

Жаздың аптап ыстығы мен қыс­тың қақаған аязына қа­ра­мастан темір жол тасы­­малы жұмысын тежеп көр­ген емес. Былтыр еліміз бойын­ша 86 миллион тонна жүк тасымалданыпты. Осы көрсеткіштің 34 пайызы біздің облысымызға тие­сілі. Ал, биылғы жылдың өзін­де біз республикалық көр­сеткіштің 37 пайызын қан­жығамызға байладық.

Осы тұста салыстырмалы түрде мынадай деректерді келтіріп өткім келіп тұр. Темір жол тасымалдары кө­ле­мі жөнінен былтырғы жы­лы ТМД көлемінде көш басына екі облыс шыққан болатын. Оның бірі – Павлодар облысы да, екіншісі, Ресей Федерациясының Кемеров облысы. Алайда, біздер үшін ол еш тоқмейілсуге себеп болмайды. Өйткені, біздің табысымыз толағай болғанымен, алдағы мүмкіндіктеріміз бұдан да зор.

Павлодар облысы индус­трияландыру мен машина жасау саласы бойынша алдына жан салмай дамып келе жатқан өңір. Тағы бір көз қуантарлық жағдай – ТМД елдері ішінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-пен келісімшарт жасасқан өңірлер арасында да Павлодар облысы көш бастады. Кәсіпорын жасасқан шарттардың 154 миллиард теңгесі осы өңірге тиесілі десек, бұл жалпы соманың 28 пайызын құ­райды.

Екібастұз қаласындағы Қазақстан вагон жасау компаниясы былтырдың өзінде 1700 дана жүк вагонын жасап шықты. Биыл олар көрсеткішті екі жарым мыңға жеткізуді межелеп отыр. Ал­дағы уақытта кәсіпорын то­лық қуаттылыққа көшкенде жылына бес мың жүк вагонын құрастыратын болады.

Жақын болашақта осы ша­һардағы «Пром­маш­ком­плект» кәсіпорны темір жол саласына таптырмайтын қосалқы бөлшектер жасаудың толық қуатына көшеді. Бұл облысымыз ғана емес, бүкіл республикамыздың абыройын асқақтата түсетін жоба боларына еш күмән жоқ.

Облысымызда темір жол паркін жаңарту ісі оң шешімін тапқан. Жаңа тепловоздар, электровоздар мен жолаушылар тасымалдайтын вагондармен толығуда.

Облыс әкімінің іскерлігі ар­қасында «Қазақстан те­мір жолы» ҰК» АҚ басшы­лы­ғымен әріптестік қатынас нығайып келеді. Облыс тұрғындары еліміздің рухани астанасы саналатын қасиетті Түркістанға тура бағытта қатынайтын болды. Жақында ғана елордамыз Астанаға қа­тынайтын «Баянауыл» жанға жайлы электр пойызы заманауи үлгімен жаңартылған 604 орындық вагондармен толықтырылды.

Облыс әкімі Ерлан Арын­ның тікелей араласуымен таяу арада Астана-Павлодар-Өскемен бағытында қаты­найтын «Тұлпар-Тальго» пойы­зы жолға шықпақ.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қа­зақ­стан-2050» ұзақ мерзімді Стратегиялық құжатында өңір басшыларына нақты мін­деттер мен тапсырмалар жүктесе облыс басшылығы осы сенім үдесінен шығуға лайық деп есептейміз.

Мен темір жол саласының ардагері ретінде, Қазақстан азаматы ретінде елімнің бү­гінгі бет алысына, жар­қын болашағына ерекше қуанамын. Гүлденген еліміздің экономикасының тұрақ­ты бола түсуі жолында Пав­лодар облысында атқа­рылып жатқан істерге риза­шылығымды білдіремін.

Әби САРҚЫНШАҚОВ,

темір жол саласының ардагері, Қаз КСР-нің еңбек сіңірген көлік қызметкері,

КСРО-ның құрметті теміржолшысы.

Іскерлік ілгері бастырады

Нарықтық қатынаста өмір сүріп жатқан әрбір кәсіпкер үшін ең маңызды істің бірі заман көшіне ілесіп, жаңа технологияларды игеру болып табылады. Себебі, бәсекеге қабілетті бола білсең ғана «тасың өрге домалайды». Ата-бабаларымыздан қалған осы қағида біздерге ерекше бір рух беретіндей.

Қазақстан халқына Жолдауында Елбасымыз ауыл шаруашылығын, әсіресе, ауылшаруашылық өніміне өсіп отырған жаһандық сұраныс жағдайында ауқымды жаңғырту қажет екендігін қадап айтқан болатын.

Әлемдік азық-түлік нары­ғының көшбасшысы болу және ауылшаруашылық өндірісін арттыру үшін қандай қадамдар жасау керектігін Президенттің өзі нақ­тылап берді. Расында да, еліміз әлемдік деңгейдегі мал ша­руашылығы жем-шөп базасын құру үшін үлкен әлеуетке ие.

Аграрлық секторды жаңғырту күн тәртібіндегі өзекті мәселе бол­ғандықтан өзім басшылық жасайтын «Жаңа қала» шаруа қожалығы уақыт талабына сай жұмыс атқаруда. Олай болмасқа ше?! Мемлекет ауыл шаруашылығын қолдау бағытында айтарлықтай қадамдар жасауда. Ал, біз шаруа­лар бұған тыңғылықты ісімізбен жауап қайтаруға тиіспіз.

Жақында біз «Қазагроқаржы» АҚ арқылы қаржылай кредит алып, шаруашылығымыздың мате­риалдық базасын біраз жаңартып алған жайымыз бар. Жоғарыда аталған акционерлік қоғамның қолдауымен 331,8 миллион теңге қаржы алып сауын фермамызды кеңейттік. Аз шығынмен жоғары өнімділікке қол жеткізудің сара жолы ретінде симментал тұқымды сиырлар ба­сын көбейттік. Ендігі жерде біз сауу процесімен қатар әр сауын сиырдың физиологиялық жағдайын арнайы құрылғы арқылы бақылай аламыз.

Үкіметтің ауыл шаруа­шы­лы­ғында қайта өңдеу, саудада фер­мерлік пен шағын және орта биз­несті дамыту бағытындағы жос­парлары біздер үшін зор қуаныш. Жер өңдеу мәдениетін өзгерту және жаңа ғылыми, тех­но­логиялық, басқарушылық же­тіс­тіктерді ескере отырып, мал ша­руашылығындағы дәстүр­лерімізді жаңғырту қажеттігін жүрегімізбен түсінеміз.

Технологияның қарыштап дамыған тұсында ауыл шаруа­шылығы саласын да ғылымсыз көз алдыңа елестету мүмкін емес. Осыны ескере отырып, ше­телдік тәжірибелерге сүйеніп, сауын процесін сазды әуенмен жүргізуге қадам жасадық. Бәлкім, түсінбеушілік танытушылар табылып қалар. Дегенмен, Моцарттың әуенімен сауын жасау арқылы өнімділіктің арта түсетініне анық көзіміз жетті. Қазір тәулігіне төрт тоннадан астам сүт тапсырып жатырмыз. Бұл әр сауын сиырдан жылына 3,5 мың кило сүт алуға болады деген сөз. Қол жеткенге тоқмейілсуге болмайды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 5 мың килоға жеткізуді көздеп отырмыз.

Өнімділікті арттыру бірінші кезекте жем-шөп қорына байланысты. Өндірістік шаруашылықты дамыту үшін арнайы жем-азық зауытын салуды қолға алмақпыз.

Осы жоспарларымызды жү­зеге асыра алғанда ғана аса ірі экс­порттық нарықты меңгеруге мүм­кіндік туады. Сонда ғана Елба­сымыз атап өткендей, біз 2050 жылға қарай ішкі жалпы өнімдегі ауылшаруашылық тауарларының үлесін бес есе арттыруға мүмкіндік аламыз. Ал, бұған жету үшін бізде барлық жағдай жасалынған. Ендігі жерде іскерлік таныту ғана қалды.

Қайрат ТҰРЛЫБАЕВ,

шаруа қожалығының басшысы.

Павлодар ауданы.

Әлеуметтік салаға назар

Мемлекеттік бағдарламаларды жер­гілікті тұрғындар арасында насихаттап, орындалуының жемісін көру – қуаныш. Ауылдарымызда жыл басынан бері 145 нәресте өмірге келді. Ауданда ана мен бала өмірін қорғау жөнінде штаб құрылды. Ауылдарға 6 жас дәрігер келді. Сондай-ақ, Береговой ауылында республикалық бюджет қаржысына дәрігерлік амбулатория құрылысы басталса, аудандық орталық аурухана ғимаратына республикалық бюджеттен 140 миллион теңге бөлініп, күрделі жөндеу жүргізілуде.

Өткен жылы ауданның ауылдары арасында «Үздік ауыл», «Үздік көше», «Үздік аула» атты байқау өтіп, қорытынды нәтижесі бойынша жүлделі орынға ие болған үздік ауылға 1 миллион теңге берілсе, үздік көшеге 200 000 теңге, ал үздік аула номинациясын жеңіп алған үш аулаға 50 000 теңге берілді. Ауылдардың ауласы, көшелері тазалануда.

Биыл біз сауықтыру лагерінің бір маусымын табиғат аясында киіз үйлерде ұйымдастырдық. Ауданымызда әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар бағдарлама бойынша несие алып, жеке кәсібін ашуға мүмкіндік алды. Песчань ауылында осы бағдарламаның Алма Асаева деген қатысушысы өзінің жеке шаштаразын ашты. Бағдарламаның басқа бағыттары аясында бірнеше ауыл тұрғыны тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Қазір ауданымызда «Жұмыспен қамту-2020», «Балапан», «Дипломмен – ауылға!» бағдарламалары жүзеге асуда. Ауылдық жерде еңбек етемін деп ниет білдірген жастарға 500 мың теңге көлемінде көтермеақы берілсе, аудан орталығына келген жас мамандар үшін 300 мың теңге қарастырылған. Сондай-ақ, мемлекеттік жастар сая­сатын дамыту мақсатында аудан орталығынан жергілікті бюджет есебінен қаржыландырып «ALDASPAN» жастар орталығын ашып, жастар үшін жаңа жұмыс орнын іске қостық. Сонымен қатар, аудан әкімінің «Рух» жастар сыйлығы тағайындалды. Бұл сыйлық 6 номинация бойынша жеңімпаздарды Тәуелсіздік күні қарсаңында анықтайды. Осылайша, «Үздік мұғалім», «Жас саясаткер», «Жас маман дәрігер», «Ауыл шаруашылығы қызметкері», «Мәдениет қызметкері», «Жас кәсіпкер» атанған жастардың ауданның қоғамдық саяси өміріне белсене атсалысуын мақсат етпекпіз. Өткен жылы ауданымыздың 21 мектебінде 1-ші қазақ сыныптарын аштық. Биыл аралас мектептерден таза қазақ мектептерін ашу жұмыстарын бастадық. Сонымен қатар, жерлес батырларымыз Құдайберген Сұрағанов, Григорий Кравченконың есімдері көшелерге беріледі. Аудан орталығы Тереңкөлде «Тағзым» аллеясы ашылды. Бұл аллея Саяси қуғын-сүргін құрбандарына, ішкі істер органдарында қызмет ету барысында және Ауған соғысында қаза болғандарға арналды.

Мемлекеттік қызметкерлердің арасында «Абай оқуларын» өткізу дәстүрге айналды. Бұл шараны өткізудегі мақсатымыз, Абай шығармаларын дәріптеу арқылы әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған аудан тұрғындарына мемлекеттік тілдің, қазақ тілінің көркемдігін, бай лексикасын насихаттау. Ауылдарда балалар алаңы мен саламатты өмір салтын қалыптастыру және бұқаралық спортты дамыту мақсатында жастарға спорттық алаңдар ашылуда. Ал «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының негізінде өткен жылы 24 пәтерлі үйдің құрылысы аяқталды.

Гүлнәр БІЛӘЛОВА,

аудан әкімінің орынбасары.

Қашыр ауданы.

Емхана 70 мың адамға қызмет көрсетеді

Біз қазір осыдан екі жыл бұрын ашылған жаңа емханада жұмыс жасаймыз. Биыл облысқа сапары кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев емхананы аралап көріп, дәрігерлермен кездес­кен болатын. Облыс орталығындағы Усолка шағын ауданында бой көтерген емхана осы аудан тұрғындарының медициналық қызметтерге деген барлық қажеттіліктеріне сай қызмет көрсетуде. Бұл аудан қаланың жаңа келбетіндей жарқырап өркендеп, өсіп келеді. Жаңа тұрғын үйлер, мектептер, балабақшалар, сауда үйлері салынуда. Емханамыз күніне 150 баланы және 350 ересек адамдарды қабылдай алады. Заманауи медициналық құрылғылармен жарақтандырылған. Мәселен, экспресс-зертханада талдауларға бір сағаттан аз уақыт жұмсалады. Сондай-ақ, құны 30 миллион теңгені құрайтын заманауи рентген аппараты жұмыс істейді. Денсаулық сақтауды дамытудың «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде емхана «Электронды тіркеу» тәсілі бойынша қызмет етеді. Дәрігерге қабылдауға онлайн режімінде немесе ғаламтор арқылы да жазылуға болады. Халыққа медициналық қызмет көрсету деңгейін жақсарту – ел дамуының басым бағыттарының бірі. Біздің бас­ты міндетіміз денсаулық сақтау саласында заманауи жүйелерді құру, халыққа сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсету болып табылады. Сонымен қатар, бөлімшелік қызметтер, әр сала мамандарының кабинеті, диагностикалық-зертхана кешені, физиотерапиялық бөлім және 30 орынға шақталған күндізгі стационар да орналасқан. Емханада 72 дәрігер мен 119 орташа медициналық қызметкер күнде 500-ге дейін науқас қабылдайды. Емхана сандық рентгенография, флюорография, рентген диагностикасы, мамографиялық аппарат, ультрадыбыс­ты зерттеу сканері, заманауи зертхана құрылғысымен жабдықталған.

Ботакөз ТҰРҒАНБАЕВА,

№4 емхана бас дәрігерінің орынбасары.

ПАВЛОДАР.

 

 

Айқарма бетті әзірлеген «Егемен Қазақстанның» Павлодар облысындағы меншікті тілшісі Фарида БЫҚАЙ.

Суреттерді түсірген В. БУГАЕВ.