09 Сәуір, 2010

АЙМАҚТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК — ӘЛЕМДІК ҚАУІПСІЗДІКТІҢ АЛҒЫШАРТЫ

1187 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Сәрсенбі күні Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесті. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев бұл Пан Ги Мунның Қазақстанға жа­сап отырған үшінші сапары екенін еске алды. Алғашқы екі сапарды сіз Корея Республикасының Сыртқы істер министрі ретінде жасаған едіңіз, сондықтан да біз сізді жақсы білеміз, деді Қазақстан Президенті. Одан кейін Бас хатшының Арал мен Семей өңірлері сияқты эко­логиялық апат аймақтарына алаң­дау­шылық білдіріп, олардың жағ­дайын жақсартуға әлемдік ұйым на­зарын аударғаны үшін алғысын жеткізді. Сонымен бірге, Бас хат­шы­ның Орталық Азия мемлекет­терін аралап келгендігін айтып, көптеген ақпараттарға қаныққаны себепті оның түйген пікірлерін білген жөн екеніне назар аударды. Жақын күндері Вашингтонда ядролық қауіпсіздік мәселесі бой­ынша жаһандық саммит болаты­нын еске алған Нұрсұлтан Назар­баев Пан Ги Мунның Семей өңі­ріне жасаған сапары сол жиынның тақырыбына дөп келетінін көл­денең тартты, Бас хатшы осында ядролық сынақтың зардаптарын көзімен көргенін сол жиынның тал­қылауына салатынына сенім білдірді. Сонымен бірге, 2010 жылдың 8 сәуірінде Прагада АҚШ пен Ресей Федерациясы президент­терінің өз елдеріндегі стратегиялық қаруларын шектеу туралы жаңа келісімге қол қоятынын қолдайты­нын жеткізді. Кіріспе сөзінің соңында Президент Бас хатшының әлемде бейбітшілікті сақтау жө­нінде атқарып жүрген еңбектеріне зор баға бере келіп, Қазақстан сізді өзінің досы санайды және әрқашан да құшағын жайып қарсы алады, деді. Өзінің БҰҰ Бас хатшысы ре­тінде Қазақстанға тұңғыш рет келіп тұрғанын айтқан Пан Ги Мун мұнда үлкен құрмет пен жылы­лық­ты сезінгенін жеткізді. Тіпті бүгінгі ауа райы да жылымық тартып, біз­дің сапарымызды қолдап тұрған­дай, деді ол. Одан әрі Бас хатшы өзінің Семей өңіріндегі бұрынғы сынақ аймағынан үлкен әсер алға­нын мәлімдеді. Адамдардың ядро­лық қаруды сынаудан тартқан жа­пасын тіпті сөзбен айтып жеткізу қиын. Сол жердің тұрғындары әлі күнге оның зардабын шегуде екен. Бұл адам қолымен жасалған айтары жоқ сұрапыл экологиялық апат. Осы апатты тоқтатып, өз қолыңыз­бен сынақ алаңын жапқан Сізге мен өз тарапымнан ризашы­лы­ғым­ды білдіремін. Егер Сіз оны жап­паған болсаңыз, адамдар әлі де үлкен қасіреттер шеге беретін бе еді, қайтер еді, деген Бас хатшы Елбасына ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, оны Қазақстан аумағынан шығартқаны үшін тағы да алғысын білдірді. Одан әрі Пан Ги Мун Вашин­гтон­да болатын ядролық қаруға қар­сы саммитте оны өндіру мен таратуды тоқтату жөнінде талап қоюға Сіздің моральдық та, саяси да қақыңыз бар, сондай үндеуді көтеруге Н.Назарбаев қана бірден-бір лайық лидер, өйткені, қазақ­стандықтар ядролық қарудан ең ауыр зардап шексе, сол ажда­һа­ны сынауды тоқтатқан адам Сізсіз, деді. Одан әрі ол ядролық қару­ларды сынауға тыйым салу және оны таратпау жө­ніндегі келісім­дердің сөзсіз орын­далуы қажеттігін атап көрсетті. Осы қатарда Елба­сының Орталық Азия­ны ядролық қарудан азат аймақ деп жариялау туралы бастамасын және оның орындалуын қадағалауға сіңіріп жүрген еңбектерін атады. Осындай бастама Солтүстік жарты­шар­дағы алғашқы бастама, деді Пан Ги Мун. Сонымен бірге, Қа­зақ­станның ЕҚЫҰ мен ИКҰ төрағасы ретінде Таяу Шығыста да осындай бастама көтеруіне болаты­нын ауызға алды. Біз өз тарапы­мыз­дан оны қызу қолдар едік, деді Бас хатшы. Бас хатшы келесі кезекте Арал теңізіндегі экологиялық апатты да ауызға алып, онымен де жақсы та­ныс екенін білдірді және теңіз бассейнінде тұратын халыққа халықаралық қорлардың көмегін бұрудың қажеттілігін, бұл іске ықпал етуге тырысатынын жеткізді. Бұл бір елдің немесе сол аймақтың ғана проблемасы емес, ол бүкіл­әлем­дік экологиялық зардап, сон­дықтан оған көмек қолын созу біз­дің міндетіміз, деді Бас хатшы. Ке­ліс­сөздер барысында Шанхай ын­тымақтастық ұйымы және Ұжым­дық қауіпсіздік шарты ұйымы шең­беріндегі Қазақ­станның әрекеттері сөз болып, осы ұйымдардың БҰҰ-мен ынтымақ­тастығын арттыру туралы уағда­ласылды. Келіссөздерден кейін Президент Н.Назарбаев пен БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун журналистер алдына шығып, баспасөз мәслихатын өт­кізді. Оны ашқан Елбасы Н.На­зар­баев БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун­ның бейбітшілікті сақтау жо­лында сіңірген зор еңбегі, әлеу­мет­тік әділет пен жаһандық деңгейде тұрақты дамуды қамтамасыз еткені үшін және Арал мен Семей сияқ­ты экологиялық апат аймақтарына барып, сол жерлердің проблема­сы­на әлем назарын аударып, олар­ға көмек ұйымдастыруға ұм­тылғаны үшін өзінің Жарлығымен бірінші дәрежелі “Достық” ор­денімен на­градталатынын жария­лап, қонақ­тың төсіне аталған орденді тақты. Осыдан кейін Нұрсұлтан Назар­баев пен Пан Ги Мун БАҚ өкілде­ріне мәлімдеме жасады. Онда Елба­сы өзінің Бас хатшымен өте же­міс­ті келіссөздер жүргізгенін жа­риялады. Біз Қазақстанның БҰҰ-мен ынтымақтастығының бар­лық қырларын қамтыған мә­селелер туралы пікір алыстық. Сон­дай-ақ ғаламдық проблемалар туралы өз пікірлерімізді ортаға сал­дық. Қа­зақстанның БҰҰ қыз­ме­тін өте жоғары бағалайды. Оның осыдан 65 жыл бұрынғы жа­рияланған мақ­саттары бүгінгі күні де өзек­тілігін жоғалтпай отыр, деп Бас хатшының қарусыздану үдерістері бағытындағы жұмысына жоғары баға берді. Одан әрі Пре­зидент осы сынақ аймағын жапқан 29 тамызды Ядролық сынаққа қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялау туралы ұсынысын былтырғы желтоқсан айында БҰҰ қолдағанын ризашы­лық­пен атап өтті. Осы сынақтың зар­дабын 1,5 млн.-дай адам тартты. Біз сіздің Қазақстанның ядро­лық қаруды жасау және таратпау бағытында жасаған әрекеттерін жоғары бағалайтыныңыз үшін алғысымызды білдіреміз. Біздің ядролық қаруды таратпау ісіне қосқан үлесімізді былтырғы жыл­дың желтоқсан айында АҚШ пен Ресей лидерлері де бірлесе жасаған мә­лімдемелерінде атап өтті. Ядро­лық қарудан қатты зардап шеккен және одан өз еркімен бас тартқан ел ретінде Қазақстан басқа мем­ле­кеттерді де одан бас тартуға үнемі шақырып отырады. Біз Пан Ги Мун мырзамен әлемдегі қауіп­сіз­дік және ядролық қарусыздану мә­селесін талқыладық, деді Пре­зи­дент. Және өзінің осы мәселеге ар­налған Вашингтондағы конфе­рен­цияға қатысатынын қуаттады. Сондай-ақ мамыр айында Нью-Йоркте де осы мәселеге арналған конференция болатынын жеткізді. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төр­аға­лық етуі бойынша пікір ал­мас­қанда Бас хатшының Қазақстан­ның бастамаларын қолдайтынын айта келіп, сол үшін оған өзінің ризашылығын білдірді. Одан әрі Ауғанстан мәселесі бойынша, онда бейбіт өмірді орнату проб­ле­малары бойынша пікір алы­сыл­ғаны айтылды. Бүгінгі күні біздің елімізде БҰҰ-ның 16 мекемесі, қорлары мен бағдарламалары жұмыс істейді. Біз олардың Қазақ­станның дамуына қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Ұйымның 2010-2015 жылдарға арналған бағ­дарламаларын іске асыруға біздің елде 79,6 млн. доллар жұмсалатын болады. Қазақстан Үкіметі де БҰҰ жобаларын қосарлана қаржылан­дыруға үлес қосады. Алдымыздағы жылдары осындай жеті жоба іске асырылмақшы, деді Қазақстан басшысы. Сөзінің соңында Прези­дент БҰҰ Бас хатшысының сапа­рын ұйым мен біздің ел арасын­дағы ынтымақтастыққа тың серпін беретін тарихи оқиға ретінде жоғары бағалайтынын жеткізді. Пан Ги Мун өзінің сөзінде Қазақстан Президентіне және халқына қонақжай кең пейілі үшін ризашылығын білдірді. Одан әрі өзінің Семей өңіріндегі ядролық сынақ алаңынан алған әсерімен бөлісті. Бүгінгі күні ол жер ядролық қарудан азат әлемнің символы болуға лайықты, деді Бас хатшы. Солай деген мәртебелі мейман Н.Назарбаевқа адамзаттың жарқын болашағы үшін көтерген және көтеріп келе жатқан оң бастамаларына ризашылығын біл­дірді. Бұл жерде ол Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартқандығын және Орталық Азия­ны ядролық қарудан азат ай­мақ деп жариялау туралы бастама­ларын меңзеді. Америкада бола­тын ядролық қаруды жасау мен таратпауға қарсы конференцияда Сіздің бастамаларыңыз орынды бағаланар деген үміттемін, деді ол. БҰҰ мен Қазақстанның арасын­да­ғы ынтымақтастық туралы айт­қан­да, ұйымның превентивті дипло­ма­тия туралы бастамаларының қол­дау тапқанына алғысын жет­кізді. Ауғанстан проблемасына бай­ланысты сөз қозғағанда да Қа­зақстан бастамаларының маңыз­ды­лығына екпін түсірді. Аймақтық ынтымақтастық дамудың негізгі факторы болатынына мән берген Бас хатшы адам құқықтары мәсе­ле­леріне қатысты айтқанда, Қазақ­станда онымен айналысатын ұйым қызметінің аймақтық филиалын ашу қажеттігі талқыланғанын, өзі­нің Қазақстан халқы Ассам­блея­сы туралы естіген деректеріне тәнті болғанын жеткізді. Сөзінің соңында Пан Ги Мун Нұрсұлтан Назарбаевты БҰҰ-ның қыркүйек айында болатын форумына ша­қыр­ғанын айта келіп, өзінің қыз­ме­тін жоғары бағалап, Қазақ­стан­ның үлкен марапатына ие болғаны үшін алғысын жеткізді. Жақсыбай САМРАТ.