Өткен ғасырдың басында құрылған Нидерланд командасының айы 70-ші жылдары оңынан туды. Ринус Михелстің қол астында жаттыққан команда үш жыл қатарынан Еуропа чемпиондарының кубогында (1971, 1972, 1973) қарсылас шыдатпай, кубогты ешкімге берген жоқ. Кейін тоқырауға тап болған «Аяксты» Йохан Кройфф құтқарды. Команданың аңыз ойыншысы болған ол клубқа бас бапкер боп келген соң 1987 жылы Кубок иелерінің кубогында жасындай жарқылдап, команданың еңсесін қайта тіктеді. Ал 1992 жылы Луи ван Галь Амстердам ұжымымен УЕФА кубогында және 1995 жылы Еуропа чемпиондарының кубогында жеңіс тойын тойлады. Сондай-ақ «Аякс» 1972 жылы УЕФА Суперкубогын жеңіп алған.
«Аякс» Еуропа чемпиондарының кубогында үш мәрте топ жарған соң эстафетаны «Бавария» клубына «жолдады». Бундестим командасы 1974, 1975, 1976 жылдары аталған турнирде үш дүркін жеңімпаз атанды. Бұған дейін «Бавария» тек Кубок иелерінің кубогында ғана жеңіске жеткен-ді. Ал 1996 жылы УЕФА кубогында дара шықты. «Бавария» жаңа ғасырды да үлкен жетістікпен бастады. 2001 және 2013 жылы Чемпиондар лигасында бас жүлдеге қол жеткізіп, қажырлы еңбектің арқасында сол жылы (2013) Суперкубогты жеңіп, УЕФА аясындағы барлық турнирде бас жүлдені иеленген команда атанды.
Ағылшын командасы Еурокубок бәсекелеріндегі ең алғашқы жеңісіне (Еуропа чемпиондарының кубогын) 1968 жылы қол жеткізді. Ал кейінгі жетістіктерге команда тізгінін Алекс Фергюсон ұстаған соң жете бастады. Мысалы, 1991 жылы Кубок иелерінің кубогы мен УЕФА Суперкубогында, 1999 және 2008 жылы Чемпиондар лигасында жеңімпаз атанды. «Манчестер Юнайтед» командасына УЕФА-ның барлық турнирін жеңген команда атану үшін тек Еуропа лигасының кубогы жетпей тұр еді. «МЮ» бұл жетістікке 2017 жылы Жозе Моуринью басқарған уақытта жетті.
«Челси» клубы XXI ғасырға Кубок иелерінің кубогын (1971, 1998) және УЕФА Суперкубогын жеңіп қадам басты. Лондон клубы кейінгі жүлдесіне 2012 жылдан кейін ғана қол жеткізе бастады. Сол жылы Чемпиондар лигасында жеңімпаз атанса, келесі жылы Еуропа лигасында жұлдызы жанды. Осылайша «Челси» УЕФА-ның барлық кубок коллекциясын жинады. Сондай-ақ былтыр да Еуропа лигасында үздік шықты.
«Ювентус» жоғарыдағы командаларға қарағанда УЕФА-ның төрт «тапсырмасын» орындаған алғашқы команда. Турин клубы Еурододағы бірінші кубогын 1977 жылы УЕФА кубогында жеңіп алды. Сондай-ақ аталған турнирде 1990 және 1993 жылдары да дара шықты. 1984 жылы Кубок иелерінің кубогы мен УЕФА Суперкубогында үздік деп танылды. Ал 1985 жылы Еуропа чемпиондарының кубогында бас жүлдені олжалап, мерейлі межеге бірінші болып жетті. Сонымен қатар «Ювентус» 1996 жылы Чемпиондар лигасы мен УЕФА Суперкубогында екінші рет чемпион атанды.
Бұл атаққа қандай командалар жақын тұр?
Барлық турнирде топ жарған алтыншы команда атануға «Атлетико» клубы өте жақын тұр. Ол үшін Мадрид командасы тек Чемпиондар лигасында жеңімпаз атануы керек. Ал қалған жетістіктің бәріне жетіп қойған. Сондай-ақ «Андерлехт», «Парма» және «Валенсия» командаларына да жоғарыдағы клубтардың қатарына қосылу үшін де Чемпиондар лигасының кубогы жетіспейді.
Былтыр «Тоттенхэм» командасы барлық мәселесін шешіп тастауға екі қадам қалғанда сүрінді. Лондон клубы Чемпиондар лигасының финалында «Ливерпуль» командасын жеңіп, кейін УЕФА Суперкубогында қос құлақты кубогты иеленгенде барлық мәселені шешіп қояр еді. Сондай-ақ элиталы командалардың қатарына қосылуға «Милан» мен «Барселона» да бір табан жақын тұр. Екі командаға да Еуропа лигасының кубогы жетпей тұр. «Милан» бұл турнирде жыл сайын бақ сынаса, «Барса» ең кейінгі рет 2003-2004 жылғы маусымда 1/8 финалда «Селтиктен» жеңілген-ді.
Ал «Реал», «Ливерпуль», «Интер» және «Порту» командалары Кубок иелерінің кубогында жеңіске жете алмағаны үшін жоғарыдағы командалардың қатарына енді мүлде қосыла алмайды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл турнир 1999 жылдан бастап өз миссиясын аяқтаған.