Мысалға, 2018 жылы Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет осы саладағы 29 құқық бұзушылықты тіркеген. Оның ішінде пара алған 6 шенеунік ұсталып, жазаланыпты. Ұсталғандардың бесеуі мемлекеттік қызметте бірінші басшы болып жұмыс істеген. Ал былтыр осы мазмұндағы 7 қылмыс анықталған екен. Қылмысы дәлелденген жылы 5 адам сотталды. Сондай-ақ жыл басынан бері облыстың жер қатынастары саласында жемқорлық тәуекелі өскені анықталды. Агенттік қызметкерлері бұл бағытта 11 қылмыстық құқық бұзушылықты тіркеген. Оның тоғызы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қатысты айып тағылыпты.
Өкінішке қарай, әлі де облыстық жер қатынастары бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелін сараптаған жұмыстың нәтижесі көңіл көншітпей тұр. Яғни бұл салада тұрғындарға қажетті бірқатар ақпараттар әлі де көмескі. Әсіресе аумақтағы бос жатқан жер телімдері туралы хабарламалар мен ақпаратқа қолжетімділікте шектеу бары анықталды. Сондай-ақ жер телімдерін пайдалануға беру рәсімдерінің және жер комиссиялары жұмысының ашықтығы сақталмай отыр. Ал көрсеткіштер тұтас сыбайлас жемқорлықтың туындауына ықпал ететін негізгі факторға айналуда.
– Жалпы, жер қатынастары саласы тек біздің облыста ғана емес, еліміз бойынша да сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне неғұрлым бейім салалардың бірі екені белгілі. Мысалы, 2019 жылы «Транспаренси Қазақстан» ұйымы жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижелері бойынша жер учаскесін алу, ресімдеу сыбайлас жемқорлыққа жол ашатын 5 негізгі себептің бірі ретінде аталды. Өкінішке қарай, жер мәселелері бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы антирейтингте Алматы облысы алдыңғы орынға шыққан болатын. Қазір біз бұл бағыттағы жұмысты күшейттік. Мұндағы мақсат – жер қатынастарына қатысты барлық ақпараттарды ашық әрі қолжетімді болуды қалыптастыра отырып, жемқорлықтың тамырына балта шабу болып отыр, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев.
Айтпақшы аталған департамент қызметкерлері жыл басынан бері 54 құқық бұзу бойынша қылмысты тіркеген екен. Өкініштісі, 42 іс бойынша лауазымды тұлғалардың сыбайлас жемқорлыққа қатысы анықталған. Ал сыбайлас жемқорлық жазалау дәрежесі бойынша ауыр және аса ауыр қылмыстың қатарына жатқызылады. Яғни бұл өлшем бойынша 46 қылмыстық іс қаралған. Аяқталған қылмыстық іс аясында мемлекетке 1,1 млрд теңге көлемінде залал келгені анықталып, оның 853,4 млн теңгесі өтеліпті және құны 262,2 млн теңге болатын мүлікке тыйым салынған.
– Жедел-тергеу тәжірибесіне жасалған талдау сыбайлас жемқорлық қылмыстың басым бөлігінің парақорлықпен байланысты екендігін көрсетті. Олардың қатарына тіркелген әрбір екінші қылмысты жатқызуға болады. Осы есепті кезеңде пара алғаны үшін 9 лауазымды басшы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Әрине Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет құқық бұзушылықты анықтап, жолын кесіп қана қоймай оның алдын алу жұмыстарын да жүргізуде. Бұл орайда жемқорлықтың алдын алу бағыты бойынша 15 жоба іске асуда. Олардың қатарына «Жетісу – адалдық алаңы», «Адал көмек», «Адал Фарм», «Сапалы жол», «Адал жол», «Саналы ұрпақ», «Адал ұрпақ», ашық бюджеттердің интерактивті картасы, бизнес пен инвестицияларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу, «Ізгілік елшісі» сынды жобалар кіріп отыр, – дейді Ж.Жұмабаев.
Алматы облысы