Руханият • 12 Маусым, 2020

Қазан шегелеп қайтайық

1234 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әр ұлттың болмысында бабадан жеткен қасиет бар. Ғасырлар бойында халықтың дүние­танымы мен ұлт­тық болмысымен біте қайнаған, хат­қа түспегенімен ұрпақтан-ұрпаққа са­бақ­тасып берілген дәстүр мәдениеті кейде шырқау шыңына жетіп, кей тұста сырттан енген кері әсерлерден құн­дылығының байыбына жетпеген соң кө­мескі тартады. Түбінде ізгілік жат­қан ол ғұрыптарды танудан ұтпасақ, ұтыл­май­тынымыз хақ.

Қазан шегелеп қайтайық

Әлемді індет жайлағалы бар тірліктің онлайнға көшкеніне бой да үйреніп қал­ған­дай. Әсіресе бір-біріне барып, араласып-құра­ласудан тыйылған жұрттың бар тес­кін­дігі әлеуметтік желілер болып қалды. Ту­ғанымызбен уатсап арқылы тілдестік, аман­ды­ғымызды біліп, шай-суан ішуден қалдық. Сондай бір күні, егер оқшаулану аяқталды, үйлеріңізден шығуға болады десе «Қазан шегелеп қайтайық» деп желіде жазба жарияла­май­мын ба. Соған «ол не?» деп сұрағандар шық­қан.

«Халқымызда бір-бірімен парыз-қарыз­сыз араласудың түрі көп. Соның бірі – «қазан шегелеу» дәстүрі. Қазан шегелегенде бірнеше адам қалаған бір үйіне айтпастан барып, сол шаңырақтың әбдіреде қалған етін астырып, барымен базар жасап, көңілді отырыс өткізеді. Ән айтылып, түрлі әңгіменің басы қайырылып, ежіл-ғожыл басқосу болады. Бұл көңіл жақын жандардың араластықты үзбеу амалы, дайындықсыз, айтпастан барып үй иелеріне күш түсірмей араласудың әдемі түрі. Қазан шегелеудің жолының жеңілдігі сондай, барған адам сол үйдің ықыласпен берген қара суы болса да разы болады, өйткені хабар салмай, өздерінің көңіл қалауларымен барады ғой. Араластықтың осы бір жарастықты түрін қазан шегелеп қайту дейді.

Қазан-аяқ араласуының «бастаңғы», «тоқымқағар», «жіп беріп жіберу», «шы­бық­қа бүйрек ілу» тағы да сол тәрізді неше түрі бар», деген түсіндірме жазбадан соң тағы да сауалдар туындап, оған да жауап бе­руге тура келді.

Ертеректе соғым сойылардан бір күн бұрын шешелеріміз арнайы бірнеше шыбық алып, оның басын үшкірлеп жонып, даярлайтын. Өйткені соғым сою бір үйдің ғана несібесі емес, көрші-көлем, туыс-туғанның аузы тегіс майланатын күн. Сыртта ерлер соғым сойып, әйелдер ішек-қарын аршып жатқанда, үйдің ішіне кіргізілген еттің шетінен кесіліп қуырдақ қуырылып, кешке сол үйде ет асылады. Бұл үлкендердің сы­бағасы. Ал балаларға жоғарыда даяр­лан­ған шыбықтарға ішінде бүйрегі, жүрегі, тағы да бәйбішенің қалауына қарай өзге де еттер ілінеді де шыбықты ат қып ойнайтын сол маңайда жүрген ағайынның баласын шақырып, «ат мінгіздім» деп ұстатып жібереді. «Жеңешем бүйрек берді» деп салмақты шыбықты сүйретіп, табыс арқалап үйге жеткен қандай? Екі танау шелектей. Соны «шыбыққа бүйрек ілу» дейді. Ал «жіп жіберу» де жақындықтың өте бір жылы белгісі. Қазіргідей төсеніш атаулы дүкеннен сатып алмайтын заманда алаша, кілем, текемет дегеннің бәрі әйел затының қолынан шығатын. Алдымен бір ауылда бірнеше кілем тоқу үшін ағаштан жасалған қалып болады. Оған кезекке тұрып, бір үйдің кілемі тоқылып біткен соң, жаңағы қалыпты әкеліп екінші үйдің кілемі құрылады. Жақын-жуықтың кілемші қыздары сол үйде жатып кілем тоқиды. Сонда үнемі бір үйдің тамағынан жалыға ма, қыздар көңілі жақын үйлерге барғысы келгенін жіп жіберу арқылы жеткізеді. Көбінде сыйласатын жеңгелердің, құрбылардың, апалардың үйіне бір баладан кішкене жіп беріп жібереді. Ал ол үй, айтпай түсініп, кілемші қыздарды тамаққа, шайға шақырады. Ол үй әдетте ынтымағы жарасқан, шақырусыз келген қонақты күте алатын, қыздардың таңдауы түскен, от берекесі бар үй болады. Бұл кілем тоқушы үйге «жеңілдік беру» сияқты, ал кілем тоқушылардың да көңілдері көтеріліп қалуы үшін жасалатын керемет дәстүр. Бұл дәстүр күні кешеге дейін, қолдан кілем тоқу үзілгенше жалғасып келді.

Қазақ дәстүрлерінің түбіріне үңілсек барлығында дерлік сыйластықты, қадір­лес­тікті арттыру, туысқандық сезім­дер­ді бекіте түсу сынды аса ізгі, игілікті ниет жатады. Со­ларды бойына сіңіре өскен халықтың өкі­лі қайтіп қатыбас болсын?!

Қазақтық қалыптың бітімі ғасырлар кө­шін­де жүрісінен жаңылмады. Кейде за­манға лайықталып түрленіп те жатты. Бірақ түпкі негізінде сол парыз-қарызсыз араласу, жақындық көңілмен бір-бірін бағалау жатты. Түрленгені емей немене, ерте көктемде ағаш егеміз, маңайды жиыстырамыз деп сенбілікке шыққанда араларынан біреуге тас орап, я болмаса бір шыбықты қолына ұстата қоятын. Ол сен сенбіліктен боссың, үйіңе барып қазан әзірлей бер, деген белгі еді.