“KATEV” халықаралық қоғамдық қоры мен “Тіл” республикалық ақпараттық-сараптамалық журналының ұйымдастыруымен елімізде екінші мәрте өткізіліп отырған “Жарқын болашақ” республикалық KATEV қазақ тілі олимпиадасының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар алтын, күміс және қола медальдармен марапатталды.
Түрік ағайындардың қазақ тілінің мәртебесін арттыру мақсатындағы жобасы еліміз аумағындағы барлық мектептерді қамтуымен ерекшеленеді десек, “Жарқын болашақ” олимпиадасында аудандық, қалалық және облыстық іріктеулер бойынша 390 мектептен 4506 оқушы бақ сынаған. Олардың арасынан 68 мектептің 338 өнерлі ұланы Алматы қаласында өткен олимпиаданың жартылай финалына қатысса, бұл топтан тағы да 40 білім ошағы ерекшеленіп, 69 оқушы ақтық бәсекеге жолдама алған. Қазақ елінің тәуелсіздігі ана тілдің мәртебесін асқақтатумен шегелене түсетінін түйіндеген байқаудың қорытындысына арналған кештің Бейбітшілік және келісім сарайының сахнасында Астана филармониясы ұлт-аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Көкшетау қазақ-түрік лицейінің 9-сынып оқушысы, республикалық “Бозторғай”, басқа да халықаралық байқаулардың жеңімпазы Ерсайын Әмриннің шырқауында әнұранмен басталуы талапты талай жастың жүрегіне отансүйгіштік рухын сепкендей еді. Шаттық күйге толы асқақ пафосты әуен KATEV халықаралық қоғамдық қоры өкілінің оқушыларға арнау сөзімен өріліп, сәби сананы қатайтуда ананың ақ сүтімен даритын ана тіліне теңдесер ештеңе жоқтығы, сол себепті оны өле-өлгенше құрметтеу әр адамның қасиетті борышы болып саналатыны айтылды. Елбасының “Біздің, бүкіл қазақстандықтардың басын біріктіретін басты фактор – мемлекеттік тіл. Қазақ халқының туған тілін дамыту үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауымыз керек” деген сөзі бізге көп ой салады деген қонақ осы сайыс барысында “сегіз қырлы, бір сырлы” қасиетімен айрықша дараланған дарынды жастарға ел болашағы өз қолдарыңызда, сіздермен Қазақ елінің болашағы жарқын болады, талай жеңістерге жетеді. Осыған біз шын жүректен сенеміз, деп тілегін айтты. Одан әрі ұлт-аспаптар оркестрінің орындауында Түркештің “Көңілашары”, Құрманғазының “Сарыарқасы” төгілгенде сарай іші сайын сахараның лебі ескендей жаңғырып сала берді. Құдіретті күй тілімен ұлы даланы мекендеген байырғы бабалар тілі балбал тастардан балғын жастар санасына көшіп, самала шуақ шашты. Себебі, халқымыздың ежелгі көне күйі мен жырын сүйіп өскен жастардың көкжиегі қашанда бұлтсыз аспандай ашық та айқын болары сөзсіз. Бүгінде ұлан-байтақ қазақ жерінде тәуелсіздік рухы жеңіп, төл тілді төрге оздырудың барлық қам-қарекеті жасалып жатыр. Туған жердің ұландарын мемлекеттік тілде емін-еркін сөйлеп, сауатты жазуға тәрбиелеумен қатар, Қазақстанда өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдері балаларының да бабалар тілін барынша меңгеруіне айрықша көңіл бөліне бастағаны KATEV-тің бүгінгі іс-әрекетінен айқын көрініс тапты. Ақтөбелік Олег есімді орыстың баласы “Бабалар жыры” әнін шырқап бергенде, қазақ тілін жатық меңгерген оқушы жиылған жүрттың қошаметіне бөленіп қана қоймай, жүлделі орынға ие болды. Көптің көңілі сөз мәнері номинациясы бойынша сайыста Кәкімбек Салықовтың “Той келеді” жырын мәнерлеп оқып берген қарағандылық Мәрлен Айтжановқа бірден ауған. Өйткені, қазақ тілінің қаймағын қайырған дәл осындай жеткіншектер өсіп келе жатқанда мемлекеттік тілдің еңсесі емен ағаштың діңгегіндей нығырланып, биіктей берері рас. Жырды жаттап қоймай, әр сөздің мән-мағынасын терең сезінген көркемсөз оқу шебері мойнына алтын медаль тағылып, бас бәйге табыс етілді.
Қазақтың кең даласы дәстүрлі өнерге тұнып тұрғанын тұлымшағы желбіреген қыз баланың өнері тағы да еске салғандай еді. Жамбылдан келген Айбөпе Теңгебай “Сүгірдің толғауын” кәдімгі кәсіпқой әншілер секілді серпіле сергек орындағанда нағыз сөз қасиетін түсініп, тіл қадірін пайымдайтын жан осындай-ақ болсын деген ой кім-кімнің де көкейіне мінсіз ұялағаны сөзсіз. Ал сахналық қойылым номинациясы бойынша Шыңғыс Айтматовтың “Ана-Жер-Ана” қойылымынан үзінді оқыған павлодарлық Лейла есімді кішкентай өнерпаздың бағы жанып, алтыннан алқа тақты. Ұлтының болашағы үшін басын бәйгеге тіккен, өр рухты Махамбет туы сахнада ұрпақтар үнімен қайта жаңғырды. Атыраудан келген жас термеші Ғибадат Тұрғалиев қазірдің өзінде-ақ батыр жырларын кәнігі әншілердің мақамына жеткізіп, терме нәрін өн бойына дарыта шырқады. Жезқазғаннан келген Максим Макаров “Қазақ елі” әнін орындағанда залдағы көрермен дүр сілкінді. Өзге ұлт өкілдерінің балалары қазақ тілін ғана емес, қазақтың өнерін де шашаусыз үйренуге талпынып жатыр екен. Мемлекеттік тілге жетік талай талантты көріп қуандық. Мәселен, Юлия есімді орыс қызы Қадыр Мырза Әлінің “Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру” өлеңін оқып шығарда қолындағы қазақтың қара домбырасын тартуды ұмытпаған. Әлі жорғадай желдіртіп кете алмай жатқан шығар, бірақ осы бір азғантай аяқалысының өзі тағы талпына түссе, мақсатына да жетер күн алыс емес екеніне сендіреді. Мемлекеттік тілде өлең оқып, одан әрі домбыраның тілін үйренуге бекінген мұндай жастарға алғыстан басқа не айтасың. Рахмет, қадамдарына нұр жаусын дейміз де. Болашақтың кілті мемлекеттік тілді жетік меңгерген жандардың қолында болатынын әлдеқашан ұғынған олардың бәйгеге әйтеуір қатысып, атымызды шығарсақ болды ғой деген оймен келмегені байқалады. Семейлік Роза Конавалованың “Атамекенді” айрықша тебіреніспен шырқап, сөз бен әуеннің әуеде әсем үндесуіне талпынған үнінен жұрт қазақ эстрадасының келешек бір бәйшешегін танығандай. Сұңғат есімді кішкентай күйші баланың сұңғыла өнеріне қол соқпаған жан некен-саяқ. Құрманғазының “Адай” күйін албырт көңілмен аялай тартқан ол да келешекте сахна саңлағы боларына күмән туғызбайды.
Ән мен жырмен кестеленген оқушылар олимпиадасы өз мәресіне жетіп, кеш соңында жеңімпаздар марапатталды. Қазақ және өзге ұлт өкілдері болып екі топқа бөлінген оқушылар алты бағыт бойынша, атап айтар болсақ, тіл білімі, ән айту, мәнерлеп оқу, сахналық қойылым, ғылыми жұмыстар қорғау және өлкетану номинацияларынан бақ сынады. Тіл білімі бағытында қазақ тілі теориясын терең меңгерген білімді оқушыларды таңдау мақсат етілді. Тапсырмалар мектеп бағдарламасы бойынша 5–11 сыныптар арасында құрастырылды. Сөз мәнері бағыты бойынша қазақ тілінде мәнерлеп сөйлеуге машықтану, сөздің мәнін жете түсіну, оның табиғатын тану және көркем шығармаларды мәнерлеп, нақышына келтіріп оқу арқылы оқушыны ауызекі сөйлеуге үйрету мақсат етілсе, әнші-бұлбұлдар бағытында қазақ халық әндері мен сазгерлерінің шығармаларын кең көлемде насихаттау, талантты жастарды анықтау, оларды көпшілікке дәріптеу міндеттелді. Сахна саңлақтары бағытында қазақ ақын-жазушыларының, драматургтердің шығармаларын насихаттау, тәрбиелік маңызы бар қойылымдарды тарату, жас ғалымдар бағытында қазақ тілі мен әдебиетінің тарихы, теориясы, тіл білімінің өзекті мәселелеріне қатысты түрлі ғылыми жұмыстарды анықтау, ал өлкетану бағытында оқушылардың өз өңірлеріндегі ұлы тұлғаларды, тарихи-мәдени және туристік жерлердің табиғатын, тағы басқаларды тануы көзделді.
Олимпиада жеңімпаздары KATEV халықаралық қоғамдық қоры мен “Тіл” журналы тағайындаған І,ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен, сондай-ақ бағалы сыйлықтармен марапатталды. Қазақ-түрік лицейлері мен жалпы орта білім беретін мектептердің оқушылары арасында осымен екінші рет өткен “Жарқын болашақ” республикалық қазақ тілі олимпиадасы жеңімпаздарына жүлделерді Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, белгілі ғалымдар табыс етті. Қысқасы, түрік бауырлардың тілге қамқорлық ниетіндегі жобасы қазақ тілінің қатып жатқан біраз тоңын жібіткен көктемнің лебіндей іс көрінді.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.