08 Қазан, 2013

Алтын Орда – біздің орда

3933 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

Әрине, Алтын Орда қазіргі қазаққа да, татарға да, ноғайға да, башқұртқа да, Қап тауындағы түркітілдес халықтарға да, т.б. бәріне ортақ. Өйткені, осы халықтардың бәрі де оның құрамына еніп, толып жатқан жорықтарға да қатысып, әлеуметтік-мәдени өмірде де үлкен жетістіктерге жетті. Сондықтан ол жеке-дара біреуге тиесілі емес, бәрімізге ортақ Отан. Сонымен қатар, оның қатарындағы әрбір халық оны өз Отаным деп айтуға қақы бар. Алайда, осы уақытқа дейін Кеңес одағының қол астындағы түркі халықтары, соның ішінде біз де бармыз, оны моңғолдікі деп өз бойларымызды аулақ салып келдік.

01-хан-а - копия

 

(Ойласу орнына)

Қазір тарихымызды түгендейік деген жақсы бастама көтеріліп жатыр. Бұл – Мәңгілік Ел болмақты көздеген Президент Н.Назарбаевтың маңызы өте терең бастамасы. Енді соған кө­­кірек көзі ояу жанның бәрі атсалысып, жо­­ғалтқанымыздың бәрін тауып, айтуға бол­­­май келгеннің бәрін қамтып, жинап алуымыз керек.

Отандық тарихты оқытуда мемлекетшілдік дүниетанымның жаңа моделін жасап, осыған байланысты ұлттық құн­дылықтар мен тарихи жетістіктер бағдарларын ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында айқындап алу міндетінен зор талап жоқ. Тіпті, мұндай сәттер алдағы уақыттарда туа бермеуі де мүмкін. Алда-жалда тағы да тартыншақтап, әлде­кім­­нен қорғалақтап, «ананың керегі бар ма, мынаны айтпай-ақ қояйық» деп тари­хымыздың тұтас, қалың қыртыстарын тағы да аттап кететін болсақ, тек шындықты ғана білгісі келетін бүгінгі басы азат ұрпақ біздің қылығымызды бо­ла­­шақта кешірмейді. Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин де: «Өзінің өткенін ұмытатын халықты болашақ та ұмытады» деді емес пе? Сондықтан, «сый қылсаң – сыпыра қыл» дегенді басшылыққа алып, осы уақытқа дейін басымызды ала қа­шып, «ойбай, ол біз емес» деп жанымыз шошып келген бар шындықты айтуға тиіспіз.

01-хан-а - копия

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қытай кине­матографистері «Моңғолдың құпия шежіресі» мен өздеріндегі бай деректерге сүйене отырып, «Шыңғыс хан» атты 30 сериялы тарихи фильм түсіріп шықты. Ондағы оқиғалардың белгілі шындықтармен барынша сәйкес екендігі, ешқандай ауытқудың, біздегі кеңестік кездегідей әсіре саясиландырып, бұрмалаушылыққа жол берушіліктің салқыны жоқ екенін талай тарихшы мамандар атап өтті. Ал кеңес тарихы, соның ішінде қазақ, орыс тарихы шығармашылық өнімдерде бізге бұрмаланып жеткізілді. Бір ғана мысал айтатын болсақ, күні бүгінге дейін, кейбір объективті көзқарастағы тарихшылар болмаса, орыстың ресми тарихы Александр Невскийдің Чуд көлінде 1242 жылы неміс крестшілерін талқандауы жалғыз өзінің «ерлігі» деп дәріптеп келеді. Шын мәнінде бұл кезде орыс князьдіктері Алтын Орданың қол астында (1237 жылдан) болған, сондықтан Бату хан өз бағыныштыларын қорғауға әскери күш бермеуі мүмкін емес. Википедия энциклопедиясы да неміс рыцарьлары талқандалған соң Александр Невскийдің әкесін хан өзіне дереу шақыртқанын айтады. «Согласно новгородской летописи, русские 7 вёрст преследовали немцев по льду. По условиям мира Орден отказался от всех недавних завоеваний и уступил новгородцам часть Латгалии, сразу после чего отец Невского был вызван к Батыю». Осымен барлық әңгіме тәмам болады. Егер Чуд көліндегі жеңіске ханның қатысы болмаса дәл осы кезде Невскийдің әкесін ол неге дереу шақыртқан? Ол туралы орыс тарихшылары жұмған ауыздарын ашпайды...

Сол сияқты кезінде Ұлы литвин князьдігі деген мемлекет болып, артынан поляк корольдігімен бірігіп Речь Посполита конфедерациясын құрған литвин деген халықты да 1840 жылы патшаның пәрменімен «өздеріне туыс» беларусь қылып жібергені өз алдына бөлек әңгіме (В.Деружинский, «Тайны беларусской истории, Минск).

Ал қытайлықтар болса, кейін өздерінің ұлан-ғайыр империя болып бірігуінде Шыңғыс ханның рөлі зор екенін жасырмай, оған ішінара мадақ та арнайды. Керісінше, орыстың уделдік князьдарының басын қосып, бірігуіне ықпал еткен Алтын Орданы орыс тарихшылары әлі күнге «моңғол-татар езгісі» деп атап, қаралаумен келеді. Біздің ұстанымымыз осы Қытай тарихшылары сияқты ақиқат шындық жолында болып, «саясатқа бұрмаланған тарихтың» кейбір зиянды запырандарынан арылуға бағытталғаны дұрыс. Алтын Орданың тарихы қазақ үшін ұранды жылдар, ерлік пен өрліктің ұлан-байтақ үлгісі екенін ұмытпауымыз керек. «Батыр, хандар – асқан жандар...» бәрі сол кездерде болған. Рухы мықты, «күндей күркіреген ел» болғанымыз осы кезең. Қа­зақты жеке ел болуға, басқалармен терезесі тең болуға бастаған да осы Алтын Орда. Сондықтан оның барлық жағынан өзіміздің Орда болғанын мақтан тұтып отырудың ендігі жерде еш әбестігі жоқ.

***

Әңгімені осы күні қалың жұрт білетін фактіден бастайық. Шыңғыс ханның ұлы жорықтары қазіргі моңғол аумағынан басталды. Барлық түркітілдес қазақ, өзбек, ноғай, қарақалпақ және Қап тауындағы біршама халықтарды құрап, әрқайсының ішіне сіңіп кеткен керей, найман, меркіт, қоңырат, жалайыр және татар сияқты түркітілдес тайпалар кезінде қазіргі Моңғолия территориясында отырған. Қазақтың «алты алаш» деп жүргені осылар екенін академик Сайдолла Тілеубердин жазды («ЕҚ», 23.07.2013 жыл).

Шыңғыс хан моңғолдың қият тайпасынан шыққан. Оның ар жағы таймуыт (кейде тайжуыт деп аталады) деген ел. Осының бір тармағы қият-бөржігендерден Шыңғыс хан шықты. Ол әртүрлі себептермен өз маңында жеке-жеке ел болып, ту көтеріп отырған Керей, Найман, Татар, Қоңырат, Меркіт, Жалайыр мемлекеттерінің бәрін шауып, өзіне қосып алды. Осы әдіспен құрылған Шыңғыс хан империясында моңғолдардың өзі 20 пайыздай ғана болған. Қалғанының бәрі кейін қазақ және басқа да түркітілдес халықтар одағын құраған жоғарыда айтылған тайпалар (рулар) еді. Қазіргі күнгідей қатаң бекітілген мемлекеттік тіл ол кезде болмаған, бірақ білетіндердің айтуына қарағанда барлық бұйрықтар түркі тілінде жарияланғанын, жазулар көне ұйғыр графикасының негізінде болғанын белгілі ғалым Л.Н.Гумилев жазды. «...многочисленные факты свидетельствуют – среди племен и народов, которыми управлял Чингисхан, племени под названием монгол не было. Его окружали тюркские племена: татары, жалаиры, кереиты, найманы, онгуты, меркиты, уйгуры и др. Все они говорили по-своему, на языках тюркской основы...» деп жазды тіпті А.Оловинцев. («Тюрки и монголы? Эпоха Чингисхана», А, 2012 г., с.86).

Алайда, кеңес тарихнамасы мұндай ойларға құрық берген жоқ, ол Шыңғыс хан империясы тегіс моңғолдар болды, олар жаулаған елдерін өздеріне сіңіріп алды дегенге саятын тарихи қате ұстанымды қатаң сақтады. Л.Н.Гумилев: «Каким образом немногочисленные монголы, которых было чуть больше полумиллиона, могли захватить полмира?! Тут что-то не так. Очевидно, мы упустили какой-то фактор», («Ритмы Евразии», М.2004. 128-б.), деп дүдәмал келтіруімен-ақ ресми, саясатқа бұрмаланған тарихқа жеккөрінішті болды. Саясатқа бұрмаланған тарихи шындық айтылатын болса, қазақ, өзбек, татар және т.б. халықтар «біз Алтын Орданың адамдарымыз, сендер үш жүз жыл бойы біздің қоластымызда болғансыңдар» деп шыға келуінен сақтанып, оларды моңғолдардан бөліп тастағанын аңғару қиын емес. Кеңестік идеология ешқандай обал-сауапқа қарамай, әсіресе, бізді қой соңында жүрген иіс алмас, әрі надан, әрі жасық, ит те, құс та иығына мініп алған, сорлы халық деп қана танытты. Алда-жалда күштілігімізді білдірген шығарма туа қалса, ол қазақтікі емес, ананікі, мынанікі, қазақтардың қолынан ондай іс келмеген, өтірік жазылған деп тұқыртып тастайтын. Ал авторы қудалауға түсетін. Шыншыл тарихты жазған ғалым Е.Бекмаханов осындай жолмен қудаланған.

Енді негізгі әңгімемізге көшіп, Алтын Орданың біздің орда екенін дәлелдеп көрейік. Шыңғыс хан қазіргі Қытай аумағындағы мемлекеттерді, Сібір халықтарын, Жетісуды, Хорезмді түгел бағындырған соң хандықты Бөртеден туған төрт ұлына 1223 жылы Құланбасыда болған құрылтайда бөліп берген. Ең үлкені Жошыға қазіргі Қазақстан аумағы түгелге жуық қараған. Шығысында Алтай, Ертістен, батысында Еділге, оңтүстігінде Жетісу, қазіргі өзбек жерлерінен солтүстігінде Сібірге дейінгі бұрынғы Дешті Қыпшақ аталған ұлы дала енді «Жошы ұлысы» деп аталып, ол біршама уақыт орталық моңғол мемлекетіне бағынышты болды. Шыңғыс хан әскеріндегі түркілер қазіргі қазақ жеріне ханмен бірге жаугершілікпен келсе, енді Дешті Қыпшақтағы бұрыннан отырған түркі тайпаларымен бірігіп, ұлыстың негізгі халқы болды. Жошының шешесі Бөрте қоңырат қызы екені белгілі, ендеше, анасының тілі де түркі болғандықтан ханға мұндағы жұрттың тілі жат болмағаны хақ. Сөйтіп, халқы қазақ сияқты түркі халықтарын құраған рулар, жері түркінікі, тілі түркінікі болған жаңа ел бүгінгі қазаққа еш жаттығы жоқ болатын. Тіпті, ханы моңғол дегенмен оның да шешесі қазақ.

Кейбір деректер Жошының әкесінен бөлініп, дербес мемлекет құруды қалағанын айтады. Алайда, Жошының кезінде оның ұлысы әлі де орталық моңғол империясына бағынышты болған. Жошының өзі қазіргі орталық Қазақстанда қайтыс болып, Жезқазған қаласынан 50 шақырым жерде жерленген. Күмбездеп жасалған мазарының әлі күнге мұрты да қисаймай, Ұлытауда жарқырап тұр. Демек, сол кезде де мыңжылдық құрылыстарды салу өнері қазақ даласында болған (Алтын Орданың соңғы билеушілері Тоқтамыс пен Едіге де қазақтың осы тауында жерленген).

Википедия ашық энциклопедиясы Жошы ұлысы 1224 жылы құрылып, 1266 жылға дейін (42 жыл) ғана Моңғол империясына бағынышты болғанын айтады.

Жошы ұлысын «Алтын Орда» атандырып, атағын аспанға шығарған баласы Бату (Батый). Әкесі өлгеннен кейін хан болған ол 1236-1242 жылдары Батысқа қарай жаугершілік жорықтар жасап, хандықтың аумағын еселей кеңіткен. Еділдің төменгі сағасына Бату Сарай қаласын салдырып, елдің орталығын осында ауыстырған. Қазіргі орыс елі ол кезде бір-біріне бағынбайтын ұсақ князьдіктерге бағынған мемлекеттер. Бату олардың бәрін де өзіне бағындырып, алым-салық салып тұрған. Соның ішінде, орыс жерінің ең жоғарғы – солтүстік-батысындағы А.Невскийдің Новгород князьдігі де бар.

20 жылдан артық хан болған Бату өлген соң орнына інісі Берке тұрады. Ислам дінін алғашқы болып қабылдаған хан осы. Ол қалалар, мешіттер салуға көп көңіл аударған. Кеңес тарих­шыларының жазбаларында Алтын Орда тек қанаушылықпен, жаугершілікпен ғана айналысқан ел секілді әсер қалдырады. Шын мәнінде ол кезде де сәулет өнеріне, ғылымға, қала салуға, әдебиетке көп көңіл бөлінген. Өздерінің ақшасын да шығарған. Ең үлкен ақшалары да «теңге» деп аталған (А.Оловинцев, «Тюрки или монголы?», А., 144-б). Осы Берке ханның тұсында (1257-1266) Еділ бойында әсем қалалар, мешіттер мен медреселер, керуен-сарайлар көп салынған. Елдің астанасы жаңадан салынып, ол Берке Сарайы атанған. Хан Иран мен Мысырдан оқымыстылар, дін ұстаздарын, ақындар шақырып, халықтың рухани өмірінің дамуына үлкен мән берген. Кейінгі уақыттарда бұрынғы ноғай жерлеріндегі, қазіргі Ресейдің Еділ бойы рес­публикаларында мешіт, медреселердің көп болу тарихы сол уақыттардан бастау алған.

Беркенің орнына хан болған Мөңке Темір (Менгу-Темир) (1266-1280) Алтын Орданы тәуел­сіз мемлекет дәрежесіне көтерген. Ол Шағатай ұлысының ханымен мәмілеге келіп, өзара дербестіктерін танитындығы туралы екіжақты келісімге келген. Ал егер, сол кездегі Құбылайдың басқаруындағы Моңғолдың орталық мемлекеті бұған қарсы болып, шабуыл жасаса, екеуі одақтас болып, қарсы тұруға шарт жасасқан.

Сөйтіп, іс жүзіндегі алғашқы Қазақ ордасы 1266 жылы құрылған деп айта аламыз. Өйт­кені, бұл мемлекеттің негізгі бөлігі қазақ жерінде құрылды, тілі қазақша, діні ислам болатын. Араб тарихшысы әл-Омари моңғолдардың түркі тайпаларының арасына әбден сіңіп, тілдері қыпшақ (қазақ) болып кеткенін айтады. Кейінгі, Қазақ ордасының хандары да солардың ұрпағы ғой. Ендеше, балаларын қазақ десек, аталарын неге қазақ демеске?

Біз 1922 жылы құрылған КСРО-ны 70 жыл бойы біздің еліміз деп келдік. Бойымыздағы барлық өнерімізді, білімімізді, күш-қайра­тымызды соның дамуы мен өркендеуіне жұмсадық. Оның кез келген жерін өзіміздің Отанымыз деп қарадық. Керек болғанда қаны­мызды төгіп қорғадық. Ал дәл сондай Алтын Орданы неге біздің ел деп атамасқа? Алтын Орда бізге КСРО-ға қарағанда әлдеқайда жа­қын емес пе? Оның тілі де, ділі де, діні де біздікі болды. Енді не керек?

Біз секілді татар хандықтары да Алтын Ордадан бөлінген, бірақ қазіргі татарлар Алтын Орданы «біздің мемлекетіміз» деп жеке меншіктегісі келеді. Мәселен, «История татар с древнейших времен. Улус Джучи (Золотая Орда). ХІІІ – середина ХVв.» (Казань, 2010 г.) деген кітаптың өн бойынан осындай сарын еседі. Шын мәнінде татар дегеннің өзі қытайдың моңғолды солай атағанынан шыққан ғой. «Китайцы называли монголов «татарами» (тар-тар). Позже это название проникло в Европу и земли, завоеванные монголами стали именоваться «Татарией», дейді Википедия энциклопедиясы». Ал қазіргі татар дегеніңіз булғар деген Волга (өзеннің аты да солардың Булға деген сөзінен алынған) бойындағы түбі көшпелі түркі болғанымен Алтын Орда келгенше отырықшылыққа көшкен халық болатын.

Әрине, Алтын Орда қазіргі қазаққа да, татарға да, ноғайға да, башқұртқа да, Қап тауындағы түркітілдес халықтарға да, т.б. бәріне ортақ. Өйткені, осы халықтардың бәрі де оның құрамына еніп, толып жатқан жорықтарға да қатысып, әлеуметтік-мәдени өмірде де үлкен жетістіктерге жетті. Сондықтан ол жеке-дара біреуге тиесілі емес, бәрімізге ортақ Отан. Сонымен қатар, оның қатарындағы әрбір халық оны өз Отаным деп айтуға қақы бар. Алайда, осы уақытқа дейін Кеңес одағының қол астындағы түркі халықтары, соның ішінде біз де бармыз, оны моңғолдікі деп өз бойларымызды аулақ салып келдік. Ақын-жазушыларымыз да оны «біздің отанымыз» деп атаудан ресми саясаттың талабынан қорықты. Алтын Орданың жетістігін мақтан тұтқан жалғыз-ақ Мағжан ақын ғана шығар. Ол исі түркі әлемін Шыңғыс хан және оның ұрпақтарымен қоса жырлап, мадақтады. Мысалы:

Адамзатта тумайды Шыңғыстай ер,

Данышпан, тұңғиық ой, болат жігер.

Шыңғыстай арыстанның құр аты да

Адамның жүрегіне жігер берер.

Шыңғыстан Шағатай, Үкітай, Жошы, Төле –

Атаға тартып туған бәрі бөрі.

Шыңғыстың қол бастаған екі көзі –

Жолбарыс Сұпытай мен көкжал Жебе...

Міне солай, ұлтымыздың ұлы ақыны ұлысты ұйыстыру, жігерді жанып, намысты қайрау үшін кімді ұлықтау керек екенін сол кезден білген.

Алтын Орданың дәуірлеуі Өзбек хан (1312-1342) мен оның баласы Жәнібек ханның (1342-1357) тұсында. Осы кезде ислам мемлекеттік дін болды. Асан қайғы сияқты ойшыл, философ, ақын адамдар мемлекет қайраткері ханның ақылшысы болған.

Өзбек пен Жәнібектің тұсында қала салу, сауда істері қатты дамыған. Орда бір шеті Мы­сыр, Үндістан, Қытай, бір шеті Батыс Еуропа елдерімен сауда жасап, керуен жүргізіп тұрған. Оқу, білім, өнер де қатты дамыған. Қазақ Әз Жәнібек дейтін ханымызды тіпті орыс жылнамалары да «мейірімді» деп атаған. Бірақ ол кезде орыстың айтарлықтай ықпалы жоқ, ол Орданың бір ұлысы іспеттес бағыныштылары ғана болатын. Князьдерді тағайындау құқы да Орданың еншісінде еді. Ханның көңілінен шығып, оған берілгендігін іс жүзінде дәлелдеген адамдар ғана князь ретінде тағайындалып, дуанбасы болған.

Бүгінгі күнгі археологиялық қазба жұмыстары осы ХІV ғасырда Алтын Орданың Дунай мен Ертістің арасында мәдениеті өз заманында барынша жоғары дамыған 110 қаласының болғанын айтады. Кейбір деректер тіпті олардың саны 150-ге жақындаған дейді.

Жәнібектен кейін Алтын Ордадан бақ тайды деп айтуға болады. Алдымен, оның орнына тұруға тиісті баласы Бердібек қастандықпен өлтіріліп, Бату династиясы аяқталды. Осы, Жәнібек өлген 1359 жылдан 1380 жылға дейінгі 21 жылда Алтын Ордада 25 хан ауысқан... Хан атануға құқы болма­са да бегдербек (ханнан кейінгі екінші лауазым) Мамай да билікке таласып, хандықтың көп бөлігін өз ұлысына қаратып алады. Осының кезінде, Ордаға бағынғысы келмеген орыстармен Куликово (Күлік) даласында болған шайқаста Алтын Орда әскері алғаш рет жеңіліс тапты.

Алтын Орданы ыдырап кетуден Шыңғыс ханның ұрпағы саналатын Тоқтамыс алып қалды. Ол алдымен Сырдария бойындағы ұлыстарды бағындырып, артынан Сарайды да басып алды. Мамайды да қуып шығып, оны жеңген Мәскеу князьдігін де қайта шауып, өзіне бағындырды.

***

Алтын Орданы өзге емес, өз ағайындарымыз құртты. Тоқтамыстың (1380-1395) кезінде 15 жыл бойы тұтастығын бұзбай, керісінше, іргесін бүтіндеп алған Орданы Әмір Темір шауып, ақырында ыдырауға соқтырды.

Осы арада бір ауыз сөзбен Әмір Темірдің қайдан шыққанын да айта кетелік. Шыңғыс хан өз хандығын Бөртеден туған төрт ұлына бөлгенде екінші ұлы Шағатайға Әмударияның оңтүстігін (Мауереннахрды) берген. Қазір бұл аумақта Өзбекстанның үлкен бөлігі, Тәжікстан мен Қырғызстанның батысы және Қазақстанның оңтүстігі орналасқан. Шағатай хандығы да біршама өмір сүріп, ақыры 1340 жылы бірнеше ұлыстарға ыдырап кетті. Бірақ біразы қайта бірігіп, әйтеуір 1347 жылдан Мауереннахр мен Моғолстан секілді екі мемлекеттің пайда болғаны белгілі. Осының Мауереннахр билігін моңғолдардың түркіге сіңіп кеткен Барлас руынан шыққан дарынды қолбасшы Темір иеленді. Оның әкесі мұсылманша терең білімді Тарағай би, ал атасы Шағатай ханның оң қолы, Қарашор ноян екен. Темірдің тілі шағатай тілі болды деген дерек бар. Шағатай тілі деген Орта Азия түркілерінің әдеби жазба тілі, ол ХV-ХVІ ғасырларға дейін қолданылған. Оның құрамына араб-парсы лексикасы да молынан араласқан. Қазір бұл тілді «көне өзбек» деп атаушылар көп.

Темір өзін хан деп атамаған, өйткені ол төре тұқымынан емес, сондықтан биліктің төбесіне шыққанда Ұлы Әмір деп аталды. Темір Шағатай ұлысын толығымен жинап, қайтадан бір орталыққа бағындырды. Онымен де қоймай барлық Орталық Азиядағы үлкенді-кішілі мемлекеттерді басып алды. Одан әрі Сирия, Персия, Үндістанды, т.б. да бағындырды.

Әмір Темір 1391-1396 жылдары Тоқтамыспен соғысып, ақыры Алтын Орданы түпкілікті жеңді. 1402 жылы ол Осман түркілерінің басшысы Баязидті де жеңіп, Кіші Азияны бағындырды. Қарсақбайдан Қаныш Сәтбаев тапқан Әмір Темірдің 1391 жылы ойып жаздырған тасында ол өз мемлекетін Тұран деп атайтыны белгілі болған. Сол тас қазір Эрмитажда тұр.

Әмір Темірдің жеңімпаз әскерінің қатарында кейін қазақ халқының құрамына енген дулат, қыпшақ, найман, жалайыр, қият, т.б. рулардың ұлдары көп болса да бүгінгі күні оның қол жет­кізген табыстарын, ұлы тарихтың бетінде қалдырған мол мұрасын негізінен Өзбекстан Республикасы жеке дара иеленіп отыр.

Сонымен... Алтын Орда ыдырап, бірнеше хандықтарға бөлініп кетті. ХV ғасырда оның орнында Сібір, Өзбек, хандықтары, артынан Ноғай ордасы, одан Қырым, Қазан, Қазақ, т.б. хандықтар құрылды... Ал Ақ Орда мен Көк Ордаға бөліну Алтын Орданың кезіндегі елді батыс пен шығысқа айырған әкімшілік-территориялық бөліністер-тін. Сондықтан оларды жеке хандықтар деп атау күмәнді. Дегенмен, бұларды да жеке хандықтар деп танитын ғалымдар көп.

Мәселе онда емес. Бізге керегі бәріміздің түп атамыз Алтын Орда болғандығы. Қазақ хандығы, бізге бұрын үйреткеніндей, «көшіп жүрген тайпалардан» бір кездері ес жиып, Әбілқайырға өкпелеп, Керей мен Жәнібектің соңынан еріп келіп хандық құрған жоқ. Бұрын іргелі ел болмаса оның бірден хандық құрып, іргелі ел болып кетуі мүмкін емес-ті. Сондықтан Қазақ хандығының тарих сахнасына келуінің өзі Алтын Орданың арқасы екенін ұмытпауымыз керек. Қазақ хандығы – Алтын Орданың тікелей мұрагері. Оның елдік, мемлекеттілік құрылымдарын жетілдіре қолданып, құрылған дербес мемлекет. Сөйтіп, ежелгі түркі қағанаттарынан кейінгі Қазақ мемлекеті тарих сахнасында Алтын Орданың 1266 жылы орталық моңғол империя­сынан тәуелсіздік алуымен құрылды. Қазақ мемлекетінің түп бастауы Алтын Орданың ыдырауымен 1457 жылы, ал осы заманғы тәуелсіз мемлекетіміз – Қазақстан Республикасы КСРО империясының күйреуімен 1991 жылы құрылды деп айтсақ, сөзімізден қате шыға ма? Ендеше, Алтын Орданы біздің орда демейтін несі бар?

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан».