09 Сәуір, 2010

АСПАН ҚЫЗЫ

1234 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Анар Аспан есімі құлаққа жақсы естіледі, айтылғанда да әдемі. Анары түсінікті, ал Аспан деген... Қазекең қоя береді ғой дейсіз. Тұтас ауылдың түтінін сөндіріп кететін оба, шешек секілді ауруларды, көз тиюді алдаймын деп Итбай, Шұлғаубай деп ат қоя беретін қазекеңнің бір ұрпағы көңілі шарықтап отырып қызына түпсіз аспанды қия салған ғой дерсіз. Қателесесіз. Респуб­ликаға белгілі журналист, 2007 жылы Президент грантына ие болған Анар Аспан, яки Бәкірова өзіне осы бүркеншек атты мектеп табалдырығын аттамай тұрғанда өзі таңдап алыпты.Бесіктен белі шықпай жатып Аспанқызы болып жүрген не деген пысық, атжалман қыз дерсіз. Пысықтығына келі­сер­міз, ал екіншісіне... жоқ. Осы есім­нің астарында қаршадай қыздан бүгінде елу атты белестен өтіп жат­қан салиқалы жанның жүрегін сыз­датып келген ұлы қасіреттің жатқанын былайғы жұрт қайдан білсін. Болып толған, бір-бірін қабақ­пен түсінісетін бақытты әке-шеше таңдап алуға баланың қайдан құқығы болсын. Құйтақандай Анардың қолаң шашы белін жапқан ай жүзді анасының, қой аузынан шөп алмайтын момын анасының адуын, отбасынан ащы суды артық көретін әкесінен үнемі таяқ жеп жүретіндігі есінде қалыпты. Отбасында осындай жағдай үнемі қайталанады екен. Үйдегі жылылықты, әке мейірімін әзәзіл арақ ұрлап кеткен-ді. Үнемі ащы таяқ астында қайқаңдап жүретін әзіз ана жылай-жылай төркініне кетті. Ағасын жіберіп қос құлыншағын алдырды. Нағашы ауылы. Ешкім беттеріне жел болып тимейді. Үйдегі тәтті-дәмді ауыз­дарында. Бірақ, үлкендердің сәби жүрегін жұлым-жұлым етіп қазымырланып кететін бір әдеті бар ғой. Кімнің қызы екенін, қалай келгенін біле тұра кездесе қалғаны “Кімнің қызысың?” деп сұрайды. – Арынтайдың қызымын. Бес жасар қыз осылай дейтін. – Оу, ол сенің нағашың ғой. Туған нағашың қалай саған әке болады? Бәрін біліп тұрып тағы қажайды үлкендер. Бір күні бес жасар қыздың төзімі таусылды. Іштегі шер жалын болып ақтарылды. – Мен ешкімнің қызы емеспін. Аспаннан түстім, аспан­ның қызымын. Ал, не дейсіз, тағы сұраңызшы? Үлкендерге өкпелеймін деп Ас­панқызы болып кеткен қаршадай қыз арада жиырма жыл өтіп, аудан­дық газетке тілші болып келгенде осы псевдонимді таңдаған. “Менде балалық шақ болған жоқ қой”. Сырт қарағанда төрт құбыласы түгел жандай көрінетін, қаздай мамырлап басып, жетім-жесірдің көз жасын сүртіп жүретін белгілі журналист Анар Аспан осылай дейтін. Мектепте оқып жүргенде асқар таудай көретін нағашысы дүниеден өтті. Араға жыл салып әлемдегі бар жылылықты қос құлыншағына жиып беруге тырысып жүретін анасы қайтты. Он жаста еді. Аспан айналып жерге түскендей ауыр уақыт. Есінен адаса жаздап жүрді. Кәрі қойдың жасындай жасы қалған әже, қалқайған нағашы шеше өз балалары және жиен­дерімен жел өтінде қалған. Ол он жасында балалықпен қоштасты. Көз жасын көрсетпеуді үйренді. Өздеріне аяп, мүсіркей қараған адамдарға іштей ерегісті. “Көрерсіңдер, мен әлі мықты боламын. Атым, атағым шығады. Алдыма келесіңдер әлі”... Ал, оған дейін көп уақыт бар еді. Сол жылы жазда нағашы шешесімен бірге мақтаға шықты. Орта мектепті бітірген соң жоғары оқу орнына бара алмаған. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының аяғында Семейдің Шұбартау ауданының жастары үндеу қабылдап, ауылда қалып, малшы, механизатор болуға шақырған. Кеңестік идеология әсері. Анар да белсеніп шықты. “Алау” комсомол жастар звеносын құрды. “Жүзімдік” кеңшарының директоры Расул Мырзахметов звенодағы он екі қызға бірдей етіп, қып-қызыл матадан көйлек тіктіріп берді. Кәмшат Дөненбаева, Жадыра Таспамбетова әпкелері секілді тракторға мінді. Жеті жылдан соң анасындай болған нағашы шеше­сінің рұқсатын алып, ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсті. Әсілі, тағдыр Анарға қырын қарауын, қатал сынын қоймапты. Өз еркімен әскерге сұранып барған бауыры бір содырлардың лаңынан басына кірпіш тиіп, жүйкесі зақым­данып оралған. Төсекке таңылған бауырын арқалап жүрді Анар. Сырттай бөлімге ауысуға бел бай­лады. Дүниеде жақсы адамдар көп қой. Сырты суық, іші жылы ұстазы Темірбек Қожакеев: – Ініңді осында әкел. Екеуіңе бір бөлме беремін. Оқуыңнан қалма,– деген. Алайда, ауылдың дәмі тартып тұр екен. Анар Аспан Келес ауданындағы “Мақташы” газетіне жұмысқа тұрды. Сарыағаштағы “Қызыл Ту” газетінде тілші болды. Кейіннен облыстық “Оңтүстік Қа­зақстан” газетіне қызметке ор­наласты. 1999 жылы құқықтық тақырыптарға негізделген “Ақиқат-Истина” газетін ашып, тәуелсіз басылымда бағын сынады. Облыс журналистикасында айтары, жа­зары бар журналист Шымкент қалалық “Шымкент келбеті”, “Панорама Шымкента” газет­терінің бас редакторы, облыстық “Оңтүстік Қазақстан” газетінің бас редакторы болды. Қазақстандағы ең халқы көп, қазақ зиялылары көп шыққан облыстың бел газетіне әйел затынан тұңғыш редактор болу Анар Аспанға жазылған екен. Оның жазған мақалаларынан жылылық, жүрек лүпілі аңғарылып тұрады. Қос қолымен басын ұстап, қандай жақсы теңеу табамын, мақалам қайтсе ажарлы болады демейді, бояуы қанық тілмен қарапайым жазады. Балаға да түсінікті, қарияға да ұғынықты. Тақырып қоюға шебер. Мақаланы оқытпасқа қоймайды. Атын атамай-ақ қоялық, Оңтүстікте үлкен ізі қалған облыс басшысы бар еді. Сонау қиын уақыттарда үйде жылу, жарық болмай, жұрт тамағын пісіру үшін тезек теріп кеткенде, елдің бар керегін түгендеп берген сол әкім бір адамға қиянат жасады. Мектеп түлектерінің стадионда өткен керемет кеші еді. Сол күні жаңбыр шелектеп құйған. Клиенкадан қалқалаған мінбеде облыс әкімі үздіктерді марапаттап тұрған. Қалқаға үймелеген су толып, лақ етіп ақтарылды. Әкімнің үстіне. Грамоталарға су өткен, оқушы­лардың аты-жөнін айыру мүмкін емес. Ашуға булыққан әкім білім департаментінің бастығын орнынан алды. Білім департаментінің бастығы іскер әйел болатын. Анар Аспан “Жаңбыр жуған еңбек” деген мақала жазды. Оң­түстікте де парасыз бастық болуға болатындығын дәлелдеп кеткен әкім мақаланы оқығаннан кейін “Қап, обал жасадым-ау”, депті. “Ұяттан өлген шал” деген ма­қала жазды. Бір ақсақалдың қызы өзге дінге өтіп кеткен. “Баламның мені тыңдамағаны – менің өлгенім” деп қатты намыстанған ақсақал жақын-жуығына хабар бергізіпті. Қызы ақылсыз емес екен. Аяғына жығылып жылапты. Өз дінінде қалған. Өмірдің өзінен оқиғаны ойып алып, қанық жазатын Анардың мақалалары жабыққан жандарға, адасқан адамдарға арашашы болып жүреді. Досымызға барғанда есік көзінде отырған адамдарды көп көрер едік. Кембағалдар. Кезек күтіп кіреді. Анар шүлен тарат­қандай ақша үлестіріп отырады. Олар да біліп алған. Ай аралатып келеді. Батасын береді. – Бұл адамдарды кедей-кепшік деп біреулер кеудеден итереді. Артықпын деп ойлайды. Көңілін қалдырады. Ертең бұлардың да балалары ержетіп, ішінен ел ағалары шықпасына кім кепіл. Адамдар бір-біріне қайырымды болу керек қой,– дейді Анар. Осы қыздың жүрегі өзгелерден үлкен шығар деп ойлайсың. Өйткені, оның да қар­жыдан тарығып жүретін уақыттары болады. Өмірдің тәттілігі осындай жақ­сы адамдардың көптігінен таны­лады. 2007 жылы ш­ы­ғар­ма­шы­лығының мазмұндылығымен Ел­басы гран­тының иегері атануы да көптің тілеуі шығар... Бақтияр ТАЙЖАН. ШЫМКЕНТ.