Білім • 17 Маусым, 2020

Онлайн оқу оңтайлы ма?

1475 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Коронавирус індеті экономикаға, күнделікті өмірге және білім саласына көптеген өзгерістер әкелді. Қазір технологиялар мектепте қосымша білім беру немесе ойын-сауық ретінде ғана емес, сонымен қатар оқушыларды толықтай оқыту үшін де таптырмас құрал болып табылады. Пандемиядан кейін мектептегі білім беру қаншалықты өзгеретінін қарастырып көрейік.

Онлайн оқу оңтайлы ма?

Мәселен, пандемия Италия елін қатты есеңкіреткені рас, соған қарамастан Италия үкіметі мұғалімдерге бейнеконференция байланыстары мен сабақ жоспарларына қол жетімділікті қамтамасыз ету үшін арнайы веб-сайт құрды. Соның арқасында елдегі білім беру саласы өз жұмысын әдеттегідей жалғастырды. Мамандардың айтуынша өмірде болатын түрлі жағдайларды ескере отырып айтсақ, қашықтан оқыту тек эпидемиологиялық жағдайда ғана емес, сонымен қатар басқа уақыттарда да өте ыңғайлы болып саналады.

2015 жылы Оңтүстік Корея үкіметі қағаз түріндегі оқулықтардан толығымен бас тартты. Білім департаменті мектептерді өзгертетін жаңа сандық революцияға дайындалып жатқандығын хабарлады. Дәл осындай сандық революция әлемде бірінші зияткерлік ұлтты құруды мақсат тұтқан Сингапурға да қатысты.

Қазақстан әзірге кітаптардан бас тартуға дайын емес, дегенмен интернет желісін жақсартатын кез келген сияқты. Ауыл мен қалаларда оқушылардың білімін алуына еш кедергі болмауы тиіс. Жалпы қашықтан оқыту дәстүрлі мектепті толықтай алмастыра алмайтын секілді. Өйткені, мектеп уақыты - бұл өсу мен тұлға болып қалыптасу кезеңі. Балалар қарым-қатынастың, өзара көмек көрсетудің, достықтың, қиыншылықтарға төтеп берудің не екендігін сезініп білуі қажет.

Статистика бойынша Қазақстан халқының 70 пайыздан астамына интернет қол жетімді. Сарапшылардың пікірінше, елдегі интернет желісінің жылдамдығы тұтастай алғанда халықтың қажеттіліктерін қанағаттандырады, ал оның бағасы әлемдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі болып табылады. Осындай позитивті статистика болғанымен ауыл балалары осы оқу жылының соңында біраз қиындықтарға тап болды. Бәлкім жаңа оқу жылында жаңалықтар болып қалар.

Жоғарғы оқу орындарына көшсек. Болашақта эпидемиологиялық жағдайдың шиеленісуіне және жақсаруына байланысты немесе онлайн дағдарыс жағдайында гибридті оқу жүйесі жоғарғы оқу орнында өте ыңғайлы болып табылса, яғни офлайн мен онлайн режимін алмастырып пайдалану. Біріншіден, кейбір студенттер мақсатқа жету үшін тек оқулықтар мен интернет желісін жеткілікті деп санаса, енді бірі ұстаздар тарапынан қатаң бақылауды қажет етеді. Екншіден, студенттің оқып жатқан факультетіне байлансты оқу бағдарламасы да әртүрлі. Егер ол химия, биология сияқты мамандықта оқыса, онда оған міндетті түрде көзбен көріп тәжірибе жасау керек. Ал егер гуманитарлық мамандық болса, онда онлайн режимде оқуды жалғастыруға болады. Әзірге қай бағытта дамитынымыз белгісіз, бірақ бір нәрсе айқын. Ол – өміріміздің бұрыңғыдай болмайтыны.

Шыны керек, Қазақстан Еуропа елдерімен салыстырғанда жоғарғы оқу орындарындағы білімді онлайнға ауыстыруға дайын болмады. Себеп тағы да сол интернет желісі, онлайн оқу құралдарының жетіспеушілігі, ұстаздардың дайындығының жоқтығы.

Биыл Қазақстанда ҰБТ маусымның 20-сы мен 5 шілде аралығында өтеді, оған ағымдағы жылдың шамамен 120 мың түлегі және орта арнаулы білімі бар 15 - 20 мың түлек қатысады. Құжаттарды қабылдау жұмыстары толықтай электронды форматта жүргізілді. ҚР Білім және ғылым министрлігі ҰБТ-ны дәстүрлі форматта қағаз түрінде өткізетінін мәлімдеді. Пандемияға байланысты түлектер қатаң санитарлық нормаларды сақтауға міндеттелді.

Шетелдік оқу орындарына түсу жайлы айтатын болсақ емтихан тапсыру мен құжаттарды жіберуде түлектер үшін ешқандай қиын болмайды. Себебі әлемнің түкпір-түкпірінен түлектер электронды форматта құжаттарын жібереді және тестілеу де онлайн түрде өтіп жүр. Ең бастысы шекаралар ашылып, әуе қатынасы бұрынғыдай қалыпқа келсе болғаны. Кейбір зерттеу бойынша қыркүйек айында студенттер онлайн түрде сабақтарын оқуы әбден мүмкін, дегенмен жыл соңына қарай оқу жүйесі әдеттегі форматқа көшеді деп күтілуде.