living Asia.online
Бұл жағдай сол кездегі су тасқыны табиғи апат деп танылса да, белгілі бір деңгейде техногендік факторлар да қылаң бергенін көрсетті. Әлбетте, болар іс болып, бояуы сіңді ғой. Сондықтан бұл мәселені тағы да қайталай бергіміз келмеген. Әйтсе де, бүгінгі әңгімеміз жоғарыда айтылғандай, Ақтөбе қаласы маңындағы өзендер арнасын кеңейтуге қатысты болғандықтан бұдан 3-4 жыл бұрынғы су тасқыны жөніндегі әңгімені айналып өте алмадық.
Сол жылы құрылған республикалық комиссия өңірге бірнеше миллиард теңгенің шығынын келтірген тасқынды табиғи апат деп жариялады. Содан кейін Ақтөбе қаласы маңындағы сегіз өзеннің арнасын қалпына келтіру үшін республикалық бюджеттен 6 миллиард теңге қаражат бөлінді. Бұдан әрі осы мәселеге орай арнайы жоба жасалып, оны жүзеге асыру «Антарес Платинум» ЖШС-нің бас инженері Еркін Тәжғалиевке тапсырылған. Әрі ол өзендер арнасын кеңейту жөніндегі жобаның авторы болып белгіленді.
Осы арада Е.Тәжғалиев су инженериясы саласында әжептәуір тәжірибе жинақтаған білікті маман екенін жоққа шығара алмаймыз. Ол қолға алған жобаның пайдалы, тиімді тұстары мол екенімен де келісуге болады. Мұның алдында бүгінгі көтеріліп отырған мәселеге қатысты Ақтөбе облыстық әкімдігінде өткізілген мәжілісте Е.Тәжғалиев өңірдегі су ресурстарына қатысты инженерлік жобалардың кемшін тұстарына тоқтала келіп, 2017 жылғы су тасқыны тағы да қайталанса, Қарғалы мен Ақтөбе су қоймаларына жиналған 700 млн текше метр су қалаға апат әкелуі мүмкін екенін алға тартты.
Сонымен бірге жоба авторы осы мәжілісте сонау жетпісінші жылдары Қарғалы мен Елек өзендеріне салынған көпірлердің әбден тозығы жеткенін, сондай-ақ облыс орталығында суағар жүргізілмегенін айтып берді. Бұл ой-пікірлермен де келісуге болады. Әйтсе де, өз саласын жетік меңгерген осындай кәсіби бесаспап ұйымдастырушының өзен арналарын кеңейту жөніндегі іс-қимылдары қала тұрғындарының, соның ішіндегі табиғат қорғаушылары мен экологтардың, бау-бақша кооперативтері өкілдерінің тарапынан толық қолдау таппай отыр.
Айталық өткен жылдары өзендер арнасын кеңейту жобасы аясында жағалаудағы көкке бой созған зәулім бәйтеректердің орынсыз оталғаны, оның ішінде Қызыл кітапқа да кіретін ағаш түрлері де бар екені жергілікті тұрғындардың наразылығы мен өкпе-реніштерін туғызды. Рас, бұдан үш жыл бұрынғы су апатынан тиісті сабақ алынуы керектігін ешкім жоққа шығара алмайды. Мемлекет тарапынан облыс орталығы төңірегіндегі өзендердің арнасын тазалау мен кеңейтуге қомақты қаражат бөлінгені де алдыңғы пікіріміздің айғағы. Осы орайда бөлінген бюджет қаражатын тиімді жұмсау, бұл істе ысырапшылдыққа жол бермеу қажеттілігі де ұдайы назарда болғаны жөн. Сондықтан бұл тұрғыда жобалаушылар тасқын судан алдын ала қорғану мен сақтану делінетін біржақты ойдың жетегінде кетіп, оның салқыны табиғаттың тепе-теңдігі бұзылуына тиіп жатса, қалайша қынжылмассың.
Айталық, 2017 жылдан кейінгі кезеңде тұтастай республика аумағындағы өзендер мен су айдындарының екі пайызын құрайтын Ақтөбе өзендерінде су мөлшері әжептәуір азайып кеткені тұрғындардың алаңдаушылығын туғызуда. Сөйтіп бірде көл, бірде шөл болып тұратын табиғаттың қытымырлығынан өткен жылы қала маңындағы Сазды, Песчанка және Бұтақ өзендерінің арнасы мүлдем тартылып, Елек пен Қарғалы өзендерінің түбіндегі саяжайлар сусыз қалып отыр. Жер бетіндегі сулар тартылған соң, жер астындағы сулар да азайып, кері шегініп барады. Осылайша табаны тереңдетілген өзендер құрғап, сусыз қалып жатса қолға алынған жобадан не үміт, не қайыр?!
Сонымен бірге былтыр су тапшылығы зардабын қатты тартқан Ақтөбе жұртшылығы биыл да сондай көріністің қайталануына куәгер болатын түрі бар. Тек биылғы мамыр айының жаңбырлы болғаны ғана күрделі құбылыстың бетін сәл бері қаратқандай көрінеді.
Өзендер арнасын кеңейту жөніндегі жобаға қатысты өткен жылы 3 қылмыстық іс қозғалғаны да ойландырмай қоймайды. Соның ішінде сотта екі қылмыстық іс қаралып, мердігерлерге айыппұл төлеу жөніндегі шешім шығарылса, қалған бір қылмыстық іс әлі күнге дейін аяқталмай келеді.
Ақтөбе өзендерін тазалау мен тереңдетуге және арнасын кеңейтуге қатысты өңір жұртшылығы арасында түсінбестік пен дау-дамай туғызған мәселелер Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне де жолданды. Өткен жылы Ақтөбеге келген сапарында министр Мағзұм Мырзағалиев бұл жобаны тағы да ой елегінен өткізіп, оған тиісті түзетулер мен толықтырулар енгізу қажеттігін және осы іс толық, нақты шешімін тапқан кезге дейін жобаны тоқтаттыра тұру керектігін айтқан еді.
Министр қойған талаптар толық шешімін тапты ма? Биыл осы жобаға қатысты жұмыстар одан әрі жалғаса ма, жоқ па? Облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаров жетекшілік еткен мәжілісте осы сауалдарға айқын жауаптар қайтарылмағаны, өзендер арнасын кеңейту мәселесіне орай тайға таңба басқандай тоқтам мен байлам жасалмағаны өкінішті-ақ.
Ендеше, жан-жақты ойластырылмай асығыс жасалған жобаның кемшін тұстары жөнінде не айтуға болады? Бұл жөнінде қоғамдық пікір жобаға кім тапсырыс бергені, оның техникалық міндеттемелері қандай екені тұрғындар үшін белгісіз күйінде қалып отырғанына қарай ойыса береді. Жобаға жергілікті мамандардың қатысуы жөніндегі мәселеде де жариялылықтың болмауы да кейбір түсінбестіктердің орын алуына түрткі болуда. Табиғатқа қатысы бар жобалар дұрыс жүргізілмесе, бұл жағымсыз жайт тұтастай экожүйеге нұқсан келтіруі әбден мүмкін. Өйткені мұндай жағдайда өзен маңайында жануарлар мен өсімдіктер дүниесі жойылып кетпесіне ешкім кепілдік бере алмайды. Сонда «тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп, құлағынан айырылыпты» дегеннің кері болып шықпай ма?
Жоғарыда айтып өткеніміздей, тұтас республика аумағындағы өзендердің 2 пайызын құрайтын Ақтөбе өзендерінің тек өзіне тән ерекшелігі бар екені де елеулі мәселе. Бұл – оның жерасты су көздерімен жалғасып жатқаны әрі өзен арналарының бұлақ көздерімен ұдайы толыға түсетіндігі. Осы жерасты су ресурстары салмағы жер қайыстыратын ауыр техникалардың жаншып, таптау нәтижесінде жермен жексен жойылып, көмілетін болса, жобаның «бір кем дүние» болғаны да.
Облыс әкімдігінде өткізілген жиында осындай әттеген-айларды алға тартқан Алға ауданындағы шаруа қожалығының жетекшісі, өңірдегі фермерлер қозғалысының белді өкілі Александр Мандрыкин осындай жауапсыздықтың кесірінен Песчанка және Бұтақ өзендерінің бойында оның суы тартылып, тек балшық қалғанын қынжыла жеткізді. Әрі ол мұндай жағдайда өзен арналарын алып бульдозерлермен таптауды жалғастыру оң нәтиже бере қоймайтынын мәлімдеді.
Қалай дегенде де, Ақтөбе қаласы маңындағы өзендер арнасын кеңейту жобасы 2-3 жыл өткеніне қарамастан, бір жүйеге түспей келеді. Аталған істе мемлекет қаражатын тиімсіз пайдалану орын алғаны ешкімге де құпия емес. Бұл ретте бұған кім кінәлі деп сауал жүгірткеннен гөрі, жобаны өзгерту тиімді болатыны анық.
АҚТӨБЕ