«Бұл өмір бір-ақ рет беріледі, ал оны Шымкентте сүру керек».
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті
Әрі Шымкенттің республикалық мәртебе алуы қаланың одан әрі ілгерілеуіне септігін тигізетініне және жаңа перспективалар ашылатынына сенім білдірді. «Бұл қадам шаһардың теңгермелі әлеуметтік-экономикалық дамуына және бүкіл өңір тұрғындарының тұрмыс сапасының дәйекті түрде артуына тың серпін береді», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осылайша, телқоңыр екі өңір енші бөлісіп, дамудың даңғыл жолындағы әділ бәсекеге түсті. Екі атау да – ұлт, ел үшін қастерлі ұғым. Себебі аласапыран шақтарда елге пана, елім деген ерлерге араша түскен мекеннің қаракөздер үшін қадірі Қап тауынан да қастерлі-тұғын. Міне, тұрғындарының саны миллионды еңсерген шаһардың республикалық қала мәртебесін алғанына да екі жыл толыпты.
Елдің дамуы, экономикалық өсім көрсеткіші ірі қалаларының көптігімен өлшенетіні белгілі. Локомотив қалалардың қатары көбейген сайын далалық ұлттан қалалық ұлтқа біртіндеп бейімделе түсетініміз анық.
Тарихқа көз жүгіртсек, өнер мен мәдениет әр кезеңдерде оңтүстік аймақтарда жақсы дамыған.
«Қазақтың Шымкентте бестен бірі,
Ешқашан шығармаңдар естен мұны.
Әрқашан бізге қарап өлшенеді,
Қазақтың қаншалықты өскендігі».
Әселхан Қалыбек,
айтыскер ақын
Ұшақ қанатынан қарағанда
Шымкент – еліміз бойынша аумағы жағынан ең алып қаланың бірі және бірегейі әрі еліміздің басқа қалаларынан өзіндік «брендтерімен» ерекшеленіп тұрады. Соңғы жылдары жақын үш ауданнан 40-тан астам елді мекен Шымкент аумағына қосылды. Бұл – Қазақстан бойынша қалалардың ішіндегі ең үлкен аумақ. Соның нәтижесінде қала халқының саны күрт өсіп, шаһардың миллионыншы тұрғыны 2018 жылдың 17 мамыры күні дүниеге келді.
Шаһардың шығыс қақпасы сансыз бабтар мекені Сайрам ауданынан басталса, батысы қазақтың тегін құраған үш жүздің басы қосылған ордалы Ордабасы ауданымен шектеседі. Түстігінде Төлеби, Қазығұрт, теріскейінде Бәйдібек ауданымен қоңсылас орналасқан.
Шымкентке келген қонақтың кез келгені әуелі қала аумағының кеңдігін сөз етеді. Жер үйлер көлемінің көптігін, ұшақ қанатынан көз салғанда Шымкентті екі таудың ортасында жамбастап жатқан шопанға, ғимараттарды жасыл желекке жайылған Шопан ата түлігіне ұқсатып жатады. Анығында, жоғарыда айтып өткендей, республикалық мәртебе алған қалаға қосылған елді мекендер Шымкенттің шекарасын кеңейте түсті.
Тарихқа көз жүгіртсек, Шымкент – 2200 жылдан астам тарихы бар Қазақстанның ең ескі қаласы. Бұл фактіні қала орталығындағы ескі қалашықты зерттеу барысында археологтердің өзі растаған. Сондай-ақ жұрт айтып жүргендей шаһар еліміздегі күнге ең жақын қала. Мұнда жылына 300 күнге дейін шуақты ауа райы сақталады. Қысы жылы, жазы өте ыстық және ұзақ болатын Қазақстанның ең шырайлы өңірі. Сол себепті аймақ агрошаруашылықтың отаны, жылыжайлар мен ірі құрылыс алаңы. Міне, шымкенттіктер өңірдің осы артықшылығын өз пайдаларына жаратуда.
Ел арасында Шымкентті жемісті мекенге теңеп жатады. Жеміс-жидек пен көкөніс, қарбыз-қауын, дәмді тағамдардан бұл шаһарға тең келер қала жоқ. Бұл өңірдің жылдық табысы тұрғындарының қажеттілігін толығымен өтей алады.
Тіршілік үшін ең қажетті дүние – су. Ал Шымкент – сулы қала. Себебі еліміздің оңтүстік мегаполисі өз аумағы арқылы өтетін көптеген су артериясы бар жалғыз қала. Шаһар аумағынан Қарасу тармағы мен Бадам және Қошқарата өзендері ағып өтеді. Сондай-ақ қаланы шығыстан батысқа қарай кесіп өтетін Бадам, Шымкент, Жаңашек және Текесу каналдарының жасанды су жолдары бар. Осы артықшылық қала тұрғындарының отбасылық бау-бақша шаруашылығымен айналысуына зор мүмкіндік туғызып отыр.
Көк жүзінен төменге көз салсаңыз, Шымкенттегі жылыжайлар менмұндалап көрінеді. Шымкенттің жер көлемі Мәскеудің аумағымен бірдей. Шаһардың аумағы 117 мың гектарға дейін кеңейіп, тіпті Мәскеуден асып түсті. Қалада 3 мыңға жуық көше салынып, оған қазақ батырлары мен мәдениет қайраткерлерінің және ғалымдардың есімі берілген. 2500 шақырымды құрайтын көшелерінің ұзындығымен абсолюттік рекорд орнатқан қала.
«Шымкент Қазақстансыз өмір сүре алады, Қазақстан Шымкентсіз өмір сүре алмайды».
Мұхтар МАҒАУИН,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Мәдениеттің мәйегі тереңде
Биыл Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы атанып, әлемдік мәдениеттердің басы елдің түстігіндегі көне шаһарда қосылатын еді. Әлемді жайлаған пандемия салдарынан жоспарланған халықаралық, республикалық деңгейдегі іс-шаралардың мерзімі кешеуілдеуде. Алайда бұған бола қала мәдениетінің мерейі төмендемесі анық. Себебі Шымкенттегі мәдениеттің мәйегі тым тереңде. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, еңбекке адалдық, жақынға бауырмалдық, қонаққа ілтипат, қазақы салт-дәстүр, ескі рәсім бәрі-бәрі әлі күнге дейін осы шаһар тұрғындарының арасында сақталған.
Отырықшылық мәдениеттің ошағы саналған қалаға елдің аңсары ауып тұратыны да осы ескіден жеткен есіл құндылықтың құдіреті секілді. Дегенмен Шымкент десе «шарт» ете қалатын адамдардың көзқарасы кейде қоғамдық пікірге ұласып жатады. Бірақ оған бола «өкпелейтін» шымкенттіктер жоқ. Маңдай терін тіршіліктің қайнаған қазанынан нәпақаларын табуға жұмсап жүр.
Қонақжайлылық жағынан да Шымкент алда тұр. Оңтүстіктің адамдары қонақ келгенін жақсы көреді, жалпы қонақтарды өте жоғары бағалайды. Олар қонақты елге мақтанып, жұртқа көрсету үшін емес, жүрекпен күтеді және шымкенттіктердің бұл қасиеті бірінші кезекте шетелдіктерді қатты қызықтырады деген пікір жиі айтылады. Анығында, бұл қасиет те ұлтымыздың «Бір шәугім шай – қазақтың бөлінбеген еншісі» деген сөзін дәлелдей түскендей.
Шымкент дәмді және арзан тағамдарымен елді өзіне баурап алады. Күнгей өңірдің тұрғындары астың дәмін жақсы біледі. Бауырсақ, палау фестивальдары Шымкентте ғана дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Республика бойынша ең дәмді тағам Шымкентте әзірленетіні ел аузында аңызға айналып кеткен. Дегенмен бұл аңыздың ақиқаты жоқ емес. Құрметті қонағын ілтипатпен күтіп алған шымкенттіктер оның алдына ең дәмді жылы-жұмсағын ұсынады. Ауа райының қолайлылығындай қошемет көрсетеді. Ерте піскен жеміс пен көкөніс бағаның аспандауының алдын алады. Бұған жергілікті халықтың еңбекқорлығы мен ортаға тез бейімделгіш екені тағы сеп болмақ. Шымкенттің дәмі тіл үйірер тағамын ұмытпайтын адамдардың естелігі – бөлек әңгіме. Ал таңдайыңнан кетпейтін кәуабы туралы сөз болса, тәбетің ашыла беретіні тағы бар.
Белгілі әнші, қоғам қайраткері Бекболат Тілеуханның: «Қазақ болып қалғымыз келсе, Шымкентті етегінен ұстап жүруіміз керек», деген сөзі бар. Түбіріне үңілсек, ұлтты кешегі орыстандыру, отарлау саясаты, бүгінгі жаһандану, жат ағымдардың жетегінен сақтап қалатын бір ғана рецепт – ұлттық мәдениет екендігін түсінеміз.
Қай бір жылы отандық режиссер Жәнібек Жанқараев түсірген «Потому что шымкентский» фильмі қоғамның талқысына түскен, Шымкентке деген қате көзқарасты ашып берген көркем туынды болды. Былайғы жұрттың арасында Шымкентте әйел теңдігі жоқ деген ұғымға ұлттың ежелден келе жатқан жасы үлкендерге иіліп сәлем беру – әдептіліктің белгісі екендігін тағы бір дәлелдеп берді.
Бір ғана мысал, елдегі егіздердің саны бойынша Шымкент – бірінші орын алатын қала. Демографиялық өсім тұрғындары еккен қызанақ пен қиярдай жемісті. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы 10 жылда өңірде жеті мыңнан астам егіз және 81 үшем туылған. Жыл сайын аймақта шамамен 800 жұп егіз дүниеге келеді екен. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дегендей, шымкенттік мінез-құлық ұрпағының көптігімен мақтанады. Қара қазан, сары бала қамы үшін тырбанып еңбек етеді.
Қазақ мемлекеттілігінің басында тұрған Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы тар заманның өзінде «Әлхамдулла, алты миллион қазақпыз!» деп ақжолтайлағаны белгілі. Бүгінде тәуелсіз елімізде шымкенттіктер де ұлттың санын көбейткен осы егіз, үшемдердің санымен мақтанады.
Ұлтты тәрбиелейтін, мәдениетін өсіретін рухани орданың бірі – театр. Бұл байлықтың үлесі де Шымкентте көш бастап тұр. Жалпы, Шымкенттің орталығында алты театр орналасқан. Ж.Шанин атындағы қазақ драма театры, орыс драма театры, опера және балет театры, сатира және әзіл-сықақ театры және қуыршақ театры, Сайрам өзбек драма театры Шымкент тұрғындары мен қала қонақтарын өз қойылымдарымен қуантып келеді.
«Қазақ болып қалғымыз келсе, Шымкентті етегінен ұстап жүруіміз керек».
Бекболат ТІЛЕУХАН,
Мәжіліс депутаты
Тұлғаға тағзымы бөлек қала
Шымкент қаласындағы кез келген нысанға атау беруде республикамыздың, өңіріміздің дамып, өркендеуі жолында еңбек еткен тұлғалардың есімін бір сәт назардан тыс қалдырған емес. Сондықтан қаладағы ең көрікті орындар мен саябақтарды ұлт төбесіне көтерген ұлылардың есіммен атап келеді. Бұл әуелі тұлғаға тағзым болса, екіншіден өскелең ұрпақты ұлылыққа, ізгі қасиетке, отансүйгіштікке баулу болмақ.
Мәселен, алып Бәйдібек баба ескерткіші, Абай саябағы, Д.Қонаев гүлзары, «Шәмші әлемі» аллеясы, Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық драма театрының атаулары Алаштың арда туған ұлдарына көрсетілген тағзым болса керек. Жуырда осы жақсы дәстүрдің жалғасы ретінде Шымкент дендросаябағына қазақтың аяулы перзенті Асанбай Асқаровтың аты берілді. Осылайша, аталған мекен Асанбай Асқаров атындағы дендросаябақ атанды. Жаңа атау қала әкімінің бұйрығымен бекітілген. Алғаш рет дендросаябаққа қоғам және мемлекет қайраткерінің есімін беру туралы ұсыныс 2016 жылдың 22 желтоқсанында қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында айтылды. Содан кейін депутаттар бұл шешім үшін бірауыздан дауыс берген болатын. Шымкент дендрологиялық саябағын құрудың тарихы 1979 жылдан бастау алады. Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Асанбай Асқаровтың бастамасымен бой көтерген бұл саябақ араға жылдар салып тұлғаның атын қайта жаңғыртты.
Тарих беттерін парақтасақ, аталған аумақ сол жылдары қала маңындағы қоқыс тастайтын орын болған деседі. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген бабалар аманатын берік ұстанған сол кездегі өңір басшысы Асанбай Асқаров қоқыстан қобырап жатқан аймаққа ағаш отырғызған екен. Қаланың ауа реттеушісіне айналған орын Шымкенттің климаттық ерекшелігіне оң әсер беріп келеді. Ендігіде тамаша демалыс орнын көздің қарашығындай сақтау, оны бүлдірмеу – әрбір қала тұрғынының азаматтық борышы.
Қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналған саябақ шаһарға ат басын бұрғандардың соқпай кетпейтін сүйікті мекеніне, жас жұбайлардың той алдындағы салтанатты серуенінің бір бөлшегіне айналды.
Бұл жақсы бастама, жарасымды атаулар әлі де жалғасын тауып, ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісіне айналары даусыз.