Қоғам • 19 Маусым, 2020

Соңғы 5 ай ішінде 49 инфекция бойынша аурушаңдық төмендеді - министрлік

287 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ләззат Ақтаева баяндады, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Соңғы 5 ай ішінде 49 инфекция бойынша аурушаңдық төмендеді - министрлік

Л. Ақтаева коронавирус инфекциясын қоспағанда, инфекциялық аурулар бойынша эпидемиологиялық жағдай жалпы Қазақстан Республикасы бойынша тұрақты екенін атап өтті. 

64 инфекциялық ауру бойынша мониторинг жүргізілуде, 5 айдың қорытындысы бойынша 49 инфекция бойынша сырқаттанушылық төмендеген. 

Биыл адамдардың оба, тырысқақ, іш сүзегі, құтыру, туляремия, дифтерия, сіреспе, қызамық және басқа да жұқпалы аурулармен сырқаттануы тіркелген жоқ. 

Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда сальмонеллезбен, қызылшамен, іріңді менингитпен, серозды менингитпен, туберкулезбен сырқаттанушылықтың төмендегені байқалды.

А жіті вирустық гепатитпен (1,8 есе), ботулизммен (3 есе), скарлатинамен сырқаттанушылықтың 4,3 есе өсуі байқалды. 

Сонымен қатар Қазақстан аумағында аса қауіпті инфекциялар — оба, туляремия, геморрагиялық қызбалар (КҚГҚ, БСГҚ), күйдіргі және басқа да зооноздық инфекциялардың белсенді табиғи ошақтары бар.

Оба және басқа да табиғи-ошақтық инфекциялардың алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Осы жылдың 5 айында обаға қарсы күрес ұйымдары зертханалық зерттей отырып 223,1 мың шаршы км-ді және 4 млн эктопаразиттер мен кеміргіштерді тексерді, обаның 14 қоздырғышы бөлінді, бұл қоздырғыштың циркуляциясын көрсетеді.

Обаға қарсы күрес станциялары 21 елді мекеннің айналасында қорғаныш аймағын құрды, кенттік дератизация, кенттік дезинсекция жүргізді, обаға қарсы 50 мыңнан астам адам егілді. 

2020 жылғы 12 маусымдағы жағдай бойынша Конго-Қырым геморрагиялық қызба ауруының 3 жағдайы расталды, оның ішінде 2 жағдай Түркістан облысы тұрғындарының арасында және Жамбыл облысында 1 жағдай тіркелген.

КҚГҚ алдын алу мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық қызмет КҚГҚ бойынша қолайсыз 313 елді мекеннің айналасында санитариялық-қорғаныш аймағын құрды. 

Жергілікті атқарушы органдар КҚГҚ бойынша қолайсыз аймақта кенеге қарсы 5,8 бас малды, 1001 елді мекенде 362 мың мал қорасын өңдеді, ауданы 19,8 ш. км буферлік аймақ құрды.

2020 жылдың 5 айында 1 411 647 адам егілді, ҚР бойынша вакцинациямен қамту егуге жататындар санының 92%-ын құрады.

"Вакцинациялаумен жеткіліксіз қамту төтенше жағдай кезінде жоспарлы профилактикалық егулер жүргізудің тоқтатылуына байланысты. Қазіргі уақытта жоспарлы вакцинация қайта басталды, оның ішінде төтенше жағдай кезінде екпе алмаған балалар егілуде", — деді министрдің м. а.

2020 жылдың І тоқсанында республикада профилактикалық егулерден 1 423 бас тарту есепке алынды, 2019 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 13%-ға өскені байқалды. Бұл ретте бас тартқан адамдар арасында егілгендер саны 725-тен 309-ға дейін 2 есе төмендеді.

Бас тарту себептері бойынша ең үлкен үлес салмақ жеке сенім бойынша бас тартуға келеді және ол жалпы бас тарту санының 52,9%-ын құрайды, діни пайымдаулар бойынша – 29%, вакцинаға сенімсіздік – 11,2%, БАҚ-тағы теріс ақпарат бойынша – 6,4%. Бас тартқандар арасында 309 адам егілді.

2020 жылдың 5 айында 2019 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда қызылшамен сырқаттанушылықтың 2,8 есе төмендеуіне қол жеткізілді.

"Қызылшамен сырқаттанушылықты төмендету мақсатында 9-10 айлық балаларға қосымша вакцинация жүргізілді. 260 мыңнан астам бала егілді. Бұл осы жас тобындағы сырқаттанушылықты 2,5 есе төмендетуге мүмкіндік берді. Бұдан басқа ауырған ересектер арасында 55%-дан астамы 20-29 жас аралығындағы топ екенін ескере отырып, осы жас тобына қызылшаға қарсы қосымша вакцинация жүргізілді, 1 759 459 адам егілді", — деді Л. Ақтаева. 

Қазақстан Республикасында менингитпен сырқаттанушылық деңгейінің төмендеуінің оң серпіні байқалады.

 Қазақстан Республикасында менингококк инфекциясымен сырқаттанушылықтың орташа көп жылдық деңгейінің көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 2,1-ді құрайды, бұл ретте қазіргі уақытта Қазақстанда сырқаттанушылық деңгейі 100 мың тұрғынға шаққанда 0,15-ті құрайды, бұл шекті деңгейден 14 есе төмен. Сонымен бірге Шымкент қаласында ауру санының 2-ден 6 жағдайға дейін ұлғайғаны байқалады.