Экономика • 24 Маусым, 2020

Жаңа кеніштер іздестірілуі керек

675 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстанда пайдалы қазбаларды игеруге арналған перспективалы жобаларды жүзеге асыру көзделуде. Айталық, Ақмола, Қостанай облыстарымен бірге еліміздің орталық, шығыс және оңтүстік аймақтарында алтын кен орындарының ауқымды ошақтары анықталды. Алайда бұл бағытта қордаланған проблема аз болмай тұр.

Жаңа кеніштер іздестірілуі керек

 

Шикізат қоры жеткіліксіз

Мәселен, шикізат қоры­ның жеткілікті деңгейде толық­тырылмауы кезек күттірмейтін маңызды мәселелердің қата­рында. Ресми статистика еліміз­дегі жер қойнауының 25%-на ға­на геологиялық жұмыстар жа­сал­ғанын көрсетті. Демек, ми­нералды ресурстардың 75%-ы әлі де толық зерттеуді талап ете­ді. Сала мамандары бұл олқы­лықты ғылыми-зерттеу жұмыс­тарына басымдық беру арқылы реттеуге болатынын айтады.

Осыдан 5-10 жыл бұрын адами капитал ұғымы кең таралмай тұрған шақта «Қазақстанда Менделеев кестесіндегі барлық элементтер кездеседі» дегендей, қоғамда таптаурын көзқарас қалыптасып, осыған ұқсас пікір кез келген жерде жиі айтылатын. Бірақ та бұл сөздердің желдей есуіне себепкер болған дилетанттар 30 жыл ішінде отандық гео­логия саласы кеңестік жү­йе­ден арыла алмай келе жат­қанын, сондай-ақ Африка құр­лы­ғын­дағы кейбір мемлекеттер осы бағытта елімізден көш іл­­гері еке­нін білмесе керек. Бұ­дан соң ғы­лыми-зерттеу және тә­­жі­­ри­бе­лік-конструкторлық жұ­­мыс­­тар­дың кенжелеп қалуы сала­ның шатқаяқтауына тағы бір себеп, дейді сарапшылар. Отан­дық геологияға төніп тұр­ған сын-қатерді таяуда өткен сала­лық ведомствоның жылдық есе­бінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағ­зұм Мырзағалиев те растады.

– Негізгі себептердің бірі – ши­кі­­зат қорының жеткілікті деңгей­де толық­тырылмай келе жатқан­ды­ғында, – деді ведомство басшысы.

Атап айтқанда, мұнай қо­ры­ның орнын толтыру коэффициенті 1,5-ке тең.

«Өсім жаман емес, бірақ бұл көр­сет­кіш­ке Қашаған кен орны әсер еткенін айта кету керек. Қашағансыз, аталған коэф­фициент – 0,9, алтын бо­йынша – 0,29, мыс – 0,08 және полиметалдар бойын­ша 0,21 болар еді», деп нақтылады М.Мырзағалиев.

 

Қала құраушы кен орындары ашылады

Жауапты министрліктің ақпаратына сүйенсек, соңғы он жылда ірі полиметалл кен орындары, оның ішінде Зырян, Николаевск, Белоусовка және тағы бас­қа шикізат ошақтары игерілді. 2025-2040 жылдар кезеңінде аймақ экономикаларына айтарлықтай әсер беретін қала құраушы қосымша кен орындарын (Орлов, Малеевск, Тишинск, Риддер-Сокольный) ашу жоспарланып отыр.

Сол секілді пайдалы қазба орындарын ашуға арналған ауқымды жоба­лар­ды іске асыру қарастырылмақ. Жаңа қорғасын-мырыш кен орында­ры рес­пуб­­ликаның орталығы мен оң­түс­тік өңірлерінде, кенді Алтаймен қатар Ресей және Қытаймен шекаралас аудандарында ашылуы мүмкін. М.Мырзағалиев воль­фрам, молибден, алю­миний, қалайы, сондай-ақ басқа да си­рек кездесетін пай­далы қазбалардың ошақ­тарын игеру көз­дел­генін жеткізді.

Көмірсутекті шикізат қо­рын игеру бойынша да ауқымды жұ­мыс­тар­ды атқару міндеті қойылып отыр.

«Бүгінде игерілген мұнай мен газдың едәуір бөлігі 5 бассейнде өнді­рі­леді. Оның 80%-ы Каспий теңізінің ай­ма­ғын­дағы пайдалы қазба орындарына тие­сі­лі. Осы күнге дейін басты мұнай-газ про­винциясына отандық және шетелдік ком­паниялар тарапынан, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ тарапынан қызы­ғушылық басым. Осыған байланыс­ты негізгі бассейннің көмірсутекті қор­ла­­рын ұлғайту мақсатында барлық гео­­ло­гиялық барлау жұмыстары терең қой­­науларды зерттеуге бағытталмақ. Бұл жұмыс басқа да игерілген бассейндер­де жал­ғасады», деді жауапты орган басшы­сы.

Еліміздің бас геологы Мемлекет бас­шысының тапсырмасымен 2021-2025 жылдарға арналған геологиялық бар­лауға қатысты мемлекеттік бағдар­ла­ма әзірленіп жатқанын, сол бо­йынша мұ­най мен газдың әлеуетін ай­қын­­­дай­­тын көп зерттелмеген шөгінді бас­сейнді жерлерді анықтап, тау-кен аумақ­та­рындағы терең орындарда барлау жүргізу қарастырылатынын жет­кіз­ді. Нәтижесінде, 2025 жылға қарай зерттелген жерлердің көлемі қазіргі 25%-дан 37%-ға дейін артады.

Аталған міндеттерден бөлек, мем­ле­кет­тік бағдарламаны іске асыру арқылы 60 мың адам жұмыспен қамтылып, өңір­лер­дің әлеуметтік мәселелерін шешу көзделген дейді министрлік өкіл­де­рі. Қазір тиісті бағдарлама Үкіметте қарас­ты­рылып жатыр.

 

Ұлттық деректер банкі үмітті ақтай ма?

Саладағы тағы бір өзекті проблема орталықтандырылған геологиялық мәліметтердің жоқтығында жатса керек. Яғни ақпараттық технология дәуірінде цифрлы картасыз өндірісті дамыту туралы әңгімені қозғаудың өзі артық дейді геологтар. Мамандардың пікіріне құлақ асқан жауапты ведомст­во минералды ресурстардың Ұлттық деректер банкі дайындалып жатқанын айтты. М.Мырзағалиевтің айтуынша, бұл жұмыс келер жылы аяқталып, электронды базадағы геологиялық ақпарат кез келген инвесторға ашық болады.

Шикізат қорының толық­ты­рылуы­­ның төмендігі және жұмыс істеп тұр­ған кен орындарының таусылуы гео­ло­гиялық барлауды жандандырудың уақыты келгенін байқатады. Осындай пайымға келген Өндірістік геологиялық ұйымдар қауымдастығы, Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының рес­­пуб­ликалық қауымдастығы және басқа да мүдделі тараптармен бірле­сіп, отандық геология­ны қолдауға бағыт­тал­ған ұсыныстарын білдірді.

ТМКҚ (Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауым­дас­ты­ғы) жер қойнауын пайдалану және өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің директоры Гүлназ Бисенованың айтуынша, құжатта экономикалық ынталандыру шаралары, сондай-ақ геологиялық барлауды қолдаудың кешенді тетіктері әзірленген. Мысалы, экономикалық ынталандыру амалы ретінде геологиялық барлау жұмыстарына жұмсалатын шы­ғыс­тарды ҒЗТКЖ-ға (ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұ­­­мыстарға) жатқызуға, сол секілді гео­ло­гиялық барлауды ҚҚС-дан босату мүмкіндігі қарастырылады. Неге десе­ңіз, жер қойнауын геологиялық зерт­теу жұмыстары 70-80%-ға ғылыми мін­дет­тер­ді орындайды.

«Геологиялық барлауды жер қой­на­уын пайдаланумен шатастыруға бол­­майды. Бұл – жер қойнауын зерттеу. Ол ғылыми-өндірістік есеппен бірге пайдалы қазбалардың ресурстары мен қорларын тауып, бағалау сынды жо­ға­ры тәуекелдермен ерекшеленеді. Осы жұмыстарды қаржыландыру мем­лекеттік бюджет есебінен және соңғы кезекте – жеке инвесторлардың қара­жа­тына жү­зе­ге асырылады», дейді қауым­дас­тық өкіл­дері.

Бұдан басқа жылдағы бағаны индекс­теу арқылы мемлекеттік геоло­гиял­ық жер қой­науын зерттеу нысандары бо­йын­­ша уақыт талаптары мен бағаларды қайта қарау, жабдықтарды жаңартуға же­ңілдік қарас­тыру, атап айтқанда жыл­дық 3%-дық лизингпен беру ұсы­ныл­ды.

Кешенді қолдау шаралары жерасты суларын барлау жөніндегі жұмыстарды Геология комитетінің құзырына беру­ді де қамтиды. Өйткені қазір бұл мә­се­ле­мен облыстық әкімдіктер айналысады. Ал өңірлік атқарушы билік өкілдерінде мамандардан бөлек, қажетті материал жоқтың қасы.

Тағы бір ұсыныс көктемгі дала жұ­­мыс­­­тарында шаруаларды арзан жағар­­май­мен қамтығандай, геологтарды да арзан дизель отынымен қамту қажеттілігі ай­тылды.

 

Қосымша құн салығынан босатуды сұрайды

Мүдделі тарап Жер кодексі сала­сын­дағы заңнаманы жетілдіру керек­ті­гін, атап айтқанда, жер қойнауын пайдаланушылар мен жер иеленушілер арасында жеке сервитут үшін төлем со­масын есептеу және шығындарды өтеу тетігін анықтау туралы, сондай-ақ жер қойнауын игеру үшін қажетті учаскені ерекше қорғалатын табиғи аумақтан шығарып, Сарышаған полигонын пайдалану бойынша тетікті әзірлеу ұсыныстары да жеткізілді. Себебі жер қойнауын пайдаланушылар мен жер иеленушілері арасында кейбір жағдайда жанжал туын­дап, геологиялық жұмыстарды жүр­гі­зуден бас тартуға тура келеді. Бұған бар­лау­ға арналған жер телімдері мен егіс алқаптарының бір орында орналас­­уы себеп. Сондықтан жер қойнауын пайдалану құқығын бермес бұрын жер қатынастары, полигондар мен қо­рықтардың шекарасына қатысты мәселелерді де ескеру қажет деп есеп­тей­ді сала өкілдері.

«Геологиялық барлау жұмыстарына тек назар аудару аздық етеді. Саланы дамыту үшін қаражат керек екені дау­сыз. Бюджеттен қаражат қарастыру қиын­ға соғады. Сол себепті біріншіден, ҚҚС-дан босатуға күш салу қажет. Онсыз геологиялық барлау дамымайды. Басқа елдерде бұл салаға ҚҚС қол­­да­нылмайды. Екіншіден, ғылыми-зерт­теу және тәжірибелік-конс­трук­тор­лық жұмыстардың геологиялық бар­лауға тікелей қатысы бар. Неге десек, бұл ғылыми-өндірістік қызмет», деді ТМКҚ атқарушы директоры Николай Радостовец.

Бұған қоса құжатта КТПҚ (кең та­рал­­ған пайдалы қазбалар) үшін есептік рәсімдерді оңтайландыру және оларды ПҚӨС-тен (Пайдалы қазбаларды өндіру са­лығынан) босатуға байланысты шаралар қамтылған. Кең таралған пайдалы қазбалардың кен орындары неғұрлым көп игерілсе, сәйкесінше экономиканың өзін өзі қамтамасыз ету деңгейі арта түседі дейді тау-кен секторының мамандары.