Қазақстан • 25 Маусым, 2020

Мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қолдау шаралары күшейтіледі

1689 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн режимінде өткен халыққа есеп беру кездесуі барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді, - деп хабарлайды Egemen.kz.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қолдау шаралары күшейтіледі

Қазақстанда 697,6 мың мүгедектігі бар адам тұрып жатыр. 2020 жылы Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдауға арналған шығындар 10%-ға, техникалық оңалту құралдарымен және арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етуді қаржыландыру 17%-ға өсті. 

Еңбекминінің басшысы мүгедектігі бар адамдарға қолдау көрсету министрлік жұмысының ең басты деген басымдықтарының бірі болып табылатындығын атап өтті. Мәселен, ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтік қолдауды күшейту және оларды қоғам өміріне тарту мақсатында 19 нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер енгізілген.

"2020 жылы Әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. Оның көмегімен мүмкіндігі шектеулі адамдар өнім жеткізушілерден техникалық қалпына келтіру құралдарына (бұдан әрі – ТҚКҚ) және арнаулы әлеуметтік қызметтерге (бұдан әрі – АӘҚ) тікелей тапсырыс бере алады. Порталда қазірдің өзінде ТҚКК 24 түрі орналастырылған, ал порталдың толық іске қосылуы 2021 жылға жоспарланып отыр. Бұдан басқа емдеу-шипажайлық ем алу мерзімі де реттеледі (14 күнтізбелік күн). Мүгедектердің өтініші бойынша жеке көмекшілерге ақы төлеудің бірыңғай тәртібі белгіленді. Кохлеарлық импланттарды қайтару міндеттемесі олардан алынып тасталды; мүгедектік тобы мерзімі шектеусіз белгіленетін, орны толмайтын анатомиялық ақаулардың тізбесі кеңейтілді; ересектерге 5 жылға мүгедектік белгіленетін аурулардың тізбесі бекітілді. Медициналық-әлеуметтік сараптаманы сырттай жүргізуге кезең-кезеңімен көшу жоспарлануда", - деді Біржан Нұрымбетов.


Министрдің мәліметінше, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдауды қаржыландыру 10% -ға өсті және 2019 жылғы 315 млрд теңгемен салыстырғанда, 2020 жылы 347 млрд теңгені құраған.  TҚКҚ және АӘҚ-мен қамтамасыз етуді қаржыландыру 17%-ға артып, 2019 жылғы 86 млрд теңгеге қарағанда, 101 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар министр, алдағы жылдары мүгедектігі бар жандардың экономикалық белсенділігі үшін мүмкіндіктер жасау негізгі басымдық ретінде белгіленгенін атап өтті.

"Бүгінде Қазақстанда еңбекке қабілетті мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының төрттен бір бөлігі ғана еңбек қызметімен айналысады. ЭЫДҰ елдерінде бұл көрсеткіш 40%-ға жетеді. Келесі екі жыл ішінде алдымызға мүгедектігі бар адамдардың жұмыспен қамтылуын 30%-ға жеткізу міндетін қойдық. Ол үшін қосымша 20 мың адамды жұмыспен қамту қажет. Мүгедектігі бар адамдармен, үкіметтік емес ұйымдармен және жұмыс берушілермен бірге мүгедектерді экономикалық қызметке тартуға кедергі болатын негізгі түйткілдерді және оларды шешу жолдарын анықтадық", - деді Біржан Нұрымбетов.