Қоғам • 25 Маусым, 2020

Әлеуметтік-еңбек саласындағы барлық қызметтер электрондық форматқа көшіріледі

304 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2020 жылдың соңына дейін әлеуметтік-еңбек саласындағы қызметтердің 100%-н электрондық форматқа көшіру жоспарлануда. Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн режимде өткен халыққа есеп беру кездесуінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлім етті, - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік-еңбек саласындағы барлық қызметтер электрондық форматқа көшіріледі

Біржан Нұрымбетов өз сөзінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі цифрландыру деңгейі бойынша жетекші мемлекеттік органдардың бірі болып табылатынын атап өтті. Тек 2019 жылдың өзінде ғана әлеуметтік-еңбек саласындағы көрсетілетін қызметтерді электрондық форматқа ауыстыру 2,2 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді.

Бүгінгі күні Еңбекмині бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыруда. Олардың ішіндегі ең маңыздысы – Қазақстан халқының 100%-ы, яғни 7 млн отбасы қамтылған "Отбасының әлеуметтік картасы". Осы әлеуметтік карта әрбір отбасы қандай өмірлік жағдайда екенін, күрделі немесе дағдарыс ахуалдан шығару бойынша жұмыс алгоритмін көрсетеді.

"Әлеуметтік карталарды қалыптастырғаннан кейін күрделі және дағдарыс жағдайында болған 101 мың отбасы анықталды. 12,7 мың адамды жұмысқа орналастыру, 68,8 мың азаматты емханаларға тіркеу, 72,9 мың баланы балабақшалар мен мектептерге тіркеу бойынша шаралар қабылданды. 1451 отбасы күрделі және дағдарыс жағдайынан шығарылды", – деді Біржан Нұрымбетов.

Тағы бір маңызды жоба "Қазақстан азаматының әлеуметтік ID" жобасы болып табылады. Бұл жоба әлеуметтік жәрдемақы алудың ашықтығын, ыңғайлылығын арттыруға бағытталған. Әлеуметтік ID бұл атаулы әлеуметтік көмек, қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүруді төлеуді, көпбалалы және табысы аз отбасылардың балаларына мектептерде тегін тамақтануды көздейді.

"Бұл жобаның пилоттық нұсқасы Республиканың 9 өңірінде іске асырылды. 102 мың ID-карта берілді, 88 мың транзакция жүргізілді. Болашақта біз бұл жобаны барлық өңірлерде толығымен қолдануды жоспарлап отырмыз", – деді Еңбекминінің басшысы.

Жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру саласында "Электрондық еңбек биржасы" (бұдан әрі – ЭЕБ) және "Электрондық еңбек шарттары" жобалары іске асырылуда.

Бүгінгі таңда ЭЕБ – бұл 214 мың жұмыс беруші, миллиондай жұмыс іздеуші, Coursera онлайн білім беру платформасы арқылы 1,5 мың сағатқа жуық тегін сабақтар.

"ЭЕБ арқасында 1,2 млн-нан астам адам жұмыс таба алды, олардың ішінде 868 мың адам тұрақты жұмыс орындарына, 341 мыңы уақытша жұмысқа орналастырылды", – деп атап өтті министр.

"Электрондық еңбек шарттары" жобасына 35 мың ұйым қосылған. Ендігі 1,4 млн электрондық шарт тіркелді, бұның өзі жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғауға ықпал ететін болады.

"2019 жылдың басында мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру бөлігінде электрондық қызметтердің үлесі 42%-ды құрап еді, 2019 жылдың қорытындысы бойынша ол 83%-ға артты. Бұндай өсімге Еgоv порталындағы  6 мемлекеттік көрсетілетін қызметті орналастыру және 10 қызметті белсенді форматқа ауыстыру арқылы қол жеткізілді. 2020 жылдың соңына дейін біз электрондық қызметтердің үлесін 100%-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз", – деп түйіндеді өз сөзін Біржан Нұрымбетов.