Аймақтар • 28 Маусым, 2020

Солтүстік Қазақстанда мал ұрлығы біршама азайды

498 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Солтүстік Қазақстанда мал ұрлығы біршама азайып отыр. Нақты айтсақ жыл басынан 16 мал ұрлығы тіркелген. Ал өткен жылдың сәйкес мерзімінде 41 ұрлық болған еді. Санға салсақ ұрлық 61%  азайған, деп жазады Egemen.kz

Солтүстік Қазақстанда мал ұрлығы біршама азайды

Бұған полиция қызметкерлерінің жергілікті атқарушы билік өкілдерінің көмегімен мал иесі, бақташы және жергілікті өзін өзі басқару өкілдерімен бірлесіп жасаған үшжақты келісімді жасатқызғаны пайдасын тигізіп отырған сияқты. Бұл келісім тараптардың жауапкершіліктерін қарастырған, егер мал ұрлығы осылардың бірінің өз міндеттемелерін орындамағанынан болса, негізгі жауапкершілік соның мойнына артылады. Соның ішінде мал иесі бақташының алдына малын салып береді, ал малшы жергілікті өзін өзі басқару органдарының белгілеген жеріне малды жаяды. 

Егер осы арадан мал жоғалса бақташы кінәлі, ал бақташыға бермей, қорасынан жоғалтса, иесінің өзі кінәлі, мал бағатын жер белгіленбесе, жергілікті өзін өзі басқару органы кінәлі болып табылады. Облыстың Аққайың, Мамлют, Тимирязев, Ғ.Мүсірепов  және Шал ақын аудандарында осы тәжірибе тиянақты қолданылып еді, бұлардағы мал ұрлығы тіпті сиреді. Қысқасы, жауапкершілік нақты болса, сақтық соншалық жіті болатынын өмір көрсетіп отыр.

"Бақташының келісім-шартқа қол қойып, жауапкершілігін арттыру – малдың жайылымнан жоғалуын төмендетуде. Осылай ұйымдастырылған түрде бағу, сондай-ақ малға таңба салу көптеген проблемадан құтқарады. Бұл бағытта ақпараттандыру жұмыстарына зор мән берілуде", дейді СҚО ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Руслан Назаров.

Сонымен қатар малдың егістікке түсуі, қорғалған шабындықты бүлдіруі, түрлі екпелерді таптауы да бақташыға қосымша жауапкершілік жүктейді. Қаңғырып, босып кеткен мал жол-көлік оқиғаларының жасалуына да себеп болып жатады. Сондықтан бақташының жауапкершілік жүгі ауырлай түсетіні келісімде қатты ескертілген.