Сұхбат • 29 Маусым, 2020

Талғат Мұсабаев: Абай – жаныма жақын ең жарқын бейне

242 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Астана Опера» театры астана күні құрметіне өз сайтынан және TengriTV-ден қазақ ұлттық опера өнерінің жауһар туындысы – А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсын ұсынбақ. Қойылымдағы басты партияны сомдау­шы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисі Талғат Мұсабаев мерекелік іс-шараға не үшін бұл спектакльдің таңдалғаны туралы айтып берді.

Талғат Мұсабаев: Абай – жаныма жақын ең жарқын бейне

 

– «Абай» спектаклінің басқа қойылымдардан ерек­ше­лігі неде?

– Біріншіден, қойылым репертуарымыздағы ұлттық классикамыздың ең шоқтығы биігі. Сахналық ғажайып туын­ды үшін театр ұжымы Мем­лекет­тік сыйлықпен марапат­талғаны баршаға мәлім. Аты аңызға бара-бар опералық туын­ды – еліміздегі басқа да опера ошақтарының афишасы­на сән беріп, көрермен көзайы­мына айналған үздік қойы­лым. Екіншіден, биыл Абай Құнанбайұлының 175 жыл­дық мерейтойын атап өтуде­міз, астана күнінде дәл осы спек­такль­дің көрсетілуі айрық­ша мәнге ие деп ойлай­мын. Барша көрерменге, соның ішін­де әсіресе, театрдың бірде-бір  көрсетілімін назар­дан тыс қал­дырмайтын шетелдік көрер­мен қауым үшін мұндай жобалар Қазақстан мәдениеті мен өнерін кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді. Үшіншіден, Абай партиясы – қазақ операсындағы бари­тонға арнап жазылған ең ай­тулы дүние. Ақын бей­не­­сін сомдау өнерімнің шы­ңы деп есептеймін. Барша қазақ­стан­дықтар сияқты, маған да ойшыл, ақын, философ Абай  рухы етене жақын. Адам бойындағы игі де асыл қасиеттің барлығы осы тұлғаның мінезінен көрініс табатыны рас.

– Опера театры сахнасын­дағы Абайдың бейнесі несі­мен қымбат?

– Кім-кімге де мұндай кесек партияны орындау оңай соқпайды, себебі орындаушыға үлкен жауапкершілік артыла­ды әрі бейненің ішкі тебіре­нісін, тереңдігін паш ету жүк­теледі. Музыкалық жағынан да бәрі сондай жеңіл орындалып, кез келгеннің оң жамбасына оңай оңғарыла кетеді деп айта алмаймын, өйткені партия лирикалық баритон дауысқа емес, алымы кең айрықша баритон дауысқа арнап жазылған. Оны мінсіз орындап шығу үшін драматургия музыкамен жақын жымдасып, өзара үйлесім табуға тиіс. Опера әншісі уақыт өте келе кемелдіктің шексіз екеніне көз жеткізіп, сахнаға әр шыққан сайын ерекше реңктер табуға талпынады, Абайды жаңа қырынан танып-білгісі келеді.

– Елорданың қазіргі кескін-келбетіне қандай баға берер едіңіз?   

– Мұнда 2007 жылы Елба­сы­ның астана мәдениетін дамыту үшін «Шығармашыл жас­тар­ды тарту» бағдарламасы бойынша қоныс аудардық. Ел астанасы тарихымен бірге еліміздің жаңа дәуірі басталды.  Сөзсіз, бүгінде ол – мәдениет, саясат, экономика орталығы. Нұр-Сұлтан менің туған қалама айналды, дәл осы жерде балаларым дүниеге келіп, өсіп-өніп жатыр. Бас қаламызда өз-өзіңді дамытуға барлық мүмкіндіктер бар және ең бастысы, бұл жерде шығармашылыққа арналған кеңістік бар. Түрлі концерт залдары салынып, театрлар, академиялар бой көтеруде... Қаламыз бұрынғыдан да өр­кендеп, абыройы асқақтап, көр­кейе беруін тілеймін.

 

Әңгімелескен

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»